Жаңалықтар

ПХЕНЬЯННЫҢ АТОМ БОМБАСЫ МЕН АҚШ-тың АЛАҢДАУЫ

ашық дереккөзі

ПХЕНЬЯННЫҢ АТОМ БОМБАСЫ МЕН АҚШ-тың АЛАҢДАУЫ

Билл Клинтон Солтүстiк Кореяға неге барды?

АҚШ өз азаматтарын кездейсоқ ажал қаупiнен құтқару үшiн қолдан келген амалдың бәрiн жасауға даяр екенi ежелден аян. Тiптi, алып мұхиттарды жапа-жалғыз кесiп өтпек болып, өз ақымақтығы мен алаңғасарлығынан апатқа ұшырайтын жиһанкездерiнiң шыбын жанын қорғау үшiн де ешқандай шығындардан тартынбайды. Ондайда тұтас әскери флоттарының қуатты кемелерi мен дыбыстан ұшқыр ұшақтары, сандаған тiкұшақтарын әлгi жеке адамды қауiптен құтқаруға жұмылдыратынына әлем жұртшылығы сан мәрте куә болған. Теңiз армадасы ашық теңiздi күндiз-түнi тынбай сүзiп, сынық ине болса да табуға тырысады. Кей-кейде осынау әрекеттердiң тасасында әлдеқандай жасандылық, сырт көзге АҚШ-тың қуаттылығы мен айбындылығын танытуға ұмтылыс, әлдебiр шоудың белгiлерi бар секiлдi көрiнгенмен, алып ел өз азаматтарын қайғы-қасiретте жеке қалдырғысы келмейтiнiне еш күмән жоқ. Өйткенi, бұл елде адам өмiрi ең басты құндылық деп саналады және қоғамдық пiкiр ежелден-ақ осылай қалыптасқан.

Тұп-тура жарты жыл бұрын — биылғы жылдың 17 наурызында Калифорнияның “Current TV” жүйелiк телеарнасының журналистерi, арғы тегi кәрiстер болып саналатын Лора Лин мен Юна Ли КХДР-дың мемлекеттiк шекарасынан заңсыз өтiп, көп ұзамай қырағы шекарашылардың қолына түскенi белгiлi. Оларды Солтүстiк Кореяның соты “дұшпандық әрекеттерi” үшiн 12 жыл каторгалық жұмыстарға жазаға кескен едi. Аталмыш журналист әйелдердi азапты қапастан құтқару үшiн мұхиттың арғы бетiнде орасан зор қоғамдық пiкiр туындап, түрлi амалдар iздестiрiлген. Бiрақ сонау ХХ ғасырдың 50-жылдарындағы соғыстан берi АҚШ-қа қарсы iштерiне қан қатқан кәрiстер оңай шағылар жаңғақ емес екенiн танытты. Ресми Вашингтон қанша астыртын әрекет жасап, әлгi журналист келiншектердi Калифорнияға қайтару жөнiндегi ұсыныстарын түрлi арналар арқылы Пхеньянға жеткiзсе де КХДР-дың басшысы Ким Чен Ир жiбiген қабақ танытқан жоқ.

Әсiлi, Лора Лин мен Юна Лидiң осылайша қолға түсуi ресми Пхеньянға өте тамаша көзiр болған сияқты. Турасын айтсақ, осыған дейiнгi алтыжақты келiсiмдер айтарлықтай нәтиже әкелмегендiктен мысы құрыған Солтүстiк Кореяның көктен сұрағаны жерден табылғаны сөзсiз. Өйткенi, өркөкiрек АҚШ-тың демiне нан пiскен кеудесiн басуға бұдан өткен сылтау табылмауы ықтимал. Солтүстiк Кореяға қатысты саясатында әрқашан қатаң әрi еш шүбәсiз ұстанымдарынан танбайтын Ақ үй екi жолдың бiрiн ғана таңдауға мүмкiндiгi бар болатын. Бiрi — өз азаматтарының аянышты тағдырына араша түспей, бейтарап қалу. Екiншiсi — Солтүстiк Кореяның орынды талаптарын ескерiп қана қоймай, оларды амалсыздан бiртiндеп орындау. Қалай дегенмен де АҚШ-тың жас президентi Барак Обама аса қиын таңдау жасауға тиiс күрделi жағдаймен бетпе-бет қалды. Ол аз дегендей, АҚШ-тың Мемлекеттiк хатшысы Хиллари Клинтон ханым өз сұхбаттарының бiрiнде Солтүстiк Кореяны үнемi өзiне назар аударуды қажет ететiн кiшкентай нәрестеге теңеп, мұндай еркетотай сәбилердi қалай бағып-қағудан тәжiрибесi жетерлiк екенiн айтқандығы нағыз отқа май құю болып шықты. Солтүстiк Кореяның Сыртқы Iстер министрi iле-шала қатаң түрде тойтарыс берiп, АҚШ-тың Мемлекеттiк хатшысын “осы бiр күлкiлi ханым” деп тiлiмен түйреп салған.

