САЛАХАДДИН СЫНДЫ САЙЫН ЕР
САЛАХАДДИН СЫНДЫ САЙЫН ЕР
…Сонау орта ғасырларда оны кеудесiне шармақ (крест) таққан еуропалық мүттайымдар “Саладин” немесе “Саладдин” деп атаған. Көзi тiрiсiнде-ақ атағы шыққан мұсылман билеушiсiнiң ержүректiгi мен мәрттiгiне, әдiлдiгi мен адалдығына қайран қалған француз, ағылшын, итальян ақындары оның тамаша қасиеттерiн сөз етiп, сан алуан жырларын арнапты. Мұсылман әлемiнiң мәртебесiн биiкке көтерген осы тұлғаның толық атауы – Салахаддин Юсуф ибн Аюб (1138-1193).
ҚИЛЫ КЕЗЕҢӨткен мыңжылдықтың ХI-ХIII ғасырлары мұсылман әлемi үшiн мейлiнше қиын-қыстау заман болғанын айтуымыз керек. ХI ғасырда басталған Батыс қарақшыларының шармақ (крест) жорықтары арада 150 жылдай уақыт өткен моңғол шапқыншылығына ұласты. Өкiнiштiсi сол, феодалдық бытыраңқылық жағдайында өмiр сүрiп жатқан мұсылман мемлекеттерi бiрден басын бiрiктiрiп, шармақ тағынғандарға дер кезiнде пәрмендi тойтарыс бере алған жоқ. Соны пайдаланып, кеудесiне шармақ тағып, сауыт құрсанған жауыздар қарулы қарсыластары былай тұрсын, әйел, бала-шаға, қарттарды кездескен жерде найзаның ұшына, қылыштың жүзiне iлiп, аяусыз қырып салып отырды. Бүгiнде батыстық және орыстық әдебиет пен кинотуындыларда сол кездегi немiс, ағылшын, француз, итальян рыцарларын жайсаң жандар етiп дәрiптеу, ал олардың қарсыластарын жабайы ретiнде көрсету сарыны байқалады. Шындыққа қиянат ол! Шармақ жорығын жасағандар ешқашан iзгi де, әдiл де болып көрген жоқ, болуы мүмкiн де емес едi.
КӨМЕККЕ КЕЛДIӘсiресе көне Мысырға ауыр тидi. Любнан (Ливан) мен Палестинаны басып алып, орныққан шармақ тағынғандар әлсiн-әлi жорықтар жасап, елге тыныштық бермедi. Әлсiз ел басшысы бiрде дұшпанға алым-салық төлесе, бiрде өзге амалын тауып, әйтеуiр аман қалып отырды. Алайда түптiң түбiнде жаудың тыныш қалдырмайтынын сезген Мысыр сұлтаны Адид Шамның (Сирия) билеушiсi Нұрадиннен көмек сұрауға мәжбүр болды. Соны күтiп отырғандай, ол Мысырға дереу өзiнiң қолбасшылары Ширкух пен iнiсi (ағасының баласы) Салахаддиндi көмеккке жiбердi…
САЛАХАДДИНӨкiнiштiсi сол, Салахаддин Юсуф ибн Аюбтың балалық шағы жөнiнде бiзде дерек жоқ. Анық бiлетiнiмiз, оның ұлты – күрд, тектi тұқымнан шыққан. 1138 жылы дүниеге келген. 18-20 жасынан бастап, көкесi Ширкухпен бiрге қолына қару алып, басқыншылармен қылыш қағысқан. 1164, 1167, 1168 жылдары Шамның ержүрек сұлтаны Нұрадинның қол бастауымен шармақ тағынғандарға қарсы азаттық жорықтарына қатысты. Сөйтiп, батыл сарбаз, естi де ептi сардар ретiнде көзге түстi.
ТIЗГIНДI ҚОЛҒА АЛЫП…Ағайындылар келiсiмен билiктi қолына алып, шармақ тағынғандардың шабуылын тойтарды. Бiраздан соң, өзi ауру, өзi кәрi сұлтанды орнынан түсiрiп (оны өлтiрген жоқ) – Ширкух таққа отырды. Салахаддин бас уәзiр болып тағайындалды. Бұл – 1169 жыл едi. Екi жыл өткесiн, ағасы өмiрден озып, сұлтан тағы iнiсiнiң еншiсiне қалды. Мiне, осы кезден бастап, ол бүкiл мұсылмандарды бiрiгуге шақырып, бар күштi ортақ мүддеге жұмылдырды. Ол оған оңайға түспедi. Соған қарамастан 1187 жылдың 3-4 қазан күндерi Салахаддин басқарған бiрiккен мұсылман әскерi Хиттин (Палестина) қаласы түбiнде жатжерлiктердiң тас-талқанын шығарды. Әрi қарай жеңiстi жолын жалғастыра отырып, сол жылдың 2 қазаны күнi Әл-Құддыс (Иерусалим) қаласын Батыстың қарақшыларынан азат еттi. 1189 жылы Шам мен Палестинаны келiмсектерден түгелдей тазартты. Кейiн де көпке дейiн бiтiспес дұшпанның тегеурiнiне төтеп берiп, Мысыр мен Шамға қарай аяғын да бастыртпады.
