Жаңалықтар

Асанәлi ӘШIМОВ: АКТЕРДIҢ БОЛДЫМ ДЕГЕНI — БОЛМАҒАНЫ

ашық дереккөзі

Асанәлi ӘШIМОВ: АКТЕРДIҢ БОЛДЫМ ДЕГЕНI — БОЛМАҒАНЫ

Қасиеттi Ораза күндерi, оңайлықпен қолға түсе бермейтiн КСРО және Қазақстан Халық әртiсi, қазақтың маңдайына бiткен өнер саңлағы, белгiлi кино актер Асанәлi Әшiмовпен кездесудiң сәтi түстi. Асекең Қазыбек би көшесiнде орналасқан 50-үйдегi жұмыс бөлмесiнде отыр екен. Кабинеттiң төрт қабырғасы кино, театр өнерi тарихын көз алдыңа алып келетiн фотосуреттермен безендiрiлiптi. Тiптi, бейне мұражай секiлдi. Асекеңмен шахмат ойнап отырып әңгiмелестiк.

— Асеке, әуелгi әңгiменi қазақ киносынан бастасақ. Соңғы уақытта түсiрiлiп жатқан қазақ киноларын көрiп жүрсiз бе? Жалпы, бүгiнгi қазақ киносының қасiретi неде деп ойлайсыз?

— Жалпы киноны мемлекеттiң, халықтың жағдайынан, экономикасынан, мәдениетiнен бөлiп-жарып жеке қарауға болмайды. Мемлекет қандай болса, кино да сондай.

Қаражат мәселесi, кадр мәселесi, халықтың күнделiктi өмiр тұрмысы, хал-ахуалы, халықтың бiлiм дәрежесi, мәдениетi, көрермендердiң талғамының деңгейi, мiне, осылардың барлығы бiрiге келiп қазақ киносының өсу жолына, деңгейiне әсер етедi. Мемлекеттi халық құрайды, сондықтан мемлекет қандай болса, кино да сондай деуiмiздiң дәлелi осы.

Ал жеке фильмдердiң деңгейiнiң төмендiгi халықтың талғам деңгейiне байланысты. Қазiргi арзанқол, шетел фильмдерiне елiктеп түсiрiп, көрсетiлiп жатқан фильмдерге жастардың топ-тобымен, лек-легiмен барып жатуын талғамай не берсе, соны жұтып жатқан талғамсыздықты көргенде жүрегiм сыздайды. Орыстардың шоу-бизнесiне елiктеу, көкпар, дода сияқты орыстардың “Кабочогiне” елiктеу менiң қарнымды аштырады.

Қазақтың төл мәдениетiн дәрiптеу, мысалы қыз ұзату, наурызды тойлау, дастарқан, той жүргiзу, дiн мәселесi және т.б. Мiне, осыларды төрт аяғына тiк тұрғызып дәрiптеу, халыққа әсiресе жастарға жеткiзе бiлудiң өзi философия емес пе?! Бiрдi айтып бiрге кетемiз. “Түркiстан” газетi нағыз халықтың газетi болған соң айтып жатырмын. Қазiргi жастардың деңгейi қандай? Мысалы, жастардың жаппай ораза ұстауы, намаз оқуы, мешiтке баруы кейiнгi кезде үлкен үрдiске айналды. Шын мәнiнде, бұл дұрыс та шығар, бiрақ дiн мәселесiн, шариғатты түсiнiп, бойына сiңiрiп бара ма, әлде тек қызығушылық па, топқа iлесу ме? Мiне, менi осы жай алаңдатады. Мен осы жағдайға толық сенбеймiн.

Жастардың кiтапханаларға баруы, спектакльдерге баруы, спортпен айналысуы, ең арғысы өздерi оқып жүрген сабақтарын жете меңгеруге, келешекте жетiк маман болуға құлшыныстары төмен.

Мешiт салу мәселесiне келсек, мешiт көптеп салынып жатыр. Бұл жарысқа айналды. Бiр ауылда бiрнеше мешiт бар, ата-ата болып бөлiнiп алған. Мен бiр азаматты бiлемiн, атын айтпай-ақ қояйын, жетi мешiт салды. Кейде ойлайсың елiмiз мешiт салатын “строй-участокке” айналып бара ма деп.

Менiң ойымша, мешiт салған жақсы. Бiрақ мешiт өзiнiң қадiр-қасиетiн жоймау керек. Мешiттiң өзiнiң аурасы болу керек, кiрген кезде денең шымырлап, қасиетiн сезiнуiң керек. Арыстанбаб, Қожа Ахмет Яссауи мешiттерiне кiргенде өзiңдi бiр керемет күш баурап алғандай сезiнесiң. Жауапкершiлiкпен, тазалықпен кiресiң.

