Жаңалықтар

ОҚУЛЫҚ IЗДЕП ШАРҚ ҰРЫП...

ашық дереккөзі

ОҚУЛЫҚ IЗДЕП ШАРҚ ҰРЫП...

Баспа департаментке, департамент баспаға сiлтейдi

Жаңа оқу жылының басталуы сол екен, бүкiл қоғам әрi-сәрi күй кештi. Үкiметте де ауыс-түйiс басталып, қос парламент депутаттары мен мектеп оқушылары да партаға жайғасты. Бұл кезде халық қалаулылары өздерiне жүктелген заң жобаларын қамсыз талқылауға кiрiсiп кетсе, мектеп оқушылары әдеттегiдей оқулық iздеп шарқ ұрып жүр.

Биылғы оқу жылы қарсаңында министрлiк көп iс тындырғанына сенiмдi. Әуелi “100 мектеп, 100 аурухана” мемлекеттiк бағдарламасы бойынша бiрiншi қыркүйекте 25 бiлiм ошағын пайдалануға берсе, жыл соңына дейiн тағы 19 мектептiң ашылуын зор үмiтпен күтуде. Бұдан бөлек республикалық қазынадан бөлiнген 27 миллиард теңгеге 2 мың мектепке күрделi жөндеу, ал 5 мың бiлiм ошағына жөндеу жұмыстарын жүргiздi. Әрi елiмiздiң жер-жерiнде бой түзеген 58 жаңа балабақша бүгiнде бүлдiршiндердi тәрбиелеуге кiрiсiп кетiптi. Бұл жағымды жаңалық – айта-айта жауыр болған мектеп пен балабақша жетiспеушiлiгi мәселесiн бiршама жеңiлдетерi анық. Әрине, бiлiм көкжиегiнiң көсегесi көгерiп, тамырының терең бойлауына қуанбайтын жан жоқ шығар, сiрә. Кейiнгi өскелең ұрпаққа сапалы бiлiм нәрiн берудi мұрат еткен ел Үкiметi басқасын қайдам, бiлiм саласына қаржыны қасықтап емес, шелектеп құйып жатыр. Себебi, бiлiм-ғылымсыз елулiктiң төрiнен орын алуымыздың екiталай дүние екенiн олар дер кезiнде ұғып-бiлдi.

Әлбетте, мұндай оңды iстерге қашан да екi қолымызды көтерiп құптауға дайынбыз. Алайда, бiлiм сапасының жоғарылауы мен деңгейiнiң көтерiлуiне тiкелей әсерi бар оқулық мәселесi күн тәртiбiнен түспей-ақ келедi. Әсiресе, жаңа оқу жылы басталған алғашқы бiр айдың көлемiнде кiтап дүкендерi мен баспалардың табалдырығын тоздырып, әбiгерге түсетiн кез туады. Ал, елiмiздiң оқушыларын оқулықпен қамтамасыз етуi тиiс iрiлi-ұсақ үш-төрт баспаның өзi бұл тығырықтан шығудың жолын табуға асығар емес. Не оларға жергiлiктi бiлiм департаменттерi жiбi түзу ақпарат бермейдi, не баспаның өзi оқулықты көптеп басып шығаруға құлықсыздық танытады.

Қазiр Алматы қаласының көптеген бiлiм ұялары “Алматыкiтап” баспасының оқулықтарын пайдалануға көшкен. Соңғы екi-үш жылдың көлемiнде баспа бастауыш сынып оқулықтарын шығару үшiн министрлiктiң тендерiн жеңiп алған көрiнедi. Бiрақ баспа бұл үдеден шығып отыр ма, жоқ па, оған күдiк басым. Егер жүктелген тапсырманы атқарса, неге оқулық мектепке там-тұмдап ғана келедi? Нелiктен барлық оқушыға қолжетiмдi болмай тұр?

