Жаңалықтар

ЕСIК КӨЛДI ЕШКIМ КӨРМЕЙ МЕ?!

ашық дереккөзі

ЕСIК КӨЛДI ЕШКIМ КӨРМЕЙ МЕ?!

Президенттiң 2006 жылғы 29 желтоқсандағы Жарлығымен елiмiзде туризмдi дамытудың 2007-2011 жылдарға арналған республикалық бағдарламасы және 2007-2009 жылдарға арналған iс-шаралар жоспары қабылданғанын бiлемiз. Онда туризмдi дамытуға республикалық бюджет есебiнен Алматы, Астана қалалары, Алматы, Ақмола, Оңтүстiк Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарына қаражат бөлу мәселесi қаралды. Туризм саласының дамуы елiмiзде кенжелеп қалғанын мойындау керек. Бiздегi инфрақұрылымдар, қатынас жолдары, көлiк сапасы, қызмет көрсету түрлерi халықаралық туризм сұранысына жауап бере алмайды. Дегенмен халықтың жағдайы едәуiр жақсарған. Елдегi туристiк саяхатқа, демалуға баратындардың саны күрт артты. Бұл iшкi туризм саласын дамытуға мүмкiндiктiң бар екенiн көрсетедi.

Шыңдары көкпен астасқан, құздары шатқалға ұласқан Iле Алатауы жоталарының қойнауы тылсым табиғаттың тамаша тартуы. Табиғат ананың қазақтарға берген сыйлығы iспеттi. Жұмақтың қандай екенiн тiрiсiнде бiлмейтiн пенделердiң санасына самал желпiп, сәуле түсiру үшiн — Алатаудың бөктерi арнайы жаратылғандай. Тәңiртаудың негiзгi тау жотасы Iле Алатауының қия-бөктерлерiн кең, құрғақ арналар мен көптеген өзендер тiлiмдеген. Құзар шыңдар, тау аралық жазықтар мен текшеленген таудың орталық бөлiгiндегi жартастар сыртқы табиғи күштердiң салдарынан жақпарланып, үшкiлденген, сондай-ақ, терең сайлар мен тар шатқалдарға толы. Iргемiздегi тамаша табиғат жаратылыстары Алма-арасан, Ақсай, Түрген шатқалдары, Маралсай соның куәсi. Аталған аймақтардың барлығы Iле Алатауы ұлттық табиғат паркiнiң қарамағына алынып, демалыс орындарының санатына кiредi. Ерекше қорғауға алынған бұл аймақтар туризмдi дамытуда таптырмас пайда көзi болары анық. Алатауды тел емген қырғыз бауырларымыз Ыстықкөлiн “Алатау меруертi” деп мәпелейдi. Iле Алатауының шырайлы шатқалдарының меруертi қайда деген сұрақ өз-өзiнен көкейге тiреледi. Ендеше, айталық, бiзде меруерттен бастап гауһарға дейiн табылады. Есiк қаласының оңтүстiгiнен сiлемденетiн Iле Алатауының терiскей беткейiндегi әсем шатқалдардың бiрiнде Алатаудың гауһары – тостағандай Есiк көлi орналасқан. “Таудан тау ғана сұлу болады” демекшi, қолдан салынған суреттей Есiк көлi шатқалдардың бiр-бiрiне түйiскен тұсында мөлдiреп жатыр.

Есiк көлi шамамен 8 мың жыл бұрын ежелгi тау жыныстарының тектоникалық ығысуынан пайда болған. Табиғи жолмен салынған бөгетке тау мұздықтары, жауын-шашын суы жиналып, тау аралығындағы әсем көлге айналған. Тау iшiндегi көл болғандықтан суы аса терең және мұздай. Көкiрегi көк тiреген құздардың көркiн кiргiзiп тұрған осы көл. Қазiргi таңда әсем табиғатты қызықтап, көлге келушiлер саны жыл санап көбейiп келедi. Десе де көл бұрынғы кейпiн жоғалтқалы қашан…

ҰРЛАТТЫМ ГАУҺАР ТӘЖIМДI!