БIТIМI БӨЛЕК БИЛЕУШIОрта ғасырдағы мұсылман тарихшылары да христиан жылнамашылары да оны әдiл де ақылды, жомарт билеушi ретiнде суреттейдi. Сол бiр қатал заманда мұндай атаққа ие болу кез келген билеушiнiң еншiсiне тиген емес. Өзгелердi былай қойғанда, орта ғасырдағы мұсылман әмiрлерiнiң бәрiн бiрдей жақсыға телу әдептiлiкке қиянат болар едi. Салахаддиннiң адами парасатына тарихта жазылып қалдырылған төмендегi екi жағдаят айқын куә.
…1187 жылы 2 қазан күнi әл-Құддыс қаласын алғанда, Салахаддин сұлтан тұрғындарға 40 күн (!) iшiнде өмiрi мен бостандығын құн төлеп, сатып алуды ұсынды. 50 мың тұрғынның 20 мыңының оған жағдайы болмапты. Алайда сол құн төлей алмағандардың 4 мыңын (қарттар мен кемпiрлер) сұлтанның өзi ешқандай алымсыз бостандыққа жiберген. 6 мыңын әмiрлерiне сыйға ұсынды. Қалғандарының 5 мың адамды сол қаланы қайтадан қалпына келтiруге қалдырып, өзгелерi Мысырдағы кiрпiш шеберханаларына жұмысқа жiберiлдi. Бiрде-бiр жазықсыз жанның қаны төгiлмедi. Ал шармақ тағынғандар 1099 жылы әл-Құддысты алғанда, не iстемедi десеңiзшi?! Қорғансыз мұсылмандарды түгел қырып-жойғаны өз алдына, тiптi православ христиандар мен жебiрейлерге де қарсы қару жұмсап, ешкiмге аяушылық көрсетпедi. Осының өзiнен “Ғайсаның сүйегiн мұсылмандардан азат етемiз” дегендi желеу етiп, жорыққа шыққан шармақ тағынғандардың зұлымдық, қарақшылық мақсаттары айқын танылады. Олардың 200 жылға жуық бойы жасаған сегiз жорығының салдарынан қанша адамның құрбан болғанын көзге елестету қиын… …Салахаддин сұлтан Фатимидтер әулетiнiң ғасырлар бойы жинаған қазынасынан өзiне бiр дiлдә да алмай, бәрiн сарбаздарына үлестерiп берсе керек. Кейiн даңқты Мысыр патшасы өмiрден кеткенде, оның жеке қазынасында…47 дирхам (күмiс) және бiр динар (алтын) ақша болған екен… НАҒЫЗ ДIНДӘР ЖАНЖан-тәнiмен мұсылман сүннит болған Салахаддин ешқашан өзге дiн иелерiне де немесе исламның басқа бағытындағы мүмiндерге де өшiкпеген. Майдан даласындағы қарсыластары – католиктермен күресте жан алысып, жан берiссе де, жерлестерi – христиан дiнiнiң православ бағытындағы армяндар, арабтар, айсорлар, яһуди – жебiрейлерге мейлiнше төзiмдiлiк және құрмет сезiмiмен қараған көрiнедi. Қиян-кескi шайқастарда қолға түскен өзге дiндегi тұтқындарға iзгiлiк көрсетiп қана қоймай, бағыныштыларынан да соны талап етсе керек.
Мысыр сұлтаны iшкi саясатында жер иелiктерiн үлессiз қалған шаруаларға бөлiп берiп, талай мешiттер мен медреселер салдыртқан. Халықтан жиналатын алым-салықты едәуiр азайтты. Сөйтiп, осы сұлтанның билiгi кезiнде (кейiн Бейбарыс бабамыздың тұсында) Мысыр халқы емiн-еркiн тыныс алса керек. Өмiрiнiң басым көпшiлiгi қанды жорықтармен өтсе де, адамдықтан бiр танбаған тамаша билеушi Салахаддин Юсуф ибн Аюб 1193 жылы жанын Аллаһқа тапсырады. Оның қайтыс болғаны туралы естiгенде, тiптi қас дұшпандары – шармақ тағынғандар да: “Лайықты қарсыласымыз дүниеден озды” деп сап түзеп, бас киiмдерiн алған екен… Малайзияның бұрынғы Үкiметбасы, бүгiнгi ислам әлемiнiң танымал қайраткерi Махатхир Мохаммад АҚШ пен Батысты Ирак пен Ауғанстандағы басқыншылығын “жаңа шармақ тағынғандардың жорығы” деп бағалайтынын айтты. Сонымен бiрге, Израильдың да ислам әлемiне қарсы қоқан-лоққысын: “Мұсылман елдерiнiң әлеуметтiк-экономикалық дамуына қарсы жасалып отырған қастандық” деп есептейдi. Ағылшын жазушысы Вальтер Скоттың “Арыстан жүректi (дәлiрек айтсақ, жауыздығы үшiн “Қорқау жүректi” деп атауға да лайық. Авт.) Ричард” романында Салахаддин жағымды кейiпкер ретiнде суреттелген. Автор оны жазушылық қиялына сай, сұлтанмен майдан даласында кездестiрiп те қояды. Iс жүзiнде Мысыр сұлтаны мен ағылшын мәлiгi Ричард майдан даласында бетпе-бет ұшыраспағанға ұқсайды. Серiк ЫҚСАНҒАЛИ, Орал қаласы