Жаңағы жетi мешiт салған азаматқа айтар едiм. Бiр мешiт салдың, ендi қалған алтауын — жетiм-жесiрге үй салуға жұмса, немесе мектеп сал, балабақша сал,бұлардың сауабы мешiттен кем болмас.

Мен қолымнан келсе кинотеатр салып берер едiм, бiрақ қолымда жоқ. Мен де елде атамның атына мешiт салдым, мешiттi арнап салған дұрыс деп ойлаймын. Ысқақ атам пiрәдар атанған кiсi. Мешiттiң iшiнде атамның топырағы жатыр. Ауыл, ел құрмет тұтады. Мешiттi аймалап ұстап отыр. Атам әруақты кiсi едi. Спектаклiмде рөлiмдi ойнауға кiргенде атама сыйынып кiремiн, сол кезде ойнаған ролiм ойдағыдай боп шығады. Атамыздың мешiтiн ашатын күнi күн ашық болатын. Кенеттен күн қорашаланып, күннiң көзiнен шапақ атып шыға келдi. Бұл құбылыс. Бiр кереметтiң барына сенбеске шараң жоқ.

Менi дiн уағыздаушы деп ойламаңдар, бiрақ жүрегiм таза, бiр жаратушының барына сенемiн. “Түркiстан” газетi болған соң ағымнан жарылып жатқаным ғой. Мысалы, жаназада берген де, алған да күнәһар болады екен. Бiздiң кейбiр молдаларымыз жаназа шығарудың өзiне таңдап барады. Кедей-кепшiктердiң жаназасын шығаруға құлықсыз. “Өлiмдi жерде молда, өлеңдi жерде өгiз семiредi” деп атам қазақ бекер айтпаған сияқты.

Бар жерге баруға таласады молдалар. О дүние бар екенiне сенгiм келедi. Ол дүниеде жақсы адамдар жұмақта кездеседi дейдi ғой. Мен Майраммен, Сағиыммен, Мәдиiммен кездескiм келедi. Тозаққа баратындай қылығымыз жоқ сияқты, бәрi бiр Алланың қолында ғой, намаз оқымағанмен, құран оқып асылдарымның рухына бағыштап отырамын. Рамазан айы – Ораза қасиеттi ғой. Өнер адамдарына Ораза ұстау өте қиын. Киноға түсесiң, әртүрлi кездесулер болады, бiрақ ниетiмiз тура, бiр Алланың өзi кешiрсiн. Тiл, дiл, дiн бәрi бiрiмен-бiрi тығыз байланысты ғой. Бұл құбылыс қатар өсу керек. Бұл құбылысты ғылыми түрде философиялық тұрғыдан қарап өркендету керек.

— Атышулы “Көшпендiлер” фильмi туралы сын көбiрек айтылды. Әлi де айтылып жатыр. Сiздiң бұл фильмге көзқарасыңыз қалай?

— “Көшпендiлер” фильмi Голливудтың мөлшерiнде түсiрiлген фильм. Ондағы актерлер атақты, танымал актерлер. Сол актерлердiң қатысуының өзi фильмдi жұрт көретiн фильмге айналдырып отыр. Фильмнiң iшiнде қазақ халқы туралы ұғым бар. Осы ұғым қазақ халқын дүниежүзiне танытады. Жас ұландарды тәрбилеу, патриоттық сезiм тудыратын көрiнiстер бар. Осы жерлерi жүрегiмдi жiбiтедi. Америка үшiн бәрiбiр емес пе, оларда ұлт жоқ қой, ал бұл фильмде қазақ деген ұлт бар екенiн айшықтап тұр емес пе? Жалпы “Көшпендiлер” маған ұнайды. Бұл фильм түсiрiлiп жатқан кезде менiң де қолым тимедi, ал ұсынған майда рольдерге бармадым, дардай атыма ұят қой деп ойладым.

— Өзiңiздiң бастамаңызбен жыл сайын “Шәкен жұлдыздары” өткiзiлуде. Бұл фестивальге қатысқан фильмдерден шоқтығы биiк туындылар байқай алдыңыз ба?

— “Шәкен жұлдыздары”. Бұл фестиваль қазақ киносының майталманы, өнердегi әкем Шәкен Кенжетайұлына жасаған менiң сыйлығым. Шәкеннiң қазақ киносына, қазақ актерлерiн тәрбиелеудегi еңбегi ұшан-теңiз.

