ЖОЛЫ БОЛҒАН ЖОЛАУШЫ
ЖОЛЫ БОЛҒАН ЖОЛАУШЫ
23-науырыз. Анкара – Ақсарай – Алтайкөй – Недия. Таң бозынан оянып, жеделдете көлiкке отырдық. Бiздiң өнерпаздар бес жүз шақырым жол жүрiп, түсте Алтай ауылында науырызды тойлап, кешке аймақ орталығы Недия шаһарында өнер көрсетпек. Қырат-қырқадан арылып ойпатты жазыққа қарай ойыстық. Барған сайын жер бедерi бiздiң арқаға ұқсай бастады. Жол шетiндегi көне үйлер бұзылып, жаңарып жатыр екен. Төстабаны ғана қалған. Станболдан, Анкарадан алыстаған сайын бұзылған қыстаулар мен қой қоралары бiздiң ауылдарды еске түсiредi. Тек майтабан жол ғана сүйсiндiредi. Түркияның солтүстiгi мен оңтүстiгiндегi өзен-судың қоймасы сияқтанған ұзындығы жүз елу шақырымдай Тұзкөлдi жағалай жүрiп келемiз. Тау қойнауындағы жайылған қой, көгерген егiн көзге ыстық. Ойпатты жазық болғандықтан да алыстан ақ күркеге ұқсаған жалғыз шоқы, Қайсары жотасынан тұмсықтана оқшауланып бiткен қарлы тау мұнарлана көрiндi. Ақсарай уәлаятының орталығынан өттiк. Жеңiл салынған, сергек қала. Әлгi басына бұлттан сәлде ораған мұнарлы қарлы шоқы тура қасқа маңдайымызға тiрелдi. Жүргiзушi бұл таудың атын “Хасан ата” деп таныстырды. Демек: Асан ата, Асанқайғы тауы – дегенiме жетекшiмiз Асқар да, ақынымыз Бекарыс та сенген нышан танытпады. Алайда сол тауды екi сағат бойы шыр айналдық. Әуелi иықтасты, одан кейiн желкемiзге шықты да көз ұшында ағараңдап отырды. Жазықтағы төбелерге қазақтар Қыземшек, Келiншектау, Жалғызтау, Жауыртау, Жайтөбе, Жалғызтөбе деп ат қояр едi. Мүмкiн, түрiкше аты Басыбиiк, Кесiкбас, Малтөбе ме екен? Сол қапталда Қайсары жотасын қаусыра орап келемiз. Нағыз қаншыл түрiктердiң – көк бөрiлердiң отаны. Жыл сайын “көк бөрiлер” Қайсарыда бас қосып, ұрандатып, “Бозқұрт” партиясының құрылтайын өткiзедi. Әскери үкiмет тұсында “Бозқұрттардың” өкiлдерi қудаланып, саяси түрмеге қамалыпты. Солардың қатарында түрiкшiл қазақтар да болыпты. Олар мұны мақтан тұтады екен. Қазiр үкiмет басына келуге үмiткер партияның бастысы. Бас бармағыңмен атсыз саусағыңды ортаншыға қосып, сұқ саусақ пен шынашағыңды едiрейте қойсаң кез-келген түрiк құшағын жая ұмтылады. Өңiрiне көкбөрiнiң белгiсiн таққан белсендiлер мен жастарды жиi көресiң. Ал бұл дегенiңiз Қайсары жотасының киесi болып саналады. Бiз де естелiкке алдық. Недияға келген соң бiлдiм, әлмисақтың тұсында көмiртауды жонып жасаған адамзат тұрағы атақты Каппадоки, түрiкше – Әсемкүйiк қонысы Ақсарайдың өкпе тұсында, Асан таудың желкесiнде, Недиядан жетпiс шақырым жерде қалып қойған екен. Ендi оған жете алмайтынымыз анық. Алтайкөйден Кiрқалаға (бiзше Шымкент) қарай жоталасаң көк бөрiлердiң жыл сайынғы әлемдiк бас қосуы өтетiн қыратқа .шығады екенсiң. Бұл –түркiлiк салт-сананың барынша сақталған мекенi.
