Жаңалықтар

Құрметбек САНСЫЗБАЙҰЛЫ: СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕСЕМIЗ ДЕСЕК, ӘУЕЛI ЗАҢДЫ ӨЗГЕРТУ ҚАЖЕТ

ашық дереккөзі

Құрметбек САНСЫЗБАЙҰЛЫ: СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕСЕМIЗ ДЕСЕК, ӘУЕЛI ЗАҢДЫ ӨЗГЕРТУ ҚАЖЕТ

1991 жылдан берi тарихи Отанына оралған бiр миллионнан астам қандастарымыздың арасынан мемлекеттiк қызметте, соның iшiнен басқарушы лауазымда өз дарын-бiлiктерiмен арнайы тест, конкурс тексерулерден өтiп қызмет атқарып жүрген саусақпен санарлықтай бiлiктi мамандарымыздың бiрi — бүгiндерi Алматы облысы бойынша көшi-қон департаментiнiң орынбасары Құрметбек Сансызбайұлымен арадағы әңгiмемiзге Алматы облысындағы көшi-қон проблемалары арқау болды. Назарларыңызға осы сұхбатты ұсынамыз.

— Құрметбек Сансызбайұлы, соңғы кезде 2009 жылға 20 мың отбасына бөлiнген көшiп-келу квотасы Республика көлемiнде орындалмай қалуы мүмкiн деген болжам көп айтыла бастады. Бұған нендей себептер әсер етiп отыр?

Жалпы көшiп келу квотасы кiмдерге, қалай берiледi? Алматы облысы бойынша жоспарларыңыз қалай орындалуда?

— Жыл соңына дейiн Республика көлемiнде 7 мыңдай, Алматы облысы бойынша 1800 отбасына көшiп келу квотасы берiледi деп жоспарлануда.

Демек биылғы “Нұрлы — көш” бағдарламасы бойынша салынып жатқан, Ақмола облысының Көкшетау қаласының жанындағы Қызылжар ауылындағы 270 үй мен Шығыс Қазақстан облысының Курчатов қаласында күрделi жөндеуден өткен 200 үйдiң бос қалу қаупi туындап тұр.

Бiздiң облысымызда тiркеуде тұрған оралман отбасыларына қалайда түсiндiрiп айтқаныңызбен өз еркiмен сол жаққа ешкiмнiң барғысы келмейдi.

Мен тiкелей өзiм мұрындық болып Көкшетауға 11 отбасын жiбердiм. Биылғы жылға 20 мың отбасына бөлiнген квота орындалмай қалатын сыңайлы. Демек, 20 мың отбасы көшiп келмеуi мүмкiн.

Екiншiден, статистикалық мәлiмет бойынша елiмiзге келiп жатқан қандастарымыздың отбасы туралы заң нақты есептелетiн көрсеткiштiң дұрыс болмауында. Үшiншiден, соңғы 3 жылда тарихи Отанына оралушылардың көшiп-келу үрдiсi баяулап, қарқыны басылды.

Бұған көптеген себептер әсер етуде. Солардың бiрегейi 2007 жылдан бастап тек бiлiмдiлер мен маман иелерiн ғана квотаға енгiземiз деген Үкiметтiң 2007 жылғы №858 қаулысының шығуы. Сондай-ақ, 1997 жылы қабылданып, бiрнеше рет өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлген, алайда, әлi де Елбасымыздың оралман ағайындарымыз үшiн жүргiзiп отырған сындарлы саясатын толыққанды жүзеге асыруға дәрменсiз болып отырған “Халықтың көшi-қоны” туралы Заңының солқылдақ және кемшiн тұстарының көтпiгiнде деуге болады.

Елбасымыз бекiтiп беретiн жыл сайынғы көшiп-келу квотасына тек Түркия мемлекетi арқылы арнайы ұшақпен көшiрiлiп әкелетiн қандастарымызды қоспағанда басқалары өз ерiк қаражаттарымен осында көшiп келiп тұрақты тiркелген, көшiп-келу квотасына үмiткер ретiнде өтiнiш берiп “Оралман деректер” қорына енгiзiлген ағайындар арасынан енгiзiледi.

2007 жылдан бастап 2009 жылдың алғашқы жарты жылында негiзiнен мамандықтары бойынша “Оралман деректер” қорында жинаған балдарының ұпайына қарай квотаға енгiзiлдi.

