ҚАЗАҚТЫ ҚАЙЫСТЫРҒАН ҚАРАЛЫ КҮН “НЕВАДА-СЕМЕЙ” 20 ЖЫЛ

ҚАЗАҚТЫ ҚАЙЫСТЫРҒАН ҚАРАЛЫ КҮН “НЕВАДА-СЕМЕЙ” 20 ЖЫЛ

ҚАЗАҚТЫ ҚАЙЫСТЫРҒАН ҚАРАЛЫ КҮН “НЕВАДА-СЕМЕЙ” 20 ЖЫЛ
ашық дереккөзі

1949 жыл. 29 тамыз.Таңғы сағат 7-лер шамасы. Қаннен қаперсiз, бейқам жатқан жұрт тыныштығын… кенет, көк аспанға зулай ұшқан алапат зор, “алқызыл” реңдi, “Алып саңырауқұлақтың” “өнiп” шыққан ащы дыбысы бұзды. Иә, иә сырттан тамашалаған адамға бұл, құдды бiр қара жердi жарып шыққан “дәу саңырауқұлақ” тәрiздi көрiнген. Тек, оның жәй саңырауқұлақтан айырмашылығы – көз алдыңда лезде ғайып болатыны. Өстi,өндi, жоқ болды… Алғашында жұрт бұл “алып саңырауқұлақты” таң-тамашалап, сырттан бақылаған-ды. Ал, кейiн… Кейiн бұл “қызықтың” соңы неге әкелетiнiн кiм бiлген? Бiлсiн, бiлмесiн не шара? Әйтеуiр, халықты “таң қалдырған” бұл “алып саңырауқұлақ” – қазақ топырағында тұңғыш жарылған ядролық атом бомбасы едi.

Тамызда туған бұл алғашқы жойқын жарылыстың қуаты 22 килотоннаны құраған. Яғни, Жапонияның Хиросимасына тасталған атом бомбасынан 2500 есе күштi. Жарылыс алаңы ретiнде, ұлан-байтақ территорияны иемденген Кеңес Одағы жерiнен тек Қазақстанның шығыс (Семей) өңiрiнiң таңдалуының да өзiндiк себептерi болған. Дәлiрек айтсақ, Семей өңiрiнiң жер бедерi, орналасу аймағы, тiптi, таптырмас табиғаты. Сынақты жүргiзуге Семейдегi Қытай елшiлiгi әжептәуiр кедергi болғанмен, кейiннен бұл “тосқауыл” да жойылады. Ақыры, 1947 жылы 21 тамызда Семей ядролық полигоны – “КСРО Қорғаныс министрiнiң №2 сынақ полигоны” болып құрылады. “№2 сынақ полигонының” тұңғыш басшысы майдангер, фронт артеллерисi, генерал лейтенант П.М.Рожанович болса, ғылыми жетекшiсi КСРО Ғылым академиясының физикалық химия институтының директорының орынбасары А.Садовский едi. Кейiн бұл орынға генерал полковник В.Верховцев сайланады. 18 000 шаршы шақырым аумақты алып жатқан полигон аймағы елiмiздiң Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстарымен шектеседi. 1949-1989 жылдары Семей ядролық полигонында барлығы 456 сынақ жүргiзiлiп, оның iшiнде жерасты жарылыстарының саны 30 рет тiркелсе, ауа кеңiстiгiндегi жарылыс саны 86-ға дейiн жеткен. Сондай-ақ ондаған гидроядролық және гидродинамикалық жарылыстар да сынақтан өткiзiлген. Сынақ әр 23 күнде бiр рет қайталанып өткiзiлiп отырған. Ұзақ жылғы сынақты өткiзу, тұрғындардың денсаулығының күрт нашарлауы, қоршаған ортаның улы газдармен ластануы, сынақ аймағындағы ұлттық-демографиялық деңгейдiң төмендеуi – мiне, осы аталған себептердiң барлығы тұрғылықты халықтың наразылығына әкелiп соқтырды. Сөйтiп, 1989 жылдың 28 ақпанында халық ереуiлге шығып, ашық наразылығын бiлдiредi. Ядролық қаруға қарсы “Невада-Семей” қозғалысы құрылады. Қозғалыстың басшысы болып Олжас Сүлейменов тағайындалды. Қозғалыстың тұңғыш үндеуiнде былай делiнген: “Бауырлар! 