ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТI Н.НАЗАРБАЕВҚА АШЫҚ ХАТ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТI Н.НАЗАРБАЕВҚА АШЫҚ ХАТ
Қадiрлi Нұрсұлтан Әбiшұлы!
Республикамыздағы белгiлi қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялардың, мерзiмдi басылым басшыларының, зиялы қауым өкiлдерiнiң ұйымдастыруымен өткен “Мемлекеттiк тiлдi қолдау” акциясына қатысушылар, қазақ тiлiнiң Мемлекеттiк тiл мәртебесiн алғанына 20 жыл толса да, оның бүгiнгi сын көтермес жағдайына қатты алаңдаушылық бiлдiредi. 1989 жылы қыркүйектегi Жоғарғы Кеңестiң отырысында “Тiлдер туралы” заң талқыланып, орыс, қазақ тiлдерiне қатар Мемлекеттiк мәртебе берiлiп кеткенде, тiптi бұған қуаныштылар дүркiретiп қол соғып қойғаннан кейiн, бұл шешiммен келiспейтiн бiр депутаттың бастамасымен, Сiздiң тiкелей қолдауыңызбен заң қайта қаралып, қазақ тiлi жеке-дара мемлекеттiк мәртебе алғаны белгiлi. Өкiнiштiсi, өткен 20 жылда Мемлекеттiк тiл өзiнiң заңда көрсетiлгендей дара құзырын қалыптастыра алмады. Қазақстан халқын бiрiктiретiн, олардың басын қосатын негiзгi факторға айналмады. “Тiлдер туралы” заң кейiннен күзеуге, “түзеуге” ұшырағандықтан, бүгiнгi бостан Қазақстанның талаптарын өтеуден қалды. Сондықтан осы жылдар бедерiнде қоғамдық ұйымдар, жеке тiл жанашырлары дүркiн-дүркiн мәселе көтерсе де, әлi күнге дейiн Мемлекеттiк тiл туралы заң қабылданған жоқ. Сонымен қатар, билiкке қойған өзге талап-тiлектерiмiз де орындалар емес.
“Нұр Отан” партиясының кезектен тыс өткен ХII съезiнен кейiн Үкiметтiң және “Нұр Отан” партиясының басшылығымен, облыстар мен аудандардың, Алматы және Астана қалаларының әкiмдерiмен өткiзген кеңейтiлген мәжiлiсте “қазақ ұлтының проблемасын бiрден шешуге болмайды, бiздiң елде басқа да ұлттар бар емес пе?” деген ескертуiңiз мемлекеттiк тiлге деген көзқарас салқындығын қайтадан қалыптастырды. Тiлдi дамытуға онсыз да құлықсыз, сол жиынға қатысқан кейбiр басшылар өз облыстары мен аудандарына қайтқанда, арнайы жиналыс өткiзiп, қазақ тiлiне назар аудара бермеуге шақырған. Бұл, әрине, асыра сiлтеушiлiк, бұрмалаушылық. Тым “қазақыланып” кеткендiктерi үшiн сынға ұшыраған әкiм-қаралар содан кейiн-ақ алдымен Қазақстанда тұратын өзге этностық топтардың көңiлiн табуды жазылмаған заңға айналдырды. Соның салдарынан бiраз уақыт саябырсып “қазақстандық ұлт”, “үш тұғырлы тiл” идеялары тағы да алға шықты. Бiз республикамызды мекен ететiн барлық ұлт өкiлдерi тiлдерiнiң, салт-санасының өркендеуiн қолдаймыз. Ол байламымыз ешқашан өзгермейдi. Бiз бүгiн қазақ халқымен бiрге, сол ұлт өкiлдерiнiң бәрiне бiрдей ортақ Мемлекеттiк тiл мүддесi төңiрегiндегi проблемаларға ғана тоқталып отырмыз.
