АТАМАН ҚИСЫНСЫЗ ОДАҚТЫ НЕГЕ АҢСАЙДЫ?..
АТАМАН ҚИСЫНСЫЗ ОДАҚТЫ НЕГЕ АҢСАЙДЫ?..
“Казачий курьер” газетiнiң құйтырқылары
Тамыз айының орта шенiнде белгiсiз бiреулер редакциямыздың кеңсесiне бiр бума газет әкеп тастапты. Сiрә, жайшылықта қазақ БАҚ-тарымен iстес, мәмiлелес болуды онша қош көре қоймайтын Қазақстан орыс, казак және славян ұйымдарының өкiлдерi болар. Яғни, олардың да бiр көздегенi, саусағын iшке бүккен әлдеқандай саясаты болғаны шығар. Қалай жорамалдасақ та мұндай әрекеттердiң бекерден-бекер жасалмайтыны бесенеден белгiлi. Түрлi-түстi бояумен сапалы қағазға басылған “Казачий курьер” газетiнiң кезектi — №7-саны екен. 16 беттiк бұл басылымның меншiк иесi Қазақстан орыс, казак және славян ұйымдарының Үйлестiру кеңесi көрiнедi.
Тұтас нөмiрiнде Қазақстанның егемендi, тәуелсiз мемлекет екенiн мойындаудан мейлiнше бұлталақтай жалтарған “Казачий курьер” алғашқы бетiнен-ақ Белоруссияның немiс-фашист әскерлерiнен азат болуының 65 жылдығына орай осы елдiң Президентi А.Г.Лукашенконы: “Посткеңестiк кеңiстiктегi халықтардың Батько деген құрметтi атағына ие болған бiрiншi саяси лидер”, “теңдесi жоқ тұлға”, – деп аспандата мақтап келiп, Қазақстан казактары қоғамдық ұйымдары одағының атынан алтын қанатты күмiс креспен марапаттағаны жазылған. Оның да еш сөкеттiгi жоқ, демократиялық қоғамда кейбiреулер мұндай алқа атаулыны ұнатпаса, базбiр қоғамдық ұйымдар осындай жылтырақ белгiлердi оңды-солды үлестiруге тым әуес. Гәп Лукашенкоға жазылған құттықтаудың соңындағы: “Народы бывшего СССР гордятся Вами!” деген ерекше тұжырымда болып тұр. Бұл әрекет Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыстан кейiн күйреген Австро-Венгрия империясы халықтарының атынан 1940-жылы әлдекiмге алқа таққан секiлдi қисынсыздық, асқан өрескелдiк. Посткеңестiк елдердiң егемендiк, тәуелсiздiк алғандарына алды 20 жыл, кемi 18 жыл болды. Турасын айтсақ, байғұс тарих осыған дейiн осындай өресiздiктi, сорақылықты бастан кешiп көрмеген болар. “Бұрынғы КСРО халықтары” дегендер кiмдер?! Балтық теңiзi жағалауындағы халықтар ма? Бiрақ, КСРО-ны, әсiресе орыстарды бостандығымызға қара балта сiлтеген басқыншылар деп есептейтiн олар Кеңес Одағының құрамында болған кездi қасiрет, қара таңба жылдары деп санайды. Тiптi, ондағылар А.Г.Лукашенконы әлдекiмдер “Батько” дейтiнiнен де бейхабар болуы ықтимал. Әлде Орталық Азия халықтары ма? Қазiр олардың да әрбiрiнiң өз ұлттық мемлекетi, мақтан тұтатын қазақ, өзбек, қырғыз, т.б. асқақ әрi қасиеттi атаулары бар. Оның үстiне мұндағы мұсылман елдерi Александр Григорьевичтi күмiс креспен марапаттай қоюының да қисыны келмейдi. Кавказ ба?.. Олардың көбi бұрынғы КСРО-ны естен шығарғалы қаш-шан… Соғыс жылдарында Қазақстан мен Сiбiрге жер аударылғандар мен олардың ұрпақтарының көбi қызыл империяны қарғыспен еске алуы заңды да. Зұлмат аштықты, оның миллиондаған жазықсыз құрбандарын еске алудан қашқақтайтын қазақтардай емес, кекшiл тау халықтары өткен қасiреттi тарихын оңай ұмытпайтыны белгiлi. Ендеше “бұрынғы КСРО халықтары” деген атаудың тасасында ат төбелiндей казактардың белгiсiз тобы ғана тұрғаны ғой. Бiрақ… “Казачий курьер” тiлге тиек еткен КСРО кезiнде казак деген жеке халық, ұлт, тiптi, қауымдастық болыпты дегендi де ешкiм естiген жоқ едi.
