Жаңалықтар

KАЗИНОЛАР ЗАҢҒА БАҒЫНБАЙДЫ

ашық дереккөзі

KАЗИНОЛАР ЗАҢҒА БАҒЫНБАЙДЫ

Билiк құмарпаздарды Шортанды мен Қапшағайға сүйреп әлек, ал заңға мойынсұнғысы келмейтiндер жасырын әрi заңсыз жолмен пайда табуда. Оларды тiптi, құқық қорғау органдарының әшкерелеуi, соттың айыппұлы мен тәркiлеуi де тыя алмай отыр.

2007 жылдың 1-сәуiрiнде ҚР “ҚР Ойынханалық кәсiпкерлiгi туралы” Заңға сәйкес, елiмiздегi 150-ге жуық ойынханалар Алматы облысына қарасты Қапшағай су қоймасының жағалауы мен Ақмола облысындағы Шортанды көлiнiң жағалауына көшуi тиiс болатын. Құжат небары үш айдың iшiнде құмарханалар мен ойын автоматтарын аталған екi аймаққа шоғырландыруды көздеген. Шортанды мен Қапшағайдағы жаңа ойын алаңдарының құрылысы шамамен, 23,6 млрд. долларға бағаланған. Тығырыққа тiрелген ойын бизнесiнiң өкiлдерi сазға отырып қалмаудың сан амалын қарастырды: бiрi ойынханасын алыс шет мемлекеттер мен көршiлес елдерге көшiрсе, ендi бiрi ғимаратын мейрамханалар мен қонақүйлерге айналдырды. Сарапшылар қауымы ойынханалардан түскен кiрiстiң басым бөлiгi көлеңкелi экономиканың еншiсiне тигенiн айтады. Жуырда Алматы қаласының прокуратурасы қаладағы 214 құмархана клубтарының көпшiлiгi заңсыз пайда тауып жатқандығын мәлiмдедi. Прокуратура қызметкерлерiнiң айтуынша, екi жыл бұрын тыйым салынған осы ойын бизнесiнен 153 кәсiпкер өз еркiмен бас тартқан көрiнедi. Ал заңға мойынсұнбағандар заңсыз кәсiпкерлiкпен айналысқандарды жазалайтын ең қатаң бап – 190-баппен жауапқа тартылады, яғни, 5 жылға дейiн бас бостандығынан айырылады. Казинолар мен ақшалай ұтысқа негiзделген ойын автоматтарының қызметiне тыйым салатын ҚР “Ойын бизнесi туралы” Заң 2007 жылдың 1-сәуiрiнде қабылданған. Соған қарамастан, ресми деректер 2007 ж. наурыз бен 2008 қараша аралығында Алматыдағы ойын автоматтарының 10 есеге көбейгенiн айтады. Тағы бiр кереғарлық: 2007 жылдың 1-сәуiрiнен бастап 47 заңды және жеке тұлғаның ойын автоматтарын ашуға қатысты бiлдiрген өтiнiштерi қанағаттандырылған. Басқаша айтқанда, “Ойын бизнесi туралы” Заңды Салық комитетiндегiлер терiске шығарып отыр. Ойын автоматтарының қызметiн қадағалайтын да – салық органдары мен ҚР туризм және спорт комитетi.

Елiмiздегi ойын бизнесiнiң нысандары 4-ке бөлiнедi: ойын залдары, яғни, құмарханалар, ойын автоматтарына арналған орындар, тотализаторлар мен бекмекерлiк мекемелер. Қазiргi кезде ойын автоматтарының ойын бизнесiндегi салмақ үлесi 80-85 пайызға жуық. Былтыр жыл соңына дейiн үздiксiз өсу үстiнде болған ойын автоматтарының саны күрт азая бастаған. ҚР Қаржы министрлiгiндегiлердiң деректерiне сүйенсек, 2007 жылы елiмiзде 132 құмархана 2000 ойын залы, 53 букмекерлiк мекеме мен 1 тотализатор жұмыс iстеген. Есесiне, қазiр олардың нақты санын тап басып айту мүмкiн емес. Ал азарттық ойындар саласында нәпақасын тапқандар саны – 10 мың 400-ге жуық. Алайда, министрлiк таратқан сандық көрсеткiштердi Қазақстанның ойын бизнесi ассоциациясының өкiлдерi терiске шығарады: “Шын мәнiсiнде, 10 400-ден бес есеге көп”. Бiр-бiрiне қайшы екi пiкiрдiң аражiгiн ажыратып айтар ешкiм жоқ. Сондықтан ойын бизнесiнде тер төккендердiң нақты саны да белгiсiз.

