Жаңалықтар

200 ҚҰЖАТ “ҚЫСҚАРТУҒА” ҰШЫРАЙДЫ

ашық дереккөзі

200 ҚҰЖАТ “ҚЫСҚАРТУҒА” ҰШЫРАЙДЫ

Мемлекеттiк ресурстар мен бағдарламаларды бiр арнаға тоғыстыру керектiгiн айтқан Үкiмет жыл соңына дейiн пайдасы аз құжаттардан бас тартуды көздейдi.

Өткен аптада ҚР Парламентi палаталарының бiрлескен мәжiлiсiнде Президент Н.Назарбаев Министрлер кабинетiне алдағы онжылдықта мемлекет баса назар аударуы тиiс 5 басым бағытты айқындап берген болатын. Үкiмет екi бес жылдыққа бөлiнетiн 2020 жылға дейiнгi кезеңде дағдарыс кезiнде ел экономикасын тұрақтандыру, оның орнықтылығын қамтамасыз ету, бәсекеге қабiлеттi адами қор құру, халықты базалық-әлеуметтiк тұрғын үй коммуналдық қызметпен қамтамасыз ету, ұлтаралық келiсiмдi қолдау, халықаралық қауiпсiздiк пен тұрақтылықты ұстануға көңiл бөлiнуi тиiс едi. “Дағдарыс кезеңiнде елiмiздi индустрияландыру жұмысына ешқандай балама болмайды. Үкiметке жыл соңына дейiн елiмiздi индустрияландыруды ынталандырудың 5 жылдық жоспарын аяқтауды тапсырамын. 2010-2015 жылға дейiнгi мемлекетiмiздiң индустриялану картасы, 2020 жылға дейiнгi өндiрiстiк қуатты оңтайлы орналастыру тiзбегi қалыптасуы тиiс” деп мәлiмдеген Н.Назарбаев күнi бүгiнге дейiн машина құрылысы, металлургия, фармацевтика, химия салалары бойынша 25 жобаның iрiктелiп алынғанын және аталған жобаларға 30 млрд. долларға жуық қаржы жұмсалатынын айтты. Президент пәрменiне сәйкес, келешекте жоспарланып отырған жаңа 270 мыңға жуық жұмыс орны елдегi жұмыссыздық деңгейiн төмендетуге және алдағы 10 жылда Ұлттық қордағы шикiзаттық саладан түсетiн кiрiстердiң активтерi IЖӨ-нiң кем дегенде 30 пайызын құрауы мiндеттелген болатын. Осыған орай, дүйсенбi күнгi үкiметтiк отырыста К.Мәсiмов Министрлер кабинетiнiң 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда ел экономикасын дамытудың 5-7 бағдарламасын түзудi жоспарлап отырғанын мәлiмдедi. Ал ҚР Индустрия және сауда министрi Әсет Исекешев аталған жоспар шеңберiнде жүзеге асырылуы тиiс мемлекеттiк бағдарламалар алғашқы онжылдыққа арналатынын және олардың саны 3 немесе 5-тен аспайтынын жариялады. Оның айтуынша, мемлекеттiк бағдарламалардың iшiндегi 2010-2014 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық бағыттағы жедел дамудың қамтамасыз ететiн бағдарлама – ең маңызды құжаттардың бiрi. Сондай-ақ, әр салаға негiзделген салалық бағдарламалар да әзiрлену үстiнде. Оларға күнi бүгiнге дейiн заңдық қолданыста келе жатқан Индустриялық-инновациялық даму стратегиясы, кластерлiк бағдарламалар, “Қазақстанның 30 корпоративтiк көшбасшысы” бағдарламасы, Көлiк стратегиясы мен индустрияландыру саласындағы басқа да құжаттар негiз болмақ. Ал аталған құжаттарды дайындау барысында бұған дейiнгi бағдарламалардың кемшiлiктерi де ескерiлетiн болады. “Ықпалдастырылатын құжаттар саны – 52, олар заңдық күшiн жояды” (Ә.Исекешев). Ал Мәсiмовтiң мәлiмдеуiнше, үстiмiздегi жылдың соңына дейiн Мемлекет басшысы бекiтетiн мемлекеттiк бағдарламалар саны 5-7-ден кем болмайды. Экономикалық салаға қатысы бар мәселелердiң барлығы сол құжаттарда қамтылуы тиiс және аталған бағдарламаларды әзiрлеу кезiнде қазiргi 200-ден астам құжат қысқартуға кетедi. Ел экономикасын дамытудың жоспарын осылайша бiр арнаға тоғыстырып алған Үкiмет бiртұтас бағдарламалар арқылы әрекет етудi көздейдi. Исекешевтiң айтуына қарағанда, 2010-2014 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы 2015 жылға дейiн елдiң iшкi жалпы өнiмiн 7 трлн. теңгеге ұлғайту мақсат етiлген. Бұл 2008 жылғы көрсеткiштермен салыстырғанда, 50 пайызға көп. Министр кәсiпкерлiк пен мемлекеттiң күш-жiгерiн бiр жерге шоғырландыру және экономиканың басым салаларын дамыту үшiн барлық мүмкiндiктi пайдалануға, инвестициялық ахуалды жақсарту, ұлттық экономиканың жеделдiгi мен өнiмдiлiгiн арттыру қажеттiгiне тоқталды.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