Жалпы, Қазақстандағы осындай диаспоралардың қоғамдық ұйымдарының кейбiр сөз жүзiнде ғана тәуелсiздiгiмiздi мойындап, нақты iске келгенде кереғар әрекет жасауға ұмтылатыны жиi аңғарылатын сорақылық. “Қасқырды қанша асырасаң да, орманға қарап ұлиды”, — деген ұлағат осындайдан айтылса керек. Мәселен, Қазақстан орыс қауымдастығының басшысы Ю.З.Бунаковтың Қырғызстандағы Президент сайлауына байланысты ЕҚЫҰ-ның бас хатшысы Марк Перрин де Бришамбо мырзаның атына құйтырқылыққа толы арыз жазып: “На днях в Киргизии состоялись выборы Президента Республики, результаты которых вновь вызвали волну протеста общественности. Мы можем дать объективную оценку этому событию…” — деп күшеншектенуi мүлдем күтпеген жайт. Тәуелсiз қырғыз халқы Елбасын өздерi таңдады, көп болып сайлады. Бұл — олардың Құдай берген заңды құқықтары! Оған бөтен елдiң (көршiлес мемлекет болғанмен) азаматы Ю.Бунаков, Қазақстандағы орыс, казак, славян ұйымдары қандай объективтi баға беруi мүмкiн? Әлде, азаттық сүйгiш қырғыз бауырлар бұлардың “ақылдарына” аса мұқтаж ба? Бәлкiм, бiздегiдей емес, Құрманбек Бакиев мырза өзге ұлттың “еркелерiн” мүлдем көзге iлмегендiктен шiркiндердiң iштерiне қан қатты ма? Бейбастақ Ю.Бунаков мырза халықаралық беделдi ұйым басшысының атына жазылған қысқа ғана ресми арызында тұтас елдi айыптаумен қатар, “Киргизия” дегендi 4 рет, “Киргизской Республики” деген атауды 1 рет қолданған. Бұл — оның аса сауатсыздығы немесе қасақана арандату. Өйткенi, Алатау биiгiндегi бауырлас мемлекеттiң ресми атауы — Қырғызстан Республикасы, орысша да Республика Кыргызстан. Жаңылыспасақ, 90-жылдардың соңында тәуелсiздiгiн жариялаған қырғыз жұрты өз Отандарын бұдан былай “Киргизия” деп атамауды мiндеттеген болатын. Өмiр тосын жайттарға толы ғой, бiз атамекенiмiздi Қазақия деп әлi күнге атай алмай жүрмiз-ау. Бiр сөзбен айтсақ, егемендi, тәуелсiз мемлекеттiң атын ресми құжатта дұрыс жазбау, бiртұтас халықтың намысын таптау жәй ғана мәдениетсiздiк, өресiздiк емес, нағыз ожар өркөкiректiк. Ұлы империяшыл шовинистердiң өзгелердi көзге iлмеуiнен туындаған тоңмойындық.
