Жаңалықтар

“КIТАП ЖАРШЫСЫ” ГАЗЕТI, №9

ашық дереккөзі

“КIТАП ЖАРШЫСЫ” ГАЗЕТI, №9

Республикадағы кiтапқұмар қауымның көзайымына айналған басылым соңғы жылдары шыққан жаңа кiтаптармен таныстырады. Атап айтқанда, “ZHERSU” корпорациясы мен Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырып келе жатқан дәстүрлi “ДАРАБОЗ” бәйгесiнде топ жарып, жүлде алған үздiк шығармалардың басын қосқан “Кәусар бұлақтың” үшiншi кiтабы мектеп оқушылары мен ұстаздарға, тәрбиешiлер мен ата-аналарға, жалпы оқырман жұртшылыққа арналған.

Сондай-ақ, “Қаперiңiзде жүрсiн” деген айдармен таныстырылған “Моңғолдың құпия шежiресi” мен Әнес Сарайдың “Көнелiктер” атты кiтабы тарихтың терең қойнауыларынан сыр шертедi. Басылым жұрт назарына ұсынатын кiтаптарды iрiктеп, тақырып, жанр бойынша жүйелеп беруге тырысқан. Мәселен, “Театр әлемi”, “Поэзия”, “Проза”, “Жәдiгер”, “Жылдар жылғаларында” атты айдарлар өз мiндеттерiн атқарып тұр.

Қазiргi сәтте ҚР Ақпарат және мәдениет министрлiгi ұйымдастырған “Бiр ел – бiр кiтап” атты акцияның жүрiп жатқаны белгiлi. Осыған орай, акцияның нысаны қып алынған Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығы жөнiндегi орысша танымдық материал “В унисон акции “Одна страна — одна книга” атты айдармен берiлген.

Басылымның “Тектi елдiң баласы аталы сөзге тоқтаған” деген оқырман қауымға танымал айдары бар екенiн айта кету керек. Оның аясында елге сыйлы, әдебиетте айтары қомақты қаламгерлердiң толғау-сұхбаттары жарияланып отырады. Бұл жолы белгiлi әдебиетшi, аудармашы, көсемсөз зергерi Сарбас Ақтаев “Аудармашыларға деген сүлесоқ көзқарасты өзгертпейiнше, көсегемiз көгермейдi” атты сұхбатында күрмеуi көп аударма саласы жөнiнде ой толғайды.

“Кiтап жаршысы. kz — Друг читателя” газетi қазақ және орыс тiлiнде айына бiр рет шығады, индексi 64222. Басылымға жыл бойы жазылуға болады. Егер әр айдың 10-ына дейiн жазылсаңыз, келесi айдан бастап “Кiтап жаршысы. kz — Друг читателя” газетiн алып тұруға мүмкiндiгiңiз бар.

Ж.Баққондыұлы