Жуырда Үкiмет iс-қағаздарын мемлекеттiк тiлге көшiрудi 10 пайызға азайтты. Бұл тұрғыдағы Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң 2009-2011 жылдарға арналған стратегиялық жоспарына өзгертулер мен толықтырулар енгiзу туралы қаулыда “мемлекеттiк органдарда мемлекеттiк тiлдегi iс-қағаздарының жалпы құжат айналымындағы үлес салмағы “70” емес, “60” болып өзгертiлсiн” делiнген. Бұл қазақ тiлiнiң қолданылу аясы 70 пайыздан 60 пайызға дейiн тарылып отыр деген сөз. Мұның бәрi Сiздiң “қазақ тiлiн дамытамын дегендер жеке қаражатын жұмсауды қолға алсын” деген пiкiрiңiзден бастау алып жатқандығы күмәнсiз. Егер мемлекеттiк тiл мәсәлесi, Сiз айтқандай, жеке адамдар қаражаты арқылы шешiлетiн болса, оның мемлекеттiк мәртебесi қайда қалады? Онда билiк кiмнiң мұңын мұңдап, кiмнiң жоғын жоқтамақ?
“Мемлекеттiк тiлдi қолдау” акциясына қатысушылар осыған дейiн сан мәрте көтерiлген, бiрақ еш шешiмiн таппаған төмендегiдей ұсыныстар мен талаптарды алдыңызға қайта қояды:
1. Қазақ тiлiнiң мемлекеттiк тiл мәртебесiн алғанына 20 жыл толса да, әлi күнге дейiн мемлекеттiк тiл туралы арнайы заң жоқ. Мемлекеттiк тiлге деген мұндай немқұрайдылықты бiзден өзге бiрде-бiр өркениеттi елден кездестiре алмайсыз. Сондықтан Қазақстан Парламентi “Мемлекеттiк тiл туралы” Заңды тез арада қабылдауы тиiс;
2. Негiзгi бастауын “американдық ұлттан” алатын Қазақстандағы қазақ ұлты мен басқа да ұлт өкiлдерiн тiкелей жоюға алып баратын “Қазақстандық ұлт” идеясына тосқауыл қойылсын;
3. Мемлекеттiк тiлдi үштiң бiрi етiп әлсiретуге, орыс тiлiн де мемлекеттiк тiл ретiнде заңдастыруға бағытталған, қитұрқы саясат негiзiнде өмiрге келген “Үш тұғырлы тiл” ұранының орнына “Мемлекеттiк тiлдi бiлу — қазақстандық әрбiр азаматтың мiндетi. Ал басқа тiлдердi меңгеруге шек қойылмайды” деген тұжырым ұсынамыз;
4. Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң құрамында Тiл комитетi қызмет етiп келедi. Турасын айтсақ, министрлiк аясындағы комитеттiң құзыры қордаланып қалған Мемлекеттiк тiл проблемаларын шешуге дәрменсiз. Сондықтан Мемлекеттiк тiл агенттiгiн құруды ұсынамыз;
5. Елiмiздегi қалалар мен елдi-мекендерде түгелдей дерлiк алабажақ жарнамалардан аяқ алып жүре алмайсыз. Олар орысша, ағылшынша, тiптi басқа тiлдерде көрiнiс табады. Қазақшасы сауатсыз, сақау жарнамалардан көз сүрiнедi. Мұндай мәнсiздiктi және басқа да проблемаларды реттеу үшiн Тiл инспекциясын құру қажет деп бiлемiз;
6. Мемлекет басшылары мен лауазымды қызмет иелерi барлық отандық, шетелдiк ресми кездесулерде мемлекеттiк тiлде сөйлеуге мiндеттелiп, республика көлемiндегi мемлекеттiк iс-шаралар, мемлекеттiк тiлде жүргiзiлсiн. Мемлекеттiк тiлдi бiлмейтiндер iлеспе аударма қызметiн пайдаланатын болсын. Мемлекеттiк тiлдi мойындамайтындар, оны оқып, үйренуге тырыспайтындар мемлекеттiк қызметке алынбасын;