“Казачий курьердi” бiздiң редакциямызға байқатпай тастап кеткен бейтаныстардың басты мақсаты осы газеттiң тұтас бес бетiн алып жатқан орыс, казак және славян ұйымдары Үйлестiру кеңесiнiң төрағасы Ю.Ф.Захаровтың көлемдi сұхбатымен жұртшылықты кеңiнен таныстыру болған секiлдi. Газет бетiн аямай берген соң, Юрий Филиппович те өзгелердiң “бетiн” аямай, Белоруссиядан басқаның бәрiн ауыр сын соққысына алған көрiнедi. Әсiресе, елiмiзде қазiр қалыптасқан экономикалық ахуал, банктер мен қаржы саласындағы былықтар, бюрократиялық аппараттың шектен тыс ұлғаюы мен орынсыз қағазбастылықты назардан тыс қалдырмай, “Казатомпромды” (нақ осылай жазылған — Ж.Ш.) түйреп өтедi әрi сыбайлас жемқорлықтың да аямай сыбағасын берген. Әдiлiн айтсақ, сын пiкiрлерiнiң көпшiлiгi өте орынды және бұл мәселелер қазақтiлдi БАҚ-тарда үнемi күн тәртiбiнен түспей тұрған кемшiлiктер. Сөйте тұра Ю.Ф.Захаров мырза мүлдем қисынсыз қорытынды жасауға шебер. Мәселен, кадрлер мәселесiн тiлге тиек ете отырып: “Сондықтан империялық бiлiм алған, бiр кездерi республиканың халық шаруашылығы кешенiн құрған және өндiрiс жайын бiлетiндердi басшы орындарда көбiрек ұстау керек”, — деп көшелi сөз айтқансиды. Мұны қолдаушылар табылуы да мүмкiн.
Бiрақ, қаласақ та, қаламасақ та қазiргi өмiр шындығын мойындауға тиiспiз. Ю.Захаров сөз етiп отырған әлгi мақтаулы мамандардың көбiсi, тiптi, КСРО күйрегенде ең жас делiнген кадрлердiң көпшiлiгi қазiр зейнеткерлiк жасынан асты. Өйткенi, КСРО-ның “халық шаруашылығы” қайта құру кезiнде, 1987-88 жылдары-ақ бiржола күйреп, өндiрiс орындары жаппай жабыла бастаған. Республикалар бартерлiк айырбасқа ауысқан. Терең дағдарыс, құлдырау кезеңiнде сол кадрлерiңiздiң көбi тал қармауға да жарамағанын жұрт әлi ұмыта қойған жоқ. Арада өткен 20 жылдан астам уақытта өндiрiс орындары түбегейлi өзгердi, жаңа технологиялар қолданысқа ендi. Ал жаңа өндiрiс саласын ескi кадрлермен басқарғанша, бiлiктi, жас мамандар мен кадрлердi неге көптеп тәрбиелемеске? Оның үстiне бұл азаматтың iшiн күйдiрiп отырған басты жайт кадрлер мәселесi немесе жалпы бюрократияның көптiгi емес, басқару орындарындағы қазақ мамандары мен жастарының көбеюi. “Да, это действительно болезненный вопрос для национального самосознания всего русскоязычного сообщества, когда представители титульной нации, даже в северных областях занимают все государственные должности”, — деп күңiренедi. Осы тұста аса өкiнiштi бiр жайтты ескеруге тиiспiз. Егер қазақ ақпарат құралдары “орыстар немесе өзге бiр ұлттың өкiлдерi мынадай салада барлық лауазымды орынды жайлап алған” деп мәлiмдеген жағдайда, сол сәтте-ақ оған “ұлтараздығын қоздырушы”, “экстремистiк пиғылдағы пәлекет” деген ауыр айып тағылары сөзсiз. Ал арандатушы сұрақты қойып отырған газет тiлшiсi де, Ю.Захаров та беттерi шiмiрiкпестен қазақ азаматтары Қазақстанның солтүстiк облыстарын басқармауға тиiс деген ойды тұспалдап отыр.
