Жаңалықтар

АТЫРАУ АСПАНЫН ШАРПЫҒАН АЛАУ

ашық дереккөзі

АТЫРАУ АСПАНЫН ШАРПЫҒАН АЛАУ

Осыдан 14 жыл бұрын ойда-жоқта өрт болған

Ежелгi дүниеден қалған аңыздарда адамдар “грек отынан” өлердей қорқатын. Аңыздар ғана емес, тарихи жазбаларда да су бетiндегi әскери кемелер бiр-бiрiне қарсы от лақтырып, өртенген кемелер теңiздiң тұңғиығына бiржола бататыны жиi айтылады. Берiк қамалды қоршауға алған қаһарлы жауынгерлер де май құйылған құмыраларды тас қабырғалардың арғы бетiне катапультамен қарша жаудыратыны жазылған.

Аспаннан алаулаған қою май — “грек оттары” үстiн-үстiне жауғанда жүйкесi берiк жандар ғана шыдайтыны бесенеден белгiлi. Адамзат тарихында өшпес iз қалдырған сол әйгiлi “грек отыңыз” кәдуiлгi мұнай, өзiмiздiң қазақша — жер май! “Мұнай — жердiң шерге толы қаны” деседi биiк пафоспен бейнелеп сөйлеуге құмар шайырлар. “Мұнай — адамзат тiршiлiгiне, барлық салаға аса қажеттi табиғи шикiзат” деседi материалист ғалымдар. Ақындiкi де — дұрыс, материалист ғалымдiкi де — мақұл.

Қалай десек те адамзат сол баға жетпес табиғи шикiзат — мұнайды бейбiт мақсатқа, даму мен өркендеу жолында пайдалануды үйренгенге шейiн талай трагедияны бастан кешкенi даусыз. Талай рет ойда жоқ апаттан ұмытылмайтын сабақ алған. Өмiрлiк тәжiрибенiң өзi кейде елеусiз, кейде қорқынышты сабақтардан тұратыны еш дәлелдеудi қажет етпейтiн қағида.

Қазақ даласы мұнай өндiру саласында осыдан 14 жыл бұрын — 1985-86 жылдары бұрын-соңды болып көрмеген апатты бастан кешкенiн бүгiнде бiреу бiлiп, бiреу бiлмейдi. Сол алапат өртке куә болғандардың өзi бүгiнде сол қорқынышты трагедияны бiртiндеп ұмыта бастағаны рас. Өйткенi, қарапайым адамның зердесi тұрақсыз, жады әлсiз. Турасын айтсақ, Қазақстанда мұнай өндiрiле бастағалы берi өткен 110 жыл iшiнде алаш жерiнде осыншалық экологиялық апат төндiрген өрт болып көрген емес-тi.

…1985 жылдың жазы қазақ сахарасында айрықша аптапты, ыстық болған. Ұшқан құстың миы қайнаған аптапқа қарамастан Атырау жерiндегi Теңiз кенiшiнде бұрғылау жұмыстары күндiз-түнi бiр тоқтамастан жүрiп жатты. Өйтетiн жөнi де бар: бұған дейiн сұрғылт даланың төсiнде осындай бай әрi аса терең кен орны әлi ашылған жоқ едi. Сондықтан да қара алтын — көмiрсутегi шикiзатының бай кен орнын игеруге бұрынғы КСРО-ның барша қиырларынан: Татарстан мен Сiбiрден, Волгоград пен Солтүстiк Кавказдан келген жер асты байлығын барлаушылар жергiлiктi мұнайшылармен бiрлесiп жер қойнауына алмас бұрғыны батыра түседi. Теңiз кенiшiнде алғаш рет аса терең жерасты бұрғылау және зерттеу жұмыстары қолға алынғанын айта кетсек те артық емес. Осыған байланысты бұл жерде алып КСРО-ның 20-ға жуық зерттеу институттары және өзге де аса қуатты ғылыми-өндiрiстiк бiрлестiктерiнiң бiлiктi мамандары тiзе қосып еңбек еткен. Әр күн жаңа табыс, әр күн жанұшырған тынымсыз еңбек. Сұрқай даланы жапқан қалың шаң тынысты бiтейдi. Жәй шаң емес, улы күкiрт қышқылы өкпенi қауып, көздi күндiз-түнi ашқызбайды. Бiр жұтым тұщы су табу қиямет-қайым. Адамдар ауыр еңбектен қажыса да бел жазуға батылдары жетер емес: қаһарлы коммунистiк партия Орталық Комитетiнiң бұйрығы қатал. Тез арада тағы бiр iрi жеңiс туралы рапорт берiлуi керек! 1985 жылдың маусым айында 4209 метр тереңдiктен мұнай мен газ аралас қойыртпақ алапат күшпен аспанға атылды. Апаттың басы-қасында болған куәлердiң айтуынша, жалпы ұзындығы төрт шақырымдық бұрғылау құбырлары салмақсыз қауырсындай көк аспанға ұшқан көрiнедi. Алапат өрт Атырау аспанын шалып, басқару бермей кеткен жалын 200 метр биiктiкке жеткен.

