МӨЛТЕК АУДАНДАҒЫ КIТАПХАНАЛЫҚ ТIЛ ОРТАЛЫҒЫ

МӨЛТЕК АУДАНДАҒЫ КIТАПХАНАЛЫҚ ТIЛ ОРТАЛЫҒЫ

МӨЛТЕК АУДАНДАҒЫ КIТАПХАНАЛЫҚ ТIЛ ОРТАЛЫҒЫ
ашық дереккөзі

Павлодар қаласында тiл үйрету курстары аз емес. Былтыр есiгiн айқара ашқан “Достық үйiнде” орналасқан “Ана тiлi” орталығы да мемлекеттiк тiл үйретудi қолға алған. Мақсат-мiндеттерi айқын, заман талабына сай жақсы осы мекемеде мемлекеттiк тiлдi оқыту жақсы жолға қойылған.

Десек те қаланың шағын аудандары тұрғындарының, олардың iшiнде өзге ұлт өкiлдерiнiң, қазақ тiлiн үйрену құқын iске асыру жағына көңiл бөлу қажеттiгi байқалады. Өйткенi жұмыстан шаршап-шалдығып шығып, үй-жайына кеш оралатын азаматтар қаланың бiр шетiнен екiншi шетiне, не орталығына жету үшiн тиын-тебенiн қоса бiр сағат немесе сағат жарым уақыт шығындайтыны бар. Сөйтiп, оқу түгiл отбасына бөлетiн уақыты қалмайды. Сондықтан да оқығысы келсе де, мемлекеттiк тiлдi бiлу парыз болса да уақытының тапшылығынан ешқайда шыға алмайды. Сондай жағдайдағы қалалықтарға тiл үйрету арқылы олардың конституциялық құқықтарын iске асыруға болады, мемлекеттiк тiлдiң өз тұғырына қонуына үлесiмiздi қосамыз. Бұл – әр шаңыраққа қазақ тiлiн ала келетiн, отбасында қазақ тiлiнде сөйлесу дағдысын қалыптастыратын жоба болмақ.

Қазақ тiлiнiң мемлекеттiк тiл шекпенiн кие алмай тұрғанына аға буынның Кеңес кезiнде орысша тәрбиеленiп, орыс тiлiнде бiлiм алғаны, сол ұрпақтың қазiр жұмыс басында да мәжбүрлiкпен өзге тiлде сөйлесетiндiгi кедергi келтiрмей тұрған жоқ. Күнi бойы орыс тiлiнде шыққан сөз, шаңырағына оралғанда да күндiзгi жұмыскердiң – кешкi ата-ананың аузына өздiгiнен түсе бередi. Барлық жердегi жағдай осы. Тiптi, қазақ мектебiн тәмәмдаған ұл-қыздар мекеме-кәсiпорындарға барғанда көпшiлiк ұғу үшiн, қалыптасқан үрдiс болғандықтан, орыс тiлiнде сөйлеуге мәжбүр болады, тiлiн ақырындап ұмыта бастайды, өйткенi қазақша сөйлейтiн орта жоқ. Кейде бiр-екi ауыз сөз айтқандары болмаса.

Жоғарыда айтылғандарды түйiндей келе, мынадай ұсыныс енгiземiз: қаланың шеткерiрек орналасқан мөлтек аудандарында мемлекеттiк тiл орталықтарын ашу. Шағын аудан азаматтары қазақ тiлiнде әдебиет оқысын, гәзет-жорналдармен сырлассын, сонда ғана шаңыраққа бата-тiлек, мақал-мәтел, аңыз-әңгiме оралады. Аға ұрпақ ұл-қыздарымен, немере-шөберелерiмен ана тiлiнде сөйлесе бастайды. Бұндай орталықтардың қажеттiлiгiн жүрiп-тұруы қиын қариялар да, аяғы ауыр әйелдер де, нәрестелi аналар да растайды. Ал бала-шағаның қала iшiнде өз беттерiмен сенделуiн олардың өмiрiне қауiпсiз емес десек, тiл орталығының қажеттiлiгi – заман талабы екендiгiн аңғартса керек.