Тiптi, ол Президент әкiмшiлiгiнен бастап барша министрлiктердегi сансыз шенеунiктердiң тым көбейiп кеткенiн орынды сынай келiп: “Ал осы қампиған “қарындарды” майда және орта кәсiпкерлiкпен айналысуға аттандыру керек”, — дейдi. Iле-шала Ресей және Белорусь Республикасымен тығыз одақ құруды ұсынуының өзi мүлдем түсiнiксiз. Захаровтың өзi айтқандай, Қазақстанның “қампиған қарындарынан” құтыла алмай отырып, оған қоса жаңа одақтың — Ресей мен Белоруссияның қосымша “қарындарын” мойнымызға жүк етiп артудың қандай қажеттiгi бар? Бұл тойымсыз “қарындарды” Юрий Филиппович пен казактар асырай ма? Дегенмен, Ю.Захаров мырза Ресейдегi қазiргi экономикалық саяси, әлеуметтiк жағдайдың өте ауыр және мүшкiл екенiн бiзден жақсы бiледi. “Мiне, мұндай саясаттан бүгiнде бiздiң халқымыз қандай жемiс көрiп отыр: ата-аналары тiрi болғанмен 700 мың бала тұл жетiм, жылына басым бөлiгi орыс адамдарынан тұратын 1,5 миллион адам көз жұмуда және Ресей түрмелерi мен қапастарында миллион адам қамауда. Осылардың 95 пайызы этникалық орыстар мен казактар. Мұндай сұмдық жағдай бiздiң тарихымызда ешқашан болмаған”, — дейдi атаман.
Қазiргi Ресейдегi жағдайды бұдан әрмен қаратүнек етiп суреттеп, бүгiнгi реформалар толық аяқталғанда әлем картасында Ресей мемлекетi болмауы мүмкiн екенiн де ескертудi естен шығармайды. Ресей бюрократиясын “екiжүздi, алаяқ” деп айыптап отыра тұрып, осындай елмен одақ болуымыз керек екенiн қайта-қайта ұсынады. Яки, Ресейдi мешеулiк құрдымнан құтқаруға Қазақстан жегiлуге тиiс. Шындықты айталық, өз халқын осыншалық тұралатқан, басына қаратүнек заман орнатып, бақытсыздыққа ұшыратқан мемлекетпен қандай одақ құруға, оның басшыларымен қандай даму, өркениет туралы сөз етуге болады? Не үшiн? Қазақстанда дәп осындай қаратүнектiң ұйығына бiржола батуы үшiн бе?
Турасын айталық, Ресейдi қиын жағдайдан тек қана ресейлiктердiң өздерi ерен еңбектерi, ұмтылыстарымен құтқара алады. Оған Ресей Сыртқы Iстер министрлiгiнен ақша алып отырған, қол жайып сұрап жүрген (Ю.Захаровтың Страновой кеңес туралы әңгiмесiнен мәселенiң дәп осылай екенiн айқын бiлуге болады — Ж.Ш.) Қазақстандағы тiленшi орыс, казак және славян қауымдастығының қандай қатысы болуы мүмкiн. Егер бұл азаматтардың тарихи Отандарына шынымен-ақ жаны ашыса, тағдырына алаңдаса, әлдеқашан Ресейге көшiп барып, күңiренiстегi атажұртына өз еңбектерiмен көмектесер едi ғой. Оларды Ресейге жаппай шақырып, арнайы мемлекеттiк бағдарлама қабылданғанына да екi-үш жылдың жүзi болды. Ал өзге елде шағын диаспора, жаңа тәуелсiз мемлекеттiк азаматы бола тұрып, өз тағдырын, тарихын қалыптастырып жатқан бүгiнгi Ресей туралы: “Мұндай сұмдық жағдай бiздiң тарихымызда ешқашан болмаған”, — деп күйзелу, байбалам салудың этикалық әбестiгiн былай қойғанда, адамдық тұрғыдан нағыз жаны ашымастық.
Ю.Захаров таяуда өзi болып қайтқан Белорусьтi жоғары бағалайды, бiзге үлгi етедi. Ол елмен тез арада одақ құруымыз керек екенiн жиi айтады. Қазақстанның ауылшаруашылығын, тау-кен және мұнай-газ кешенiн осы елдiң өнеркәсiбiмен тығыз байланыстыруға шақырады. Бiрақ… Белорусьтiң өндiрiстiк ел, Ресейдiң де алдыңғы қатарлы держава болуын қалайтын атаман мырза Қазақстанның баяғыша астық, сүт, ет, балық өндiретiн ғана аграрлы мемлекет болып қала беруiн тiлейдi. “Бiз ғарыштық держава боламыз ба, жоқ па, ол әлi белгiсiз”, — деп бұлаң құйрыққа салады. Ең таңданарлығы да осы. Қазақстан ешқандай одақсыз-ақ астық өндiруден әлемдегi жетекшi бес елдiң қатарына ендi, ал ұн өндiруден әлемде бiрiншi орынға шықты. Оның үстiне тәуелсiздiк алған уақыт жотасында тау-кен өндiру, мұнай-газ кешенiн сақтап қалумен бiрге, оларды түбегейлi қайта құруға қол жеткiзiп, айтарлықтай өркендеттi. Мұны әлем халықтарының баршасы мойындайды. Ендi болашағы бұлдыр одақты қайта құрып, осы табыстарымыздың бәрiн Ресей мен Белорусь бюрократиясына сырлы табақпен оп-оңай тарту етуiмiз керек пе? Сөйтiп… қазақтар баяғыша жаппай мал бағуға тиiс пе?! Аққан өзенге екi рет суға түсуге болмайды дейдi, бiрақ Ю.Ф.Захаров сындылардың бiздi мешеу, бақытсыздық құшағындағы Ресеймен одақ болуға итермелей беруiн жаны ашымастық, әлде арандату деймiз бе?
