Жаңалықтар

“РАДИО NS” МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛДЕ СӨЙЛЕЙДI

ашық дереккөзі

“РАДИО NS” МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛДЕ СӨЙЛЕЙДI

Радио — ақпаратты жедел-ғабыл түрде тарататын насихат құралы. Әсiресе, қазiргi уақытпен арпалысқан заманда радионы кез келген ортада, қоғамдық көлiкте, үйде, тiптi ұялы телефон арқылы да тыңдауға болады. Радионың басқа бұқаралық ақпарат құралдарынан ең басты ерекшелiгi мен айырмашылығы да осында.

Елiмiз тәуелсiздiгiн алып, өзiнiң мемлекеттiк тiлi — қазақ тiлiн айқындап алғаннан кейiн БАҚ-на деген талап та күшейдi. Ақпараттық жүйемiздi жаулап алған ресейлiк басылымдарды бiр шетке ысыру үшiн мемлекетiмiздiң ақпарат құралдарының да алар орны, бет-беделi мықты болуы тиiс едi. Ол үшiн сөз бостандығына ерiк берiп, қоғамда орын алып жатқан ащы шындықтарды бүкпесiз айту негiзгi мiндетке көштi. Сондықтан да қазақ билiгi кеңестiк кезеңдегi идеологияның сарқыншақтарын бiрте-бiрте жоюға, есесiне мемлекеттiк тiлдiң үстемдiк алуы мен оның қоғам арасында дендеп енуiне бiршама күш салды. Кез келген iстi қолға алғанда оны тамшы iспеттес дүниеден бастау заңдылық. Осы тұрғыда елiмiздiң БАҚ-на қойылған 50х50 талабы әжептәуiр нәтиже берiп келедi. Әрине, бұл талап кейбiр жекеменшiк телеарналарға шыбын шаққан құрлы әсер етпесе де, заңның аты – заң. Тiптi, кезiнде мемлекеттiк тiлде хабарлардың көбеюiне жаны ауырып, соттан сотқа сандалған ұлт жанашырларының да жанайқайы тектен-тек емес. Бәрi де өзiмiздiң отандық БАҚ-тың қазақ тiлiн құрметтеуiн көксеу едi.

Әлбетте, қазiр мемлекеттiк тiлдiң дамуына радионың да қосып жатқан үлесi басым. Бiр кездерi жиiлiктен ресми тiлде орын алған “Радио NS” те бүгiнде мемлекеттiк уақыт эталонын беретiн электронды ақпарат құралына айналды. Нәтижесiнде мемлекеттiк тiлдегi бағдарламалар бөлiмiнiң мамандары “Бақ туралы” Заңның талаптарын орындап, қазақ тiлiнде тәлiм-тәрбиесi мол хабарлар дайындауға ерекше мән берiп келедi. Әсiресе, соңғы екi-үш жылдың көлемiнде “Радио NS” — тiң күндiзгi уақыты қазақ тiлiндегi ақпараттық-сауықтық бағдарламалармен толықты. Осы кезде “Радио NS”-тiң әуе толқынында “NS-тiң таңғы шашуы” атты ақпараттық-сауықтық әрi танымдық бағдарлама тарай бастады. Телефон арқылы тiкелей толқында тыңдарманмен тiлдесетiн хабар жүргiзушiлерi көптiң көкейiнде жүрген ұлттық мәселелердi қозғайды. Бұдан бөлек тiл тазалығына арналған “Тiлтану”, ақпараттық-сараптамалық “Екпiн” және “Қазақ баспасөзiне шолу” бағдарламалары тыңдарманның жүрегiне жол тауып жүр.

Бүгiнде “Радио NS” бүкiл Қазақстанға тарап үлгерген. БАҚ iшiнде беделдi орынға ие болып отырған — “Радио NS” те “БАҚ туралы” және “Тiлдер туралы” Заңдардың талаптарын орындауға атсалысып келедi. Бұл игi шара басқа да радиолар мен телеарналарда жалғасын тапса құп болар едi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