ЕР ТYРIКТIҢ БЕСIГIНЕН ҚАРАТАУҒА ДЕЙIН...
ЕР ТYРIКТIҢ БЕСIГIНЕН ҚАРАТАУҒА ДЕЙIН...
Оңтүстiк – сансыз бабтардың мекенi. Шымкент өңiрiне, әсiресе Түркiстанға республиканың түкпiр-түкпiрiнен арнайы адамдар келiп, Қожа Ахмет Йассауи мен Арыстанбаб кесенесiне соғып, зиярат етiп жатады. Әсiресе, бұл жаққа жаз айларында адамдар толассыз ағылады десек, артық айтқандық емес.
Ақ киiнiп, ақ жалау ұстаған арнайы топты айтпағаннның өзiнде, күн сайын киелi шаһарға сандаған адамдар бас сұғып жатады. Жарқыраған жаз мезгiлi ел аралау, жер көру үшiн таптырмас мезгiл. Сол мезгiлдi ұтымды пайдаланғысы келетiндер әуелi Түркiстанға ат басын бұрғанды тәуiр көредi. Өйткенi, киелi шаһарда әйгiлi Қожа Ахмет Йассауи кесенесi бар. Одан берi де бабтардың бабы Арыстанбаб кесенесi тұр. Өзге жерде қайдам, бiздiң елде “Арыстанбабқа түне, Йассауиден тiле” деген қағида қалыптасқан. Әуелi Арыстанбабқа ат басын тiрегендер, ертесiне Қожа Ахмет Йассауи кесенесiне соғады. Одан әрi Үкаша әулиенiң, Жылаған атаның кесенесiне арнайы барып қайтуға да болады.
ҚҰДЫҚТЫҢ БАСЫНДА АНА НЕГЕ ЖЫЛАДЫ?
Алыстан арнайы атағын естiп келетiндер де алғашқы сапарын рахман нұры төгiлген көне кесенеден бастайды. “Түбi бiр түркi дүниесiнiң астанасы” саналатын Түркiстан қазақ халқы үшiн осынысымен қымбат, осынысымен құнды. Мұның бәрiн неге айтып отырмыз?
Тамылжыған тамызда кезектi еңбек демалысына шыққан соң, демалуға қайда барасың? “Ауыл қайдасың?” деп тартып отырдым. Бiр жағы жылына бiр-екi рет ғана жол түсетiн ауылға деген сағынышым басым. Екiншi жағынан, “әй, ауылға барып, бiр қауын-қарбызға тояйыншы” деген ойым бар. Сөйтсем, қайдағы? Бұрындары, яғни мектеп қабырғасында оқып жүрген кезiмiзде әр үйдiң ауласында төгiлiп жататын қауын-қарбыз бүгiндерi келмеске кетiптi. Қазiр бұрынғыдай қауын-қарбыз екпей ме, әлде пiспей ме, әйтеуiр ағыл-тегiл, көл-көсiр қауын жоқ. Адамдардың көбi жұмыс iздеп қалаға сабылып кеттi ме, әйтеуiр, бiрен-сарандары болмаса, егiс егiп, таңның атысы, күннiң батысы шабындықта сабылып жүргендер де шамалы. Азын-аулақ малымен әуре болып, ауылда кемпiр-шал қалған. Олардың бар алданышы алдындағы малы ғана. Сол малдың жем-шөбiмен ғана айналысқаны болмаса, қауын-қарбыз егудi қойыпты. Есiктiң алдына, аулаға еккен қауыны болмаса, бәрi Түркiстанның базарынан сатып алады екен. Әрине, Алматымен салыстырғанда арзаны арзан. Бiзде сол сатып алынған қауын-қарбызға ортақтасып, елдiң дәмiн татқан болдық.