Ретi келгенде осы арада айта кетейiн, жаңағы аспанмен тiлдескен қарлы шыңды жалғыз шоқының аты, шынында да, Асаната екен. Оның жөнiн сұрағанымда жергiлiктi жұрт: “Ежелгi заманда түркiлерге жақсы жер iздеген Асан әулиенiң ақ маясы бұлтпенен араласып келiп осы таудың басына шөгiптi. Асан әулие де сол шоқыда дүниеден қайтыпты-мыс. Бiздiң, түрiктер сол әулиеге iлесiп ат басын кiшi Азияға тiреген екен”, – деп түсiндiрдi. Демек, Жиделiбайсынды iздеп шыққан бабамыз Қайсары жотасына келiп желмаясын шөгерген. Арада он ғасыр өтсе де аңыз ұмытылмаған. Бұл, ендi, түбiмiз бiр екендiгiне тарихи дәлел. Сөйтiп, Асан қайғы атамыздың да әфсаналық зиратын көрдiк деп есептеймiз. “Отырар кiтапханасы” ғылыми орталығында Қалбан Ынтыханұлының аударуымен “Фолиант” баспасынан жарияланбақ қытай ғалымы Гайшан Лидiң “Бағылық оңғыттары” атты зерттеуiнде: ХII ғасырда Асан ата әулие ханға сәлем беру үшiн бес жүз iсек айдап Көкотқа келдi – деген тарихи шежiре дерегi келтiрiлген. Сонда, күншығыста қытай қорғанынан басталған Асанқайғының сапары Кiшi Азиядағы Қайсары жотасындағы Асаната шоқысында үзiлген боп тұр ғой. Мұның өзi кез келген жазушы, тарихшы, этнограф үшiн үлкен жаңалық. Бұл аңыз менi қатты тебiренттi әрi таңдандырды. Бiр өкiнiштiсi, үйде немерелерiмнiң ойыншығы боп жүрген фотоаппарат пен камераны алып шықпаппын. Басын бұлт шалған Асанқайғы әулиенiң тауын ендi көрудiң мүмкiндiгi бола қоймас, сiрә. Әй, қазақы қамсыздық-ай! Бұл аңызға қанаттанған менiң тiлiм шығып, көлiктегi бауырларым мен қарындастарымның бойын жазғым келдi. Бiр аптаға созылған үздiксiз жүрiс пен күнiне берiлетiн екi-үш концерт оларды әбден титықтатқаны анық. Талай “жын-ойнақты” көрiп жүрмiз-ғой, мына Ғазиз жетекшiлiк еткен “Аққудың” бишiлерi тәртiптi балалар екен. Жол ұзақ. Олар да бiр мызғып алып, ерiге бастаған сияқты. Асқар мен Бекарыс, Ғазиз үшеуiн қағыта бастадым. Шiркiн, қазақы тәрбиенiң жөнi бөлек қой. Арамыздағы Монғолиядан келген әншi Меруеш өзiнiң жайдары мiнезiмен, жеңiл әзiлiмен, жөнiмен ерулiге қару қайтарып отырды, сөйтiп, жол қысқарттық. Тура талтүсте осыдан алпыс жыл бұрын азаттық iздеп шыққан қазақтардың көшi ат басын тiреген, босып барып, шоғырлана қоныстанып, боталы елге айналған Недия аймағындағы “Алтай” ауылына да көңiлдi жеттiк. Бедерi қағыр, өкпек жел өтiн тiле есетiн, сұйық бетегелi, қырқалы жер екен. Тасығанда – мiнездi, жаз шыққанда – момын жыланшық өзендi жанай қоныстаныпты. Естiп-бiлуiмше, кезiнде батпақты, шымды жер болыпты. Соның ебiн тауып құрғатып, егiн салыпты. Мыңғыртып мал өсiрiптi. Естерiн ерте жиып, тез кеуделенiп, қоңданып алыпты. Алғаш салынған реттi үйлер – кәдiмгi қазақ кеңшары сияқты. Алтайкөйге 300 үй қоныстанып, бәрiне жер берiлiптi. Мұндағы қариялар Алланың аманатын берiп, сиреп қалыпты. Ал жастардың барлығы қалаға, оның