ТӨРТ ҚАҚПАЛЫ ТҮРКIСТАН
ТӨРТ ҚАҚПАЛЫ ТҮРКIСТАН
(толғау)
Сөзiн жазған: Төреғали Тәшенов
Әуенiн шығарған: Шәмiл Әбiлтай
1). Тыңда менi,
Төрт қақпалы Түркiстан! Қос қақпалы Қожа Ахмет! Алты ғасыр арбауына шыдаған, Төрт бұрышын көк перiсi сұраған, Қабырғасын Қызыр-Баба сылаған, Қасиеттi Көк Күмбез, Тұрсың ба, Уа, дiн — аман! 2). Алыстан хақ дем берген, Арыстан Баб тең көрген, Аса пiрлер жол берген, Мүсәпiрге қол берген, Халайықты меңгерген, Машайықты жөн көрген, Шәрбат iшкен Әздермен, Шарап iшкен Шiлтенмен, Әзiретi Сұлтан Қожа Ахмет, Құзырыңа келген — Мен… Әзелден-ақ дара отау, Алпыс мың бар бұлағы, Ақ тасы бар қыналы, Пәк Тәнiңнiң тұрағы, Әз жаныңның шырағы, Әуенiңе Қаратау, Төңкерiлiп тұрады. Уа, дүр тектi Асыл жан, Тәуап еттiм жасымнан 3). Санама ектiм сыр түюлi тасыңнан, Дәруiштей дәргейiңе бас ұрған, Хақ дидарын көрердеймiн жасырған, Алдым босап арқаннан, Көшiм босап көгеннен, Құлыптаулы қырық қақпан ашылған Маңдайалды қас бетiңе жел өпкен, Түзiк қатар салған мырза теректен, Уiлдеген үн естимiн ерек мен. Жанын жыққан биiгiне қалаған, Шырқау асып шығып кеткен санадан, Үкi құс боп жеткен Сен бе дана жан?!. Бауырына Бұхараны балаған, Серiгiне Самарқанды санаған, Сендей кенттi таба алам ба даладан?. Асық еткен жерiме гүл жаһанды, Нәсiп еткен төрiме Алла Тағалам! 4). Уа, тыңда, Бай өлке ұлыс — байтағым! Жатсынып жоқ қайтарым, Сақсынып бар айтарым: Қаншама жыл ғарiп болып саф дiлге, Арып-талып жеткен кезде ақ күнге, Қарсы қойып қауымыңды хақ дiнге, Ұрпағымды ұйытпасын жат кiрме. 5). Далам үшiн жолын кесiп тауымның, Күлше салман керсенiне кәуiрдiң. Тiлiң менен жырың және дiлiңе, Қоса тұт деп түзу дiнiн Тәңiрдiң, Төрт тараптан түгел қостым түрiк ұлын, Тоғысында ғасырлар мен дәуiрдiң. 6). Беу, тыңдағын, Төрт қақпалы Түркiстан! Қос қақпалы Қожа Ахмет! Салғаным — зiкiр, Айтқаным — шүкiр, Ойлағаным — пiкiр, Қорыққаным — күпiр болсын. Қолда өзiң Хазiрет! Ақтың құлын тәлiм ет! Хақтың нұрын жаныма ек! Бұрдым жүзiмдi, Өптiм iзiңдi, Әзиз жолыңды тұттым, Ғибадат орныңды құштым, Миуалы бағыңа шықтым, Мүбәрак қолыңды қыстым, Қабыл ет!..