НАРКОДИСПАНСЕРДЕГI ӨРТ НЕДЕН ШЫҚҚАН?
НАРКОДИСПАНСЕРДЕГI ӨРТ НЕДЕН ШЫҚҚАН?
Өткен аптаның жексенбi күнi Талдықорған қаласындағы облыстық наркологиялық диспансерден өрт шығып, 38 адам қайғылы қазаға ұшырады. Оқиға жерiне өрт сөндiрушiлер келгенше қабырғасы осыдан 58 жыл бұрын тұрғызылған ғимараттан түк қалмаған. Ал, тiлсiз жау қас пен көздiң арасында 38 адамның өмiрiн жалмап үлгерсе, оқиға кезiнде түрлi дәрежеде зардап шеккен 10 адам жергiлiктi ауруханаға түскен.
Сол күнi таңертеңгiсiн Үкiмет басшысының арнайы тапсырмасымен өрттiң шығуы мен қазаға ұшырағандардың себебiн тексеру үшiн үкiметтiк комиссия құрылып, бұл мiндет Премьердiң орынбасары Серiк Ахметовке жүктелдi. Комиссия тобы бiрден оқиға орын алған жерге атбасын бұрып, өрт зардаптарын жоюмен және оның неден туындағанын анықтау барысымен жете танысты. Сондай-ақ, арнайы тексеру тобы қайғылы оқиғаға ұшыраған отбасылардың туыстарына көңiл айтып, әлеуметтiк көмек көрсеттi. Қазiр Талдықорғанда сот-медициналық сараптама жұмыстары жалғасуда. Тексеруден өрттен аман қалған адамдар да өткiзiлдi: 27 адам тексерiлдi, үшеуiнiң қанынан алкогольдiң белгiлерi табылды. Интерфакс агенттiгi таратқан мәлiметке сәйкес, осылайша, өрт болған түнi диспансердегi емделушiлердiң кейбiрi iшiмдiк iшкенi анықталып отыр.
Наркологиялық диспансерде 40-қа жуық адамның өмiрiн жалмаған өртке қатысты қылмыстық iс қозғалды. Алайда Iшкi iстер министрi Серiк Баймағамбетов: “Өрт қасақана жасалды деп айта алмаймыз”, – дейдi. Оның сөзiне қарағанда, қызыл жалын бiреулердiң темекi қалдығын тастауынан, не электр сымдарының зақымдалуынан тұтануы мүмкiн. Дегенмен, өрттiң нақты шығу себебi арнайы тексеру барысында анықталады. Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов барлық облыс басшыларына мұндай тексеру шарасы тек бұл диспансерде ғана емес, ендi елiмiздiң барлық ауруханаларында жүргiзiлу керек деген тапсырма бердi. Себебi, елiмiздегi ауруханалардың тең жартысына жуығы өрт қауiпсiздiгi талаптарын орындамай отырғанға ұқсайды. Ал, Төтенше жағдайлар министрiнiң мәлiметiнше, соңғы жылдары әкiмдер түрлi сылтаумен өрт қауiпсiздiгi шараларына бөлiнетiн қаражатты қысқартып тастаған. Сондықтан да, елiмiзде мемлекеттiк мекемелерден өрт шығу фактiлерi жиi тiркелетiн көрiнедi. ҚР Төтенше жағдайлар министрi Владимир Божко: “Барлық әкiмдердiң назарын мына адам шошытарлық мәлiметке аударғым келедi. Елiмiздегi ауруханалардың 26 пайызы өртке қарсы дыбыс қондырғысымен жабдықталмаған. Ал, 31 пайызында қондырғылар бар болғанымен, дұрыс жұмыс iстемейдi” деп алдын-алу шараларын күшейтуге бiлек сыбана кiрiскен сыңайлы. Оқиға аурухана мекемесiнен шығып отырғандықтан, бұған ҚР Денсаулық сақтау министрлiгi де тiкелей жауапты. “Биыл “Жол картасы” бойынша көптеген жұмыстар жасалды. Менiң ойымша, бұл проблема 1-2 ай iшiнде шешiледi. Қазiр тапсырма берiлдi. Қолда бар қаражатты өртке қарсы тұратындай жағдайға келтiру керек” деген министр Жақсылық Досқалиев мәселенi өз бақылауына алғанын жеткiздi.
Кейбiр мәлiметтер бойынша, бөлмелердiң кiлтiне ие болушы диспансер қызметкерiнiң өрт шыққан кезде ғимараттан мүлдем басқа жерде болғаны туралы да айтылуда. Алайда, Денсаулық сақтау министрi бұл ақпаратты растамады. Министр оқиға түнде болғандықтан, адамдардың көбi өрттi сезбестен, ыстан уланып өлуi мүмкiн деп отыр.
Қалай десек те, мұның бәрi болжам ғана. Жалпы, оқыс оқиғаның мән-жайы мен себеп-салдары әлi тексерiлуде. Комиссия тобы толыққанды қорытындыға келгенде, жария ететiн болар. Бiр өкiнiштiсi, кейiнгi кезде мемлекет қамқорлығындағы мекеме ғимараттарының тозығы жеткенi өзiнен-өзi белгiлi болып тұрған жоқ па?
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