Күн ыстық. Оңтүстiктiң жазы белгiлi. Шiлденiң шiлiңгiр ыстығы әлi де ол жақта басыла қоймаған. Сондай күндердiң бiрiнде Алматыдан құрбыларым хабарласты. “Осылай да, осылай, бiз ертең Түркiстанға шығатын болдық. Түркiстанды, Отырарды көргiмiз келедi” дейдi. Құрбыларым ауылға күнде келiп жатқан жоқ. Қалада туылған, ауыл туралы естiгенi болмаса, көрмеген достар. Ал, ендi бұларға не көрсетем, қайда апарам деп дал болдым. Ауылда көретiн қызық та жоқ. Мәдениет үйi қаңырап бос тұр. Жаздың күндерiнде кiм онда ойын-сауық қоя қойсын? Былтыр бiр келгенiмде “Алтыбақан” ұйымдастырылып жатыр едi, биыл ол да жоқ.
Алыстан арнайы келген құрбыларымды Түркiстандағы әулие-әмбиелердiң басына алып бардым. Қасымда екi құрбым бар, көлiкке мiнiп алдық та, Қаратау қайдасың деп тартып кеттiк. Мұнда ең көне кесенелердiң бiрi – Үкаша әулиенiң мешiтi бар. Үкаша әулие кесенесi Қазақстандағы ең үлкен кесененiң бiрi. Үкаша әулие пайғамбарымыздың сахабаларының бiрi болған. Әулиенiң арқасында Пайғамбарымыздың мөрi болған көрiнедi. “Суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын” қасиетi бар әулиенi ешкiм жеңе алмаса керек. Ұзындығы 22 метрдi алып жатқан көне кесененiң тарихы туралы әртүрлi аңыз-әңгiмелер де көп. Әрi мықты, әрi ұзын адамды жеңу дұшпандары үшiн оңайға соқпаса керек. Қай кезде де намазын қаза қылмайтын Үкаша әулиенi жаулары намаз оқып отырған сәтiнде басын алған деседi. Соншалықты ұзын адамның домалап басы түскен жерде құдық пайда болыпты. Кейбiреулер Үкаша әулиенiң қабiрi Меккеде де бар дегендi айтады. Тiптi, басы домалап, Меккеден шыққан деген де аңыз бар. Қалай десек те, қасиеттi кесененiң құдiретi ерекше.
Қаратаудың етегiнде жатқан кесенеге бару да оңай емес. Теп-тегiс асфальт Атабай ауылына жеткенше ғана, әрi қарай 23 шақырымдай қатпар-қатпар тастармен, ойдым-ойдым шұңқырлар басталады. Осы қотыр жолмен кесененiң басына жеткенше, бiрер сағат уақытың кетедi. Әрi бұл жолмен кесенеге жету үшiн көлiгiң де соған сай болу керек. Бұл жолмен күнiне қаншама көлiк өтiп жатады. Кесенеге келетiндер де көп. Сонда бұл тарихи ескерткiш есебiндегi Үкаша әулие кесенесiне апарар жол әкiмшiлiктiң тарапынан елеп-ескерiлмегенi ме?
“Жол картасы” бағдарламасы басталды. Құдайға шүкiр, талай жылдардан берi езiлiп, мүжiлiп кеткен жолдар қайта қалыпқа түсiп, ауыл арасындағы кiшкентай асфальттер де икемге келiп қалыпты. Кейбiр ауылдарда толғымен жөнделмесе де, шұңқыр-тесiктердi жамап, жасқап, ретке келтiрiлген. Тiптi, ауыл арасы айнадай жарқырап жатыр. Бiрақ, кесенеге барар жол елеусiз қалып қойыпты. Әлде бұл жолда жоспарда тұр ма екен. Әйтеуiр, Үкаша ата кесенесiне жолымыз түсуi бұл бiрiншi рет емес. Осыдан бiрнеше жыл бұрын барған кезiмiзде көлгiмiздiң дөңгелегi тесiлiп, жарты жолда қалып қоя жаздағанбыз. Бұл жолы құдай сақтап, көлiгiмiз ойдым-ойдым шұңқырдан аман алып шықты.