Шiлденiң қапырық күндерiнiң бiрiнде әп сәтте-ақ көл қотарылды да кеттi. Есiк сайын бұзып өтiп, өзен арнасын толтырған көлдiң ағытылуы үш ұйықтаса да ешкiмнiң түсiне кiрiп шықпаған-ды. Сондықтан да қауiпсiздiк шаралары қарастырылмаған болатын. Бұл табиғат апаты 1963 жылдың 7 шiлдесiнде болды. Биiктегi жоғарғы мұзды аймақтардан тосыннан үлкен мөлшердегi сел тасқыны жүрдi. Селдiң салдарынан бөген бұзылып, көл шайылып кеттi. Есiк көлi етекке төгiлгенде, ақын ағамыз Қуандық Шаңғытбаев: “Ұрлаттым гауһар тәжiмдi!” деп күңiренген едi. Ұлттық парктiң Түрген филиалына қарасты Есiк орманшылығының қызметкерi Ысқақов Құлжанбайдың айтуынша тасқынның қарқыны жолдағыны түгел қопарыпты. «Есiк көлiнен жоғары Ақкөл деп аталатын көл бар. Бұл көл тау шыңдарында орналасқан. Мұздықтар еридi де, көлдiң суы тасып, арнасынан асып кетедi. Әлемет су аяқ астынан Есiк сайындағы Есiк көлiне бiрақ қотарылады. Тау бөктерiнде ұйыған көл күтпеген жерден көл екпiнмен келген селдi арнасына сыйдыра алмады. Шатқал бойындағы тұрғын үйлер мен демалыс орындарын тып-типыл ғып сыпырып әкеттi», — деп Құлжанбай аға еске алады. Сол жылы қаншама адам шығыны болды. Көзi көргендердiң айтуынша суда үй шатырларымен бiрге адамдар да ағып бара жатыпты. Тасқынның екпiнi етектегi Есiк қаласына дейiн жеткен. Қазақстанның басқа аймақтарындағы халық сел тасқынының болғанын бiлмей де қалған. “Апат орын алғанда “тоталитарлық” саясаттың кесiрiнен апат жасырын қалды. Қаза тапқан адам саны да құпия сақталды. Негiзiнде жүздеген адамдар сол жылы суға кеттi. Бiрақ еш жерде көрсетiлмей, бәрi тып-тыныш қана жабулы қалды. Жаманын жасырып, жақсысын асырып үйренген Үкiмет пен партия бiлдiрсiн бе? Бiлдiрген жоқ”, — деп налиды орманшы.

“ХРУЩЕВТIҢ КИIЗ ҮЙI”

Кеңестiк кезеңде көп нәрсенiң ақиқаты ашылмағаны рас. Есiк көлi орнында қалғанымен, арнасы тарылып, бұрынғы арнасынан үш есеге кiшiрейген. Көл түбiнде жататын Есiк сайы қазiр тау аралығындағы бетегесi биiк жазық қана. Тау iргесiнде зәкiрлер кезiнде көлде кеме жүргендiгiн көрсеткiсi келгендей.

Жергiлiктi тұрғындардың сөзiне сенер болсақ, КСРО-ның бас хатшысы болған Н.Хрущевтiң Есiк көлде демалып кеткен сапарынан кейiн көл тасыған. Айтылған әңгiмеге сенерлiктей нақты деректер де бар. Мәселен, “Хрущев киiз үйi” деп аталып кеткен кең керегелi қазақ үйде кезiнде құрметтi қонақтар күтiлген. Бұл жерде жоғары деңгейде қызмет көрсетiлiп қымбат тамақтар ұсынылған. Қазақ үйдiң қазiргi халi мүшкiл. Орны қаңырап бос қалған үйдiң шаңырағы аулақта жеке жатыр. Қазақта “шаңырағың биiк болсын” деген ақ ниеттi тiлек бар. Көлдiң шайылып кетуiнiң бiр сыры мүмкiн осында жатқан шығар…

Алатаудың ақ басты шыңдары, көкжиекте күн сәулесiмен жарқыраған қарлы сiлемi ес бiле бастаған ерте кездерден көптеген еуропалықтардың көкiрек көзiн ашып, қиял-шабытына дем берген. Бұл Кеңестiк империяның кезiндегi ең алшақ жатқан, көркемдiгi көздiң жауын алып, ғажайып құпияларына құмарттырған тау болды. Сондықтан бұл аймақта жергiлiктi қазекемдерден гөрi Мәскеуден келген қонақтар жиi демалатын. Қазақтар тауда мал бағып жүргенде, Орталық Комитет мүшелерi курортта демалып жататын.

90-жылдары көлдiң суын қалпына келтiру мақсатында бөгет салынып, жағалауға қарағайлар отырғызылды. Бөгет жасау үшiн шлюз орнатылды. Шлюздың басты мiндетi – арнадағы судың деңгейiн реттеп отыру. Көлiк жүретiн жол астымен құбыр қойылған: су арнадан аса бастаса жер асты өткелiмен өзенге құйылып кетедi.