1989 жылдың 12 және 17 февралiнде Семей қаласының маңында (КСРО,Қазақстан) кезектi ядролық қаруды сынау кезiнде радиактивтi тозаң аспанға атылды. Төзiмiмiз таусылды. Осы сынақ ошағы елiмiздiң нақ ортасында болғандықтан, Семей облысының тұрғындары ғана емес, ел болып зардап шегудемiз. Шынында, жер шарында радиация залалын тап бiздегiдей, көп ұлтты Қазақстан тұрғындарындай басқа ешкiм көрiп отырған жоқ. Адамның орташа ғұмыры соңғы он жыл ауқымында төрт жылға қысқарды. Ауру асқынып, өлiм көбейiп, туашақ ұрпақ екi есеге азайды. Халықтың құрып бара жатқандығының басты себебi радиация…Бiз аузымызды ашпай, ақырзаманды күтiп отыруға тиiстi емеспiз. Бiз әлемдегi бейбiтшiлiк үшiн күресуге үйренгенбiз. Әркiм өз жерiндегi бейбiт өмiр үшiн күресу керектiгiн ендi түсiндiк. Түсiндiк те “Невада” атты қозғалыс құрдық…” 1989 жылы 28 ақпанда Алматыда өткен тұңғыш жиынға қатысушылар Олжас Сүлейменовтiң осы үндеуiн бiрден қабылдайды. Сол жылы АҚШ-тың КСРО-дағы елшiсi Мэтлок, ядролық апатқа қарсы қозғалыстың өкiлi Чешуа Мозер (Лас-Вегас,Невада штаты) Алматыға келiп, қозғалыстың жұмыс барысымен танысады. Оған қозғалыстың алғаш құжаттары табысталады. Ал, бiздiң елден АҚШ-қа белгiлi қоғам қайраткерi, “Невада – Семей” қозғалысының белсендi мүшесi Мұрат Әуезов жол тартады. Бұл сапарда американ өкiлдерiмен маңызды кездесулер болып, ядролық апатқа қарсы бiрлескен iс-қимылдар бағдарламасы дайындалады. Ал, маусым-тамыз айларында Семейде ғалымдар, дәрiгерлер, түрлi салалардың мамандарының қатысуымен ғылыми практикалық конференция өтедi. Ғалымдардың шешiмiмен аумақтағы полигонды жабу туралы шешiм қабылданады. Бұдан былай Курчатов қаласы жасырын қала болмайды. Тамыз айларында Жапонияның Хиросима, Нагасаки қалаларымен халықаралық ынтымақтастық шаралары ұйымдастырылып, Семейде, Қарауылда және елiмiздiң барлық қалаларында наразылық ереуiлдерi өттi. Бiр жылдан соң, яғни, 1990 жылдың мамырында Алматы қаласында “Дүниежүзiнiң сайлаушылары ядролық қаруға қарсы” атты халықаралық конгресс өткiзiлген. Сонымен, 1991жылы 28 тамызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Семей полигонын жабу туралы жарлыққа қол қойды. Сөйтiп, көптен күткен “Жеңiс” күнi де жетiп, Қазақстан Үкiметiнiң №409 қаулысымен Семей полигоны мәңгiге жабылады. Алғашқы сынақтан берi де мiне алпыс жыл өттi. Сол жылдардағы буыны қатпаған бүлдiршiндер бүгiнде алпысты алқымдап, жетпiске аяқ басқан қарт ақсақал, ардақты әже болды. Балалықтың бал күнiн полигон аймағында өткiзген Әзиә Қалиақпарқызы да (ШҚО, Жарма ауданы, Белтерек ауылының байырғы тұрғыны,еңбек ардагерi, батыр ана) сол балғын бөбектердiң бiрi болды. Ол өз көрген-бiлгенiн былай әңгiмелейдi: “Бiз ол кезде бала едiк. Жергiлiктi халық полигон, ядролық сынақ жайлы ештеңе естiп, бiлген емес. Сынақ өткен уақытта, “Бұл қандай ғажап құбылыс? Неткен қызық дүние?, “– деп сырттан таң қалысып тамашалайтынбыз. Әлi есiмде, полигон жарылған кезде көкжиек тұсы алқызыл реңге енiп, алыстан көз салсаң аспан қызыл түске боялғандай көрiнетiн. Сосын, дәу саңырауқұлақ тәрiздi түтiн бе, әйтеуiр бiзге түтiн сияқты көрiнетiн, алаулап, лезде пайда болып, бұрқ ете түсетiн. Қазiр теледидардан көрсетiп жатқан жарылыстар сынды, бiрақ айырмашылығы саңырауқұлақ тәрiздi болатын. Жерден тiке аспанға қарай заулап ұшатын да, бiршама алыстаған соң көкжиектi бойлай, дөңгеленiп таралатын. Таралған кезде, тура сақина сынды, доп-домалақ болып кеңейетiн. Сосын аз-ақ уақытта көзден таса болады. Халықтың