“ҚАЗАҚ” АЛЬМАНАҒЫ — ҚАЗАҚЫ ОЙДЫҢ МIНБЕРI

“ҚАЗАҚ” АЛЬМАНАҒЫ — ҚАЗАҚЫ ОЙДЫҢ МIНБЕРI

“ҚАЗАҚ” АЛЬМАНАҒЫ — ҚАЗАҚЫ ОЙДЫҢ МIНБЕРI
ашық дереккөзі

Қазақ ойын, қазақ сөзiн, қазақ саясатын ойлы оқырманға салиқалы мақалаларымен жеткiзудi мұрат тұтқан “Қазақ” альманағының екiншi саны жарық көрдi. Мемлекеттiк тiлдi дамыту президенттiк қорының тiкелей бастамасымен жарық көрiп келетiн альманахтың көздеген мақсаты да осы.

“Қазақ” альманағының №2 санында жарияланған материалдардың көпшiлiгi дерлiгi ұлтты дамыту жолындағы сараптамалық талдауларға негiзделiптi. “Қазақ ойы” айдарында Әбдiрашит Бәкiрұлының “Ұлтшылдық” һәм мемлекетшiл ұлтшылдық” атты мақаласы жарық көрген. Онда автор: “Көптеген өзге диаспора өкiлдерi “қазақпыз” деуге арланбайтын, “қазақсың” дегенге намыстанбайтын дәрежеге жетiп қалды” деген ойын бүкпесiз жеткiзiптi. Ал, “Қазақ арманы” айдарымен белгiлi журналист Амангелдi Кеңшiлiкұлының “Қазақты сүю” атты сараптамалық дүниесiнде қазақ қоғамында орын алып жатқан кертартпа жағдаяттар мен көрiнiстердiң бет-пердесiн аша түскен. Өз елiмiзде қазақ тiлiнiң өгей баланың күйiн кешiп отырғанын ашына жазған журналист былай дейдi. “Қандай бiр мекемеге бас сұғып, қазақ тiлiнде сөйлесем, жұрттың бәрi құбыжық көргендей үрейлене қарайды. Қазақстанның бiр үлкен қаласына бара қалсам, жүрегiмдi қуаныш сезiмi емес, керiсiнше қайғы мен мұң билейдi. Қазақ болып өмiр сүрудiң қасiрет екенiн ұғамын…” деп келетiн ой-толғақ материал қазiргi бiз өмiр сүрiп отырған жалаңаш қоғамның тұрпайы бейнесiн көз алдымызға ерiксiз әкеледi. “Қазақ миссиясы” айдарына Серiк Ерғалидың “Ұлт пен ұран” жалынды мақаласы өзек болған. Қазақ ұлтының бүгiнiне және Алашорда мен Қоқан өкiметiнiң 90 жылдығына арналған материал “Тұтас, қазақ!”, “Қамдан, қазақ!”, “Рухтан, қазақ!”, “Елден, қазақ!”, “Орнық, қазақ!”, “Оян, қазақ!”, “Ойлан, қазақ!”, “Кiрiс, қазақ!”, “Тырыс, қазақ!”, “Жұғыс, қазақ!” сынды сауырға қамшы боларлық ұранды сөздермен оқырманды рухтандыра түседi. Кешегi Алашорда атқамiнерi, тектiнiң тұяғы Мiржақып Дулатовтың “Оян, қазақ!” деп бүкiл қазақ жұртын бiрлiкке, бiлiмге шақырғаны iспеттес дүниенiң жалғасы бұл. Сол сияқты белгiлi саясаттанушы Дос Көшiмнiң “Ұлтсыздық идеологиясы” атты зерттеу материалы “Қазақ тiлiн бiлмегеннен кейiн өздерiнiң орыс тiлдiң “жоғары деңгейiмен” дәлелдеудiң сорақы дәлелдерiн айта келе “Қазақ тiлi әлсiз. Орыс тiлiмен салыстырғанда деңгейi төмен” дейтiндердiң аузына құм құяды. “Қазақ” альманағының бас редакторы Берiк Әбдiғалиевтiң “Кең болайық”, Президенттiң …. Ерлан Қариннiң “Национализм и либерализм” атты мақалалары ұлтшылдық, мемлекетшiлдiк мәселелерге арқау болған. Альманахта оқырманды селт еткiзбейтiн материал жоқ. Бәрi де бiздiң қоғамды, бiздiң идеямызды қамшылайтын өзектi ойлар. Ендеше, қазақ тiлiнiң дамуына өз үлесiңiздi қосқыңыз келсе, қоғамдағы жайттарға жiтi қаныққыңыз келсе, “Қазақ” альманағынан қол үзiп қалмаңыз, қадiрлi оқырман!

Динара Мыңжасарқызы