ДYКЕН СӨРЕЛЕРIНДЕ — ДӘРI-ДӘРМЕК
ДYКЕН СӨРЕЛЕРIНДЕ — ДӘРI-ДӘРМЕК
Келешекте дәрi-дәрмек дәрiханаларда ғана емес, дүкендер мен жанар-жағар май стансаларында да сатылуы мүмкiн. Денсаулық сақтау министрлiгi тарапынан енгiзiлгелi отырған бұл бастаманың күнгейi мен көлеңкесi қайсы?
Жақын келешекте Қазақстан аумағында дәрi-дәрмек тек дәрiханаларда ғана емес, iрi дүкендер мен жанар-жағар май стансаларында сатылуы мүмкiн. ҚР Денсаулық сақтау министрлiгi Фармацевтикалық бақылау комитетi бастығының мiндетiн атқарушы Жанар Ордабекованың айтуынша, арнайы әзiрленiп жатқан заң жобасында дүкендер мен жанар май сатылатын жерлерде дәрiлер өзге тауарлардан бөлек орналастырылатынын және мұндай дәрiлер тiзiмiнде тек жеңiл-желпi дерттерге шипа болатын дәрiлер енгiзiлмек. Ал сатушыларға қосымша сабақ өткiзiп, оларға дәрiлердi сату тәсiлiн үйрету мiндеттелмейдi. Әрине, ең бастысы, дәрiлiк тауарларды сақтаудың барлық талаптарын бұлжытпай орындауы, сатылымдағы дәрi-дәрмектiң заңдық құжаттары болуы тиiс. Ордабекова ханым мұндай талаптар халықты жасанды дәрiлерден сақтандыруға ықпал ететiнiн айтады. Министрлiктi мұндай қадамға баруға итермелеген, елдi қарапайым дәрi-дәрмекпен кез келген уақытта қамтамасыз ету көрiнедi. Еуропа елдерi мен АҚШ-та кеңiнен қолданылатын мұндай тәжiрибе Қазақстанға қаншалықты тиiмдi болары әзiр белгiсiз. Белгiлiсi, жаңа бастама “Халықтың денсаулығы мен денсаулық сақтау жүйесi туралы” кодекс қабылданғаннан кейiн ғана күшiне енбек. Тағы бiр жаңалық, орталықтардан шалғай орналасқан ауыл-аймақтарға жылжымалы дәрiлiк бөлiмшелер ұйымдастыру да қолға алынады. Тек медициналық бiлiмi бар азаматтар ғана қабылданатын ондай емханалар керек кезде адамдарға жедел медициналық жәрдем көрсетуге мiндеттi.
Министрлiктiң бұл бастамасын дәрi-дәрмек нарығына қатысатындар қолдаған жоқ. Олардың көпшiлiгi елдегi дәрiханалар саны жетiп-артылатындықтан, дүкендер мен жанар-жағар май стансаларында сатудың ешқандай қажеттiлiгi жоқ дейдi. Алайда, қалалардан алшақ орналасқан аймақтарда, әсiресе, үлкен жолдың бойында “басы ауырып, балтыры сыздаған” отандастардың жиi қиналатынын ескерсек, министрлiк көтерген орынды екендiгiне көз жеткiземiз. Бiрақ бiр қиындық бар: “ай дер ажа, қой дер қожа жоқ” дүкендер мен стансалар бағасы арзан жасанды дәрiлерге ұрынып, халықты улауы мүмкiн. Мұндайда “мүйiз бен сақалдан” бiрдей айырылған тоқал ешкiнiң кебiн киюмiз ғажап емес. Сондықтан кейбiр маманның пiкiрiнше, дәрiханалардан жырақ жерлерде тек йод, бинт т.б сатуға болады. Тағы бiр түйiн, көтерме саудадан гөрi бөлшек саудаға бейiм шағын дүкендер мен жанар-жағар май стансалары дәрi-дәрмек бағасының қымбаттауына ықпал етпек. Өйткенi, аса iрi көлемде өте арзан бағаға сатып алуға қалталары көтермейдi, ал пайда табу үшiн онсыз да қымбатқа алған дәрiден пайда табу үшiн қосымша құнды “қыстырады”. Оның үстiне, қарапайым дүкен сөрелерi дәрi-дәрмектi сақтауға жарамсыз болғандықтан, олар арнайы тоңазытқыштар сатып алуға мәжбүр. Бұл да артық шығынды қажет етедi. Айтпақшы, сарапшылар министрлiктiң арнайы медициналық бiлiмi жоқтарға да дәрiнi сатуға рұхсат беру туралы пiкiрiмен келiспейдi. Олардың айтуынша, қарапайым деген дәрiнiң өзi адам денсаулығы мен өмiрiне үлкен қатер төндiруi мүмкiн.