Белгiлi жазушы, драматург Рақымжан Отарбаев кейiнiрек бұл өрттi жаны түршiге жиi еске алатын. “Ойпыр-ой, мұндай өрттi бұрын ешкiм көрген жоқ. Ұшақпен биiк аспанда ұшып келе жатқанда иллюминатордан аспанға шаншылған өрт бағаны түн түгiлi күндiздiң өзiнде ондаған, тiптi, жүздеген шақырымнан алаулап көрiнедi. Тiптi, озон қабатының өзi өртенiп жатқанын да жүрегiң жылап сезесiң. Бәрiнен де бейкүнә құстарды айтсайшы!..

Сол өрт құс жолының бойында жатты ма, әйтеуiр бейшаралар ұшып келiп, тiрiдей отқа шыжғырылды. Ол ол ма, төгiлген су аралас мұнайдың айдынын теңiз деп қонып, қайта ұша алмай өлгенi қаншама?!” — дейдi қамығып.

Иә, қазақ даласындағы осы №37 бұрғыдағы өрттей апат, тiптi, КСРО-ның өзге жерiнде де болып көрмеген секiлдi. Өйткенi, бұл өрттi ауыздықтау үшiн бақандай бiр жыл жұмсалды. Бiрақ, сол кездегi цензураның күштiлiгi сондайлық, техногендiк апат туралы я қазақ газет-журналдары, я орталық басылымдар бiрауыз жақ ашқан емес. Ал мұндай өртке қарсы тәжiрибесiз өрт сөндiрушiлер тiлсiз жаумен күреске бар күшiн жұмылдырып, талай тәсiл қолданған. Тiлсiз жауды ауыздықтау үшiн жерастын көлбей бұрғы салды, жаңа көбiк шашқыштарды қолданды, тiптi, көп тонналық шойын жапқышпен өрт оқпанын жабуға тырысты. Сол кездегi КСРО-ның әскерилендiрiлген өртке қарсы отрядтарының барлығы дерлiк өртпен айқасып, экологиялық апатты ауыздықтау жолында аянбай күрестi.

Полтава отрядының взвод командирi Владимир Бондаренко тiлсiз жаумен күресте қайтыс болғаны кейiн ғана ашық айтылды. Қаратон, Сарықамыс елдiмекендерi тұрғындарының шеккен шығындары мен көрген азабы аз емес. “Теңiз шырағы” атанған осынау апаттан келген шығынның дәл есебi әлi күнге белгiсiз. Бiз бейқамбыз…Өткендi жылдам ұмытамыз. Теңiз аймағындағы бұл апатты да естен шығардық.

Атырау аспанын шарпыған өрт 1986 жылы жазда ғана ауыздықталды. Бiрақ сол өрттiң тәжiрибесiн елеп-ескере бермейтiндiгiмiз өкiнiштi. Әзiрге мұнайдың әлемдiк бағасының бiр өсiп, бiр төмендеуiн ғана тiлге тиек етiп жүрмiз. Ал аңыздағы “грек оты” әрқашан абай болуды талап етедi.

Жаңабек ШАҒАТАЙ