Жаңалықтар

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ: “ЖОЛ КАРТАСЫ” БОЛАШАҚҚА ЖОЛ ТАБУДА

ашық дереккөзі

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ: “ЖОЛ КАРТАСЫ” БОЛАШАҚҚА ЖОЛ ТАБУДА

Есте жоқ ескi заманнан бүгiнге жеткен көне Мысырдың қыш кiтабы — “Марқұмдар кiтабында” адамдарды басқа айуандардан бiржола айырып, гомо сапиенс атты биiкке көтерген:

“— Мен ағын суды бөгемедiм;

— Мен ешкiмдi өлтiрген жоқпын;

— Мен таразыдан жеген жоқпын;

— Мен ешкiмнiң көз жасына қалмадым”, — деген қасиеттi тұжырым-жазулар бедерленгенi белгiлi. Қазiргi алмағайып, аласапыран уақытта, бiрде жадыраңқы, бiрде тоң-терiс тұнжыр, түскi сағымдай құбылған дүниеде адамдардың қаншасы өз өмiрiн осындай қанағаттанғандық сезiммен атап өте алады?!. Бүкiл адамзатты асқақ биiкке көтерген осынау тұжырымдарға сай өмiр сүрудiң оңай еместiгi де бесенеден белгiлi. Бiрақ… бiрақ әлем қаржы, экономикалық дағдарыстың қаратүнегiне сүңгiген қазiргi кезде осы бiр мәңгiлiк кредоның астарлы ойы басқа уақыттардағыдан гөрi биiктеп, қарапайым жандардың жүрегiне тым жақын бола түскендей. Дәп қазiргi күрделi кезеңде адамдар бiр-бiрiнен түсiнiстiк, қолдау, қиналған шақта қолтығынан демеу күтедi. Бiр күндiк жылтырақ, жасанды тұжырымдардан бiрте-бiрте аулақтап, бүкiл адамзаттық мәңгiлiк қағидаларға қайта орала бастағанымыз, Батыстың бұлдыр сағымдай алдамшы елесiнен ендi ғана қол үзiп, өз елiмiздiң қамын шындап ойлай бастағанымыз дәтке қуат. Барша қазақтың кiндiк тамыры қоңыр ауылдарда жатқандықтан қалалықтардың ел жаққа – алыс облыстар мен жырақтағы аудандарға жанашырлықпен жиi жалтақтайтыны да кейiнгi кездерi үнемi байқалуда. Бөлiп берерi жоқ та шығар, бiрақ уайымы мен мұңы ортақ. Өйткенi, әлемдiк дағдарыстың қиындығын мойнына артқан қоңыр ауылдар емендей иiлмей, еңсесiн тез түзесе, елiмiз — жалпақ Қазақстан бұрынғыдан да қарышты даму жолына түсетiнi, iлгерiлейтiнi әркiмге-ақ белгiлi болып, “Әр жамандықтың бiр жақсылығы бар”, — деген тұжырымға қайта оралдық.