iшiнде негiзiнен Францияға қоныс аударған екен. Үш жүз үйден отыз үй қалыпты. Мектебi болыпты, баланың аздығынан ол да жабылыпты. Соңғы екi-үш жылда қуаңшылық болып, егiн шөп шықпапты. Жер тақырланыпты. Сондықтан да күнкөрiсiн айырып отырған үш отар қойды былтыр сатып жiберiптi. Қазiр аттарын ерттеп, елпiлдеп отырған алакөңiл күйде көрiнедi. Тек кәрi тамырлар ғана жер тiстеп, тамырын қопартқызбай отыр – деп естiгемiн. Сондықтан да көңiлде алаң бар едi. Бiздi қалың қауым қарсы алды. Бәрi де жайдары. Ақшанқан қазақ үйi мен мешiттiң арасындағы шағын алаңқайға жиналған жұрттың қарасы недәуiр. Сөйтсем, сонау Кония университетiндегi қазақ студенттерi де науырызға осында келiптi. Iшiнде бiздiң алдымызды көрген шәкiрттер де бар екен. Ақ жаулықты, кимешектi кейуаналар шашу шашты. Өзiмiздiң ауылдағы арқа-жарқа тойдан айырмасы аз. Сол баяғы қаз-қатар тiгiлген киiз үй, қазан-ошақ, үйтiлген қойдың бас-сирағы, бүлкiлдеп пiсiп жатқан бауырсақ пен шелпек, оқтаулата жайылған еттiң жаймасы, ағаш табақ, кәрлен кесе, демiн iшiне тартқан сұрғылт шай… Қазақстанның елшiсi Бағдат Әмiреев пен Дүйсен Қасейiнов, қытай елшiсiнiң орынбасары (қазақтардың ата мекенiнiң өкiлi ретiнде) бiзден бұрын жетiптi. Қастарында аймақтың уәлиi бар. Бұл төрт адам және оған қосылып мен мейраммен ресми құттықтап болғанымызша бiраз уақыт өттi. Шығыс Түркiстанды еске сала отырып Қытайды да, Түркияны да, Қазақстанды да қабыстырып, жандарына қан құя еркiн сөйледiм. Соның iшiндегi басты пiкiрiм – жер, жер және жер туралы болды: “Қиямет қайымға дейiн дүние сан төңкерiледi. Ендi сендерге Өр Алтайдан бұшпақтай жер бұйырмайды. Қазақстанның жерi де пұшпақталып, бөлiнiп бiттi. Сол ұзақ сапарда сендердiң тамырларыңды осы жер көгертедi. Ұрпағыңды жерсiз қалдырсаңдар, нағыз Отансыз сонда боласыңдар. Түркiлiк тамырыңды тереңдете берiңдер”, – деген емеуiрiндi мазмұнда тiлек бiлдiрдiм. Бұл тiлегiм – шын тiлек. Бұл ұрпақтың ертең не қаладан, не даладан iзi табылмай қалып жүрмесiн дегенiм. Ендi қайтып түрiк елi тегiн жер бермейтiнi айдан анық. Алтайкөйдiң Мұстафа деген мұхтары (ауыл әкiмi) елшiлер мен әкiмдердiң қабағының сызылған көлеңкесiмен жүрдi. Әуелi Алтайкөйдiң қазақ қыздары би биледi. Жарасты, қаншыл балалар екен. Алыста жүрген адамның Отанға деген сағынышы да ерекше емес пе. Қарағанды облыстық Қали Байжанов атындағы концерттiк бiрлестiктiң “Аққу” бишiлер тобы мен әдемi дауысты ару Меруеш Башайдың, Гүлбану Серiктiң, Ержан Найманбайдың, Дәуренбек Әркеновтiң, домбырашы Балқан Смағұлдың өнерiн азаттық аңсаған ардагерлер мен олардың үрiм-бұтақтарымен бiрге арасы бес жүз шақырым Кония, Недия қалаларында оқып жүрген қазақ өренжiлерi (студентерi) де тамашалады. Мың шақырым алыстыққа қарамастан осы мейрамға Станбол мен Анкарадағы