надандығы ғой, әлгiнi еңкейген кәрi, шауып жүрген жасына дейiн “қызық” көрiп тамашалап тұратын. Бiз де баламыз, ойнап жүрiп, жарылыс болса болды, тауға шыға қалып, бақылайтынбыз. Кейiн әлгi жарылыс болған аумақ қу тақырға айналды. Бiздiң Абай, Абыралы аудандары негiзi жерi шүйгiн, табиғаты тамаша жер. Қысы да жайлы. Қыста малды мал қораға ұстау деген жоқ, қыс бойы далада жайып шығатынбыз. Сол, табиғаты тұнып тұрған әлгi аймақтар полигоннан кейiн шөлдi, тақыр, тасты аймаққа айналды да қалды. Қысы-жазы суы бiр тартылмайтын бұлақтар да, тартылды. Содан халық арасында түрлi сырқаттар пайда болды. Нәрестелердiң кемiс тууы, жас аналардың түсiк тастауы, әсiресе, туғанынан мүгедек болып өмiрге келген жас сәбилер көп кездестi. Бiрiнiң аяқ-қолы жоқ, немесе денесi туғанынан сал болғандар, я болмаса, есейе келе есту, көру қабiлетiнен айырылған балалар да болды. Өзiмнiң бiр балам да, аты Рысхан едi, жасы жетiге келгенде көзi көрмей, құлағына жара шығып, көп ұзамай көз жұмды. Тәп-тәуiр, шауып жүрген бала болған. Аяқ астынан көзi көрмей, соқыр болды да қалды. Қайтемiз, қолдан келер шара бар ма? Жалғыз мен емес, мен сияқтылар сол жылдары бiздiң Абыралыда көбеймесе, азаймады. Содан 1954 жылы сельсовет келiп: “Ауылдан көшесiңдер! Дүниелерiңдi жинақтап, әзiрленiңдер! Халыққа бұл жерден көшу керек “ деп тiкесiнен айтты. Алғашында көп мән бермеген халық, бұлай шұғыл көшулерiнiң себебiн түсiнбестен, апыл-ғұпыл жиналып көштiк те кеттiк. Бiзге ешкiм не себептен қоныс аударатынымызды, полигонның не екенiн түсiндiрген де жоқ, халықпен санасқан адам да болған жоқ. Әйтеуiр, көшiңдер дедi, көштiк. Сол жылы Абыралыдан бiршама үй осы ауылға көшiп келген. Ауыл тұрғындары да бiзге бауырмалдылықпен қарап, әркiм күйi келгенше қол ұшын созып, жәрдемдестi.Содан берi осы ауылда Белтеректе тұрып жатырмыз. Қазiр құдайға шүкiр, балаларым, немерелерiм өсiп жатыр. Бiз сияқты қарт адамға бұдан асқан бақыт бар ма, осы күнге жеткiзген Алла Тағалаға шүкiр деймiн”. Айкүмiс Қасенқызы (ШҚО, Жарма ауданы, Белтерек ауылының байырғы тұрғыны ,еңбек ардагерi, батыр ана): “Бiрде, кешке таман, күн ұясына батар кезде, “гүрс” еткен қатты дыбыс естiлдi. Дыбыс болғанда, кәдiмгi, танкiден, немесе, пулеметтен атқандай зiлдi дыбыс. Әй, қайдам, одан да жойқын шығар. “Бұл не дауыс?” деп үй-үйден атып шыққан халық, тысқа шығысымен, анау, көкжиектiң тұсы қып-қызыл отқа оранғандай, алқызыл түске енгенiн көрдiк. Үлкендер “Бисмилла, а құдай сақтай гөр! Аспан тесiлдi ме?” деп күбiрлесе бастады. Бiз ол тұста жетi-сегiз жасар баламыз, қаннен -қаперсiз көз алмай қарадық та тұрдық. Ымырт кезi ғой, қараңғы қылаңдайын деген шақ едi. Айнала лезде жарықтады да кеттi. Сәлден соң, саңырауқұлақ сияқты қою қара түтiннiң жерден жұлқи шығып, аспанға өрлей бастағанын көрдiк. Жерден бiраз алшақтаған соң, әлгi түтiн жайыла бастады. Ал, топырақ бетiнен тiке көтерiлген “саңырауқұлақтың сабағы” бiртiндеп “үзiлiп”, тез арада жоқ болды. Әп сәтте-ақ әлгi көрiнiс көзден ғайып болды. Мiне, сонда алғаш полигонды өз көзiмiзбен көрген кезiмiз едi. Қазiр, мұның бәрiн әңгiмелесек, бiр ертегi тәрiздi болар. Алайда, көрген көз