Бiз осы кiсiлерден тәлiм алдық, үйрендiк. Шәкен, Сұлтан, Асқар Тоқпанов, Әзербайжан сияқты ұстаздарыма деген ықылас-ризашылығым шексiз. Бiздiң қатарластарымыз осы кiсiлердiң көз алдында өстiк, тезге салындық, актер деген Қасиеттi атаққа жан-тәнiмiзбен берiлiп, қасиетiне көзiмiз жетiп өркендедiк. Осы корифейлердiң сарқытын iшiп, үлгi алып қалдық.

“Шәкен жұлдыздары” жастардың фестивалi. Жас дебютанттардың жарысы. Мұндай фестиваль дүниежүзiнде аз. “Шәкен жұлдыздары” — менiң қазiргi жастарға жасаған ұстаздық iс-әрекетiм, қолымнан келген жәрдемiм.

Жастардың келешегiнен көп нәрсе күтемiн. Бiрақ, бiздiң ұлттық киноға келiп жатқан жас актерлердiң қабiлетi, режиссерлердiң тапқырлығы әлi төмен.

“Өзi жарымағанның сарқытын iшпе” дейдi қазақ. Ал мына өнер академиясындағы мұғалiмдердiң бiлiм биiктiгi менi қанағаттандырмайды. Олардың өзiн оқыту керек. Iзденiс, талпыныс, өзiн-өзi қайрау жетiспей жатады.

— Театр өнерi туралы не айтасыз? Театрда қойылып жатқан премьераларға қалай баға берер едiңiз?

— Театр дегенiмiз лаборатория. Актердiң қалыптасуы театрдан басталады. Мысалы, бiр затты алу үшiн бiрнеше қоспаларды қосып, керек емес компоненттердi алып тастап отырып, сол заттың тазалығына қол жеткiзедi.

Театрда сол сияқты жаңадан келген балауыз жас актердi жетiлдiру үшiн қанша тер төгiледi. Театрдың не екенiн, сахнада қалай жүрiп-тұруы, образға кiруi, “текст”, “подтекст” деген ұғымдарға дағдылануы, мiне осылардың бәрi сол театрдан басталады. Киноның өзi, киноактер болудың өзi сол театрдан бастау алады. Театрда актер болу — бұл қасиеттi өнер. Халықтың алдына дайындықсыз шыққан актер — өлген актер. Театрда халықтың алдына бiр көрсеткенiңнен, сенiң келешегiң шешiледi. Жұрттың алдында “бұлай емес едi, бұлай болу керек едi” деп қайталай алмайсың образды. Сондықтан театр Киелi — оны құрметтей бiлу керек.

Ал, Киноның өзi де театрдан басталады. Театрдан сабақ алып, шыңдалып барған актер кинода судағы балықтай сезiнедi өзiн. Ал театрдан бөлек киноактерлердiң шикiлiгi бiлiнiп тұрады, олар бiржақты, жалаңқай болып келедi — киiмiнiң бiр пұшпағы жоқ әйелдер сияқты. (Күледi). Кешегi Шәкеңдер театрдан қайнап-пiсiп шыққан киноактерлер едi ғой.

— Қазақ өнерiнде сiз сомдамаған роль кемде-кем шығар. Әйтсе де, әлi де ойнағыңыз келген бейнелер бар ма? Iштей армандайтын, ойнағыңыз келетiн…Өзiңiз сомдаған бейнелердi көрiп отырып, кейбiрiне iштей “әттеген-ай” деген сәттерiңiз болды ма?

— Армансыз адам — өлген адам. Армансыз адам мемлекетке де, халыққа да зиянды адам. Ойлағаныңның барлығына жете бермейсiң. Уақыт билейдi. Уақыт өтiп кетедi. Қайтара алмайсың. Мен Гамлеттi ойнағым келедi, бiрақ уақыт өтiп кеттi. Уақытысында армандадым. Басқа рольдерде жүрiп, уақытты өткiзiп алдым.

Актердiң болдым дегенi — болмағаны,

Толдым дегенi толмағаны.

“Әттеген-айсыз” өмiр жоқ. Актерлер өздерi ойнаған рольдерге сын көзiмен қарау керек. Бұл заңды құбылыс. Өзiнiң iсiне өзi сын көзбен қараған актердiң әлi де потенциалы бар деген сөз.

Мен Бекежанды, Шадиярды өмiрге әкелдiм. Көрермен жақсы қабылдады, сол кинодан көрген күйiнде. Ал менiң сол рольдердi сомдағандағы “әттеген-айларым” өзiме ғана аян, оны көрермен байқамайды, олар сол қалпында қабылдайды.