қандастарымыз да қатысты. Ресмияттан құтылысымен алтайлықтармен әңгiмелесуге асықтым. Бiр кезде азаттық iздеген көштiң жауынгерi, қазiргi тоқсанға тақаған кейуананың (…?) қасына барып отырып, сыр суыртпақтадым. Ескiнiң соңғы екi тамшысының бiрi осы анамыз. Әттең атын ұмыттым. Жаулықты аналар мен келiндердiң жел қаққан жүздерiнен иман нұры еседi. Түрiк пен қазақ құдандаласып кетiптi. Түрiк жеңгейлермен де сөз қағыстырып үлгердiм. Қайын мен жеңгенiң әзiлiн түсiнедi екен. Шешесi пәкiстандық Сұлтан Махмұт Секпан деген қатарласым осы науырыз мейрамы үшiн сонау Станболдан келiптi. Түрi – түрiк, тiлi – қазақ, молланың баласы болғандықтан да иманы ауызында. Еркiн сөйлесiп, жөн сұрасып, жай-жапсарға қанықтым. Ол менi Алтайкөйде ең бiрiншi салынған үйге алып барды. Қаңырап бос тұр. Мұндай үйдiң қатары бiразға дейiн созылады екен. Ауқаттылары қызыл кiрпiштен үй көтеруге ауысыпты. Бiзге жақсы таныс Әбууақап Қара да Станболдан осында келiптi. Мұстафа Шоқай туралы кiтап шығарған, Нұрғожа батырдың жазбасын баспаға дайындаған машһүр ғалым. Осы ауылдың аз оқыған түлектерiнiң iшiндегi көп оқығаны. Қазақ арасына аты бегiлi азамт. Қариялар аз. Азаттықтың көшiн бастаған батыр әрi шежiрешi Әтейхан атты ақсақал бар екен. Қалайда жолықтыруларын өтiндiм. Бiрақ, естуi қиын, сөзден қалды, жүре алмайды, қаiзр шамасы жоқ – дестi. Соған қарамастан Сұлтанмахмұт екеумiз құлшынып едiк, кететiн уақыт болды – дестi. Амал қанша, наурыздың көжесiн iшiп, Алтайкөйдiң дәмiн татып, асығыс тез аттандық. Бiз орнымыздан қозғалғанда ауыл мұхтары (әкiмi) әлгi ақсақалдың үйiне қарай кетiп бара жатты. Демек, Әтейхан ақсақалдың сәлем аларлық шамасы болғаны ғой. Шежiрешi, сауатты, парасатты, әдiл адаммен ақыры кездесе алмадық. Әбууақаптың жездесi екен, естелiгi болса бiзге жеткiзудi аманаттап тапсырдым. Недия қаласының кiреберiстегi үлкен көшесiнiң бiрiне Абылайдың ескерткiшi орнатылыпты. Алтайкөйге келген кониялық студенттер қайтып кеттi. Ауылдағылар қалаға уақытында жете алмады. Недияда бозқұрттардың сайлау алдындағы митингiсi өтiп жатыр. Сондықтан да университеттегi көрерменнiң шырқы келмедi. Қытай елшiсiнiң хатшысы Пекиндегi Ұлттар университетiнiң профессоры, декан Жан Дин Жиңнiң досы екен. Менiң онда сабақ бергенiмдi естiп, бiраз шүлдiрлестiк. Өзi түрiкшеге ағып тұр. Ол зиялы он қытайдың бiреуi бiлетiн “Дударай” әнiн айтты. Елшi Бағдат ағамыз шүлендiк танытып, дастарқан көңiлдi аяқталды. Бүгiнгi олжа Асанқайғы әулиенiң шоқысы. Екi өкiнiштiң бiрi – Әсемкүйiкке түспеген жол, екiншiсi – Алтайкөйде аяқталмай қалған концерт пен Әтейхан қарияға берiлмей қалған сәлем болды. 