2009 жылғы 25 мамырдағы Көшi-қон комитетiнiң төрағасы Х. Әбiшевтiң №22-бұйрығы бойынша оралман отбасылары мамандығы бойынша балл жинай алмаса да, отбасы мүшелерiнiң саны бойынша көшiп-келу квотасына енгiзiлетiн мүмкiндiкке ие болды. Сондай-ақ, Х. Әбiшев мырза өзi тiкелей атсалысып Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгiнiң әкiмшiлiк полициясы комитетiмен “Оралмандардан көшiп келу квотасынан енгiзу, Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға қалдыру және азаматтық алу үшiн құжаттар қабылдау кезiнде лауазымды тұлғалардың сыбайлас жемқорлық жасауының, сондай-ақ оралмандардың тиiстi мемлекеттiк органдарға құжаттар тапсыруы кезiнде заңнаманы бұзуының алдын алу жөнiндегi шаралар туралы” бiрлескен бұйрық шығарды. Нәтижесiнде оралмандар тұрақты тiркеуге тұруға, Қазақстан Республикасының азаматтығын жеделдеткен мерзiмге қол жеткiзу мүмкiндiгiне ие болуда.

Осы жылдың қалған төрт айында, яғни, желтоқсан айының 1-не дейiн көшiп келiп оралман мәртебесiн алған, тұрақты тiркелген оралмандар қай елден келген болса да өздерiнiң отбасы мүшелерiнiң барлық құжаттарының көшiрмесiн нотариуспен куәландырған түп нұсқасын өз қолдарымен қай облыстың көшi-қон департаментiне өткiзсе де, бар-жоғы екi аптаның iшiнде биылғы жылғы көшiп келу квотасына iлiнедi. Келген қандастарымыз заңнамалық кеңес, түсiндiрме жұмыстарымен тек көшi-қон департаментiнiң қызметшiлерiне жолығуы қажет.

— Көшi-қонға байланысты сыбайлас жемқорлық төңiрегiнде сын пiкiрлер БАҚ-та да жиi-жиi жарияланып жатады. Осы жайында маман ретiнде не айтар едiңiз? Оралмандармен жұмыс жасайтын барлық мемлекеттiк мекемелер атына айтылатын осы бiр келеңсiз жағдайды тоқтататын қандай жолы бар деп ойлайсыз?

— Иә, зиялымыз деп көшiп келiп, басқа ағайындарына, елiмiздiң қазынасына зиянын тигiзiп кеткендер аз емес. Шектен шыққан, жүгенсiз кеткен әрбiр iстiң иесi адамнан қулығын асырдым деп асқақтағанымен Алладан аса алмайды. Алыс-жақын шетелде тұратын 5 миллионннан астам қандастарымыздың 1 миллионға жуығы атамекенiне оралған болса сол ағайындарының отанында қандай кәсiпке ие болғанын, квотаға қалай қол жеткiзiп жатқандарын, қай облыс қалай қабылдайтынын жаңағы сырттағы келмеген 4 миллион қандастарымыз бiзден де жақсы бiлетiн көрiнедi… Өйткенi, шет елдегi зиялы қауым өкiлдерi өз ұсыныс пiкiрлерiн дүниежүзi қазақтары қауымдастығы арқылы және өздерi тiкелей келiп тиiстi орындарына жеткiзуде.

Келесi жылдан Республика көлемiнде жаппай iске асатын “Нұрлы-көш” бағдарламасы бойынша сiз айтқан келеңсiз жағдайлардын барлығына тосқауыл қойылатынының бұл да бiр куәсi емес пе!

Осы орайда сiздердiң газеттерiңiз арқылы “Нұрлы-көш” бағдарламасының нұрлы болуы үшiн Қазақстан Республикасы Үкiметiне маман ретiнде төменгi ұсыныстарды айтқым келедi.

Бiрiншiден: “Нұрлы-көш” бағдарламасы бойынша жазылып жатқан “Халықтың көшi-қоны” туралы жаңа заң жобасы БАҚ-ы арқылы барлық заң орындарының халықтың, қоғамдық ұйымдардың назарына ұсынылып нақты баптары бойынша көптiң ұсыныс пiкiрлерi ескерiлiп, өңделiп барып бекiтiлуге мүмкiндiк берiлсе.

Екiншiден: Алыс жақын шет елден келiп жатқан қандастарымыздың отбасының әрбiр мүшесiнiң саусақ iздерi елiмiздiң шекарасына алғаш кiрген сәтiнде қалып отырса. Елiне келген ағайын ертеңгi күнi қандайда бiр iс әрекетке бармас бұрын өз жауапкершiлiгiн ойлар едi.

Үшiншiден: Отанына келiп 5 күннiң iшiнде Көшi-қон полициясына уақытша тiркелгеннен бұрын сол мекемеден алған денсаулық кiтапшаларына дәрiгерлiк бақылаудан отбасының әрбiр мүшелерiнiң өткендiктерi туралы Анықтамалары болса. Бұл оралмандардың да, мемлекетiмiздiң де мүддесi үшiн өте қажеттi деп бiлемiн. Қандайда бiр алып қашпа сөздерге, адам санының жалған қосылмауына да тосқауыл болар ма екен деп едiм.

