ДАҒДАРЫСТАР ТАРИХЫ
ДАҒДАРЫСТАР ТАРИХЫ
Адамзат тарихында экономикалық дағдарыс бiрнеше дүркiн қайталанған. Алайда, iрiлi-ұсақты дағдарыстың әлемдi дүр сiлкiндiргенi сирек.
Өткен аптада Лондонда кездескен “Үлкен жиырмалықтың” қаржы министрлерi банк қызметкерлерiне төленетiн өте үлкен көлемдегi сыйақыларды қысқартуға шешiм қабылдады. Өйткенi, олар қаржылық дағдарысқа себеп болған қаражат тапшылығын ушықтырып алмас үшiн алдымен қауiп-қатерi мол нарықтық айла-шарғыларды азайтуға мүдделi. Ең бастысы, түрлi жеңiлдiктер мен сыйақылар ендi менеджерлерге ақшалай емес, компанияның (банктiң) акцияларымен берiлмек. Сонда кез келген қызметкердiң компанияның тағдырына алаңдайтыны белгiлi. “Дағдарыс қашан аяқталады?” деген басты сұраққа бас ауыртпайтын мемлекет жоқ. Бiрақ елдердiң көпшiлiгi әлемдiк экономика қаржылық қиындықтардан арылды деген пiкiрмен келiспейдi. Экономикасы рецессиядан ендi ғана айыққан Еуроодақтың бiрнеше мүшесi (оның iшiнде Германия, Франция да бар) осыдан сәл ғана уақыт бұрын “Үлкен жиырмалыққа” 2007 жылғы, яғни, қаржылық дағдарысқа дейiнгi кезеңдегi жұмыс iстеу тәсiлiне көшуге ұсыныс жасаған болатын. Бiрақ еуразиялық елдердiң көпшiлiгi әлемдiк экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ететiн шараларды бәсеңсiтуге қарсы. Қаржыгерлер мен экономистердiң басым бөлiгi экономикалық дағдарыстың екпiнiн саралап әлекке түсiп жатса, тарих қойнауына үңiлгендi ұнататындары бұған дейiнгi болған дағдарыстардың қарқынын сарапқа салуда. Сонымен, егер ресми деректерге сүйенсек, соңғы екi ғасырда Америка мен еуразиялық аймақта 20-ға жуық қаржылық тоқырау қайталанған. ХХ ғасырға дейiнгi дағдарыстар алдымен 2-3 елдiң экономикасын шарпығаннан кейiн ғана жаһандық ауқымға көшкен көрiнедi. Қиындықтар мен тоқыраулардан “аузы күйген” халықаралық қауымдастық кез келген дағдарыспен бiрiгiп күресудiң амал-тәсiлдерiн бiрiгiп қарастыруды қолға алған.
АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция мен басқа да елдердiң экономикасын тұралатып кеткен тарихтағы алғашқы әлемдiк экономикалық дағдарыс 1857 жылы Құрама Штаттарда басталған. Жаппай банкротқа ұшыраған темiр жол компаниялары қор нарығындағы акциялардың күтпеген жерден құнсыздануына әкеп соққан. Қордағы берекесiздiк америкалық банк жүйесiне ауысып, көп кешiкпей ағылшындар елiне, одан кейiн кәрi құрлыққа ұласқан. Қор нарығындағы толқулардан тiптi, Латын Америкасы да аман қалмапты. Пайда мен кiрiске мол шойын өндiрiсi Америкада – 20 пайызға, Германияда – 25 пайызға, Францияда 13 пайызға бiр-ақ төмендесе, мақта өндiрiсiнде Франция – 25 пайыз, АҚШ – 20 пайыз жоғалтты.
1873 жылы Австрия мен Германияда басталған келесi әлемдiк экономикалық дағдарыс бүгiнде ең алғашқы халықаралық қаржылық дағдарыс ретiнде қарастырылады. Ағылшындардың Латын Америкасына жөнелткен арзан пайыздық несиесi Германия мен Австриядағы жылжымайтын мүлiк нарығындағы алыпсатарлыққа жол ашты. Осының кесiрiнен Вена, Цюрих, Амстердамдағы қор нарығы құрдымға кеттi. Ал Құрама Штаттардағы дағдарысқа Бiрiккен Тынықмұхиттық темiр жолының президентi әрi америкалық бас қаржыгер Джей Куктiң банккротқа ұшырауы себеп болды. Нью-Йорктегi қор нарығына шығарылған компанияның акциясы күрт арзандағандықтан, әрi немiс банктерiнiң АҚШ-тағы несиелердiң мерзiмiн ұзартудан бас тартуы қаржылық қиындықтардың ушығуына әкеп соқты. Еуропа мен Америка экономикасы рецессияға ұшырап, Латын Америкасы елдерiнiң экспорт көлемi күрт азайған. 5 жылға (1873-1878 жж.) созылған бұл дағдарыс – тарихтағы ең ұзақ дағдарыс.