Осынау даулы тұжырымның өмiршеңдiгi өзiмiз бастан кешiп отырған қиын кезеңде қайтадан қапысыз дәлелдене бастаған секiлдi. Оған табанды тиек болған нәрсе — елiмiзде жаппай әрi табысты түрде қолға алынып отырған аса маңызды “Жол картасы” мемлекеттiк бағдарламасы екенi де сөзсiз. Байтақ мемлекетiмiздiң саяси, әлеуметтiк-экономикалық өмiрiнде аса жоғары маңызға ие болып отырған аталмыш бағдарлама негiзiнде бiз, бейнелеп айтсақ, “Географиялық, экономикалық жаңа ашулар” кезеңiн қайтадан бастан өткерiп отырғандаймыз. Ата мекен, қасиеттi Отанымыз — Қазақстанның түрлi өңiрлерi мен аймақтарының iшкi өмiрiн, олардың мұң-мұқтажы мен мүмкiндiгiн қайта ашу үстiндемiз десек те болады. Әр облыстың жағдайы, ондағы тұрғындарды толғандырып отырған күрделi мәселелерге жұртшылықтың қызығушылығы еселеп арта түскенi байқалуда. Тiптi, биылғы жылы елiмiзде iшкi туризмнiң күрт өсуi де сөз жоқ осының игi әсерi. Әр ұрпақтың бүкiл адамзаттық iзгi тұжырымдарға өзiндiк қағидалар мен ұстанымдар қосатынын ойға алып, бiз жоғарыдағы киелi сөздерге: “Бiз туған Отанымызға қайтып оралдық”, — деп қосуымыз керек шығар. Өйткенi, жоғарыда айтқанымыздай, қазiр жаппай жұртшылықтың назары әр облыста атқарылған iстерге ауып отыр. Бұрын киелi Сыр өңiрi — Қызылорда облысы туралы бiлерi тым мардымсыз, Арал теңiзiнiң көк айдыны жыл сайын күрт кемiп бара жатыр деуден аспайтын жұрт өткен жылы әлемде күрiш бағасының күрт өсуiнен соң бұл аймаққа жиi жалтақтай бастаған. Осыған дейiн бұл өңiр кенжелеп қалған, адамдардың өмiр сүруiне аса қолайсыз, инфрақұрылымдар мүлдем дамымаған деп үстiрт қана ой түюшiлердiң саны күн өткен сайын азайып келедi. “…Күнделiктi нәпақасын балықтан айыратын теңiз тұрғындары ол кезде мыңғыртып мал ұстамайды екен. Майы сыртына тепкен қаяздың етi тұрғанда, қаракесек қой етiн қайтсiн… Арал жаққа ұзатылған қызына шешесi байғұс: “Бекiренiң бал кеспесiн жемейтiн қарағым-ай, қоңырсыған қой етiне қор болып барасың ба-ай”, — деп мұңын шағатын заман ғой…”. Арал теңiзi мен Қызылорда облысы жөнiнде бiлетiндерi осы аңыздан аспайтындар да қазiргi күндерi Сыр бойының қасиетi мен құдiретiн ерiксiз мойындағандары айдан анық.

Бәлкiм, бәрi де Карл Маркстiң: “Сананы тұрмыс билейдi”, — дегенiне сай шығар-ау. Осы тұста бiр мәселенi айта кету керек, кейiнгi жылдардағы статистикалық деректер бұрынғы қалыптасқан қасаң пiкiрлердiң негiзсiз екенiн дәлелдейдi. Соңғы жылдарда Қызылорда облысы макроэкономикалық көрсеткiштердiң негiзгi салалары бойынша республикада алдыңғы қатарда келедi. Салыстырмалы түрде алсақ, облыс құрылыс қарқыны бойынша өсiм жөнiнен республикада бiрiншi орында тұр. Сыр өңiрiнiң қиындықтардан ешқашан қашпайтын бейнеткеш адамдары қазiр де елiмiздiң ертеңi үшiн аянбай еңбек етуге қажыр-қайратын аянып көрген емес. Биылғы жылдың бiрiншi тоқсанында облыста 100,7 млрд.теңге көлемiнде аймақтық iшкi жалпы өнiм өндiрiлiп, жан басына шаққанда облыста оның жалпы көлемi 156,6 мың теңгенi құрады. Осы көрсеткiш бойынша облыс Қазақстанда тоғызыншы орынға көтерiлiп, өндiрiстi аймақтар — Шығыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Солтүстiк Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Оңтүстiк Қазақстан облыстарын артқа тастап отыр. Бұл — бұрын ешқашан орын алмаған ерекше құбылыс.

