ҚАЗАҚ БОКСЫНЫҢ КҮЙРЕУI

ҚАЗАҚ БОКСЫНЫҢ КҮЙРЕУI

ҚАЗАҚ БОКСЫНЫҢ КҮЙРЕУI
ашық дереккөзі

Өткен аптаның соңғы күнiне дейiн әлемнiң боксты сүйетiн сан миллион жанкүйерлерi көгiлдiр экраннан көз алған жоқ. Жарты айға жуық созылған кезектi әлем чемпионатына қазақ жанкүйерлерi де ерекше ықылас танытты.

Осыған дейiн Италияның Милан қаласы әйгiлi “Ла Скала” опера театрымен, сондай-ақ атақты “Барселона” футбол клубымен ғаламшарға мәшһүр болса, ендi былғары қолғап шеберлерiнiң әлемдiк бәсекесi оның даңқын одан әрмен асқақтата түскенi сөзсiз.

Амал қанша, Апенин түбегiндегi аңызға толы әсем елге әспеттеп апарған боксшыларымыз Миланға жердiң үстiмен барып, астымен қайтып, қазақ жанкүйерлерiнiң жiгерiн құм еттi. Ширек финалға дейiнгi әдемi үмiтiмiздi бiржола үздi. Үмiт пен сенiмнiң үзiлгенi емес пе, сандаған жанкүйерлер қазақ боксының бүгiнi мен болашағынан бiржола түңiлгенiн айтпай кетуге болмайды.

Әсiлi, намысқой, өр мiнездi қазақ халқы үшiн осы чемпионатқа дейiн бокс кәдуiлгi көкпар сияқты ұлттық спорттың бiр түрi болып келген едi. Тiптi, “Қазақ боксы Азияда алдына жан салмайды, әлемде екiншi-үшiншi орынға нық табан тiреп тұрмыз”, — деп мақтанғанда демiне нан пiсетiн бокс мамандары қазақ жанкүйерлерiн осыған имандай сендiрiп келген. Миландағы әлемдiк бәсекеге елiмiзден 11 салмақтағы ең саны көп құрама аттанғанын естiген кейбiр желiкпе жанкүйерлер болашақ жеңiстердi алдын-ала ырымдап, той жасағанын да жасыруға болмайды. Бiрақ… ұлттық құрамамыздың қоржыны қайыршының дорбасындай бос қайтты. Көңiлге медет етер бiр ғана қуаныш — қарағандылық Серiк Сәпиевтiң қола медальға қол жеткiзгендiгi. Осыған дейiн-ақ әлемнiң талай рингтерiндегi сан мәрте атой салған, екi рет әлем чемпионы атағын алған Серiктiң есiмi қазақ боксының тарихында алтын әрiптермен жазылған. Басқа өрендерге не болды? Боксшыларымыздың ерiк-жiгерi әлсiз, намысы жоқ па? Әлде, жаттықтырушыларымыз жалған мадақтаулардың буына бiржола мас болып, бiлгенiнен жаңылды ма?! Әйтпесе, Қазақ елi бокстың дамуы үшiн былғары қолғап шеберлерiне жер-жерде барша жағдайды жасап бердi емес пе?

Қазақ боксы осыған дейiн Пекин Олимпиадасында да оңбай сүрiнгенi сөзсiз. Бiрақ, бокс мамандары жалпақ елдi жалған уәделермен алдап, ондағы төрешiлердi айыптап, өз бастарын арашалаған. Бiрақ, талай жылдан берi аңызға, ұлт мақтанышына айналған боксымыздың туы жығылып, бiржола күйрегенiн Миландағы чемпионат боямасыз көрсетiп бердi.

Күйреген боксымызды орнынан кiм тұрғызады, қисайған туын кiм түзейдi?

Ж.БАҚҚОНДЫҰЛЫ