Сәрсенбі, 30 Қараша, 2022

МАКЕДОНСКИЙ МАСКYНЕМ БОЛFАН, АЛ ШЫҢҒЫС ХАН ШЕ?

Адамзат тарихында алға ұмтылумен қатар небiр жаман әдеттер нәтижесiнде қайғылы жағдайға соқтырған уақиғалар жетерлiк.

Бiздiң дәуiрiмiзге дейiнгi 530 жылы парсы патшасы Кирдi жеңген сақ патшайымы Томиристiң жалғыз ұлы Спаргапис, аз ғана сарбаздарымен барлауда жүрiп парсылардың әдейi тастап кеткен шарабын iшiп мас болып ұйықтап жатқан жерiнде қолға түскен. Есiн жиғаннан соң кешiрiлмес қате жiбергенiн түсiнiп өзiн-өзi қанжармен жарып өлтiруге мәжбүр болған.

Македондық Александрдың атын ұлы қолбасшы ретiнде көп адам бiледi. Бiрақ өмiр бойы соғысумен атын әлемге жайған әмiршiнiң iшкiлiкке әуес болғанын, тiптi Мараканда (қазiргi Самарқан) қаласын басып алған кезде, бiр отырыста есi кеткенше iшiп мас болғаны соншалық, замандасы әрi досы Клиттi өлтiргенiн көпшiлiк бiле бермейдi.

Көршi Ресейдi мың жыл бұрын христиан дiнiн қабылдатқаны үшiн әулие саналатын князь Владимир осы дiндi қабылдамас бұрын “бұл дiн шарап iшуге рұқсат ете ме, жоқ па” деген мәселеге баса назар аударған. Осы бiр iшiмдiкке құмарлығы жүрiп-тұруына, iс-әрекетiне әбден әсер еткен болашақ “әулиенiң” зұлымдығында шек болмаған.

Владимирдiң ханша Рогнеданы жұрттың көзiнше зорлағаны, туған бауыры Ярополктi келiссөзге алдап шақырып, өлтiрiп жiбергенi тарихтан белгiлi.

Аты әлемге белгiлi қолбасшылар қатарында аты аталатын Ақсақ Темiрдiң жеңiстерiнiң құрметiне ұйымдастырылатын мерекелер барысында да көл-көсiр шарап iшiлетiн болған. Он бесiншi ғасырдың соңы мен он алтыншы ғасырдың бiрiншi жартысында Орталық Азия, Ауғанстан, Үндiстан және Иран жерлерiнде болған уақиғаларды баяндаған “Бабырнама” атты кiтап жазған Захриддин Бабыр, Хисар қаласының тұрғындарының және Хұсрау шаһтың бектерi мен нөкерлерiнiң iшкiлiкке өте берiлiп кеткенiн, ал адамды тез мас ететiн уытты шарап Бұқара қаласында жасалатынын жазып кеткен.

Ал ерекше ұйымдастырушылық қасиеттерiмен көптеген жетiстiктерге қол жеткiзген Шыңғыс хан iшкiлiкке қандай көзқараста болды? Шыңғыс хан өз заңдарын бiр жүйеге келтiрiп жаздырып, оны “Жаса” деп атаған. Бұл заңдар туралы ханның замандасы парсы тарихшысы Рашид-ад-дин (1247-1318) “Жақсы және нық жарғы” деген баға бере отырып, өзiнiң жылнамасында Шыңғыс ханның арақ-шарап туралы айтқанын келтiрген.

Шыңғыс хан былай дейдi: “Арақ-шарап iшкен адам мас болған кезiнде ештеңе көрмейтiн көрге айналады. Егер оны бiреу шақырса құлағы естiмейтiн меңiреуге, сөйлей алмайтын мылқаудың кейпiне енедi; егер онымен сөйлессең, жауап бере алмайды. Мас болғанда өлейiн деп жатқан адамға ұқсайды: басынан қатты соққы тигендей ешнәрсе сезбейдi, тiптi тiк отырғысы келсе де отыра алмайды.

Арақ пен шараптың ақыл мен жауынгерлiк айбынға беретiн еш пайдасы да, жақсы қасиетi де жоқ; олар тек жаманшылыққа, ұрыс-керiске, бiреудi өлтiруге дейiн апарады; адамның қолындағы барынан айырады, абыройын төгедi. Осылайша тiрлiгi де, iстерi де ұятты болады.

Арақ-шарапқа құмар билiк иесiнiң ниетi асқақ бола алмайды, қолы ұлы жетiстiктерге жете алмайды. Маскүнем қолбасшы қарамағындағы мыңдыққа, жүздiкке, тiптi ондыққа да әмiрiн жүргiзуге шамасы келмейдi, еш iсiн аяғына жеткiзе алмайды. Шарап iшуге бойын алдырған қатардағы жауынгер, өте қауiптi жағдайға ұрынады, басқаша айтқанда үлкен қайғыға душар болады.