Осындай сөз сайысы үздiксiз жалғаса беруi де мүмкiн болатын, бiрақ маусым айының басында Солтүстiк Корея екiншi рет жерасты ядролық сынақ жасап, Қиыр Шығыста онсыз да ушығып тұрған жағдайды одан әрмен күрделендiре түстi. Қалыптасқан күрделi жағдай бiрте-бiрте шешiлмейтiн түйiнге айналып сала бердi. Осыдан үш жыл бұрын, 2006 жылдың қазан айында жасалған алғашқы сынақта ядролық жарылыстың күшi небары 1 килотонна болса, биылғы сынақта әлдеқайда қуатты жарылыс орын алған. Ресей мамандарының пiкiрiнше, бұл ядролық жарылыс 10-20 килотонна тротиллге тең, ал американдық осындай мамандар 2-5 килотоннаға пара-пар деп мәлiмдедi. Қалай болғанмен Солтүстiк Корея аз ғана жылда ядролық қаруының қуаттылығын анағұрлым арттырып үлгерiптi. Ал ядролық жарылыстың қуаты жөнiндегi мәлiметтердiң айырмашылығы осыншалық тым алшақ болуының да саяси астары бар екенi күмәнсiз. Бәлкiм, Ресей мамандары Пхеньянның қолындағы ядролық қарудың күш-қуатын әдейiлеп жоғарылатып көрсету арқылы әлемдi, ең әуелi АҚШ-ты үрейлендiрмек, әрi бопсаламақ болған шығар. Әйтеуiр осындай жолды қош көрген сыңайлы. Дегенмен, сейсмикалық зерттеу құрал-жабдықтары неғұрлым сезiмтал әрi дәлiректеу Құрама Штаттардың арнайы мамандарының айтқанына көбiрек сенуге тура келедi. Ендi Солтүстiк Кореяның уысында ядролық зымырандар бар екенiне бұдан былай ешкiмнiң күмәнi жоқ. Ресей дерек көздерiнiң айтуынша, Пхеньян әскери мақсаттағы 40 келi плутонийге ие болып отыр. Әскери сарапшылар Солтүстiк Кореяның әлi сенiмдi ядролық қаруға толық ие болмағанын айтып көңiлдерiн жұбатқанымен, ал қарапайым атом авиабомбаларын жасауға мұның өзi толығымен жеткiлiктi. Оның үстiне ондай жойқын бомбаларды алып ұшуға Кеңес үкiметiнен қалған Ил-28 бомбалаушы ұшақтарының қытайлық көшiрмелерi толығымен жарап жатыр.

Халықаралық қауымдастық — оның iшiнде Солтүстiк Кореяға ылғи бүйрегi бұратын Қытай мен Ресей де бар, бiрауыздан ресми Пхеньянды айыптап, БҰҰ-ның Қауiпсiздiк кеңесi қатаң мәлiмдеме жасады. Жапония мен АҚШ БҰҰ-ға мүше елдердiң барлығы Солтүстiк Кореяға кез келген қару түрлерi мен қажеттi қосалқы бөлшектерiн сатуға толықтай эмбарго жариялауын талап етiп, мұны Қауiпсiздiк кеңесi жүзеге асыруға әрi қатаң бақылауға алуға тиiс екендiгiн мәлiмдедi. Әсiресе, олардың шетелдiк банктердегi кәрiс есепшоттарын жауып, теңiз кемелерiнiң барлығын тексеру жөнiндегi талаптарын орындау оңай емес.

