Жаңалықтар

ҮЙРЕНСЕҢ, НЕМIСТЕН ҮЙРЕН

ашық дереккөзі

ҮЙРЕНСЕҢ, НЕМIСТЕН ҮЙРЕН

Дрезденде Қазақстан экономикасының күндерi өттi

Германияда, дәлiрегiнде, Саксонияның Федералдық жерлерiндегi Дрезден қаласында Қазақстан экономикасының күндерi өттi. Қазақстан делегациясын бастап барған экономика және бюджеттi жоспарлау министрi Бақыт Сұлтанов “Пуллман” қонақүйiнде болған конференцияда екi ел арасындағы экономикалық қарым-қатынастар жайында аз-кем әңгiме тетiгiн ағытып, стратегиялық серiктестiктi онан әрi жетiлдiрудiң жолдарына тоқталды.

Саксонияның экономикалық қуатын саралаған Оливер Йорк “Wirtschaftsforderung Sachsen” экономикалық даму жөнiндегi ведомствоның басқарушы директоры болып жұмыс iстейдi екен. Өзiне берiлген бес минут уақыт iшiнде Саксонияда шығатын техникалар, оның өтiмдiлiгi, көптеп шығарылатын көлiктер, олардың әртараптандырылуы бағытында не iстеп, не қойылатынын жұп-жұмыр етiп нақтылаған Оливердiң әңгiмесiне бiз сүйсiне қол соқтық. Саксония федералдық жерiнiң экономика және еңбек министрi Томас Юрк мырза өзiне бөлiнген уақыттың жартысын ғана пайдаланып, кешiрiм өтiнiп, Берлинде кезек күттiрмес шаруаларының бар екенiн айтып, қол бұлғап кете барды. Есесiне “Самұрық-Қазына” Ұлттық әл-ауқат қоры АҚ Қазақстан Даму банкi басқарушы директоры-басқарма мүшесi Берiк Өтемұрат өзiне бөлiнген он минуттың үстiне он бес минут қосып алды. “Самұрық-Қазынаға” қандай құрылымдардың қарайтыны, олар немен айналысатыны кеңiнен әңгiмелеп, басқасын қайдам, бiздi жалықтырып жiбердi.

Ал, “Chemieanlagenbau Chemnitz” компаниясының президентi Йоахим Енгельман төралқада отырған бiздiң делегация басшыларын бiршама абыржытып тастағандай болды. Енгельман мырза Қазақстандағы бюрократтық бұғауларды сын тезiне алды.

— Бiз, асылық айтқанымыз емес, өз iсiмiздi жетiк меңгерген маманбыз. Қалтада қаражат бар. Жер қойнауындағы байлықты игеретiн құрал-жабдықтарымыз тағы бар. Қазаққа олжа болсын деп артынып-тартынып барамыз, әр жабдықтың құжатын тексерiп, қоймаларына тығып, кедендiк қызмет берекемiздi алатыны не осы? — деп қақ маңдайға қойып қалмасы бар ма? Йоахим Енгельман. “Жалпы қазақ бауырмал, елi қандай, жерi қандай, ақ самайлы Алатауы қандай” деп сөзiнiң соңын жұмсартып, ғафу өтiнгендей болды.

Жалпы, Германия Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық әрiптестерiнiң бiрi саналады. Қазақстанның экономикасын дамытуға ат салысып жүрген стратегиялық әрiптестерiмiз елiмiзге инвестиция құюда әлемдегi алдыңғы қатардан орын алады. Сауда-экономикалық қарым-қатынас деңгейi де жаман емес. 2008 жылдың қорытындылары бойынша сыртқы сауда көлемi 3,2 млрд. АҚШ долларын құрады, оның экспорты — 0,6 млрд. доллар, импорт — 2,6 млрд. доллар. Бұл 2004 жылмен салыстырғанда 2,6 есе көп деген сөз. 2009 жылдың бiрiншi жарты жылдығында тауар айналымы 1,4 млрд. долларды құрапты.

Қазақстанда немiстердiң қаржысы қамтылған 700 бiрлескен кәсiпорын тiркелсе, оның 547-сi ойдағыдай жұмыс атқарып жатыр екен.

Экономика мәселелерi екi елдiң арасында үнемi әңгiме болып отырады. 25-қыркүйекте қарымта кездесу ұйымдастырылмақ. Алматыда Германия экономикасы күндерi он бiрiншi рет өткiзiлмекшi. Әрине, мұндай бас қосулардың өз нәтижесi де болады. Мұндайда, кейбiр түйiндi мәселелер өз шешiмiн тауып кетiп жатады. Мәселен, Дрезден қаласында Қазақстанның Германиядағы экономика күндерi аясында он бiр коммерциялық келiсiм-шарттарға қол қойылыпты. Өзара тиiмдi бұл құжаттар екi елдiң де экономикасына өзiндiк үлес қосады деп күтiлуде. Германиядағы форумға Қазақстанның бiр топ журналистерi қатысқанын айта кетейiк. Дәстүрлi кездесуге “Егемен Қазақстан” және “Хабардан” тыс екi елдiң экономикалық кездесуiне “Айқынның”, “Алаш айнасының”, “Алматы” телеканалының, “Деловой Казахстанның”, “Түркiстанның” өкiлдерi де куә болды. Кейiнгi журналистерге Германияның үш-төрт қаласына барыс-келiсi, қонақ үйлерi қаражатын түгел көтерiп алған ұлттық “Эйр Астана” әуе компаниясының басшылығына алғысымыз шексiз.

Ғалымжан Мелдеш