Жаңалықтар

РУХТЫ ОЯТАТЫН КIТАП

ашық дереккөзі

РУХТЫ ОЯТАТЫН КIТАП

“Белгiлi журналист Гүлжанат Шонабай құрастырған “Айбынды қазақ — Айдын Халықұлы” атты кiтаптың басты кейiпкерi — ұлтын жанындай сүйетiн ұлан, туған ұлтының тiлi мен намысын шырылдап қорғаған Айдын зұлымдықтың құрбаны болды. Бiрақ ауылдың қарапайым ұлының қайсарлығы, өнегелi iсi, ерлiгi бүкiл республиканы дүр сiлкiндiрдi, елiне рух бердi”.

Кiтаптың алғысөзiне “Қазақстан-Zaman” газетiнiң бас редакторы Ертай Айғалиұлы осылай деп жазған. Кiтаптың бiрiншi бөлiмi – “Малыбайдағы қанды оқиғаға ненiң салдары?” деп аталынады. “Ұлт тағдыры” қозғалысының төрағасы Дос Көшiмнiң, Гүлжанат Шонабайдың, Шаяхмет Құсайынұлының, Жанбақыт Боранбаевтың, Қуаныш Мұқтайдың, Мұрат Алмасбекұлының, Динара Мыңжасарқызының, Ерiк Рахымның мерзiмдiк басылымдарға жарияланған мақалалары жинақталған. Олар 2008 жылы 26 маусымнан 27-не қараған түнi Малыбайда ұйғыр бұзақылары Айдын Халықовты қалай азаптап өлтiргенiн егжей-тегжейлi зерттеп, сараптама жасап жазған. Шелек пен Еңбекшiқазақ аудандарындағы құқық қорғау органдары қызметкерлерiнiң бұл қанды оқиғаға немқұрайлы қарағаны, қылмыстың алдын алмағаны, қылмыскерлердi дер кезiнде тұтқындамағаны ашық айтқан. Аудан әкiмшiлiгi тарапынан жiберiлген кемшiлiктер де кiтаптан көрiнiс тапқан. Малыбайдағы көше аттары тек жалпыға белгiсiз ұйғыр есiмдерiнен қойылғаны, ауылға кiре берiстегi “Ата жұртым — алтын бесiгiм” сөзi тек ұйғыр тiлiнде жазылуы, мектепте тек ұйғырлардың танылмаған тұлғаларының суреттерi iлiнгенiн аудан әкiмшiлiгi қалай көрмеген! Сонда жер кiмдiкi, ел қай халықтың атында, мемлекеттiк тiл кiмнiң тiлi? Кiтаптың екiншi бөлiмi – “Айдын жайлы айтамыз” деп аталынған. Мұнда Айдынды жақсы бiлетiн бауырлары, төрт баланың анасы атанған жан-жары, бiрге өскен достары және тағы басқалар оның өмiрде қандай адам болғанын, елiн, жерiн, ұлтын жан-тәнiмен сүйгенiн, сол үшiн де құрбандыққа барғанын айтады. Айдынның жесiрi Несiпкүл: “Әлi есiмде. Шелектегi қырғынды естiген кезiмiз. “Ауылда жатып, осы түк бiтiрмесем де, ұйғырша жазуды құртайыншы”, — деп бекiндi бiр күнi Айдын. Алдында Байсейiттегi әкiмшiлiкке барып, әкiм Гүлпам Мәметоваға оның орынбасары Мықтыбек Шыныбековке: “Неғып алып тастамайсыңдар? Тегi мықты болсаңдар, алдымен қазақша жазыңдар, сосын ұйғырша жазыңдар. Бадырайтып көшенiң басына қойыпсыңдар”, — деп ескертiп бiрнеше рет айтты. Өзi әкiмшiлiкке үйдiң, жердiң құжаттарын жөндеу үшiн көп баратын. “Айттым, әй бiрақ… өз қазағың құлақтарына да iлмейдi, намыстары да келмейдi”, — деп кiжiнiп қоятын”. Осы бiр естелiктен-ақ Айдынның елiне, жерiне адалдығы көрiнiп тұрған жоқ па. Кiтапта оның азаматтық тұлғасын жан-жақты ашатын мұндай естелiктер жеткiлiктi. Үшiншi бөлiм – “Сергелдең” деп аталынған. Бөлiмде Айдын Халықовтың өлiмiне байланысты журналист Гүлжанат Шонабай жазған зерттеу мақалалар Iшкi iстер бөлiмi қызметкерлерiнiң назарына iлiнiп, журналистi қалай жауапқа тартқаны баяндалған. Журналист “Бiр қазақты екi ұйғыр неге өлтiрдi?” және “Малыбайдағы “маңқа қазақ” бейшаралығына күйiнедi” деген мақалалары үшiн тергеушiлердiң сергелдеңiне түскен. Мұнда тергеу iсiнiң құжаттары