Жаңалықтар

КӨКБАСТАУДЫ ДҮБIРЛЕТКЕН КӨКМОЙНАҚТАР

ашық дереккөзі

КӨКБАСТАУДЫ ДҮБIРЛЕТКЕН КӨКМОЙНАҚТАР

Өткен жұма – 28-тамыз күнi Алматы облысының Жамбыл ауданындағы “Көкбастау” ипподромында өткен Қазақстан Республикасы Президентiнiң Кубогы үшiн ұлттық ат спорты түрлерi бойынша дүбiрлi жарыс осында жиналғандардың есiне ұзақ уақыт сақталары күмәнсiз.

Жыл сайын өткiзiлетiн бұл дәстүрлi жарыс биыл он бiрiншi рет байрағын көтерiп, Қазақстан Конституциясы күнiне орай ұйымдастырылды. Ең бастысы, биыл алғаш рет дүбiрлi жарыстың тiзбесiне жанкүйер қауымның қанын қоздыратын, қазақтың етене ат спорты түрлерi: аударыспақ пен теңге iлудiң енгiзiлуi дүбiрлi бәсекенiң беделiн бұрынғыдан да биiктеткенi айқын.

Осы күнi елең-алаңнан “Көкбастау” ипподромын бетке алған жылқы сүйетiн жанкүйер қауым “Көрген де арманда, көрмеген де арманда” дейтiн бақ пен бап тайталасқа түскен нағыз ұлы-жiңгiр думанның куәсi болды. Көкбастау жотасының етегiндегi табиғат-ана өз қолымен жасаған сиқырлы тостақтай дөңгеленген кең жазық тiзгiн үзген дүлдiлдер мен хас тұлпарлар бәйгеге түсер табиғи ипподромның нақ өзi көрiнедi. Жота етегiндегi сарғыш тартса да тiзеден жайқалған майсаға аяқ бүккен қарақұрым көрермендердiң айналаға сүйсiне әрi таңдана тамсануы сондықтан.

Салтанат күнгi жарыс шымылдығын Алматы облысының әкiмi Серiк Үмбетов мырза сөз сөйлеп ашып, Қазақстан Президентi Н.Назарбаев елiмiзде ұлттық ат спорты түрлерiн дамытуға ерекше көңiл қоятынын жиналған жұртшылықтың есiне салды.

Биылғы жарысқа Алатау мен Алтайдан, Баянауыл мен Ақжайықтан арғымақтар келген. Жамбыл, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Батыс Қазақстан облыстары мен көршiлес Қырғызстаннан, Астана қаласынан 152 тұлпар таңдап, iрiктелiп әкелiнген көрiнедi. Алматы облысының барлық аудандарынан келген арғымақтар бiр төбе. Айтқандай, төрешiлер алқасы бәйгеге түсер тұлпарларды, әсiресе, құнандарды қатаң сұрыптағаны орынды болды.

Қызықты думан басталып, қыз қууда көңiлi желпiнiп қалған көрермен қауымның делебесi 11 шақырымға құнан бәйгеге басталғанда одан әрмен қоза түссiн. Жарыс жолына ұзын саны 55 бота тiрсек жүйрiк құнан шықты. Жамбыл облысының әкiмi Бөрiбай Жексембин мырза да бұл күнi “Көкбастауға” ат басын бекер тiремеген екен. Өйткенi, Жамбыл облысынан келген құнандар бәйгеде өзглерден оқ бойы озық келдi: жас шабандоз Данияр Отарбай тiзгiнiн ұстаған жирен Люстра жеке-дара келсе, 2-орында Жамбылдан келген жиренқасқа Айша (Қалмұхан Халий) маңдайы жарқырап жеттi. 3-орын жергiлiктi Жамбыл ауданының қарагер Берметiне (Тынышбай Бексұлтан) бұйырды. 4 және 5-орындар Қаратал ауданының тұлпар торысы Фердоус (Досжан Қуанышбеков) пен Қарасай ауданының Қасуасының (Бөгекбаев Жамбыл) қанжығасына байланды.