1914 жылғы халықаралық қаржылық дағдарыс Бiрiншi Дүниежүзiлiк соғыстың кесiрiнен туындады. Анығында, АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Германия үкiметтерiнiң әскери күштердi қаржыландыру мақсатында, шетелдiк эмитенттерге тиесiлi құнды қағаздарды жаппай сатылымға шығаруы тағы бiр қаржылық дағдарысқа негiз болды. Қарулы қақтығыстар қызған сайын ширыға түскен бұл қаржылық дағдарыстың өзгелерден айырмашылығы – тек орталықтарға шоғырланды, шалғай аймақтарға таралған жоқ. Бiрақ қарулы соғысқа қатысушы мемлекеттер шетелдiк құнды қағаздардан құтылуға тырысқанда, дағдарыс бiр-ақ сәтте сол елдердiң барлығын бiрден шарпыды. Құнсызданған акциялар тауар мен ақша нарығындағы аласапыранға жол ашты. АҚШ, Ұлыбритания мен басқа да елдердегi банкке қатысты байбаламды орталық банктердiң көмегiмен сабаға түсiруге тура келген. Соғыстан кейiн, 1920-1922 жылдардағы елдi әбден әбiгерге салған ұлттық валютаның құнсыздануы мен рецессиядан пайда болған келесi әлемдiк экономикалық дағдарыс Ұлыбритания, АҚШ, Норвегия, Финляндия, Италия, Дания мен Голландиядағы банк пен валюталық дағдарыстың кесiрiнен едi. 1929 жылдың 24 қазанында “Қаралы бейсенбi” атанып кеткен 24 қазанында Нью-Йорктегi қор нарығында акциялардың күтпеген жерден құнсыздануы орын алды. Бұл аз ғана уақыттың iшiнде бұл келеңсiздiк адамзат тарихындағы экономикалық дағдарыстың бастуы едi. Құнды қағаздардың бағасы 50-60 пайызға дейiн арзандап, негiзгi әлемдiк валюталарға арналған алтын стандарты күрт төмендедi. Мұндайда қаржылық тоқырау мен қиындықтар iскерлiк белсендiлiкке керi әсер ететiнi айтпаса да түсiнiктi. Бiрiншi Дүниежүзiлiк соғыстан кейiн әзер есiн жиған америкалықтар қолдағы қаражатын қордағы активтер мен акцияларға жұмсап, ақшаларын жүйелi әрi жедел көбейтуге көшкен болатын. Алайда, 1929 жылдың соңына қарай құнды қағаздар бағасының күрт арзандауының кесiрiнен акция иелерi шаш-етектен шығынға батты. Сол кездегi жоғалтқан қаражат көлемi 40 млрд. доллардан асып түскен болатын. Жапай жабылып қалған фабрика мен зауыттар, түрлi өндiрiс ошақтарының және банкротқа ұшыраған банктердiң миллиондаған жұмысшысы екi қолға бiр жұмыс таба алмай сенделдi. Күтпеген жерден тап берген сол дағдарыс 1933 жылға қарай ауыздықталса да, оның керi әсерi 30-жылдардың соңына дейiн көпшiлiктi тәубесiне келтiрiп отырды. Дағдарыс кезiнде Американың өндiрiсi – 46 пайызға, Англияда – 24 пайызға, Германияда – 41 пайызға, Францияда 32 пайызға қысқарған едi. Ал өндiрiс компанияларының акциялары АҚШ-та – 87 пайызға, Ұлыбританияда – 48 пайызға, Германияда – 64 пайызға, Францияда 60 пайызға қысқарған. Сол кездердегi халықаралық ұйымдар таратқан деректерге сенсек, 1933 жылы дамыған елдердiң 32-сiнде 30 млн. жұмыссыз тiркелiптi. Оның 14 млн.-ы – америкалықтар.
Соғыстан кейiнгi алғашқы әлемдiк экономикалық дағдарыс АҚШ, Ұлыбритания, Нидерландтар, Канада мен Бельгияда т.б. елдерде 1957 жылдан басталып, 1958 жылдың ортасына дейiн созылған. Өндiрiстiк қарқыны мен қуаты 4 пайызға дейiн төмендеген дамыған елдердегi жұмыссыздар саны сол кезде 10 млн.-ға жеткен.