7. Мемлекеттiк тiлдi дамытудың инновациялық-технологиялық орталығын құру және қолданбалы тiлмен айналысатын арнайы институт ашу да аса қажеттi iс. Себебi, ХХI ғасырда қазақ тiлiн ғылым-бiлiмнiң, экономиканың, банк жүйесiнiң, салық саласының (т.б.) төл тiлiне айналдыру кезек күттiрмейтiн мәселе. А.Байтұрсынұлы атындағы институт теориялық iргелi ғылыммен айналысудан аса алмай отыр. Мемлекеттiк тiлдi барлық салаға бiр жүйемен ендiру үшiн онымен арнайы институт айналыспай болмайды;
8. Тәуелсiз ел атанғанымызға 18 жыл, қазақ тiлiнiң мемлекеттiк мәртебе алғанына 20 жыл толса да мемлекеттiк тiлде 24 сағат хабар тарататын бiр телеарнаның болмауы елдiгiмiзге сын. Тiптi кейбiр телеарналардағы қазақ тiлiндегi хабарлардың көбi түн жарымына қарай ысырылған, немесе аударма ұзын-сонар кинофильмдер арқылы қазақ тiлiне бөлiнген уақыт есебiнен толықтырылған. Бұл салада да егемендi мемлекеттiң рухына сай жаңа көзқарас, жаңа өзгерiс қажет;
9. Бүгiнгi таңда Қазақстанның ақпарат кеңiстiгiн Ресейдiң бұқаралық ақпарат құралдары он-он бес есе басымдықпен жаулап алғаны ешкiмге құпия сыр емес. Кейде көкейде “Осы бiз Қазақстанда тұрамыз ба, немесе Ресей Федерациясының қарамағына енiп кеттiк пе?” деген сұрақ көлденеңдейдi. Халыққа анда-санда елдегi шындықты айтып тұратын “31-телеарна” да Ресей алпауытына сатылып, егемендi ақпараттық тәуелсiздiгiмiзге елеулi деңгейде көлеңке түсiрдi. Ендi Қазақстанға келiп тарайтын мыңдаған Ресей басылымдарына қосылып, бұл арна да Ресей идеологиясын алға тарта бастады. Ақпараттық экспансияның салдарынан мемлекеттiк тiл өрiсi күрт құлдырады. Сондықтан Қазақстанның ақпарат кеңiстiгiн басқа елдердiң идеологиясын насихаттау мақсатында пайдалануға жол берiлмесiн;
10. Президент мырза, тiл саласындағы тартыс тым ұзаққа созылды. Қазiр Мемлекеттiк тiлдi дамыту, дамытпау, қазақ ұлтын сақтап қалуға тырысу не тырыспау бiр-ақ адамның, негiзiнен өзiңiздiң ғана қолыңызда тұр. Егер Сiз таңертең тапсырма берсеңiз, түс қайта барлық облыстың әкiмдерi, барлық министрлер, аудан, мекеме басшылары iске кiрiседi. Елдiң бұған көзi анық жеттi. Сондықтан да бiз көтерiп отырған мәселенiң дұрыс шешiм табуы тiкелей өзiңiзге ғана байланысты.
“Мемлекеттiк тiлдi қолдау” акциясына қатысушы қоғамдық ұйымдар мен саяси партиялар елдегi тiлдiк ахуалды үнемi назарда ұстайтындығын, егер жоғарыдағы талаптар орындалмаған жағдайда бүкiл республика көлемiнде басқа да саяси мәселелермен ұштасқан бiрлескен iс-шаралар өткiзетiнiн, қашан әдiлеттi шешiмге қол жеткiзбейiнше бұл рухани күрестi тоқтатпайтынын мәлiмдейдi.
(Ашық хат елiмiздiң белгiлi қоғамдық ұйымдары мен саяси партияларының, мерзiмдi басылым басшылары мен зиялы қауым өкiлдерiнiң және студент-жастарымыздың қатысуымен Республика Сарайында “Мемлекеттiк тiлдi қолдау” акциясында бiрауыздан қабылданды).
Алматы қаласы,
20-қыркүйек, 2009 ж.