Корея жарты аралында соғыс қаупi күн өткен сайын өршiп, қара бұлт үйiрiле бастаған. Тiптi, кейбiр арандатушы сарапшылар мен саясаткерлер, “соғыс қырғилары” Солтүстiк Кореямен кезектi соғыс таяу уақыттың еншiсiндегi ғана iс деп шешiп, бұл соғыстың қандай шығындар әкелетiнiн есептеп үлгердi. Технологиялық орасан зор басымдыққа ие Вашингтон үшiн қалыптасқан қиын түйiндi соғыс арқылы тарқату тиiмдi болар едi деп шiренгендер де жетерлiк. АҚШ-тың штаб басшылары бiрлескен комитетiнiң төрағасы, генерал Майк Мулленнiң: “Ешкiм бiздi осал деп ойламай-ақ қойсын, қарсы соққы беретiн күштерiмiз жеткiлiктi”, — деп менмендiкке толы мәлiмдеме жасауы да сондықтан.

Ал АҚШ-тың бұрынғы қорғаныс министрi Билл Перри “КХДР-мен алтыжақты келiссөздер сәтсiздiкке ұшырағанын” бұдан былайғы бейбiт келiссөздердiң еш мәнi жоқтығын қатаң мәлiмдедi. Оның айтуынша, ендiгi келiссөздер тек күш қолдану тұрғысынан ғана жүргiзiлуi қажет, әрi Солтүстiк Корея өзiнiң баллистикалық зымырандарын ядролық зарядпен жабдықтауына еш жол берiлмеуi тиiс.

Барак Обама қиын таңдау жасауға тиiс едi. Дегенмен, Пентагонның басшысы Роберт Гейтс КХДР қарулы күштерi кең көлемдегi соғыс қимылдарын жүргiзуге дайындалып жатпағандығын, сондықтан Оңтүстiк Кореядағы американдық әскерлердi одан әрi күшейту әзiрше қажет емес екендiгiн айтуы жағдайды бiршама оңалтуға септiгiн тигiзген.

“Егер олардың тарапынан әскери соққы жасауымызды талап ететiн төтенше қадамдар жасалмаса, бiз Солтүстiк Кореяға қарсы әскери операциялар жүргiзбеймiз”, — деп мәлiмдедi АҚШ-тың Қорғаныс министрi Роберт Гейтс мырза. Бiрақ, iле-шала Жапонияның Окинава аралындағы АҚШ-тың әскери базасына ең жаңа үлгiдегi F-22 Raptor (“Жыртқыш”) истребительдерiнiң эскадрилиясы жеткiзiлдi. Бұл ұшақтардың басты ерекшелiгi — F-22 Raptorды ешқандай радарлар ұстай алмайтын, көрiнбейтiн “Стеллс” үлгiсiнде жасалғандығында. Бiлiктi әскери сарапшылардың айтуынша, Пхеньян алдағы 5 жылда немесе одан сәл көбiрек уақытта АҚШ-тың территориясына ұшып жете алатын баллистикалық ракеталар жасауға толығымен қол жеткiзедi. Бұл — Вашингтон үшiн жаңа замандағы ең қатерлi қауiп.

Сандаған жылдардан берi аса ауыр жағдайды бастан кешiп отырған Солтүстiк Кореяның жалпы халқының саны 20 миллион ғана болғанымен, тұрақты әскерлерiнде 1 млн.-нан астам сарбаз бар. Ал 6 млн.адам резервте деп саналады. Халықаралық ұйымдардың мәлiметтерiне сенсек, өткен ғасырдың 90-жылдарының ортасында бұл елде 2 млн. адам аштан өлген. Ал дамыған, әлемдегi аса бай мемлекеттердiң бiрi болып саналатын Оңтүстiк Кореяда 48 млн. тұрғын бар екендiгiне қарамастан, жалпы әскерлерiнiң саны 670 мың ғана адам және осы елдегi әскери базаларда 28 мың американдық жауынгерлер қызмет атқарады. Әрине, Солтүстiк Кореяның қолында 50-60-жылдар үлгiсiндегi ауыр техникалар жетерлiк, сондай-ақ жетiк дайындалған сансыз арнаулы бөлiмдер де кез келген сәтте бұйрықтарды орындауға даяр. Бiрақ, мұның бәрi соңғы үлгiдегi қарулармен, дәл тиетiн зымырандармен жабдықталған АҚШ және Оңтүстiк Корея әскерлерiне ұзақ уақытқа қарсы тұруға жарамсыз. Әсiресе, қуатты Әскери флот пен Әскери әуе күштерi айқын басымдыққа ие болып тұрғанда Пхеньянның жеңiске жетуге ешқандай мүмкiндiгi жоқ. Есесiне ұзақ уақыттан берi Ирак пен Ауғанстанда қанды ұрыстар жүргiзiп келе жатқан АҚШ үшiн тағы бiр соғыс ошағының еш қажетi жоқ.