Ал ендi көрермен жақсы қабылдады деп болдым, толдым деуден аулақ болу керек. Шүкiрлiк жасау абзал. Сенен де ұлы адамдар болған, әлде де бола бередi. Сондықтан “Жұлдыз ауруынан” аулақ жүргендi жөн көремiн.

— Кейiнгi кезде қазақ киноматографиясында бiрлi-жарымды режиссерлер пайда болды. Ермек Тұрсыновтың “Келiнiн” көрген шығарсыз. Көрсеңiз қандай баға берер едiңiз.

— Бұл фильмге оң көзiммен қараймын. Фильмнiң iшiнде актердiң дыбысы, сөзi жоқ, бiрақ елдiң сол кездегi дәстүрi, әдетi, мәдениетi, салты тiлсiз көркемделiп, көрерменнiң жүрегiнен өз орнын табады.

Бұл фильм бiздiң дәуiрге дейiнгi халықтың өмiрiн бiлдiредi.

— “Қазақфильмге” Ермек Аманшаев келгелi батысқа елiктеу пайда болған секiлдi. Голливудтың сойылын соғып жүрген Тимур Бекмамбетов Қазақфильмнiң ұсынысымен “Алтын адам” толық метражды киносын түсiруге кiрiскелi отыр дегендi естiдiк. Бұған не дейсiз?

— Тимурды режиссер ретiнде бағалаймын. Бiрақ негiзгi мақсаты ақша жасау сияқты. Мен Тимурдың фильмдерiн түсiне бермеймiн, өйткенi түсiрiлiп, көрсетiлiп жүрген фильмдерiнде бiздiң ұлтқа қатысты, бiздiң мәдениетiмiзге қатысты, келешек жастарға тәлiм-тәрбие беретiндей, ұлтымыздың салт-дәстүрiн жоғары көтеретiндей ешнәрсе жоқ. Сондықтан Тимурды Голливудтың бағытындағы қазiргi заманның режиссерi деп бiлемiн.

— “Нұр-медиа” Холдингiмен “Қазақфильм” екеуi бiрлесiп “Арман қала” деген фильм түсiрiп болыпты, – деп естiдiк. Сiздiң пiкiрiңiз?

— “Арман қала” 12 бөлiмнен тұратын Астана туралы сериал. Мен бұл фильмде бұрын үлкен қызметтерде болған қазiргi зейнеткер рөлiнде ойнаймын. Фильмнiң режиссерi жауапкершiлiгi жоғары өте бiлiмдi жiгiт. Осы рольдi сомдауға осы режиссерге сенiп бардым. Фильм осы жылдың аяғына дейiн көрермендердiң көзайымы болатын шығар.

— Қазiргi кезде актер ретiнде, режиссер ретiнде немен айналысып жүрсiз?

— Қазiргi кезде театрдамын. Өзiме берiлген рольдердi орындап, кейiнгi жас ұрпақтарға ақыл-кеңестерiмдi әлiмнiң келгенiнше берiп жүрмiн. Шама келсе осы театрдан осы абыройыммен шыға бiлу керек деп ойлаймын.

— Кiшкентай Асекең туралы айта кетсеңiз.

— Кiшкентай Асанәлi бiр жастан асты ғой. Үйдегi ермегiмiз де, қуанышымыз да сол. Күннен күнге әртүрлi қылық шығарып келе жатыр. Шешесiн “ана” дейдi, менi “әке” дейдi. Еметiн мәмесiн “мама” дейдi. Зерек болып өсiп келедi. Әр нәрсеге таңырқай қарайды. Түнде айды, жұлдыздарды көруге құмар. Жылқыны жақсы көредi. Қазақтың қаны бар емес пе, ет жегендi ұнатады. Бiр-екi сөздiң басын құрап сөйлейтiн болды. Қайдан үйренгенiн қайдам, “бастық болшы” десең, басын шалқайтып, денесiн түзеп, темекi тартқан сияқты қолын аузына апарады.

— “Түркiстан” газетiне тiлегiңiз.

— “Түркiстан” газетi атына заты сай газет қой, бұрыннан-ақ. Тiлегiм дiн, дiл, тiл туралы, қазақтың салт-дәстүрi, мәдениетi туралы келелi мәселелердi көтерiп, жастарға тәлiм-тәрбие берерлiк арнайы бет ашсаңыздар екен. Дәл қазiргi уақытта ұлттық идеяның тарылып тұрған кезiнде бұл сияқты айдарлар өте қажет деп ойлаймын, әсiресе бiздiң жастарымыз үшiн.

“Түркiстан” газетiнiң ұжымына творчестволық табыс тiлеймiн. Алла Тағала әр отбасына амандық берсiн!

— Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Өскенбай ҚҰЛАТАЙҰЛЫ