Көлдiң аумағы 0,86 км2, ұзындығы 1,8 км, енi 600 м. Суасты тiршiлiгiн зерттеп, тереңдiктi анықтау әзiрге мүмкiн болмай отыр. Су тым тастай суық болғандықтан түбiне жету мүмкiн емес. Жаз айларында көлде су мол, бiрақ күзде су тартылып қалады.

Орманшының сөзiне құлақ ассақ, күздiң күнi көлге қос аққу ұшып келедi. Көлдiң суы мол шақта да құстар үзiлмеген. Қос аққудың ұшып келуi — көлдiң басынан бағы таймағанын аңғартқандай.

КӨЛДIҢ АРНАСЫН ҮЛКЕЙТУГЕ БОЛА МА?

Есiк орманшылығы — Түрген филиалындағы ең көрiктi мекендердiң бiрi. Алатау ақығына айналған көлдiң кереметiн көруге бiз де бардық. Алдын ала ұлттық паркке хабарластық. Бағанадан берi көлдi көрсетiп, тарихынан сыр шертiп жүрген Құлжанбай орманшының осы аймақта орманшы болып iстегенiне 27 жыл толыпты. Есiк сайындағы кез келген тас пен қарағайдың орналасу ретiн жатқа бiлетiн ағамыз көлдегi бөгет құрылысына да қатысқан. Тау шатқалдары мен көлден ағып шыққан Есiк өзенiнiң сарқырамасын тамашалай жүрiп баурайдағы қып-қызыл бүлдiрген кiлемiн көзiмiз шалды.

«Көлдi қалпына келтiру мақсатында қандай шаралар қабылданып жатыр?» деген сауалымызға орманшы бұл ойдың iске аспайтынын айтты. «Селдiң алдында көл Есiк сайының енiн түгел алып жататын. Қазiр сайдың үштен бiр бөлiгiнде ғана су бар. Көлдi бұдан артық толтыру мүмкiн емес. Бiрiншiден, бұрынғы көлдiң арнасы шайылып кеттi, бұдан ары толтырғанмен су тоқтамайды, ағып кетедi. Өйткенi көл өз арнасын ғана сақтап қалды. Екiншiден, мұздықтардың ерiп етекке құламайтынына ешкiм кепiлдiк бере алмайды. Жоғарғы көлдiң деңгейiн бiз бiрiншi кезекте бақылап отырамыз. Ақкөл мұздығы тасыса, Есiк көлге де қауiп бар».

Сонымен қатар көлдi туристiк аймаққа айналдыру мақсатында қазiргi таңда жүргiзiлiп жатқан жұмыстар атап айтарлықтай. Ұлттық парк бағдарламасы бойынша көл жағасынан кiшiгiрiм демалыс орындары салыныпты. Бiрнеше қазақ үй қоныс тепкен. Сол сияқты шағын орындықтар қойылып, волейбол ойнайтын алаң жасалған. Бары осы. Демалыс орындары, яғни санаторийлер туралы сұрағанымызда “Пищевик” демалыс орнының болғанын айтты. Бiрақ, 2004 жылғы сел оны да iлiп әкеткен. Дәл қазiргi таңда Есiк көлiнiң маңайына ешқандай демалыс орны салынбаған. Келушiлер көлдi өз беттерiнше тамашалап, жағасында от жағып, кәуап пiсiрудi қызықтаумен шектеледi.

Тау бөктерiмен бүлдiрген тере жаяулатып келемiз. Орман инспекторы Мақсат солтүстiк жақты қолымен нұсқап, “Лукашов” сайында қарағай қиып жатқанын айтты. Тағы бiрде “Санников” сайында марал жайылады, өзенге су iшуге түседi де, қайта жоғарыға көтерiледi. Себебi қарағай арасында аю бар”, — дедi. Қарап тұрсақ бұл аймақ жануарлар әлемiне де бай. Бiздi бағанадан шырайлы шатқалдың көрiктi жерлерiмен таныстыра жүрiп орман инспекторы бiздiң көңiлiмiздi мына жайтқа аударды. Есiк көлi орналасқан шатқалдардан басталатын сайлар орыстардың атымен аталған екен. Кеңестiк кезеңде көптеген жерлер орыс қайраткерлерiнiң құрметiне берiлдi. Расында, ешкiмнiң есiнде қалмаған белгiсiз адамдар. Бұл әдет Алатау гауһарына келгенде де ұмытылмапты. — Лукашов, Санников, Микушин… “Бұл есiмдердi кiм бiледi? Дәл осы тұсты Жiбек жолы қиып өткен. Мүмкiн, бай көпестер мен саудагерлер шығар. Кiм бiлген? Қайта осы тұста ел үшiн егеулi найза қолға алған батырларымыздың есiмдерiмен неге атамасқа? Осындай табиғаты келiстi өлкенi ержүрек ерлерiмiздiң арқасында алып қалдық емес пе? Мұндай табиғатқа солардың есiмi ғана лайықты”, — деген ұсынысын жеткiздi. Саралап, санаға салып қарасақ қазақ даласында белгiсiз есiмдермен аталатын жер жалғыз бұл емес. Сондықтан бұл өз алдына жеке мәселе…

