АЛАШ ЖҰРТЫ АЗАУ ТЕҢIЗIНЕ ТЕРЕЗЕ АША МА?
АЛАШ ЖҰРТЫ АЗАУ ТЕҢIЗIНЕ ТЕРЕЗЕ АША МА?
Қос президент “Еуразия” каналы туралы пiкiрлестi
Өткен аптада халықаралық “Түркiстан” газетiнiң тiлшiсiне берген сұхбатында белгiлi азамат, “Парасат” Ұлттық ғылыми-технологиялық холдингiнiң төрағасы Нұралы Бектұрғанов мырза болашақ “Еуразия” каналының құрылыс жобасы жөнiнде оқырмандармен кеңiнен ой бөлiскен болатын (“Түркiстан” газетi, №36, 10 қыркүйек, 2009 ж.). Орталық Азияның дәл кiндiгiнде iрге тепкен алаш жұрты үшiн кеме жүзетiн аталмыш су арнасының стратегиялық маңызы ерекше болып отырғаны күмәнсiз.
Әлемдiк энергетикалық қауiпсiздiктi мейлiнше қамтамасыз ету, оған қоса елiмiздегi күн санап тоқтаусыз өсiп келе жатқан түрлi тауарлар мен жүктердi Еуропа тұтынушыларына еш iркiлiссiз жеткiзу Қазақстан үшiн алдағы жылдардағы басты мiндеттердiң бiрi болмақшы. Тасымал көлемiн ұлғайтуда болашақ “Еуразия” каналының орны бөлек. Бұл жоба бойынша алаш жұрты сандаған ғасырлар бойы қайта көрудi арман тұтқан Азау теңiзiне және одан әрi Қара теңiзге кең тасымал дәлiзi, бейнелеп айтсақ, Еуропаға есiк ашылары күмәнсiз.
11-қыркүйек күнi солтүстiк көршiмiздiң Қазақстанмен шекаралас Орынбор қаласында жүздескен Ресей басшысы Д.Медведев пен Қазақстан Президентi Н.Назарбаев өзара әңгiмесiнде “Еуразия” каналы құрылысының жобасы жөнiнде тағы да кеңiнен талқылап, ортақ ойларын өзара бөлiстi. Осы Орынбор қаласында болып өткен VI Қазақстан-Ресейдiң өңiраралық ынтымақтастық форумында бұл мәселенiң – Каспий теңiзi мен Қара теңiздi жалғайтын, арнасымен кеме жүзе алатын каналдың құрылысы жоғары деңгейде әңгiме етiлуi тегiн емес.
Тағы бiр айта кетерлiгi, VI өңiраралық ынтымақтастық форумының бағдарламасы қос Мемлекет басшыларының “Национальная деревня” атты парк-мұражайындағы “Қазақ ауылына” ат басын тiреуден басталуының өзi жұртшылықтың ерекше ықыласын оятқан.
Аталмыш “Қазақ ауылында” Ресей Федерациясының албырт жас басшысы Д.Медведев ұлтымыздың қасиеттi асы – сары майға пiскен қызыл бауырсақты сүйсiне жегенi белгiлi. Тiптi, титiмдей балалар ойнаған түрлi-түстi асықтар да Ресей басшысының ерекше қызығушылығын оятты. Өкiнiшке қарай, Дмитрий Анатольевич қазақ елiнiң мемлекеттiк мүдделерiне де осыншалық ықылас таныта қойды дей алмайсыз. Өйткенi, ол осы кездесу кезiнде Қазақстан Президентi қабырғасынан қойған кейбiр өмiрлiк мәселелердiң түбегейлi шешiлуiн кейiнгi уақытқа сырғытуға күш салған.