куә, болған дүниелер ғой бәрi. Содан бастап, осындай жарылыстарды жиi көретiн болдық. Алыстан, дұрыс көрiнбей жатса, шоқылардың үстiне шығып, әдейiлеп тамашалайтынбыз. Бұл көрiнiстiң адамға қалай әсер ететiнiн, адам түгiл, тiрi өсiмдiктерге, жан-жануарларға, қолдағы малға қалай зиянын тигiзетiнiн де бiлмеппiз. Сол “таңырқап қарап тұрған тұрыстың” зардабы кейiн шыға бастады. Қазiр өзiмнiң қаным аз, бұл менiмен қоса, балаларыма да берiледi екен. Сол жақта болғандардың көбi жаман аурудан (рак) көз жұмды. Қазiр жастардың аузынан жүрегiм ауырады, қаным аз, “ана жерiм, мына жерiм” ауырады дегендi көп естимiз. Тiптi, үйреншiктi болып кеткен сынды. Балалардың да денсаулығы нашар, әлсiз . Мұның бәрi сол полигонның кесiрi ғой. Қайткенмен радиацияның зияны да. Құдай болашақта балаларымызға, немере-шөберелерiмiзге бiз көргендi көрсетпесiн деп тiлеймiн. Алла пәле-жаладан аулақ қылсын”. Полигонды өз көздерiмен көрiп, заманның ащы дәмiн татқан қарт әжелер полигонды осылайша еске алады. Бүгiнде арада алпыс жыл өткенмен тұрғындар полигон зардабын әлi тартуда. Оның дәлелi ретiнде мынадай мысалдар келтiруге болады: кейiнгi он жылда Семей өңiрiнде сәбилердiң туылу мөлшерi 35 пайызға кемiген. Жас аналардың 15-18 пайызы бедеулiк дертiне шалдықса, 70-80 пайызы анимиямен (қан аздық) сырқаттанғаны анықталған.Туылған нәрестелердiң 60-70 пайызына анимия диагнозы қойылса, 27-29 пайызының гистозбен ауыратыны дәлелденген. Ал, жүктi 100 ананың тек 10-ының денсаулығынан еш ақау табылмаған. Болашақ аналардың басым көпшiлiгiнен гипертания, гипотония, туберкулез аурулары жиi кезедесетiнi байқалған. Жалпы, ШҚО облысы бойынша әлеуметтiк қорғауға ядролық сынақтан зардап шеккен мына аймақтар жатады: бұрынғы Семей өңiрi, Шемонайха, Глубокое, Ұлан, Зайсан, Тарбағатай, Зырян аудандары және Өскемен, Риддер қалалары. Ал, Павлодар облысынан Май, Баянауыл, Лебяжье аудандары жатса, Қарағанды облысынан Қарқаралы ауданы. Сондай-ақ, радиактивтiлiгi ең жоғары аймақтарға Абай, Бесқарағай аудандарының елдiмекендерi, сондай-ақ бұрынғы Абыралы, Жаңасемей аудандарының бiрқатар пункттерi жатқызылған. Аталған аймақтар әлi де қауiптi деп саналуда. Өңiрлердегi радиактивтi фон сағатына 10000-20000 микрорентгенге дейiн жеткен. Осындай, қауiптi аймақтарда тұрғындар әлi де “жайма шуақ” өмiр сүруде. Оған қоса, жарылыс сынағы өткiзiлген алаңдар бүгiнгi күнге дейiн қоршауға алынбаған. Бұл жөнiнде 2005 жылы үкiметтiң кезектi отырысында ядролық сынақ жүргiзiлген алқаптарды бетонмен қоршауға алу туралы шешiм қаралғанмен, бұл шара әлi де өз күшiне енген жоқ. Егер, апат болған аймақ көп кешiктiрiлмей арнайы қоршауға алынса жергiлiктi халыққа, әрине, нұр үстiне нұр болары сөзсiз. Ендеше, “көз қорқақ,қол батыр” дегендей, бұл келеңсiздiктердi жоюға әлi де кеш емес. Тек, ықыласымыз ауып, ыждаһаттылықпен қолға алсақ болғаны. Сонда, дана Абайды дүниеге әкелген киелi мекеннiң тұрғындары бiр жасап, онсыз да жарты ғасырдан астам полигон кесапатын тартқан халықтың еңсесi бiр көтерiлiп қалар едi.  
Майнұр ЖАНАҚОВА, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетi, журналистика факультетiнiң II курс студентi