Жаңалықтар

ЖҰМЫССЫЗДЫҚ ДЕРТIНЕ «ЕМ» ҚОНБАЙ ЖҮР

ашық дереккөзі

ЖҰМЫССЫЗДЫҚ ДЕРТIНЕ «ЕМ» ҚОНБАЙ ЖҮР

Дағдарыстың кесiрiнен жұмыссыздық дертiне “ем” қонбай тұр. ҚР Статистика жөнiндегi агенттiк 2009 жылдың қаңтарында жұмыссыздық деңгейi 6,9 пайызға, ал тiркелген жұмыссыздар саны 0,7 пайызға жеткенiн мәлiмдедi. Бейресми деректердiң бұдан әлдеқайда жоғары екенi белгiлi.

Оның үстiне, күн сайын жұмыстан қысқарғандар, мәжбүрлi түрде ақысыз демалысқа жiберiлгендер, жалақыны айлап алмағандар саны үнемi өсiп келе жатқан сыңайлы. Деректерге көз жүгiртсек, жыл басынан берi еңбекке белсендi 8 млн. тұрғынның 580 мыңы табыссыз қалған, 9,5 мың адам еңбекпен уақытша қамтылса, елеулi тобы әлеуметтiк жұмыстарға жiберiлiп, 111 мың тұрғын қоғамдық жұмысқа тартылған. Шамамен 400 отандық кәсiпорын толық емес жұмыс аптасына көшiптi. 7 мыңнан астам жұмысшысы бар 25 кәсiпорын толық қаңтарылды. 70 мыңнан астам қызметкерi бар 220-ге тарта кәсiпорын жартылай жұмысын тоқтатып, 11,5 мың адам ақысыз демалысқа жiберiлген.

Соған қарамай кәсiпорындар тақырға отырмаудың амалын қарастыруда. Оның бiр амалы жұмыс орнын қысқарту, екiншiсi – жартылай жұмыс күнiне көшу арқылы айлықты 50 пайызға азайту. Әрине, жұмысшылар қыс айларында нәпақасыз қалмас үшiн мұнымен келiсуге мәжбүр болатыны түсiнiктi. Iрi компаниялар тығырықтан шығатын жол тауып жатса, шағын және орта бизнестiң жағдайы тiптi мүшкiл. Бiр ғана Алматының өзiнде шағын кәсiпорындардың 83 пайызы ары кетсе алты адамды, жетi пайызы он адамды ғана жұмыспен қамти алады. Мүлдем жұмыссыз қалған жандар Алматының Сейфуллин атындағы көшесi мен “Алтын орда”, “Көк базар” әмбебап базарының маңына қаптап жиналып тұрады. Мұнда екi қолына бiр күрек таба алмай жүрген жандардың көбi – жастар.

Бiр қарағанда бүгiнгi жастар дәл бiр түз тағысының тап басар қырағылығындай дәуiр ағымын дәл танып, жүзiп келедi. Олардың көбi шет тiлдерiн жетiк меңгерген, техниканың тiлiн именбей игерген, өмiр атты жағаны дүркiрей соғып жатқан асау толқындар iспеттес. Олардың көбi кез келген жаңалықты қуана қарсы алып, заман үдесiнен шыға бiледi. Десек те, жоғары оқу орнында оқығанмен, диплом алып үлгермеген, жұмыс iстеуге мәжбүр болған студенттер де аз емес. Оның себебi, киетiн киiм бағасы, жол ақысы, жоғары оқу орнындағы оқу ақысы жылдан-жылға көтерiлiп бара жатқандығы. Дағдарыс кезiнде, жылына орта есеппен мың жарым, екi мың АҚШ долларын тек баланың бiлiмiне ғана төлеуге барлық ата-ананың жағдайы келе бермейдi. Сондықтан ер балалар күзетшi, кондуктор болуға мәжбүр, диск сатып сауда жасаса, ал қыз балалар мейрамханаларда, “Oriflame”, “Avon” каталогтарын қолдарына алып тиын табуға тырысады. Ал мүлдем бiлiм алуға жағдайы жоқ жастар қара базарлардың маңында қара дорбаға киiмдерiн салып, кез келген жұмыс iстеуге дайын. Тiптi, күндiз-түнi арба сүйреп, “Дорога” деп жанұшыра айқайлап жүрген жiгiттердi көргенде олардың денсаулығы көп ұзамай-ақ мүлдем бұзылатынын ойлап жан түршiгедi. Базар маңында ақ шашты ағаларымыз бен ақ жаулықты аналарымыз да нан табудың жолын iздестiрiп, үмiтпен жүргендерi жетерлiк.

Сейфуллин көшесi несiмен атақты екенiн бәрiмiз де бiлемiз. Әрине, бiр кездерi бұл көше “хор қыздарымен” әйгiлi болса, бiр уақыттарда көше кезiп жүретiн бомждарымен жұртқа танылды. Талайдан берi арзан еңбек күшi – жалдамалы жұмысшылар толып жүр. Оның үстiне басқа елдерден келгендер, Қазақстан шекарасын заңсыз аттағандар да үйiрiмен осында.

Құқық қорғау органдардың деректерiне сүйенсек, елiмiзде адам ұрлау, қастандықпен кiсi өлтiру сияқты т.б. қылмыстардың 50-60 пайызын сырттан келген мигранттар жасайтын көрiнедi. Осы жұмыссыздыққа қарсы шаралардың iшiнде негiзгiсi – сырттан келетiн жұмыс күшiн шектеу болса, жастарды әскерге шақыру жұмыссыздықпен күрестiң негiзгi жолдарының бiрi болып отыр. Тiптi, Қазақстанда жұмыссыздық дертiне “ем” қонбай тұрғанын қазiргi кiшкентай бүлдiршiндер де бiледi. Ауыздарынан “кризис” деген шолақ сөздi естiгенде, тiптi шалқаңнан түсе жаздайсың. Заманына сай адам демей ме?! Осы заманның жағдайын қазiрден бастап бiлiп жүрген мектеп қабырғасында оқушыға “Кiм боласың?” десе “бизнесмен болам”, “банкир болам”, “экономист болам” деп таңдайы тақ ете қалады. Яғни, титтей бүлдiршiндер де жұмыссыздықтың өте ауыр қасiрет екенiн жақсы бiледi.

Айнаш МҰХАМЕДЖАНОВА, ҚазҰПУ студентi