Жаңалықтар

«КIТАП ЖАРШЫСЫ» ГАЗЕТI, №8

ашық дереккөзі

«КIТАП ЖАРШЫСЫ» ГАЗЕТI, №8

Республикадағы кiтапқұмар қауымның көзайымына айналған басылымның бұл санында ең алдымен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң Мәдениет комитетi мен ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң назарына ұсынылған «Балалар кiтабы» қоғамдық қорының президентi Қанат Қайымның «Акция — мақсатты әрекетке құрылуы керек» атты мақаласы көзге түседi. Автор ҚР Мәдениет және ақпарат министрлiгi өткiзiп келе жатқан «Бiр ел — бiр кiтап» акциясының ақсап жатқан тұстары туралы айта келiп, оны дұрыс деңгейде өткiзу жөнiндегi өз ұсыныс, тiлектерiн ортаға салады.

Сондай-ақ, газеттiң бiрiншi бетiнде «Тамыз конференциясының қарсаңында» атты айдармен Алматы қалалық Бiлiм басқармасының бастығы Рахат Шимашаевамен сұхбат жарияланған. Сұхбаттың басты сауалы — жаңа оқу жылында жаңа оқулықтармен қамтамасыз етiлу жағдайы қандай? Осыған орай, оқулықтардың шығарылуы жөнiнде «Мектеп» баспасының бас директоры Ерлан Сатыбалдиев мырза шағын мақала түрiнде ақпар берген.

Ал, әдебиет сыншысы, профессор Құлбек Ергөбек басылымға берген сұхбатында балалар әдебиетiнiң мәселелерi жөнiнде терең ой толғайды.

Ақын, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты Ұлықбек Есдәулет «Жәдiгерге жан салған» деген мақаласында Шыңжан қазақтарының рухани мәдениет үлгiлерiн айта келiп, сол үлгiлердi Затаевич тәрiздi жанкештiлiкпен жинаған Долда Кенешұлын оқырманға таныстырады.

Газеттiң осы санынан соңғы жылдары шыққан кiтаптар туралы ақпаратқа қаныға отырып, әдебиетке және кiтаптарға авторлық құқықтар жөнiнде маманнан түсiнiктеме алуға болады.

«Кiтап жаршысы. kz — Друг читателя» газетi қазақ және орыс тiлiнде айына бiр рет шығады, индексi 64222. Басылымға жыл бойы жазылуға болады. Егер әр айдың 10-ына дейiн жазылсаңыз, келесi айдан бастап «Кiтап жаршысы. kz — Друг читателя» газетiн алып тұруға мүмкiндiгiңiз бар.

Ж. Баққондыұлы