24-науырыз. Недия – Ережли – Қарапынар – Кония – Афион – Ұшар – Салихлы. Бизан мен Түркияға қатысты әскери жорықтардың қанды жолы болған, тарихтың таңбасы мен ат тұяғының тебiнiнен, жүздеген мың әскерлердiң жүздеген рет ары-берi сарсылуынан тықырланған осынау ойпатты көктей өту ойымызда болған шығар, бiрақ түсiмiзге кiрген жоқ. Ендi, мiне, Қайсарыға жонымызды берiп, өзiмiз мың рет үңiлген картаға қайта-қайта үңiлiп, әр шақырымды санап келемiз. Арысы жыл қайыруымыздан бұрынғы VIII ғасырдағы “ишгуз Ишпақайдан” бастап, Селжүк, Бейбарыс, Қараман, Османлы, Ақсақ Темiр, Баязид, Махмұд дәуiрлерiне дейiнгi барлық жорықтар осы ойпатта шешiмiн тапқан. Оның қайсыбiрiн тәпсiрлеп тауысасың? Ойдым ойпаттың алдынан оқыстан жұдырықтай түйiлген жұмыр шоқылар шыға келедi. Не алыстан мұнарланып иықтасып отырады. Өйткенi, соны айнала жүресiң. Оңтүстiкте тарихтағы тағдыры бұлтаң, бiрақ күнi бүгiнге дейiн тұздығын сақтаған Қараман хандығының байтағы Қараман қаласы Ережлиден жүз шақырымдай екен. Тауды етектей мұнар жамылып қалып барады. Қараман – ғазынауилердiң де, селжүктердiң де, монғолдардың да, яғни, әскербасы Кетбұғаның да, мәмлүктердiң де, яғни, Бейбарыстың да, османлылардың да, арабтардың да көңiлiн тауып дербестiгiн сақтап қалған сұлтанат. Қазiр де қарамандықтардың тәртiбi мен ұстанымы өзге түрiктерден оқшау. Сұлтанаттық дәстүр қатты сақталған. Қайсары, Недия, Қарапынар, Конияның түрiкшiлдiгiнiң тумысы бөлек. Әйтеуiр осынау ойпаттың жер бедерiн жанарыма сыйғызып, жадымда ұстауға тырыстым. Түнемелiмiз – батыстағы Маниса уәлаятының Салихлы қаласы 800 шақырым. Кешкi сағат жетiге үлгеруiмiз керек дестi. Аспанмен ұшатын емес, Ал жүргiзушi сағатына 80 шақырымдық жылдамдықтан асса, айып салынады. Айыппұл екi жүз доллардан кем емес. Ойпатты ойсырата отырып, еш бөгелместен Қарапынарға көз қырын ғана салып, Конияға бет бұрдық. Жолбасшысы Асқарға: “Дегенiңе көнейiк. Ораза ұстайық. Бiрақ Конияға соқпай, Мәуланаға тәу етпей, Қожанасырдың бейiтiн көрмей, аттап баспаймыз. Не Бекарыс екеумiздi қалдырып кет”, – дедiм. Бұл сөзге Асқардың уәж табуы қиын едi. Өзгелер де қосылды. Бүкiл Түркияны үш рет көрсең де Конияны көрмесең Түркияны көрмедiм деп есептеу керек. Тарихи оқиғаларды былай қойғанда, Конияда барша түркi жұртының түп-тұқиянынан бастап өзiне дейiнгi барлық тұқымының түбiрi табылады. Сауылдап келiп жатқан ұлы көшпелiлердiң бәрi осы қоңыржай белдеуде орналасқан Конияның қолтығына тығылған. Софылықтың, яғни, түркi даналығының ұйыған мәйегi. Ойымды қалай жеткiзерiмдi бiлмей тұрмын. Бұл – аңызға айналған паша Аладдиннiң, Муәлана атанған Жалаладдин Румидiң және … өзiмiздiң Қожанасырдың Отаны! Ендi оған бас сұқпай өтiп көр. Өзiңдi өзiң өмiр бойы кешiрмей өтерiң хақ. Түркияның барлық үлкен шаһарлары сияқты Конияда да көлiк кептелiсi бар. Бiрақ бүгiн сайлау алдындағы жиналыстар көшеге шыққан күн екен. Ортада тұрған Аладдиннiң сарайтөбесiн төрт