Қатардағы адам iшкiлiкке жақын болған жағдайда мiнген атын, алдындағы малын, бүкiл дүние-мүлкiн арақ-шарап iшуге жұмсап тақыр кедейге айналады. Маскүнем қызметшi өмiрiн үздiксiз қиналыстар мен азап шегумен өткiзедi. Арақ пен шарап iшкiштердiң бетi мен жүрегiне қарамайды, жақсыларды да жамандарды да ақымақ етедi. Iшiмдiк қолды ештеңе iстей алмайтындай әлсiретедi де адам өз кәсiбiмен айналыса алмай қалады; аяқты қаттылығынан айырып алға бастырмайды; жүрек пен ақылдың әлсiрегенiнен адам жүйелi түрде ойлай алмайды: барлық сезiмдермен ойлау қабылетiн iске алғысыз етедi.

Арақ iшпейтiн адамнан жақсы ешкiм жоқ. Бұндай адамды қалай сыйласа да жарасады”.

Арақ туралы Құранның Мәида сүресiнде: “Негiзiнен шайтан арақта” деп жазылған (Халифа Алтай аудармасы, 123-бет). Алланың осы және басқа да қағидаларын Шыңғыс хан бiлдi, сондықтан да Құран оқығандарды салықтан босатты. Әлем тарихында зор мемлекет құра бiлген, дiн еркiндiгiне қол сұқпаған, өмiрлiк тәжiрибесi бiр мемлекет басшысына жетерлiк Шыңғыс ханның бұл айтқандарымен бүгiнгi таңда өзiн биiк өркениет мүшесiмiн деген әрбiр азамат келiсетiнi күмәнсiз.

Бұлтартпас тiршiлiк ережесiмен келiсу бар да, оны iске асыру бар. Бүгiнгi жағдайда тек өмiрдi белшесiнен басып сүру деген ой бүгiнгi күннiң ұранына айналғандай болып тұрған кезде, iшiмдiк iшу үдеп бара жатыр. Арақ-шараптың құрбаны болып жатқан адамдардың арасында, жасы да кәрiсi де жеткiлiктi. Бұл келеңсiздiктi ауыздықтау үшiн үлкен буын өкiлдерi жауапкершiлiктi өз мойнына алуы қажет. Қазақта не көп, той-жиын көп. Осы бiр қуаныш көрiнiсi болып табылатын баяғыдан келе жатқан ата салтты көпшiлiктi iшiмдiктерден аластату мақсатында пайдалану керек. Бұл үшiн той яки басқа iс-шараға жиналған әулет мәслихатында дастарқан мәзiрiн әңгiме еткенде тойды бiр әулеттiң iс-шарасы деп қарамай оның пайдасы мен қатар зияны да болуы мүмкiн екенiн ойлай отырып арақ-шарап, сыраны қонақтар алдына аз мөлшерде қою жағы келiсiлсе құба-құп. Бiрден арақ-шарап қойылмайды деп шешiм қабылданса тiптен жақсы. Ондай тойда қонақтардың көңiлiн көтеру жағына бас назар аударылуы қажет. Бұған қазақ халқының көңiл көтеру дәстүрiнiң мол жиынтығы жетiп артылады. Қазақ тарихынан хабары бар азаматтар қазақ тойларының ХХ ғасырға дейiн арақ-шарапсыз өткiзiлгенiн бiледi.

Мәселенi шешудiң тағы бiр ұшы ұлттық iшiмдiктердi — қымыз, айран, шалапты насихаттауға келiп тiреледi. Қалауын тапса қар жанады деген сөз бекер айтылмаған. Осы бiр қазақты ғасырлар бойы сақтап келген сусындарды жыл он екi ай дүкен сөрелерiнен түспейтiндей етуге мүмкiншiлiк жасау керек. Оттың жану жүйесiн басқаруды, қынапсыз оқты ойлап тапқан қазақ ғалымдары мен iскерлерi қосылса және бұл iске мемлекеттiк тегiн жарнамалау және басқа да қамқорлық жасалса бұл ойдың iске асары сөзсiз. Осылайша арақ пен шарапты, сыраны iшудi кемiту арқылы көпшiлiктi ата дәстүрлерiмен қауыштырумен қатар халықтың өмiр жасының ұзаруына қол жеткiзуге болады.

Қай жерде болмасын өзiн мұсылманбыз дейтiн қазақтарға арақ-шарапты iшкiлiк ретiнде пайдалануды мүмкiншiлiгiнше азайтып, содан кейiн тiптi доғару бағытына көшетiн мезгiл жеттi.

Бердалы ОСПАН,

Шымкент қаласы

Байқау айқын
Байқау айқын

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button