АБЫРОЙ

АБЫРОЙ

АБЫРОЙ
ашық дереккөзі

Алдағы жылдың бюджет шығындары биылғымен салыстырғанда тұп-тура 593 млрд. теңгеге артық болмақ. Неге? Бұл — Президенттiң Үкiметке берген тапсырмаларын орындауға жоспарланған шығындар. Қазiр Парламентте 2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасы талқыланып жатыр. Заң жобасын депутаттарға ұсынған Үкiмет мүшелерi шығындардың артуын осылай деп түсiндiрдi.

Сонда 593 млрд. теңге қайда жұмсалмақ? Тұрғындардың әл-ауқатын көтеру және жұмыссыздықты азайту шараларына қатысты үкiметтiк бағдарламалар осы ақшаға жүзеге асырылады. Сондай-ақ, шағын және орта кәсiпкерлiкке, ауыл шаруашылығына қолдау көрсету де көзделген. Бұл — ресми жауап.

Әлемдiк дағдарыс екi өкпеден қысқан тұста билiк тұтқасын ұстаған азаматтардың әрбiр iс-әрекетi елдiң көз алдында. Абыройын ойлаған азамат мұндайда аңдап басып, абайлап сөйлесе неттi. Бiрақ бiздегi тiрлiктiң бәрi бiр-ақ адамның абыройымен байланысты сияқты.

Бiраз уақыттан берi шендi-шекпендiнiң бәрiне ортақ әдет “жұқты” сөзiнiң басын “Президенттiң тапсырмасы бойынша…” деп бастайды. Он мыңдай қызметкерi бар Үкiмет атты алып мекеменiң өзi “Президенттiң тапсырмалары бойынша” ғана жұмыс iстейдi. Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов “Президенттiң мына тапсырмасы бойынша…”, “Президент айтпақшы…” деп қарамағындағыларға ескертiп отыруды ұмытпайды. Үкiметбасы осылай деген соң, қалғанына не жорық? Аймақтарда қолға алынған қайсыбiр iстiң басына барған әкiмдер де “Президенттiң бәлен тапсырмасына сәйкес…” деп көсемсiп тұрғаны.

Елдегi игiлiктi iстердiң Елбасының атымен байланыстырылғаны дұрыс-ақ. “Ханда қырық кiсiнiң ақылы бар” деп, билеушiнiң аузына қарап үйренген халықпыз. Бiрақ барлық жаңалықты бiр кiсiнiң есiмiмен байланыстырып отырғанда, барша жауапкершiлiктi де сол кiсiнiң мойнына артып қойған жоқпыз ба? “Мата атымен бөз өтедi” демекшi, Елбасының атын жамылып, кез келген әлеуметтiк шара, қоғамдық оқиғаны ұрандатып өткiзетiн болдық.

Халықтың қолайына жаққан бiр бағдарлама — “Жүз мектеп, жүз аурухана” едi. Оны да Елбасының тапсырмасы деймiз. Дұрыс-ақ. Ал осы бағдарламаны жүзеге асыру барысында жемқорлардың былық-шылықтары қоса ашылып, елдi жирендiрiп жатқанын неге жасырамыз? Ұрпақтың бiлiмi мен саулығынан ұрлаған шенеунiктерде иман бар ма?

Бiр ғажабы, өзi бастап берген бағдарламаның ойдағыдай жүзеге асырылуын да Елбасы өзi қадағалау керек сияқты. Бұл да Кәрiм Мәсiмовтiң жақсы көретiн сөз тiркесi. Үкiмет мүшелерiнiң төрт көзi түгел отырғанда, әлсiн-әлсiн. “Бұл мәселе Нұрсұлтан Назарбаевтың тiкелей қадағалауында” деп ескертiп қояды. Шектен шыққан тентектердi “Директордың алдына апарамын” деп қорқытқан беделсiз мұғалiмнiң кейпi құдды.

Егер “Жүз мектеп, жүз аурухана” толықтай жүзеге асып, ел игiлiгiне жарап жатса, абырой — Елбасына. Ал керiсiнше болса ше?..

Экономикалық дағдарыс салдарларын азайту үшiн Үкiмет қолға алған “Жол картасы” бағдарламасы да — “Президент тапсырмасы”. Осы бағдарламаны жүзеге асыру барысында даңғаза мен ұраншылдық оның тиiмдiлiгiне селкеу түсiргендей.

Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Гүлшара Әбдiқалықованың осы аптада “Жол картасы” бойынша жұмыс орындарының шамадан көп ашылғанын хабарлады. Министрдiң айтуынша, 2816 жоба бойынша жұмыс тәмамдалып қалған. Бұл жобалар аясында елде 258 мың жұмыс орны ашылған. Барлығы 240 мың адам жұмыспен қамтылған екен. Бiрақ ашылған жұмыс орындарының бәрi бiрдей сұранысқа ие емес.

Мұндай хабарды естiп отырып, “Елде жұмыссыздар қалмады ма?” деп ойлауға да болар едi. Бiрақ жұмыссыздық деңгейi түскенiмен, нәпақа iздеп сабылған жұмыссыздар саны азайған емес. Себебi “Жол картасы” аясында ашылған жұмыс орындарында орта есеппен алғанда 29,3 мың теңгедей еңбекақы ұсынады екен. Ең көп жалақы Алматы қаласы бойынша тағайындалған, оның өзi 40 мың теңгеге жетер-жетпес шамада. Бұл ақша бала-шағаның жыртығын жамауға жете ме, жоқ па?

Үкiмет Президентке “бәлен жұмыс орны ашылды”, “бәлен адамды еңбекпен қамтамасыз еттiк” деп ақпар берумен әуре. “Жол картасының” экономиканы сауықтыруға қаншалықты әсер еткенi жайлы терең талдау әлi жасалған жоқ. Есесiне, бұл бағдарламаны орындаудың өзiнде мемлекеттiк сатып алу кезiнде көптеген заң бұзушылықтар анықталып, соңғы екi айда он адам әкiмшiлiк жазаға тартылған.

“Елбасы тапсырмасы” деп сiлтегенде, Үкiмет мүшелерi — басшысы бар, қосшысы бар — түгелiмен ел алдындағы жауапкершiлiктен қашатындай болып көрiнедi. Сөздiң де салмағы бар. Кейде абыройсыздыққа итерер зiлi бар…

Гүлбиғаш Омарова