1973 жылы АҚШ-тан бастау алған дағдарыс осы кезеңге дейiнгi болған барлық экономикалық дағдарыстардан ауқымы, шеккiзген зияны мен шығыны, екпiнi жағынан алғанда, әлдеқайда қуатты болды. Дағдарыс кезiнде Құрама Штаттардағы өнеркәсiп өндiрiсi 13 пайызға қысқарса, Жапонияда – 20 пайызға, Германия Федеративтiк Республикасында – 22 пайызға, Ұлыбританияда – 10 пайызға, Францияда – 13 пайызға, Италияда 14 пайызға төмендеген. 1974 жылы банкротқа ұшырағандар саны бiрнеше есеге өсiп, Америка, Жапония, Германия, Франция, Ұлыбританиядағы жұмыссыздар қатары 15 млн. адамға жеттi, 10 млн. қызметкер толық емес жұмыс күнiн қанағат тұтуға мәжбүр болды. Сол жылдары, анығында, 1973 жылы “қара алтын” өндiру көлемiн күрт қысқартқан ОРЕС ұйымына мүше елдердiң кесiрiнен дүниежүзi бойынша алғашқы энергетикалық дағдарыс басталды. Осының салдарынан, 1973 жылы 16 қазанда әлемдiк нарықта 63 пайызға бiр-ақ шығандаған мұнайдың бiр баррелi 3 доллардан 5 долларға қымбаттап шыға келдi. Арада сәл уақыт өткенде баға 12 долларға дейiн өстi.
Әлем тарихындағы тағы бiр маңызды оқиға – 1987 жылғы “Қаралы дүйсенбi”. Сол жылдың 19 қазанында 22,6 пайызға күрт төмендеген америкалық Dow Jones Industral қор нарығынан кейiн Австралия, Канада, Гонконгтағы қор нарықтары бiрiнен кейiн бiрi құлдырауға ұшырады. Мұның себебi, көптеген iрi компаниялардың акциялары құнсыздануы инвесторлардың нарыққа қатысудан жаппай бас тартуынан.
Дағдарысты бастан кешiрген елдердiң бiрi – Мексика. 1994-1995 жылдары үкiмет қор биржасын құрып, оған мексикалық мемлекеттiк компаниялардың рөлiн арттыруға күш сала бастағанда, бұған дейiн осы елдiң экономикасына аса iрi көлемде инвестиция құйған шетелдiк инвесторлар экономикалық дағдарыстан қорқып, ақшаларын басқа жаққа алып қаша бастаған. Ресми деректерге сүйенсек, 1995 жылы Мексикадан сыртқа аққан ақша ағыны 10 млрд. доллардан асқан. Бұл елдегi банк жүйесiн тоқырауға ұшыратты.
Дүниежүзiне “Азиялық дағдарыс” деген атпен мәлiм 1997 жылғы дағдарыс Екiншi Дүниежүзiлiк соғыстан кейiнгi ең iрi тоқырау болды. Оңтүстiк-Шығыс Азиядан қаржыларын ала қашқан шетелдiк инвесторлар аймақтағы ұлттық валютаның девальвациясы мен Оңтүстiк-Шығыс Азия елдерiндегi қаражат тапшылығының тым жоғары деңгейде болуына кiнә артты. Осының кесiрiнен азиялық дағдарыс әлемдiк iшкi жалпы өнiм көлемiн 2 трлн. долларға шығындады.
Азиялық нарықтағы берекесiздiк пен жүйесiздiк жолға қойыла бастағанда Ресейден 1998 жылы бас көтерген тағы бiр дағдарысқа Ресейдiң аса үлкен көлемдегi қарызы, халықаралық нарықтағы көмiрсутегi шикiзатына деген бағаның тым төмендiгi, қысқамерзiмдiк мемлекеттiк құнды қағаздардың нәтижесiздiгi (Ресей қысқа мерзiм iшiнде борышын өтей алмады) мұрындық болды. Рубльдiң долларға шаққандағы бағамы 1998 жылдың тамызы мен 1999 жылдың қаңтарында 3 есеге дейiн төмендедi. Осы тоқыраудан кейiн сарапшылардың көпшiлiгi ең күштi дағдарыс 2007-2008 жылдардың еншсiне тиетiнiн болжаған едi. АҚШ-та мұнай нарығының толық құлдырайтыны, ал Еуразияда дүние жүзiне үстемдiк еткен әлемдiк валюта – доллардың күйрейтiнiн айтты. Әлемдiк экономиканы әбiгерге салған дағдарыспен екi жыл бұрын бетпе бет келген сан елдiң үкiметi тiзе қоса отырып, әрекет етуде. Тоқырау мен қиындықтардан тезiрек құтылу үшiн, әрине. Бүгiнде экономикалық дағдарыстың қашан және қалай аяқталатыны туралы болжамдар мен сараптар да сан алуан.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