Жаңалықтар

САУДАБАЕВҚА “ҰЛТТЫҚ ЖОБАНЫ” СЕНIП ТАПСЫРДЫ

ашық дереккөзі

САУДАБАЕВҚА “ҰЛТТЫҚ ЖОБАНЫ” СЕНIП ТАПСЫРДЫ

Алдағы екi жылдың Қазақстан билiгi үшiн маңызы зор болғалы тұр. Өйткенi, келесi жылы Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына бiр жылдық төрағалық ету мерзiмi басталады, ал 2011 жылы Қазақстан Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етедi.

ЕҚЫҰ-на төрағалық ету мәселесiн Нұрсұлтан Назарбаев “жалпыұлттық стратегиялық жоба” деп атады. “Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етудi мен стратегиялық ұлттық жобалардың бiрiне жатқызамын. Бұл — бiздiң елдiң тәуелсiздiк жылдарында жеткен үлкен жетiстiктерiнiң бiрi және оның беделiнiң өсе түскендiгiнiң белгiсi деп бiлемiн” дедi Президент. Бақсақ, Қазақстан билiгiнiң соңғы кездегi сыртқы саясаттағы көп тiрлiгi осы оқиғаның ыңғайына қарай жасалып жатыр.

Кешегi аптада Елбасы ЕҚЫҰ-на мүше болу мәселелерi бойынша Мемлекеттiк комиссия құру жөнiнде жарлыққа қол қойды. Сырт қарағанда, күнделiктi көп шаруаның бiрi болып көрiнгенiмен, Қазақстанның алдағы бiр-екi жылда халықаралық сахнада өзiн қалай көрсетiп, жұмысты қалай жүргiзетiндiгi осы құжатпен тығыз байланысты. Мемлекеттiк комиссия төрағалығына мемлекеттiк хатшы қызметiне сыртқы iстер министрi қызметiн қосып алған Қанат Саудабаев тағайындалды.

Жалпы, өткен аптаның кадрлық тағайындауларын Еуропадағы беделдi ұйымға төрағалық ету мерзiмiнiң жақын қалғанымен байланыстырамыз. Себебi, 2007 жылы Марат Тажиннiң сыртқы iстер министрлiгiне тағайындалуы осы айтулы оқиғаның қарсаңында болғанын еске түсiрсек жетiп жатыр. Тажин министр қызметiнде Қазақстанды төрағалыққа өткiздi де, өз мiндетiн аяқтады. Ол қайтадан бұған дейiн де атқарған қызметi — Президенттiң көмекшiсi-Қауiпсiздiк кеңес хатшылығын атқаруға кiрiстi.

Ал төрағалық мәселелерiне орай ұйымдастырушылық жұмыстарды халықаралық қатынастарды бiр кiсiдей жетiк меңгерген Қанат Саудабаев өз қолына алды. Саудабаевтың бұған дейiн шет елдерде Төтенше және Өкiлеттi Елшi болып қызмет iстеген он бес жылдық тәжiрибесi бар. Президенттiң өзi айтпақшы, “оны Еуропада, АҚШ-та, Ресейде жақсы таниды”. Өзi мемлекеттiк хатшы, өзi сыртқы iстер министрi, өзi ЕҚЫҰ-на мүше болу мәселелерi бойынша Мемлекеттiк комиссия төрағасы ретiнде Қанат Саудабаевқа “ұлттық жобаны” ойдағыдай жүзеге асыру үшiн барлық қажеттi тетiк берiлiп отыр.

Төраға ретiнде Қазақстан жаппай қырып-жою қару санын қысқартуға, экологиялық мәселелердi шешуге, энергетикалық және азық-түлiк қауiпсiздiгiн арттыруға, сондай-ақ, ұлтаралық және конфессияаралық татулықты нығайту мәселелерiне айрықша назар аудармақ.

Нұрсұлтан Назарбаев төртiншi шақырылым Парламентi қос палатасының бiрлескен отырысында сөйлеген сөзiнде ЕҚЫҰ-на мүшелiкке өтудiң iшкi саяси өмiрдегi маңызын да атап өттi. “Депутаттық корпус шетелдiк делегациялармен қоян-қолтық жұмыс iстеп, ЕҚЫҰ-ның, Парламенттiк Ассамблеяның түрлi комиссиялары мен топтарының жұмысына белсене атсалысуы керек. Осы ұйымға мүше елдер парламенттерiнiң жұмыс тәжiрибесiн зерттеудiң, оны Қазақстанда пайдаланудың мүмкiндiгiн құр жiбермеу керек” дедi Елбасы. Осыған орай елдегi заң шығару iсiнiң сапасын арттыру жайы да айтылды. Президент “заңдар еуропалық стандарттарды қайталауы керек” деп нығыздады. Бұл — депутаттар мойнындағы жауапкершiлiк жүгi ауырлай түстi деген сөз.

Гүлбиғаш Омарова