Бiз келгенде кесененiң басында адам көп екен. Көлiктердiң нөмiрлерiне қарап, елiмiздiң түкпiр түкпiрiнен жиналғандары байқалады. Түркiстаннан алпыс шақырым жерде орналасқандығына қарамастан, жолаушылар ат басын тiреп, құранын бағыштап жатыр. Кесененiң жоғары жағындағы мөлдiр бұлақты да көрiп, тамашалап қайтып жатқандары бар. Күннiң ыстығы мұнда байқалмайды. Айналасы қара көлеңке, сарқырап ағып атқан суы да сап-салқын. Айналасы бау-бақшамен көмкерiлген ата кесенесiнен жоғарыға қарай, яғни құдығына баратын жалғыз аяқ жол да бар. Бiрақ, жаяу аяңдамай-ақ қояйық дей ме, келген қонақтардың көбi Ата құдығына көлiктерiмен келiп жатты. Құдық басына келiп жеткенiмiзде, бiр топ адам құдықтан қауға тартып жатыр екен. Арасында бес-алты жасар баламен, үлкен қарт ана да бар. “Бiссiмiллә” деп қауғасын құдыққа салған ананың алғашқы шелегi салдырлап бос шықты. Iштей Аллаға сыйынып бiз тұрмыз. Алғашында үндемеген қарт ана екiншi рет қауғасын құдыққа тағы тастады. Тағы да сылдыраған су көрiнбейдi. Шелегiнiң тағы бос келгенiне қамықты ма, әже бос орындыққа отырды да, ағыл-тегiл көз жасына ерiк бердi. Дауысын шығарып қойып, ебiл-дебiлi шыққан ананың жасқа шыланған түрiн көру қиын екен. Бәрiмiздiң де дегбiрiмiз қашып кеттi. Бәрiмiз де үнсiзбiз. Тiптi, сонау алыс Оралдан келген құрбымның сiңлiсiнiң есi шығып кеттi. Әуелде оған мұның бәрi таңсық көрiнiп тұрған. Қасиеттi кесененiң басына келген соң, құранын бағыштап, қайтамыз деп ойлағанбыз. Әрi мұндайды бұрын-соңды кiм көрген? Бәрiмiздiң түрiмiз үрпиiп, қолымызға ұстатқан қауғаны құдыққа әзер салған шығармыз. Бойымызды билеген қорқыныш сейiлер емес. Тiптi, қауғаны салар кезде өз-өзiмдi билей алсамшы. Қолдарым дiрiлдеп, қауғаның жiбiн әзер тарттым. Құрбыларым маған, мен оларға қарап қоям. Құдықтың басында отырған имам жiгiт те “қорықпаңдар” дегендей, басын шұлғып қояды. Әйтеуiр, әзер дегенде шелегiм көрiндi-ау. Ең бастысы, iшiнде жарты шелек суы бар. Қуанғанымнан “уһ” деген даусым шығып кеттi. Суды құйып жатып, өксiгi әлi басыла қоймаған Ананың жүзiне өзiм кiнәлiдей қарай алсамшы. Құдықтан тартқан суымызды құйып алып, қайта жолға шықтық. Бiрақ жол бойы құдықтың басындағы әлгi көрiнiстi ойлап келдiм. Құрбыларым да үнсiз. Олардың да ойында әлгi көрiнiс екенi даусыз. Алыс жолдан арнайы ат арытып келген ананы жылатқан не құдiрет? Бойымызды билеген не үрей? Ананың көз жасы бiздi неге қорқытты? Сол бiр сәттерде бойымызды қорқыныш па, әйтеуiр бiр нәрсенiң билегенi рас.
Күнделiктi өмiрде сан түрлi сұмдықты, сан түрлi қиянатты жасайтындарды тәубеге келтiру үшiн әлгiндей жерлерге апару керек пе? Егер ол жерде бiр құдiрет болмаса, бiрiне берiлетiн су, неге бiрiне шықпайды? Адамдардың бәрiнiң салатыны бiр қауға, бiр құдық. Онда неге бiрi тартқан суды екiншiсi тарта алмайды? Мұның бәрi маған жұмбақ. Бiр тылсым дүние, бiр құдiреттiң бар екенi даусыз.