айналып, есiк пен төрдей жердегi Мәулананың мавзолейiне әзер жеттiк. Екi тұтам көшеге екi сағат уақыт кеттi. Бекарыс пен Асқар бұрын көрiптi. Жол бастады. Соның өзiнде қақпаның алдына тоқтаған көлiктен қақпаға жетiп үлгергенше үш адам сәлемдесiп, жөн сұрасты. Ноғайлардың алдыңғы көшiмен келген қыпшақтар, ноғайлының екiншi көшiмен келгендер, Кеңес тұсында көшкен ноғайлар… Бәрi де өздерiнiң ең жақын туысы қазақтар екенiн бiледi. Сол үшiн де тоқтатып сәлем берiп, жөн сұрасып тұр. Сөздерi де сондай түсiнiктi. Ауылына, үйiне шақырады. Домбыралары да бар көрiнедi. “Түрiктендiк, бiрақ ноғайлығымызды ұмытқамыз жоқ”, – дейдi. Мiне, қаншыл деп ноғайларды айт! Сөйтсек, Конияда тұқымы жоқ түркi елi жоқ екен! Жә!.. Мәулана! Мәулана! Мәулана! Мәулана – исi түркi дүниесiнiң көркем ойлау жүйесiнiң Отаны. Ән, әуен, сөз, сурет, би, сәулет өнерiнiң ұйытқысы. Он сегiз мың ғаламның сырын бiлген “толық адамдардың” даналық ұясы. Барлық софылық ой тоғысқан тоғыз тарудың өрiм басы. Қазақтың Абайға дейiн де, Абайдан кейiн де нәр алған тұнығы. Нақшбанди, Яссауилердiң тассауыптарының тамыры. Жалаладдин Румидiң тұсында Конияға жиналған софылар өзiнiң көркем ойлау жүйесiн бүкiл түркi жұртына түркi тiлiнде таратқан. Сөздiң әр һарпiнен, музыканың әр тактiсiнен, әр саусақтың қимылынан, әр суреттiң сызығынан мағына iздеу және мағыналандыру осы Мәулана деңгейiне көтерiлген Румидiң даналық мектебiнен бастау алған. Ойға ұйыған кезiнде бiр орында екi сағат шыр айналып билеу олар үшiн қалыпты көрiнiс. Өзгенi былай қойғанда, сол көп софылардың бiрi Қожанасырдың көркем ойлау жүйесiн алыңызшы. Өзi терiс бiткен бұтақты терiс отырып кесуi қандай қисынсыздық! Иә, ол сол арқылы мынау бетiн терiс берген, жалғанын жарыққа қалдырып, ақиқатын iшiне сақтаған жалғанды мазақ қылып тұр емес пе? Ауласына кiрiп, құран оқыдық. Ал iшiне кiргенде … дымым шықпай қалды. Даналықтың мысы басып, өзiңдi ойға жетелейдi. Мәулананың өзiнiң қабiрi оң қапталда, биiк алып тас қабiр. Қабiр тасының барлығы ғұсни хатпен жазылған. Бас жағында үлкен екi сәлденiң сүлбесi қойылған. Өзгелерiнде бiр-бiрден. Ұзына бiр сарын естiлiп тұрады. Егер уақыт қыспаса мен осы күйi үш күн, үш түн тiзерлеп тағзым етуге пейiлдi сияқты көрiндiм. “Яссауи” ән тобына арнап Светқали бауырым аударған Мәулананың “Мәңгiлiк өмiр ағашы” туралы: «Ей, бақыттың иесi! Болсын сенiң тiлеуiң, Екi жол тұр алдыңда, таңда, қане, бiреуiн. Бiрi – фәни дүниеде жасыл желек жамылып, Бар тiршiлiк жетедi жемiсiңдi сағынып! Екiншiсi – Жәннатта, дәмiң тiлдi үйiрiп, Дарақ болып тұрасың, бұтақтарың иiлiп!”. Ұстын сонда зар еттi, мас қып шаттық шарабы: “Болайын, – деп, – мәңгiлiк Ақыреттiң дарағы!”