Қазақстанның келешек гүлденуi, тәуелсiздiгiмiздiң баяндылығы мен өркениет көшiнде кенжелеп қалмауымыз бүгiнгi дағдарысты жеңе бiлуiмiзге тiкелей сабақтас.Әсiлi, әр iстiң, алға қойған нақты мақсаттардың орындалуы ел тiзгiнiн ұстап, адамдарға бiлiктi басшылық жасай бiлген, iскерлiк танытқан азаматтарға да тiкелей байланысты екенi ежелден мәлiм. Экономикалық жағдайы қиын, әлеуметтiк ахуалы аса күрделi Қызылорда облысының тiзгiнiн бұрынғы қаржыгер Болатбек Қуандықов мырза ұстағалы мұндағы жағдайдың айтарлықтай оңалғаны бiрден көзге ұрады. Қазiр облыста жалпы аймақтық iшкi жалпы өнiмдегi өнеркәсiптiң үлесi 42,9 пайызды құрап отыр. Бұл — бiр кездерi ауылшаруашылығымен ғана аты шыққан, аграрлы өңiр үшiн аса жоғары көрсеткiш және аймақтың келешегi әлеуметтiк өндiрiспен тығыз байланысты екенiн нақты аңғартатыны да даусыз.

Биылғы жылы осы өңiрде қос мереке қатар тойланғалы отыр. Қызылорда қаласының 190 жылдығы және облыстың жеке шаңырақ көтергенiне 70 жыл толмақшы. Мұның өзi аймақты қайта дамытуға тың серпiн берiп қана қоймай, мұнда түбегейлi өзгерiстердi жүзеге асыруға зор мүмкiндiктер ашып отыр. Ол үшiн инвестициялық қызметтiң артуы елеулi рөл атқаратыны бесенеден белгiлi.

Сондықтан, 2009 жылдың қаңтар-маусым айларында негiзгi капиталға салынған инвестиция көлемi 49 млрд. 821 млн. теңгенi құрған. Мұның өзi былтырғы жылдың осы кезеңiмен салыстырғанда әжептеуiр артық, яки, аймақтың бүгiнде айтарлықтай қызығушылық туғызып отырғандығының басты кепiлi. Республикалық бюджет 7 млрд. 485 млн.теңгенi құрап отырғаны да көңiлге қуаныш ұялатар жайт. 2008 жылдың осы мерзiмiне шаққанда 155,2 пайыз, ал жергiлiктi бюджет 2 млрд.683 млн.теңге немесе 185 пайыз артық көрсетiм танытуда.