Биыл екi балам да мектепке барған. Мұғалiмi бiраз кiтаптарын берсе де, кейбiр оқулығын өзiмiзге сатып алуға тура келдi. Бар болса, балаң үшiн сатып аласың ғой. Бiрақ та, бiрiншi қыркүйектен берi “Алматыкiтап” баспасының дүкендерiн түгел шарлап шыққан менiң жүйкем бiраз жұқарып кеттi. Қай дүкенге бармайын, “таусылып кеттi, бiтiп қалды” дегеннен артық жауап алмадым. Тiптi, баспаның бас дүкенiне әдейiлеп барғанымда, сатушылар: “Ендi тек қыркүйектiң 20-сынан кейiн ғана болады…” деп салғанда тiлiмдi тiстеп тұрып қалыппын. “Мұнысы несi? Кiмдi мазақ етедi? Неге сiздер оқулықты оқушылардың санына қарап шығармайсыздар?” деп жыларман күй кешкен менiң сөзiм елеусiз қалды. Ешкiм ешкiмдi тыңдап жатқан жоқ. Себебi, бұл кезде кiтап дүкенiнiң алды оқулық iздеген ата-ананың мұң-зары мен ащы запыранының алаңына айналып кеткен едi. Кейбiрi осы күйбеңнен әбден зарыққанын айтса, ендiгi бiрi жыл сайын оқулық iздеудiң жорығына түсуден дәтi құрығанын айтады. Мәселен, Света есiмдi келiншек баласының қамы үшiн қаланың бiр шетiнен емшектегi емiзулi баласын тастап келген. Өйтпеске, амалы жоқ. Жанындағы баланың оқулығына жалтақтауды намыс санаған ұлы күн сайын қыңқылдап, безек қаққан. “Жығылғанға жұдырық”, шиттей 5 баланы өмiрге әкелген отбасының мектепке бiрдей үш ұлы барады екен. Әдетте, мектептiң өзi “оқулықты әуелi көпбалалы, әлеуметтiк жағдайы төмен, жетiм-жесiр балаларға жеткiзiп беремiз” демеушi ме едi. Бiрақ неге екенi белгiсiз, жұпыны жатақханада тұратын Светаның балалары мұндай қайырымдылық көмектен де қағыс қалған. Бар болғаны бiр ұлына ғана “Мектепке жол” акциясы аясында мектеп формасы бұйырыпты. “Қаншама дүкенге барсам да, iздеген оқулығым жоқ. 20-на дейiн қалай күтемiз? Балам жылап, әбiгер болды. Естуiмше, базарда екi-үш есе қымбат бағамен сатып жатқан көрiнедi. Тiптi, болмаса базардан аламын да, ендi қайтемiн?” деген ана көңiлi жабырқаулы күйде тура “Барахолкаға” тартты. Қара базардан тапқан шығар-ау. Бiрақ дәл қазiр оқулықтың көшiрмесiн жасап, пайда тапқысы келгендердiң дәуренi жүрiп тұрғанда, көшiрме оқулыққа тап болуы да мүмкiн. Өзi сапасыз әрi қымбат оқулыққа қолы жетсе де, бұл ата-ананың иығынан бiр жүк түскен шығар сол күнi. Тағы бiр ата-ана оқулықты Павлодардағы туысының баласына iздеп жүр. Басқа басқа, Алматының өзiнде жетiспей жатқан оқулық анау Павлодарда қайдан болсын?

Министрлiк таратқан мәлiмет бойынша, 1-қыркүйек күнi елiмiзде 2,5 миллионнан астам оқушы партаға отырған. Олардың 300-мыңдайы мектеп табалдырығын алғаш аттап отырған бiрiншi сынып оқушылары. Бұл мәлiметтiң баспаға алдын-ала берiлетiнiне дау жоқ. Сонда баспа неге аз оқулық шығарып, қолды қусырып қарап отыр? Оны баспагерлердiң өз аузынан бiлгендi жөн көрдiк. “Алматыкiтап” баспасының вице-президентi Бүбiхан Баратқызы: “Бiз алған тапсырысты орындадық. Қанша оқулық керек, шығардық” деп шыр-пыр болды. Оның пiкiрiнше, бүгiнде Алматы қаласының Бiлiм департаментi 70 пайыз оқулықты сатып алса да, қалған 30 пайызына тапсырыс бермеген. “Айтпаған соң, қайдан бiлейiк, бiз 15-20 мың данамен ғана шығарған едiк. Бiзге мектепке баратын баланың тiзiмiн нақты бермейдi. Мысалы, Бiлiм департаментi қалған 30 пайызды неге айтпайды? Биыл бiрiншi сыныпқа 300 мың бала келсе, бiз соларға жеткiзiп шығаруымыз керек едi ғой. Шындығында, қалалық, облыстық бiлiм департаменттерi баспамен дұрыс жұмыс iстемейдi. Айналып келгенде, орын алып жатқан бей-берекетсiздiкке департамент емес, баспаны кiнәлайды” деп ашынды. “Алматыкiтап” баспасы үлгермей жатқандықтан, Астанадағы, тiптi, Қытайдағы баспаға бiрiншi сыныпқа арналған математика дәптерiнiң 30 мың данасын қымбат бағаға бастыруға тапсырыс берiптi. Ендi қайтсiн! Оқулық жетпей жатқанда, баспа осылай iстеуге мәжбүр. Ал, базардағы көшiрме оқулық жайында: “Бiздiң баспа шығарған оқулықтың көшiрмесi базарда қаптап кеттi. Мәселен, олар 100 теңгелiк дәптердi 300-400 теңгеге, ал 300-450 теңге тұратын оқулықты 1000-1500 теңгеге сатып жатыр. Қағазы сапасыз, бояуы қанық емес. Бiз тапсырма бердiк. Базарға барып тексередi” деген баспа вице-президентi бiрақ оларды ұстау қиын екенiн де жасырмайды.

Әрине, бұл мәселе тек “Алматыкiтап” баспасына ғана қатысты емес. Дәл қазiр “Мектеп”, “Атамұра” баспасының оқулықтары да оқушыға 100 пайыз жетпей отыр. Жылдағы жағдай, аталмыш баспа алды таң атқаннан күн ұясына батқанға дейiн ұзын-сонар өшiреттен арылмайды. Тағы да департамент мамандары оқулықты мектепке жеткiлiктi мөлшерде бөлмейдi, не баспа өз саудасын жүргiзу үшiн тiкелей өз дүкендерiнде сатуды көздейдi. Қалай десек те, бұл екi арадағы бiз бiлмейтiн құпия. Ал, бiзге оқушының оқулықтан таршылық көрмей, бейқам бiлiм алуы ғана маңызды.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