Бүгiнде құмарханалар мен ойынханалардың көпшiлiгi заңсыз түрде жасырын жұмыс жасауға көштi. Негiзi құқық қорғау органдарының қызметкерлерi заңсыз әрекет қылмыскерлердi анықтаудан, айыппұл салудан, олардың заттарын тәркiлеуден кенде емес. Бiрақ оны шыбын шаққан құрлы көретiн құмархана иелерi жоқ. “Ит қорыған жерге өш” демекшi, барған сайын құмархана, ойынханалар саны артып барады. Отандық бұқаралық ақпарат құралдарында заңсыз құмарханаларға қатысты ақпараттар легi толастар емес. Жуырда дәл осы бағытта атқарылып жатқан шараларға көңiлi толмайтындығын мәлiмдеген ҚР Президентi Н.Назарбаев заңсыз тұрғыда пайда тауып жүрген ойынханаларды әшкерелеуге қатысты ҚР Iшкi iстер министрлiгiне нұсқау бердi: “Егер мұны қарапайым азаматтар бiлетiн болса, жергiлiктi полиция да хабардар. Егер ол бiлетiн болса, казино неге әлi күнге жұмыс iстеп жатыр?”. Елбасы аузын жиып үлгергенше, анығында, дәл сол күнi Алматыда заңды белшеден басқан екi казино – “Торнадо” мен “Арлекино” анықталды. Екi мекемеге тиесiлi 1,5 млн. теңге көлемiндегi меншiк тәркiленген. Оның 500 млн. теңгесi – қолма қол ақша. Арада екi күн өткенде Оңтүстiк Қазақстан облысының Сарыағаш қаласында көлiк жуатын орын мен бильярд клубы орналасқан ғимараттан заңсыз жұмыс iстеп жатқан ойынхана “табылды”. Ресми деректерге сүйенсек, соңғы айларда ҚР Бас прокуратурасы заңсыз пайда тауып отырған 97 ойынхананы анықтаған. Сондай-ақ, 35 рулетка, карта ойындарына арналған 12 үстел мен 1300-ден астам ойын автоматтары (оның 350-ге жуығы Алматы қаласында) тәркiленген. Негiзi рулеткаларға қожалық еткен азаматтар сот алдында жауап беруi тиiс. Бiрақ ойын автоматтарында сыйақы берiлетiнiн дәлелдеу прокуротура қызметкерлерiне оңайға соқпайды әрi заң бұзушының қылмысын әшкерелеу үшiн қалтадан кәдiмгiдей мол көлемде ақша шығаруға мәжбүр. ҚР Бас прокуратурасының ресми өкiлi Нұрдәулет Сүйiндiковтiң айтуынша, құқық қорғау қызметкерлерiнiң қырына iлiккендердi заң жүзiнде жаза тарту үшiн құмарханаларда сыйақы алу арқылы ғана құрықтауға, яғни, дәлелдеуге мүмкiндiк туады. Ал ойын автоматтарында сыйақы тағайындамай-ақ “қызыққа батуға” Қазақстан заңдары тыйым салмайды.

Ескеретiн жайт, ойын бизнесi дамыған Құрама Штаттарда құмарханаларға тепсе, темiр үзетiндер емес, жастары егде тартқандар үйiр келедi екен. Оның үстiне, Америкада 21-ге толмағандарды құмарханалардың есiгiнен де сығалатпайды. Құқық қорғау органдарының қызметкерлерi бiздiң елде заңның жиi бұзылатынын, яғни, 21 жасқа толмаған жастардың казинода жиi көңiл көтеретiнiн айтып, дабыл қаққан едi. Бүгiнде заңсыз әрекетке көшкендердiң бала тағдыры мен жастардың өмiрiне жауапкершiлiкпен қарай қоюы неғайбыл. Оның үстiне, құмархана бiткеннiң есiгiн тарс бекiтуге тырысқан мемлекеттер көп қазiр. Себептерi әртүрлi, әрине. Мысалы, Венесэула билiгi колумбиялық наробарондар құмарханалардың көмегiмен заңсыз ақшасын заңдастырып алуға ұмтылғандарға заң жүзiнде қатаң тыйым салды. Бiрақ бұл заңның Маргарита аралына қатысы жоқ. Дәстүрлi ислам үстемдiк еткен елдерде құмарханалар мен ойын бизнесi атымен жоқ екендiгi айтпаса да, түсiнiктi. Өйткенi, шариғатқа қайшы келетiн “шайтанның iсiнен” иманға ұйыған ислам елдерi түгел iргелерiн аулақ салған. Ойын автоматтары туралы әңгiме қозғаудың өзi артық. Өз елдерiнде құмархана нысандары жоқ израильдiктер құмарларын Палестинадағы арнаулы орындарға барып басады екен. Өйткенi, Палестинада құмарпаздардың құмарын қандыратын ойынханалар көп. Ондаған жылдар бойы казинолардың құрылысына қатаң тыйым салып келген Тайвань жыл басында әрбiр аралынан 2 құмарханадан ашуға рұхсат беретiн жаңа заң қабылдады. Құжат қабылдана салысымен, құмарханалардың ашылуы елдегi қылмыстық әрекеттердiң жиiлеуiне және қоғамдық адамгершiлiк қағидалардың тапталуына жол бередi деп дабыл қаққан тайваньдық қоршаған ортаны қорғау мекемелерi мен дiни ұйымдардың өкiлдерi наразылық шерулерiн өткiздi. Ал Қазақстандағы заңсыз әрекет етiп жатқан құмарханалар мен ойын автоматтарына қазақ қоғамы наразылық бiлдiргенi болмаса, көшеге шығып, шерулетiп, билiктен солқылдақ заңдағы ойын бизнесiне қатысты бұлыңғыр мәселелердiң аражiгiн ажыратып берудi талап еткен жоқ.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