Жалпақ жұртқа аян әйгiлi сөздердi бұрмалап айтсақ: “Дағдарыстар келедi, кетедi, ал ауылшаруашылығы қалады”. Жоғарыда айтқанымыздай, Қызылорда облысы ежелден-ақ ауылшаруашылығымен аты кең жайылған аймақ. Әлемдiк дағдарыс қазiр жағдайды айтарлықтай күрделендiрiп тұрғанымен, күрiштi өлкедегi ауыл шаруашылығы биыл интенсивтi түрде дамып, айтарлықтай жоғары нәтижелерге қол жеткiздi. Алдын-ала мәлiметтер бойынша, 2009 жылдың қаңтар-маусым айларында ауыл шаруашылығы өнiмдерiнiң жалпы көлемi ағымдағы бағаммен 5 млрд. 515 млн. теңгенi құраған. Түсiнiктiрек етiп айтсақ, өткен жылдың осы кезеңiмен салыстырғанда бұл анағұрлым артық. Мұның өзi облыстағы мал басының айтарлықтай өсуiнен де айқын байқалады. Мәселен, облыс шаруашылықтарының барлық категорияларында мүйiздi iрi қараның саны 1,9 пайызға өсiп, 255 мың басқа жетiп отыр. Ал ақтылы қой мен ешкi 2,2 пайызға артып, 920 мың басқа жеткен. Алда миллиондық меже тосуда. Қылқұйрықты жылқы саны 3,6 пайызға артып, 64 мың 400 басқа, ал түйе 2,5 пайызға көбейiп, 30 мың басқа жетiп отыр. Облыс әкiмi Болатбек Қуандықов мырзаның айтуынша, Қызылорда облысының “Жол картасы” мемлекеттiк бағдарламасы бойынша жалпы қаржыландыру лимитiне сәйкес республикалық және жергiлiктi бюджеттерден барлығы 8 млрд.281 млн. теңге қаржы қаралған. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға — 7 млрд.464 млн.теңге; әлеуметтiк жұмыс орындарын кеңейтуге және жастар тәжiрибесiне 328,7 млн. теңге; кадрлар даярлауға — 491 млн. теңге бөлiнбекшi. Инвестициялық жобалардың төрт бағыты бойынша 210 жоба қарастырылған көрiнедi. Бiрiншi және басты бағыт — тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы жүйесiн дамыту және қайта құрылымдау бойынша жалпы құны 2 млрд. 601 млн.теңге болатын 54 жоба қолға алынуда. Осы тұста бiр қуана атап өтерлiк жайт, соңғы кездерi облыста тұрғын үй құрылысы ерекше қолға алынып, қарқынды жолмен даму үстiнде. Мәселен, 2009 жылдың қаңтар-маусым айларында жалпы алаңы 83 мың 807 шаршы метр болатын заманауи жаңа талаптарға сай тұрғын үйлер салынған. Бұл — 2008 жылдың осы кезеңiмен салыстырғанда 112,7 пайыз артық. Ең бастысы, салынып жатқан тұрғын үйлер қандай да биiк талаптарға сай. Облыста қолға алынып жатқан игi iстер жолаушылар тасымалына да оң ықпалын тигiзгенi айқын аңғарылады. Әрине, мұны заңдылық десек те қателесе қоймайтынымыз даусыз. Өйткенi, экономикалық серпiлiс өндiрiстiң барлық тiзбегiне оң әсерiн тигiзумен қатар, өзге салалардың да бойына қан жүгiртедi. Сондықтан да биыл автокөлiк кәсiпорындары тасымалдаған жолаушылар саны 54 мың 320 адамды құрады, яғни былтырғы жылмен салыстырғанда 103,1 пайызды құраған. Сөз жоқ, алмағайып заман, күрделi кезеңдерде атқарылып жатқан iстердiң баршасына күмәнмен қарайтын скептиктердiң саны ұлғая түсетiнi де заңдылық. Ел iшiнде ертеңгi күн — келешек үшiн атқарылып жатқан iстерге күмәнмен қараушылар арамыздан көптеп табылары да түсiнiктi. Бiрақ, Қызылорда облысында атқарылып жатқан ауқымды iстер әлемдiк қаржы, экономикалық дағдарыстың жұртшылыққа ауыртпалығын жеңiлдетiп қана қоймай, өңiрде үлкен серпiлiс әкелгенi даусыз. Әсiресе, елiмiзде үлкен алаңдаушылық туғызып отырған әлеуметтiк саладағы оңды өзгерiстердi ерекше атаған жөн. Жыл басынан берi облыс бойынша 16387 жаңа жұмыс орны ашылған. Және бiр айта кетерлiгi, осының 6803-i тұрақты жұмыс орындары. Халықтың тұрмысы төмен топтарына әлеуметтiк көмек көрсету де тұрақты түрде жүргiзiлiп келедi. 2009 жылдың 1-шiлдесiнде жергiлiктi бюджеттен аз қамтылған 3265 кедей отбасына 104,3 млн. теңге атаулы әлеуметтiк көмек, ал 18114 отбасына 284,9 млн. теңге тұрғын үй көмегi төлендi. Тағы бiр ерекше назар аударатын жағдай, әлеуметтiк жұмыспен қамтылған азаматтардың барлығы тұрақты жұмысқа орналасты. Облыс аумағындағы әлеуметтiк жағдайды одан әрi жақсарту мақсатында қосалқы шығындар үшiн әр ауыл әкiмдiгiне 1 млн. теңге бөлiнуi ауылдардың көркейiп, абаттануына үлкен септiгiн тигiзерi де сөзсiз. Бұны ерекшелеп айтып отыруымыздың тағы бiр себебi бар. Жалпы Қазақстан экономикасы жарты жылдық көрсеткiш бойынша iлгерiлеуге қол жеткiзгенi белгiлi. Сөйте тұра жұмыссыздық мәселесi, әсiресе, жастарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету күнделiктi өмiрдегi өзектi әрi басты мәселелердiң бiрi болып қалуда. Қызылорда облысында да бұған ерекше көңiл аударылып, облыстық әкiмшiлiктiң тұрақты назарында болып отыр. Облыс бойынша жастар тәжiрбиесiмен 1404 жас азаматтарды жұмысқа орналастыру жобаланса, жыл басынан берi 1473 жас азамат тұрақты жұмысқа орналастырылған. Бұл — өткен жылғы осы мерзiммен салыстырғанда 105 пайызды құрайды. Аталмыш бағыттарға республикалық бюджеттен 35 млн. теңге төленгенiн айта кету де керек. «Нұр Отан» ХДП-ның облыстық бөлiмшесi көптеген оңды iстерге мұрындық болып отыр.