Негiзi үстiмiздегi жылдың 1 шiлдесiнен бастап дәрi-дәрмектi сатып алу және бөлу мiндетi ортақ диструбуция (кез келген тауарды көтерме бағамен сатып алып, оны жергiлiктi нарықта тарататын қызмет түрi) жүйесiн iске асырыла бастаған едi. Осыған орай, “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қорының жанынан құрылған “Самұрық-Қазына Фармация” ЖШС арнайы дайындық және ұйымдастыру жұмыстарын жүргiздi. ҚР Денсаулық сақтау министрi Жақсылық Досқалиев мемлекеттiк зертханалардан арнайы сертификациялаудан өтудi мiндеттейтiн мұндай жүйе дәрi-дәрмектiң сапасы мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге мүмкiндiк беретiнiн, ортақ тасымалдаушының қорындағы дәрi-дәрмек көлемi 3 айға алдын ала сатылып алынатындықтан, қала мен даладағы тапсырыс берушiлерге тегiс үздiксiз жеткiзiлiп тұратынын айтқан: “Ең маңыздысы, бағаны тұрақтандыруға және кейбiр аймақтардағы шығандап кеткен бағаны 30 пайызға дейiн төмендетуге ықпал етпек. Әсiресе, дәрiлер делдалдар арқылы емес, өндiрушiлерден тiкелей тасымалданатындықтан, ашкөз алыпсатардардың жолы кесiледi. Қазiргi таңда Қазақстанда дәрi-дәрмектiң 100 түрi (йод, “фестал”, “алмагель” т.б.) тұрақты бағамен сатылуда”. Ақпан айының басындағы ұлттық валюта – теңге девальвацияланғаннан кейiн дәрiханалардағы баға едәуiр өскен болатын. Мұның себебiн министр Досқалиев “доллардың теңгеге шаққандағы бағамы өсуiнен сырттан тасымалданатын дәрi-дәрмек құны артты” деп түсiндiрген. Сонымен қатар ортақ дистрибюторлық жүйе мемлекеттiк ауруханалардағы дәрi-дәрмекпен жүйелi қамтамасыз етiлуiн қадағалап отыруға сеп. Тағы бiр жағымды жаңалық, үстiмiздегi жылы тегiн медициналық көмек көрсету үшiн 66 млрд. теңге бөлiнген. Бұл 2008 жылмен салыстырғанда, 15 пайызға артық. Ресми деректерге сүйенсек, былтыр отандық фармацевтикалық нарықта 7000-нан астам дәрi-дәрмек тiркелген. Бұл дегенiңiз – дәрiханалардағы бағалармен бағамдағанда, 700 млн. доллар. Нарықтың жылдық өсiмi 12-15 пайызға тең. Өкiнiшке қарай, балтыры сыздап, басы ауырған ағайын дертiне шипаны отандық өнiмнен емес, шетелдiк дәрiлерден iздеуге мәжбүр. Өйткенi, отандық өндiрушiлер iшкi нарықтың 10-11 пайызын ғана қанағаттандыруға қауқарлы. Министрлiктегi Фармацевтикалық бақылау комитетiнiң төрағасы Сыздық Баймұқановтың мәлiмдеуiнше, үстiмiздегi жылы 2009-2011 жж. арналған бюджеттен медицина саласына биыл 299,5 млрд. теңге, ал қалған кезеңдерге 411,6 және 368,9 млрд. теңге қарастырған. Денсаулық сақтау министрлiгiндегiлердiң айтуынша, 2008 жылы 384 млрд. теңгеден асып түскен. Биыл бұл көрсеткiш 482 млрд. теңгеге жетпек. Жуырда ҚР Премьер-министрi Кәрiм Мәсiмов бiрқатар мемлекеттiк органдардың басшыларына ең қысқа мерзiмде Қазақстанда iшкi нарықта тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыруға қабiлеттi жоғары сапалы дәрi-дәрмек өндiретiн мекемелердi құруға пәрмен берген болатын. Сарапшылар пiкiрiнше, ұзақмерзiмдiк жобаға жататын бұл мәселенi аз уақыттың iшiнде шешу мүмкiн емес. Өйткенi, бiздегi кейбiр шетелдiк дәрiлер патенттiк қорғауға ие болғандықтан, ұзақ уақыт бойы аса қымбат бағаға сатыла беруi мүкiн. Сапалы әрi кепiлдiгi жоғары тауарларды өндiруге отандық өндiрушiлер қауқарсыз, демек, бәсекелестiк жоқтығы немесе бәсекенiң әлсiздiгi шетелдiк өнiмдердiң iшкi нарықта үлкен сұранысқа ие болуына жағдай жасайды. Ал мұндай дәрiлердi елiмiзде жасап шығару үшiн алдымен медицина ғылымына, фармацевтика саласына қатысты жобаларға және өндiрiске үлкен көлемде инвестиция құйып, оның дамуын жiтi қадағалап отыру қажет. Оның үстiне, отандық бұқаралық ақпарат құралдарындағы, әсiресе, электронды ақпарат құралдарындағы жатжұрттық дәрi-дәрмектi жарнамалау iсi жақсы жолға қойылған. Сапалы дәрi-дәрмек өндiрудi дамытқан күннiң өзiнде iшкi нарықтағы сұраныс деңгейi тым шектеулi болғандықтан, отандық дәрiлердi экспорттау мәселесiн шешкен дұрыс. Ол үшiн мемлекет тарапынан кепiлдiгi жоғары әрi сауатты менеджмент пен маркетинг түзiлуi тиiс.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