. Ғафыл қалма, бiл, таны, ей, адамның ұрпағы, Кемсiң бе осы ағаштан, айналаңнан сыр таны. Жансыз ағаш зарлайды, көрсем деп Хаһ дидарын, Халифасы құдайдың, қайда сенiң иманың?», – деген өлең жолдарын еске түсiрдiм. Мавзолейдiң iшiнде мәуланалардың кiтаптары, қолжазбалары, ғаламды түсiндiрген сызбалары, би мақамын бiлдiретiн саусақтардың сызбалары, ең соңында пайғамбардың бiр тал сақалы сақталыпты. Алтын жалатқан кiтаптарға бiз түгiлi еуропалықтардың өзi бас көтермей қарап қалыпты. Асыққан Асқар сүйрегендей етiп шығарды. Ал Қожанасырдың ауылы – “Ақшаһар” деп аталады. Зираты қияға қойылып, еңiске қарай құлап бара жатқан қабырғасының жоғары жағынан сүйеу қойылған. Есекке терiс мiнiп тұрған мүсiнi, “Өлген қазан”, “Алтын құмалақтайтын есек” туралы тәмсiлдер бейнеленген айкелдер бар. Жыл сайын мында дүние жүзiндегi қожанасыртанушы ғалымдар келiп, ғылыми конференция өткiзiп тұрады. Кония университетiндегi көне түркi ескерткiштерiнiң көшiрмелерiнiң өзi де бiр тарихи галерея, – дегендi естуiмiз бар едi. Оған уақыт мұрша бермедi. Осыдан кейiнгi жол Станбол мен Анкараның арасын еске салды. Қайтадан үстiртке көтерiлiп келемiз. Бiр төбенiң астынан – қар, келесi қойнауда – жаңбыр, үшiншi асуды асқанда – бұршақ жауып, келесi тұмсық құп-құрғақ болып, алмасып отырды. Ойпат бiтiп, асуға шыққан соң, алдымыздағы – теңiздiң, артымыздан – шөлейттiң ауасы аңғарда тоғысып, арпалысқан ауаның майданынан айналды. Қайшыласқан ауа райымен осылай арпалысып әйгiлi ақ мәрмәрдiң Отаны – Афионнан өттiк. Афионы да, мәрмәрi де Шығыс Рим мен ежелгi Бизан заманында аңызға айналған. Мәрмәр оймаларының шеберханаларын жол шетiнен шолып келемiз. Әскери ұшқыштардың қосыны орналасқан Ұшар қаласының қызылды-жасылды оттары да қыр желкемiзде қалды. Он екi сағат аяқ жазбай жүрiп келемiз. Салихлыдағылар да тынышсызданып жатыр. Мен де жағаласып оларға тапсырма берiп жатырмын. Қойшы, асу-асу белдерден асып Салихлыға да түнгi сағат онда жеттiк-ау! Менiң меншiктi “пәледием” Шүкiрәли тосып алды. Бiрден: “Тапсырма орындалды ма?”, – дедiм. “Салихлыдағы бар термосты жиып, ыстық, қызыл, қою және тегiн шәй дайындап қойдым”, – дедi. Жеделдете құшақтаса танысып, табысып, дәмханаға кiрдiк. Аялдайтын несi бар, бiрден төрге озып: “Ал, құй!..”, – дедiм. “Аққулардың” да таңдайлары қаңсып қалған екен. Меруеш пен Дәуренбек, Ғазиз: “Ағамыздың қасына өзiмiз де бiр отырайықшы”, – деп жайғаса бастады. Дәуренбектiң көзi қысылса, ар жағында не дейтiнiн бiлем, бiлем. Бес минуттың iшiнде бес термостың да түбi көрiнiп шыға келдi. Көпшiлiктi сусатқан самауырда арман не? Бiздi тау iшiндегi Арасанға орналастырды. Арасанның суы бойды балбыратып, буынды босатып, сыздаған балтырды тыныштандырып, ұжымақтың ұйқысының құшағына кiргiзе бердi. Бекарыс көкем қазiр үрдiң қыздарының ортасында жүрген болуы керек, рахаттана пысылдайды. Тұрсын ЖҰРТБАЙ Жалғасы бар