Ең таңданарлығы сол, осы сұхбатта Ю.Захаровпен бiрге Ресей армиясындағы жаңа реформалар мен қысқартауларды Қазақстанның бұрынғы Қорғаныс министрi, генерал-полковник А.Қасымов та қатты сынға алады. Экс-министрдiң айтуынша, Ресей армиясында түбегейлi реформалар жүрсе “белгiсiз бiр күштер” Қазақстанды басып алатын сияқты. “Реформалардың нәтижесiнде басқа нәрсе жойылады, және бұл ел үшiн, бiздiң бәрiмiз үшiн, оның iшiнде осы жолдарды оқып отырған әрбiрiмiз үшiн шын мәнiнде қауiптi”, — деп үрейлендiредi оқырманды. Ал Юрий Филиппович “осы белгiсiз күштердiң” АҚШ пен Қытай екенiне еш күмән келтiрмейдi. “Представьте на миг, что России больше нет и мы, Казахстан, остались один на один с этим миром…”, — деп жас баланы қараңғы бөлмемен қорқытқан “мейiрбан” әкенiң кейпiн киедi. Сөйтiп: “Положение, конечно, очень непростое, но будем надеяться на то, что ядерное оружие России в ближайшие пять лет страхует нас от прямой агрессии иностранных государств”, — деп балгерлiк танытады.
Қысқасы, жалпақ қазақ Ресейдiң ядролық қаруына тәу етiп, тiлегiн тiлеуi керек секiлдi. Өйтпеген жағдайда бес жылдан соң бiздi өзге мемлекеттер жаулап алмақшы деп түтiндетедi. Сөйте тұра КСРО-дан қалған арсеналдың күнi өтiп, әбден ескiргенiн экс-министр де, казактардың атаманы да мойындайды. Ол ол ма, генералдар мен полковниктердiң шектен тыс армиясын асырау Ресей сынды алып әрi бай елге де ауыр екенiн екеуi де жоққа шығармайды. Осыған қарамастан олар “реформа жүрмеуi керек” деген қорытынды шығарған. Шынын айтсақ, Ресей соңғы жылдары көршiлердi “өзге мемлекеттердiң агрессиясынан” қорғағаннан гөрi, өзi басты қауiп-қатер ошағына айналғаны баршаға белгiлi. Балтық жағалауы республикалары, Грузия, Украина, Молдова, Польша, тiптi, өзiмiз орыстармен бауырлас дейтiн Болгария да Ресейден аулақ болғанды қалайды. Бұрынғы социалистiк елдердiң бәрi де Ресей “қамқорлығынан” ат-тондарын ала қашатыны аян. Ендеше, осындай бақытсыз, бейбақ елмен Қазақстан неге одақ құруға тиiс? Бұл мүлдем түсiнiксiз.
Әсiлi, Қазақстан ешкiммен одақ болмай-ақ, құлдық қамытын мойнына қайта кимей-ақ дамыған, өркениетке ұмтылған жаңа тұрпатты мемлекет құрғанын әлемге әйгiледi. Ендеше, Ю.Ф.Захаров сынды атамандардың “жанашырлығынан” Алла сақтасын!
Жаңабек ШАҒАТАЙ