VI өңiраралық ынтымақтастық форумының пленарлық мәжiлiсiнде сөз сөйлеген Елбасы Н.Назарбаев ХХ ғасырдың 20-жылдарында Орынбор қаласы Қазақстанның алғашқы астанасы ғана емес, қазақ ағартушылығының iрi орталығы болғанын, сонымен бiрге қазақ ұлттық зиялылары мен мемлекеттiк қайраткерлерiнiң тұтас бiр шоғыры осында қалыптасқанын айрықша атап өттi. Бұған ешкiм шүбә келтiрмейдi. Орынбор қаласы бұған дейiн де қазақтың еркiн ой-санасы, демократиялық ұстанымдарының алғашқы өскiндерi тамыр жайған тарихи орталық ретiнде алаш жұртының тағдырында ерекше орын алған қала болып қала беретiнi белгiлi. Тiптi, осында оқып, еуропалық терең бiлiм алған ұлт қайраткерлерi қазақ жерiнде жеке мемлекеттiң iргесi қалануын асыл мұрат санаған. Осындай тарихи маңызы зор қалада тәуелсiз Қазақстанның алғашқы Президентi Н.Назарбаев “Еуразия” каналы туралы айта келiп: “Менiң ойымша, бұл жоба Орталық Азия мен Қазақстанның ғана емес, сонымен бiрге ҚХР және басқа аймақтардың жүктерiн де Ресей территориясы арқылы тiкелей тасымалдауға мүмкiндiк бередi, Ресейдiң бiрқатар аймақтарының дамуына жол ашады”, – деуi де үзiлмейтiн тарихи сабақтастықтың үлгiсi.
Жоғарыда айтқанымыздай, болашақ канал алаш жұртының бiр замандарда амалсыз айрылып, сан ғасырлар бойы аңсап келген Азау теңiзiне төте жолын ашары сөзсiз. Одан әрi әйгiлi Жерорта теңiзi! Алаш тарихында Азау теңiзi мен оның жағалауындағы жерлер ерекше орын алатыны аян. ХV ғасырда өмiр сүрген Доспамбет жыраудың:
“Айнала бұлақ басы — Тең,
Азаулының Стамбұлдан несi кем,
Азаулының Аймадет ер Доспамбет ағаның
Хан ұлынан несi жоқ,
Би ұлынан несi кем!” — деп асқақтата жырға қосатын жерлерi де осы Азау теңiзiнiң жағалаулары. Сол арман-теңiздiң ақ айдынында алаш кемелерiнiң тоқтаусыз жүзуi жаңа ғасырдың өзi дүниеге әкелген қажеттiлiк. Солай бола тұрса да осынау ғасырлық жобаға қызғаныш танытып, қарсылық бiлдiретiн iштарлардың да қатары сейiлмей отыр. Сондықтан Қазақстан Президентi Н.Назарбаев: “Мұнда мемлекеттiк қызметкер-шенеунiктер аяқтан шалуын тоқтатар емес, ал бiз бұл жобаның екi мемлекетке де пайдалы болуы жөнiнде сөз қозғап келемiз ғой”, — деп қынжылысын да бiлдiрiп өттi. Одан әрi бұл жобаны жан-жақты зерттеп, жан-жақты сараптаманың нәтижелерiмен РФ және ҚР Президенттерiн таныстыру қажеттiгiн атап өттi.
Дмитрий Медведев келесi жылдың басында – ақпан-наурыз айларында осы жоба жөнiндегi кеңесшiлердiң есебi дайын болатынын жеткiздi. Бiрақ, елдiң, тiптi, әлемнiң экономикасында ерекше орын алуға тиiс “Еуразия” каналының құрылысы кейiнге сырғытыла берген сайын Орталық Азия елдерi баламалы тасымал да жолдарын шұғыл iздестiретiнi аян. Әсiресе, әлемдiк көшбасшы мемлекеттердiң бiрi болуға құлшынып отырған Қытай мұндай маңызды жобалардың кейiнге сырғытыла беруiн қош көре қоймайтыны сөзсiз. Осыған байланысты пiкiрлерге қарағанда, экономикалық сарапшылар “Еуразия” каналының құрылысы таяу уақыттың еншiсiндегi iс екенiне сенiмдi.
Жаңабек ШАҒАТАЙ