ЕУРОПАЛАНҒАН ЖҰБАЙЛАР
Түркiстанға жеткенiмiзше күн тал түс болды. Төбемiздi шыжғырған ыстық жер қариды. Көлеңкейлеп, Йассауи кесенесiне әзер жеттiк. Құрбыларым iшке кiрiп кеттi. Сiңлiм екеумiз күннiң ыстығына шыдамай, көлеңкенi паналап, бос орындыққа жайғастық. Төбемiздi күннен көлегейлеп, жалғыз ағаш тұр. Сол ағаштың саясын бiзден басқа тағы бiрер жаяу жүргiншi паналапты. Түрлерiне қарасақ, алыс жақтан келгендерi көрiнiп тұр. Тiптi, Қазақстанның адамы еместiгiн де байқадық. Күн сенбiге тап келгеннен кейiн бе, кесененiң алдында жас жұбайлар өте көп екен. Бiрiнен кейiн бiрi ақ желектi жамылған қалыңдық пен күйеу жiгiттiң жүздерi қуаныштан бал-бұл жанған. Көлеңкенi паналай отырып, жас жұбайлардың бақытты сәттерiн бiз де бiрге тамашаладық. Бiрiнен кейiн бiрi өтiп жатқан жастарға көз алмай қарап отырған қасымдағы бейтаныс әйел бiр кезде: “Сiздерде қалыңдықтың киетiн киiмiнiң бәрi еуропаланып кетiптi, е?” деп тiл қатты. Оқыстан шыққан үнге таң қалып, ерiксiз бұрылдым. “Неге бiзде?” Түрiмдегi таңданысты аңғарған болуы керек, “Бiзде Қытайда қалыңдық киетiн киiмдер мүлдем басқа. Әдемi қазақша оюлармен өрнектелген ұлттық киiмдер керемет шығады” дедi. Риза кейiппен айтқаны соншалық, жүзi нұрланып шыға келдi. Сөзiнен-ақ, Қытайдан келген қандасымыз екенiн ұқтым. “А-а, бiлмеймiн, бiзде қазiр осылай болып кеттi” дедiм ерiксiз. Сосын “Сiздерде мұндай емес пе?” деп өзiне қарсы сауал тастадым. “Жоқ. Бiзде ұлттық дәстүр әлi сақталған ғой. Ұлттық киiмнiң негiзiнде арнайы қалыңдықтың киiмi тiгiледi, күйеу жiгiт те ұлттық киiм киiп шығады. Қалыңдықтың киiмi тiптен керемет”, – дедi тағы ризашылықпен. Соған қарағанда, мұндағы қалыңдықтардың көйлегi көңiлiнен шықпаған-ау, ол жақтағы көйлектердi қайта-қайта тамсаныспен айта бердi. Одан әрi Қытайдан арнайы Түркiстанға келген апаймен қазақтар туралы, Қазақстан туралы әңгiмелестiк. Қандасымыз бұл жолғы сапарында республиканың бiрқатар қалаларын аралапты. Елордамыз Астанада, Алматыда, Талдықорғанда болған апайдың ендiгi сапары Түркiстан болған екен. “Басқа қалалармен салыстырғанда Түркiстанда қазақшылық бiраз сақталған екен” дейдi бейтаныс жолаушы. Ел туралы, адамдар туралы қандасымыз ұзақ сыр шерттi. Мүмкiн, алыс жақтан келген қандасымыздың көргiсi келгенi, iздегенi басқа нәрсе болған шығар, әйтеуiр көп нәрсеге көңiлi толмағанын айтты.
Бiздiң ауылда көп нәрсенiң өзгере қоймағанын қандасымызға қайтiп жеткiзерсiң. Көзiмдi ашып көргелi қалыңдықтың киiмi осындай болып келедi, оған оның несi жаман, несi жақсы екенiн қалай ұқтырам. Ауылдағы тыныс-тiршiлiк олардiкiнен бөлек болса, бөлек шығар. Бiрақ, мен үшiн сол байырғы қалпында. Ауылдағы жерлестерiмдi нарықтың қиын заңы қатыгездеу етiп жiбергенi болмаса, сол баяғы қазақы тiрлiк аса өзгере қоймаған. Сол баяғы аңқылдаған жерлестерiм, сол баяғы ақжарқын көңiл.
Гүлзина Бектасова