ЖЕКЕ КӘСIПКЕРЛЕР ЖҰМЫС ЖҮРГIЗУДЕ

Әлемде туризмнiң арқасында күн көрiп отырған мемлекеттер көптеп кездеседi. Оларды қоя бере iргедегi қырғыздар Ыстықкөлдi айналдырып отыр. Еуропада жатқан Альпi тауларының етегiндегi ең жоғары деңгейдегi түрлi демалыс орындары туристерден толастамайды. Альпi тауындағы Женева көлiнен Есiк көлдiң несi кем? Көркем таулар мен айнадай көлдер мемлекеттiк қазынаға пайда түсiрумен қатар әлемге елдi танытып, бренд қалыптастырар құндылық. Сондай-ақ туристер өздерi iздеп келетiн курорттық орынға айналар едi-ау.

Көл жағасынан ешқандай ғимарат орын теппеген. Болашақта шатқалдағы самсаған қарағайлардың ортасынан сауықтыру кешендерi мен демалыс орындары салынса, туристер сонда ағылар едi. Туристерден бұрын етектегi Есiк қаласының өзiнде көлдi көрмеген адамдар баршылық. Бiрде қартаң бiр әйел көлдi алғаш көрiп жылап қоя берген. “Құдай өзi жаратқан сұлулық! Осыншама жыл өмiр сүрiп, мұндай кереметтi қазақ даласынан көргенiме таңқалып тұрмын”, — деп қуанышын жасыра алмаған.

Тау самалымен тыныстап, еңсемiз бiр көтерiлiп қалды. Көз тоймайтын көл көркiне тамсанып, қимай кетiп барамыз. Есiк қаласына жақындаған сайын қапырық ауа тынысты тарылтып барады. Ендi Алматыға жету үшiн жол-жөнекей көлiк тоқтаттық. Жол қысқарсын деген ниетпен жүргiзушiнi сөзге тарттық. “Көлдi күнде көрiп жүрген соң бiзге таңсық емес. Бiрақ ел арасында ол жер белдi бiр “ханымның” меншiгi деген қауесет бар. Қаншалықты рас екенiн қайдам, “Халық айтса қалт айтпайды” деген бар емес пе? Мұндай көркем жерлер осы уаққа дейiн тұра ма?” — деп қолайсыздау әңгiменiң шетiн шығарды. Алайда ұлттық паркке барып, өз көзiмiзбен көргенiмiздi бiз де растап жатырмыз. Бұл аймақ Iле Алатау ұлттық табиғат паркi және селден қорғау мекемесiнiң қарауында. Парк тазалықты, өрт қаупiнен сақтандыруды қамтамасыз етсе, селден қорғайтын мекеме су деңгейiн есептеп отырады. Алматы облысы, Еңбекшiқазақ ауданының әкiмi Ә.Ә.Тойбаев мырза “Егемен Қазақстан” газетiнде жарияланған сұхбатында: “Туризмдi дамытудың тартымды көзайымындай табиғатымыздың бiр жауһары — Есiк көлi. Сол Есiк көлi дәл бұрынғыдай болмағанмен, суы бiрте-бiрте толып келедi. Арнайы бағдарлама алғанбыз, сол бойынша жеке кәсiпкерлер жұмыс жүргiзуде. Бұған мемлекет те қолұшын беруде,” — деген едi. Алайда, Есiк көл сапарында сол бағдарламаның iске асқанын көре алмадық. Жеке кәсiпкерлер жұмысының нәтижесi де байқалмады. Сiрә, Ә.Тойбаев мырза Есiк көлдi ешкiм көрмейдi ғой деп айта салған шығар?!

Ақниет ОСПАНБАЙ