КIТАПХАНАЛЫҚ ТIЛ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ НЕГIЗГI МАҚСАТТАРЫ МЕН МIНДЕТТЕРI:

– Тұрғындарды Қазақстан Республикасының тiлге қатысты заңдарымен, заңдық күшi бар актiлерiмен және негiзгi бағдарламалармен таныстыру, ондағы басты-басты бағыттардан хабардар етiп, насихаттау;

– қазақ тiлiн әр деңгейде жылдамдатып игерту тәсiлдерiне бағытталған үйiрмелер, курстар ұйымдастыру және репетиторлық, өзiндiк дайындық т.б. жолдармен оқыту;

– мемлекеттiк тiлге қатысты дәрiстер, пiкiрсайыстар, семинарлар, кеңестер өткiзу;

– “Наурыз – жыл басы”, Тiл күнi мерекелерiнiң сцениарийлерiн дайындасып, өткiзудi ұйымдастыру;

– Абай, Сұлтанмахмұт, Мұқағали, Ахмет, Мағжан сынды ақын-жазушылардың шығармашылығына арналған шараларға қатысуға дайындау;

– тiлдiк бiлiмiн анықтау мақсатында сауалнамалар, тестiлер өткiзiп тұру, социолингвистикалық зерттеу жүргiзу, сұрақтарға жауап беру, тiлек, сын, ескертпелерiн қабылдау;

– қазақ тiлiндегi гәзет-жорналдарды оқуына жағдай жасау, қазақ тiлдi ақпарат құралдарын насихаттау, ұнайтын басылымдарды жаздырып алуларына мұрындық болу, дүңгiршiктерде өтпей қалған басылымдарды iске жарату т.б.;

– мерекелiк күндерi, той-думанға, туған күн кештерiне қазақ тiлiндегi әсемхаттарды алуын насихаттау; олардың таралымының, сапасының артуына көңiл бөлу;

– қазақ тiлiнде сөйлеуге қысылып-қымтырылатын адамдарға психологиялық кедергiден өтуiне жәрдемдесу;

– отаншылдықты насихаттау;

– қызықты ойындар, викториналар ұйымдастыру және т.б. арқылы мемлекеттiк тiлге халықтың ықыласын аудару.

ЖАРАҚТАНДЫРЫЛУЫ:

Мемлекеттiк рәмiздер;

Ата Заң (Конституция), “Тiл туралы” ҚР Заңы, өзге де заңнамалар;

Сөздiктер (түсiндiрме, аударма, фразеологизмдер, орфоргр-қ т.б.);

Қазақ тiлiндегi гәзет-жорналдар;

Балалар әдебиетi (тiл үйренушiлердiң оқуына, ұғуына жеңiл);

Салт-дәстүрге, ауыз әдебиетiне қатысты кiтаптар;

Техникалық жарақтандырылуы (теледидар, радио, аудио-видеомагнитофон, DVD көрсеткiш, компьютер принтерiмен т.б.);

Қазақша ән-күй, ертегiлер, оқу құралдары (DVD, СD табақшалары, кассеталар);

Байланыс құралы (телефон) және т.б.

Халыққа осындай жағдайлар жасалса, талап болса, ұлты қазақ азаматтар ғана емес, диаспора өкiлдерi де қазақ тiлiнде сөйлеп кетер едi, гәзет-жорналдар, кiтаптар оқып, кино қарар едi.

Бұл ойды жүзеге асыру қажет пе? Мүмкiн бе? Павлодарлықтар қалай ойлайды?

Жалпы, Мемлекеттiк тiл мәселесiн шешемiз десек, қоғамның барлық саласын бiр уақытта қамтуымыз керек.

Кiтапханалық тiл орталықтары халықаралық “Қазақ тiлi” қоғамының тарапынан қызмет атқарса, қоғам жұмысының жандануына дұрыс болар едi …

Төлен ТҮРКЕН