Мiне, қалыптасқан осындай күрделi жағдайда шекарада қолға түскен әлгi екi журналист әйелдiң тағдыры саяси сауда тетiгiне айналып шыға келген. Ресми Пхеньян АҚШ-тың оларды қапастан құтқарғысы келсе, Солтүстiк Кореяға тек экс-президент Билл Клинтонның ғана арнайы келуiн ең басты талабы етiп қойды. Ал Вашингтон журналист әйелдердi Солтүстiк Кореяның тырнағынан құтқару үшiн келiссөздердi бұрынғы вице-президент Альберт Гор немесе Нью-Мехико штатының губернаторы Билл Ричардсон жүргiзедi деп жоспарлаған болатын. Солтүстiк Корея өз талабынан таймай, табандап тұрып алғандықтан Ақ үй бұған амалсыздан келiсiм бергенi сөзсiз.

Солтүстiк Кореяның мұндай қатаң талап қоюының басты екi себебi бар екендiгiн бiрден аңғаруға болады. Бiрiншiден, экс-президент Билл Клинтонның халықаралық беделi аса жоғары және АҚШ-тың бұрынғы саяси басшысының осындай амалсыз қадамға баруының өзi өркөкiрек менмен Вашингтонның кеудесiн басудың нақты қадамы.

Екiншiден, е-е… еркектердi жоғары қоятын кәрiстер өздерiне ұнамсыз сөз айтқан Мемлекет хатшысы Хиллари Клинтон ханымның да асқақтаған көңiлiн сабаға түсiргенi сөзсiз. Билл Клинтон Лора Мин мен Юна Лидi Калифорнияға қайтаруға қол жеткiзiп және оларды АҚШ-та жұртшылық “ғасыр қаһармандары” ретiнде күтiп алған. 8-қыркүйекте Американың аса ықпалды “Вашингтон таймс” газетi Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаевтың “Жас өскiн демократияның әлеуетi” атты мақаласын жариялады. Аталмыш мақалада: “Тарихи салыстыру үшiн айта кетелiк; бүгiнде бүкiл әлем жiтi көз тiгiп отырған Солтүстiк Корея алтыдан аспайтын ядролық бомба жасау үшiн жеткiлiктi плутонийге иелiк етедi деп саналады”, — делiнген және осыдан 18 жыл бұрын Қазақстан өзiнiң әрбiр баллистикалық ракетасы он-оннан ядролық оқтұмсық алып жүре алатын 104 дана СС-18 континентаралық ракетасын жою туралы нелiктен шешiм қабылдағаны кеңiнен айтылған. Мемлекет басшысының ұстанымы жұртшылық назарына жаппай қырып-жою қаруларын таратпау режимiнiң күшеюi жөнiндегi мәселелердi талқылау жоспарланып отырған БҰҰ Бас Ассамблеясы отырысының қарсаңында ұсынылуы тегiн емес.

Яғни, таяу уақытта халықаралық қауымдастық та, әсiресе Вашингтон Солтүстiк Кореяның ядролық қаруына көзқарасы мен ұстанымдарына айтарлықтай өзгерiс енгiзуi ықтимал. Билл Клинтон Ким Ир Ченмен жеке кездесуiнде екi журналист әйелдi де құтқарып, оған қоса Солтүстiк Кореяның атом қаруына иелiк етуiне АҚШ-тың батасын берiп келген сияқты.

Шынымен-ақ, жаңа заманда халықаралық жанжалдардың бәрi “түрлi бикештердiң” араласуымен бiржола шешiлетiн сияқты. Ондай әйелдердiң журналист болуы немесе болмауы мiндет емес. Ежелгi Грекияда Елена сынды арулар “Троя соғысының” сылтауы болғаны белгiлi. Сiрә, ендi адамзат бiржола өзгерiп, матриархат қайта дәуiрлейтiн сұры бар.

Жаңабек ШАҒАТАЙ