Жаңалықтар

МАҢЫЗЫ ЕРЕКШЕ ЖӘРМЕҢКЕ

ашық дереккөзі

МАҢЫЗЫ ЕРЕКШЕ ЖӘРМЕҢКЕ

Көздi ашып-жұмғанша жадыраған жаз да өте шықты. Алда тағы бiр оқу жылы күтедi бiздi. Дәл осы күндерi жаңа оқу жылының қамын ойлар қарбалас шақ. Осы орайда “Эйр Астана” әуекомпаниясы тамыздың тамылжыған күнiнде ерекше жәрмеңке өткiздi.

“Эйр Астана” әуе компаниясы үнемi игi iстердi қолға алып, елiмiздегi балалар үйiнiң тәрбиленушiлерiн қуантуға тырысады. Бұл жолы да елiмiздегi бiрегей әуекомпаниясы осы үрдiстi ары қарай жалғады. 25-тамызда әуе компания ғимаратының алдында, ашық аспан астында “Эйр Астана балаларға-2009” атты жәрмеңке өттi. Жәрмеңкенiң негiзгi мақсаты – ата-анасы жоқ балалар мен көру қабiлетiнен айырылған балаларға қолұшын берiп, көмек көрсету. “Эйр Астана” ұшақтары Ұлыбритания, Ресей, Үндiстан, Қырғызстан, Германия, Қытай, Араб әмiрлiктерi, Әзiрбайжан, Оңтүстiк Корея, Нидерландтар, Түркия бағыттары бойынша сапар жасайды. Жәрмеңкеде аталған мемлекеттерден әкелiнген әшекей бұйымдар, монеталар, әртүрлi сувинерлер мен тәттi тағамдар сатылымға шығарылды. Ең қызығы, барлық тауарларды компания қызметкерлерi жасап, ұсыныпты. Жәрмеңкеден түскен ақша №1 балалар үйi мен көру қабiлетi нашар балаларға арналған арнайы мектепке берiледi. Жәрмеңкенiң ашылу салтанатында “Эйр Астана” әуекомпаниясының президентi Питер Фостер: “Эйр Астана” қызметкерлерi өз iсiнiң бiлiктi маманы ғана емес, олар сондай-ақ қайырымдылық шараларына белсендi араласатын жүрегi кең жандар. Жәрмеңкенi ұйымдастыру идеясы тосыннан келген жоқ, менiң әрiптестерiм үнемi көп балалы жанұялар мен жетiмдерге, табиғи апаттардан зардап шеккен адамдарға ақшамен, киiммен, тағаммен көмек көрсетiп жүр. Сондықтан бiз осындай iс-шараны қолға алдық. Бұл жәрмеңке компания қызметкерлерiне ата-анасыз қалған балаларға, көру қабiлетi нашар балаларға көмек көрсетуге зор мүмкiндiк тудырып отыр. Бүгiн жәрмеңкеден алған кез келген зат әрбiрiмзiге бiз жасаған игi iстi есiмiзге салып отырады. Өйткенi жәрмеңкеден түскен ақша қазақстандық балалар мен олардың болашағына жұмсалады”– дедi.

“Эйр Астана” ғимаратының ауласы адамға лық толы. Бәрi де жәрмеңкенi тамашалап жүр. Бiреулер кинофильмдер мен кiтаптарға үңiлсе, ендi бiреулер көзтартар әшекейлердiң қайсысын таңдарын бiлмей әлек. Бiреулер үндi шәлiсiне қызықса, Қытайдан әкелiнген сувинерлер тез тарап жатыр. Қазақстан жәрмеңкеге ұлттық тағамдарымен қоса, кiшкентай домбыраларды да шығарыпты. Ал Ресейдiң матрешкалары тiптi керемет. Сатылымға шығарылған тауарлардың құны 200 теңгеден жоғары. Ауланың қақ ортасында балалардың қолымен жасалған түрлi картиналар мен естелiк заттары аукционға шығарылды. Компания қызметкерлерi аукционға шығарылған заттарды әп-сәтте сатып алып жатты. №1 облыстық балалар үйiнiң тәрбиеленушiсi 12 жасар Денис аукционға түрлi-түстi қағаздан жасаған аққуды әкелiптi. Аққудың құны 1200 теңгенi құрады. Ал 13 жасар Ленаның моншақтардан жасалған раушан гүлi бар картинасы 7000 теңгенi құрады. Тiптi, “Эйр Астана” әуе компаниясының президентi Питер Фостер де жәрмеңкеге атсалысып, аукционға өз қолымен жасалған заттарын әкелiптi. Жәрмеңкеден түскен барлық ақша қазына, яғни жәшiкке түсiп жатты. Әрине аукционға түскен балалар қолынан жасалған тауарлардың құны шексiз. Себебi, бұл картиналар мен түрлi сувинерлерде олардың мына жарық дүниеге деген, оларға көмектесуге ардайым дайын адамдарға деген шексiз махаббаты мен риясыз ризашылығы жатыр. Балалар да қарап қалған жоқ. Олар өз кезегiнде ұлттық билерiмен, тамылжыған әндерiмен аға-әпкелерiн қуантуға тырысты. Әзiрбайжан орталығының лизгинкасы жәрмеңкеге келген барлық адамдардың көңiлiн бiр серпiлттi.

Осылайша таңертең басталған жәрмеңке түс ауа өз мәресiне жеттi. Iс-шараның тәуелсiз бақылаушысы, “Караван” газетiнiң бас редакторы Әдiл Ыбраевтың көзiнше қазынадағы ақшалар саналды. Жәрмеңкеден түскен жалпы қаржы 1 млн. 675 мың 570 теңгенi құрады. “Эйр Астана” қызметкерлерi осы соманы № 1 балалар үйiнiң директорына және көру қабiлетi нашар балаларға арналған арнайы мектеп директорына салтанатты түрде ұсынды. Маңызы ерекше жәрмеңке аяқталды. Елiмiздегi бiрегей әуекомпаниясы келер жылы да осындай жәрмеңке ұйымдастыруға уәде бердi.

Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