да жарияланған. Мақала тақырыбындағы “маңқа қазақ” сөзi үшiн Гүлжанат Шонабай сотты болды. “Аллажар” қолдау қорының төрағасы Марат Бөтеев сот iс қарауы кезiнде: “Тұрақты теңеулер сөздiгi” кiтабынан мыңға жуық кең қолданыста жүрген сөз тiркестерiнiң iшiнде “айым”, “күнiм” дегенмен қатар “маңқа”, “билiктiң итаяғынан су iшiп жүрген” дегендердiң барын алға тартты. Сонымен бiрге ол биылғы жылы елдегi бiрқатар басылымдарда жарық көрген жазушы, депутат Әбiш Кекiлбайдың мақалаларынан үзiндi оқып, аталған автордың да “маңқа қазақ” деген сөз тiркестерiн қолданғанын даулы тiркестiң ғайбат сөз еместiгiне дәлел ретiнде келтiрдi”. “Ұлт тағдыры” қозғалысының төрағасы Дос Көшiм: “…Бұл сот iсiндегi ең басты “қызық” — журналист Г.Шонабайды сотқа берушi жақтың әлi күнге дейiн анықталмауы. Ал жәбiрленушi жақ болмаса, сот iсiнiң басталып кетуi тағы бiр сұрақ тудырады. Ақыр аяғында журналистi сотқа берушiнi өзiмiз iздестiруге кiрiстiк. Бiрақ, бiздiң бұл жұмысымыз да нәтижесiз аяқталды”, — деп жазады “Жас қазақ” газетiнiң 2008 жылғы 28 қарашада жарық көрген №47 санында. Осы газеттiң сол жылғы 7-қарашадағы санында қоғам қайраткерi, iрi ғалым Амангелдi Айталы былай дейдi: “Әрине, екi ұлт өкiлiнiң арасында дүрдараздық туып, бiр-бiрiне қол жұмсап, қару алып ұмтылып жатса, бұл оқиға қалайда ұлтаралық маңыз иеленедi. Оның баспасөз бетiне шығуы да сондықтан Ал журналистi айыптау — мәселенiң байыбына терең бармау деген сөз”. Кинорежиссер Қалдыбай Әбеновтiң сотта сөйлеген сөзiнен: “Әрбiр өркениеттi мемлекетте — Францияда, ең әуелi француз халқының мүддесi қорғалады. Мемлекеттiк тiлi, рухани құндылықтар мен тарихы қорғалады. Олар өз елiнде ғана емес, шет жақта жүрген Франция азаматтарының да құқығын қорғайды. Сол сияқты Германияда — немiстердiң, Түркияда — түрiктердiң және көптеген басқа елдерде де ұлттық мүдделерi қорғалады. Унитарлы мемлекеттердi айтпағанда, құрамалы-федеративтiк мемлекеттерде де, мысалы Ресейде ең әуелi орыс ұлтының мүддесi қорғалады. Осындай жағдайлар барлық өркениеттi елдерде орын алған. Барлық заңнамаларында да, Ата Заңдарында да ұлттық мүдденi қорғау мемлекеттiң қауiпсiздiгi ретiнде қабылданған”. Ал бiзде ше? Айдын Халықұлының қорғаны сол ұлттық мүдде емес пе? Журналист Гүлжанат Шонабай соның ақиқатын, болған жайда ғана жазды. Бар кiнәсi сонда ғана. Кiтаптың төртiншi бөлiмi — “Қоғамдық пiкiр”. Бұл бөлiмде осындағы ұйғыр диаспорасының Қазақстанға келу тарихы, осы жерде өркендеуi, ұлттық-мәдени орталықтарының, театрының ашылуы жалпы өкiмет тарапынан оларға жасалынып жатқан қамқорлықтар қамтылған. Сондай-ақ, Қазақстан бiрiккен Ұлт патриоттары қозғалысының “Ұлт қалқаны” комитетiнiң Алматы облысы, Шелек ауданындағы ұйғыр және қазақ жастарының қақтығысына байланысты құрылған комиссияның есебi жарияланған. Журналист Гүлжанат Шонабайдың бұл кiтабына жинақтау еңбегiнiң мәнi мен маңызы зор. Түсiне бiлген жандарға ол елдiң тыныштығы, келешегi үшiн үлкен қауiптiң алдын алып отыр. Оны халқы соттаған жоқ. Қайта құрмет тұтты. Сондай-ақ ол осы кiтабы арқылы ұлт мүддесi үшiн өмiрден ерте кеткен Айдын Халықұлындай шын патриоттың есiмiн мәңгiлiкке өлместей еттi.   К.АДЫРБЕКҰЛЫ