Жаңалықтар

БӘРЕКЕЛДI, КОЗЛОВ!

ашық дереккөзі

БӘРЕКЕЛДI, КОЗЛОВ!

Мемлекеттiк тiл туралы заңның қабылданғанына – 20 жыл. Жиырма жылда қазақ халқы талай-талай белестерден өттi. Жиырма жыл бұрын дүниеге келген сәби бүгiнде ержеттi, бой жеттi. Жаңа өмiрге қадам басты. Тiл – ұлттың ең үлкен анасы. Тiл жоқ жерде, ұлттың да болмайтыны белгiлi. Бiрақ, сол тiл проблемасы бiзде әлi де таусылған жоқ. Әлi де айтылып келедi…

Жиырма жылдықтың қарсаңында Алатаудың бөктерiндегi кең сарайда Мемлекеттiк тiлдi қолдау акциясы өткiзiлген. Күз басталса болды, ән мен жырдың ортасына айналып, түрленiп сала беретiн Сарайда ине-шаншар орын жоқ. Дәл сол күнi Алматыда тағы бiр мереке тойланып жатқан. “Қала күнiн” атап өтiп жатқан алматылықтардың көбi сәйкестiк пе, әлде арнайы солай жасалды ма, кiм бiлсiн, тұп-тура 12-де Республика сарайының алдында өтетiн мерекелiк концерттi тамашалауға келiптi. Кiп-кiшкентай балдырғандардың аналарымен бiрге “Қала күнiн” тойлауға шыққаны түрлерiнен-ақ көрiнiп тұр. Олар да жапа-тармағай сарайға ағылған жұрттың соңынан iлесiп, iшке қарай беттедi. Ол жерде Мемлекеттiк тiлге қатысты акцияның өтетiнен де бейхабар сияқты жүздерiне қарасаң. Шат-шадыман жүздерi қуаныштан алабұртып, бiр-бiрiнен “Сарайда концерт өтiп жатыр дейдi. Кiмдер ән салады екен?” деп сұрасып қояды. Олардың аңғал да бейкүнә жүздерiне қарап, менiң де езуiме күлкi үйiрiлдi. “Жүрiңдер, балақандар, iшке кiрiп, ән тыңдап, келелi сөз естiп қайтайық” дедiм.

Сарай iшi қарақұрым адам. Акцияға арнайы келгендер де бар. Тiптi, кейбiреулердiң акция үшiн емес, мереке күнiн тойлау үшiн шыққандары да байқалады. Сарайдың соңындағы орындықтардың бiрiне жайғасқан мен iшке енiп жатқан кейбiр адамдардың жүздерiнен осыны аңғарғандай болдым.

Кеш басталды. Кештi белгiлi қоғам қайраткерi, ақын Мұхтар Шаханов ашты. Мемлекеттiк тiлдiң тағдырына үнемi алаңдап жүретiн ақын бұл жолы да Тiлдiң мерекесiн атаусыз қалдырмауға тырысыпты. Күнi-түнi тiл тағдыры үшiн жан аямай күресiп жүрген ақынның тiл туралы өлеңiн жиналған қауымда ықыласпен тыңдады. Содан кейiн қайраткер кеш тiзгiнiн өз қолына алды. Сахнаның төрiне жиналған әртүрлi қоғамдық ұйымдар мен түрлi саяси партиялардың өкiлдерiне бiртiндеп, сөз бере бастады.

Әуелi сөз алған белгiлi жазушы Дулат Исабеков сахна төрiнде тұрып: “Осы менiң таң тамаша қалатыным, бәрiмiз қол шапалақтап, ду-ду етiп, қолдап жатамыз да, сыртқа шыққаннан кейiн ұмытып кете беретiнiмiз не? Бұл салақтық па, әлде әдет пе?” дедi. Расында да, белгiлi бiр ортада намыс, ұлт, тiл туралы мәселе қозғалып жатқанда, үдере көтерiлетiн топ, сол жерден шыққаннан кейiн-ақ ұмытып кететiнiн несiне жасырамыз?!

“Нұр Отан” партиясының өкiлi Мұрат Қалматаевтың пiкiрi орынды шықты. “Баяғыда Будапештке барғаным бар. Сонда сол жердiң жергiлiктi тұрғындарының бiрiнен орыс тiлiнде бiр мекен-жайды сұрағанымда, әлгi кiсi маған жауап бермей өте шықты. Бiраздан кейiн әлгi адам қайта бұрылып, “Ұлтың кiм?” деп сұрады. “Қазақпын” деп едiм, “Ендеше неге қазақша сұрамайсың?” дедi. “Қазақ тiлiнде түсiнбейтiн шығарсыз деп ойладым” деген сөзiме, “Түсiнбесем де, өз тiлiңде сөйлесең, қазақша ұқпасам да, өз тiлiңдi құрмет тұтқаның үшiн, айтып берер едiм” дедi.

Рас, әдеттенiп кеткенбiз бе, кейде Алматының көшесiнде жүрiп, бiреуден бiрнәрсенi сұрағымыз келсе, ең әуелi өз тiлiмiзде емес, орыс тiлiнде сұрайтынымыз анық. Дәл солай ететiнiмiз рас. Кейде тiл туралы даурығып, тiл туралы әңгiме қозғап жатып та, үйге келген соң, балаларымызбен, немере-шөберелерiмiзбен орысша сөйлесетiнiмiздi мойындауымыз керек. Өзге қаланы бiлмеймiн, дәп Алматыда да мұндай жағдай көптеп кездеседi. Сондықтан, әрбiр адам тiлдi құрметтеудi өзiнен бастағаны абзал сияқты.

Кешке арнайы келген “Алқаның” өкiлi Козлов: “Мен орыспын. Қазақстанның азаматымын. Мемлекеттiк тiл — менiң тiлiм. Қазақ тiлi аман болсын” дегенiнде, залға жиналған қауым риза болып, ұзақ уақыт қол шапалақтап тұрып алды. “Бәрекелдi”, дестiк бiзде Козлов мырзаға. Қазақстанда тұрып жатқан өзге ұлт өкiлдерi ұлттың тiлiн, ұлттың дәстүрiн, салтын осылай сүйсе, кәнеки. Онда ұлт та солар сияқты сүйер едi тiлдi. Солар сияқты қадiрлер едi.

Әрине, акцияда тiл туралы қаншама жалынды сөздер айтылды, жалынды жырлар оқылды. Патриоттық әндер шырқалды. Жан-дүниеңдi шымырлатып, бүкiл өне-бойыңа күш-қайрат беретiн қазақтың әндерi-ай. Әлгiндей жан тебiрентетiн патриоттық әндердi естiгенде сондай әндi шығарған ұлтыңнан айналасың!

Ең бастысы, тiлдiң проблемасы жиындармен, кездесулермен шешiлмейтiнi айқын. Ол үшiн қазақ тiлiне қажеттiлiк қажет. Тiлдi өз ортаңда, өз отбасыңда, өз шаңырағыңда сөйлеуден баста. Тiлiңнiң бай, шұрайлы екенiн ортаңда, аулаңда, өз елiңде, жерiңде көрсет!

Гүлзина Бектасова