16 шақырымдық топ бәйгеге 50-ден астам ақтаңкерлер тiзгiн сүзе арындап шыққан. Әрбiрi сұлу сурет, қайталанбайтын ғажайып құбылыс. Балқаш ауданының Тайвань атты көк тұлпары (Шоқиев Бақтияр) көш басында келсе, алыс Астанадан келген Сымбат 2-орынды иелендi. 4-орын Райымбек ауданының Магиясына, ал жүлделi 5-орын Астананың Мөлдiрiне бұйырды. Төрт аяғын тең тастаған жорғалардың жарысы да Көкбастаудың бөктерiн бiр желпiнткен. Мәре сызығына мойнын созып шыққан су төгiлмес 17 жорғаның әрбiрi жеңiстен үмiттi. 9 шақырым аз қашықтық емес. Аузын арандай ашқан жорғалардың жарысында Астананың теңселген торысы Француз (Чибисов Евгений) мәре сызығынан бiрiншi болып жұлдыздай ақса, 2-және 3-орынды Талғар ауданының шашасына шаң жұқпаған Водопады (Кармелов Александр) мен осы ауданның Забавнигi (Акунов Дамир) бөлiстi.

Аламан бәйгесiз алаш жұртының бiр арманы iште қалатыны бесенеден белгiлi. 25 шақырымға шапқан 39 тұлпардың ә дегенде-ақ жылдамдығы орасан зор едi. Айналымнан соң айналым өтiп жатыр. Көкбастау ұлы дүбiрге толы. “Көлденең жатқан көк тасты, Саз балшықтай илеген” баяғы Тайбурылдың тұяғын басар жүйрiктiң бiразы жарыс жолынан шығып қалуының өзi ерен жылдамдықтан едi. Мәре сызығына жақындағанда ытырыла ышқынып шапқан Қарасай ауданының торықасқа Покерi (Жексембиев Жандарбек) өзгелерден арқан бойы озып келдi. 2-орынды иеленген Жамбыл ауданының қайран Гүлсарысы (Тынышбаев Бексұлтан) мәреде ауыздық шайнап, арындап, тiзгiн сүзе ойқастады-ай. Басқа күнi, басқа бәйгеде жұлдызы жарқырап, жеңiс мәресiн бiрiншi боп кесерiне сенiмдi. 3-орын Шығыс Қазақстан облысынан келген дүлдiл — Дарабоздың (Қамбар Ахметов) еншiсiне байланса, 4-орын Жамбыл ауданының қасқа жиренi Госпажаның (Әбiлов Ақжол) қанжығасында. 6-орында келген Орал бойының аузымен құс тiстеген қарагерi – Ақжайыққа (Сағындықов Ерлан) алқалы топтың ықыласы ерекше болған. Соңғы күш, соңғы деммен мәре сызығынан желдiрте шауып өткен Ақжайықтың жеңiске де құштарлығы мен табандылығы елден ерек.

Ұлы мереке аяқталды. Бас бәйгеге тiгiлген “Прадо” джип өз иесiн тапса, екiншi орын үшiн берiлген “Нива” машинасы да терезесi күн сәулесiмен жарқырай ипподром жолын айналып шықты. Қалған бес “Ваз” жеңiл машиналарына ие болған жеңiмпаздардың да қуанышы қойнына сыяр емес. Өзге де жүлделi орындарға тағайындалған ақшалай сыйлықтар мен марапаттау граматолары тұлпарларын бәйгеге қосқан атбегiлер мен шабандоздардың еңбегi еш болмағанын бiлдiредi.

“Көкбастау” ипподромын көп ұзамай-ақ тыныштық әлдиледi. Тiгiлген ақшаңқан киiз үйлердегi думан одан әрi жалғасып жатқанмен дала төсiн кернеген екпiндi музыка үнi де басылған…

Музыка демекшi, жарыс жолында құйындай ұшқан аттарды, озып келген тұлпардың жөн-жосығын хабарлап жатқан диктор даусын үздiксiз музыканың басып кетуi қолайсыздық туғызатынын ұйымдастырушылар болашақта ескеруi керек секiлдi. Бәйге аяқталды… ал Көкбастаудың тұмса етегiн шашылған пластик құтылар, газет жыртындылары, түрлi қалдықтар жауып жатты. Бәйге аяқталды… бiрақ мына жерде қазақтар демалған дегiзердей қоқыс қалды. Беу, бiз нәзiк табиғатты қашан таза қалпында, бүлдiрмей қалдыруды үйренер екенбiз?!.

Жаңабек ШАҒАТАЙ