Төртiншi: Биылғы 2009 жылғы көшiп келу квотасын 100 пайызға орындау үшiн Үкiметтен соңғы үш жылда Қазақстан Республикасының азаматтығын алған оралмандарға квота берiлсiн деген шешiм қабылданса. Өйкенi қазiргi қолданыста көшi-қон заңында оралман Қазақстан Республикасының азаматтығын алған соң да 3 жылға дейiн жеңiлдiктер иеленуге құқылы делiнген. Ал келесi бабында Республикасының азаматы болып табылатын оралман отбасының мүшесi көшiп келу квотасына еңгiзiлмейдi делiнген. Айтайын дегенiм, Отанына келiп өз ерiктерiмен жедел Қазақстан Республикасының азаматын алуға құжат тапсырып тұрақты тiркелiп осында тұрып жатқан ағайындарымыздың не кiнәсi бар? Шындығында қатарымызды көбейтуге өз елiне, өз үлестерiн қосуға асыққан ағайындарға алдымен квота беру қажет едi. Әлi де кеш қалмай азаматтығы шығып кеткен соңғы 3 жылдағы ағайындарға бiр рет жеңiлдiк жасаудың заңға қайшылығы болса да, Үкiмет қамқорлық жасап жатса игi iс болар едi.

Соңғы ұсынысым оралмандармен жұмыс жасайтын органдармен басын бiрiктiрiп бiр құзырлы мемлекеттiк мекеме құрудың да кезi “Нұрлы-көштiң” алдында сұранып тұрғандай…

— Оралман деген атаудың өзгеруiне қалай қарайсыз?

— Мәселе атауында емес. Осы баламаның өмiрге келiп қоғамда қалыптасуында болып тұр ма деймiн. Рас, оралмандарды құшақ жая қарсы алып, оң қабақ танытатын жанашыр қауым аз емес. Олар ағайындарымыз, қандас бауырларымыз деп жатады. Ал, екiншi жағы керiсiнше, ой туғызады… “Нұрлы-көш” бағдарламасына этникалық көшiп келушiлер деген ұғым көптеп айтылғанын ескерсек “Этникалық Отандастар” деп атай салса келiп-кетер ештене бола қоймасы анық. Әйтеуiр бiр жаңа серпiлiс көш байсалдылығына себеп болары нақ.

— Алматы облысының Райымбек, Еңбекшiқазақ, Жамбыл, Талғар, Iле, Балқаш аудандарынан Талдықорған облыстың көшi-қон департаментiне күнбе-күн барып келуге бiр неше рет көлiкке ауысып мiнiп жету және жол алыстағы шеттен келген ағайындар үшiн өте күрделi мәселе осы жайында қандай ой айтар едiнiз.

Өткенде бiздiң газетке сұхбат берген төрағаларыңыз Х. Әбiшев мырза Алматы қалалық көшi-қон басқармасында бiр бөлме дайындаттым, облыстан бiр адам келiп аптасына екi рет қабылдау жасап тұрады, деген жағымды жаңалық айтқан болатын, бұл жағы қалай жүзеге асуда?

— 2010 жылдан бастап “Нұрлы-көш” бағдарламасына қатысушылар бұрынғыдай тұратын жерiн өздерi таңдамайды. Еңбекпен қамтылатын, жер үлесiн бере алатын, барлық жағдайы алдын-ала қарастырылып бекiтiлген елдiмекендерге ұйымдасқан түрде орналасады. Осыған байланысты Көшi-қон комитетi әр облыстағы кадр саясатына, штаттық кестеге өзгерiс енгiзуi әбден мүмкiн. Алматы облысы бойынша көшi-қон департаментi жылына 1320 отбасын қабылдаса, Алматы қалалық көшi-қон департаментi 150-дей ғана отбасын қабылдайды деп жоспарлануда. Осы екi департаменттi қосып Алматы қаласының төңiрегiнде бiр филиал бiр басшының басқаруында жұмыс жасаса, мемлекеттiң мүддесiне де өз үлесiн қосар едi. Дағдарыс кезiнде әкiмшiлiк шығындар көптеп үнемделедi, бағдарламаға қатысушыларда алысқа сабылып, әуре сарсаңға түспейдi.

— Әңгiме соңында жалпы оралман ағайындарға не айтар едiңiз..

— Байлықтың басы — бас амандығы. “Дәулетте жақсы, бiрақ әулеттiң бақыты бәрiнен қымбат” дегендей өз отбастарыңыздың тағдырын қолданыстағы заң талаптарына сай шешу үшiн ар-ождандықпен атсалысыңыздар, – дегiм келедi..

— Әңгiмеңiзге рахмет!

Әңгiмелескен Есенгүл КӘПҚЫЗЫ