Қызылорда қаласының әкiмi Мұрат Ергешбаев мырзаның пiкiрiнше, айтулы қос мереке қала жұртшылығына, әсiресе осындағы белсендi, өз iсiне тиянақты азаматтарға үлкен жауапкершiлiк жүктеп отыр. Қызылорда қаласының атақты түлегi, Пекин Олимпиадасының чемпионы, ауыр атлетшi Илья Ильин өзi туған қалада екi балалар спорт алаңын жасақтауға мұрындық болып отырғанын көпшiлiк бiле бермеуi мүмкiн. Қала әкiмшiлiгiмен қоян-қолтық жұмыс iстеп келе жатқан адал азаматтың оң ниетiн қолдауда әкiмшiлiк те бейтарап қалған емес. Балалар спорт алаңының аумағына 680 шаршы метр шым төсеу толығымен аяқталды. Жалпы, қалада биыл 100-ден астам балалар спорт алаңдары толығымен жабдықталды.

Қызылорда қаласы бойынша 100 көше жөнделiп, көгерiштендiрiлдi және қаланы абаттандыру одан әрi жалғасуда. Әсiлi, қала күтiмi, оны безендiру күнделiктi назарда ұстауды талап ететiн аса күрделi мәселе екенi баршаға аян.

Сырдария өзенiндегi жағажай кешенi де таяу жылдарда қала тұрғындарының тұрақты демалыс аймағына, тiптен қалалықтардың орынды мақтанышына айналарына күмән жоқ. Жағажайдың жалпы аумағы Сырдария өзенiнiң екi жағасы мен қажеттi инфрақұрылымдарын қоса есептегенде 16 гектар аумақты алып жатыр. Су бассейнiнiң екi жақ бетiндегi жағажай аумағына iрi түйiршiктi құм төселiп, су себезгi қондырғылар, 30 дана үрмелi балалар бассейнi орнатылды. Педальдi кiшi қайықтар, 4 электрлi моторлы қайық пен 4 дана шыны пластикалық қайықтар және 2 су мотоциклi Сырдария өзенi бойымен серуендеудi сүйетiн жандардың талабын толық қамтамасыз ететiнi сөзсiз. Жаңа заманның өскелең талаптарына толықтай сай жағажай кешенi елiмiздегi кез-келген қала тұрғындары үшiн мақтануға тұрарлықтай. Адамдар осы арқылы-ақ өздерi туып-өскен Қызылорда қаласы үшiн болашақта орынды мақтануларына толық негiз қалану үстiнде. Қала көшелерiндегi аллеялар мен ауысымды 500 келушiге арналған емхананың құрылысы да кез келген сыншы көздi сүйсiндiрерiне күмән жоқ. Заманауи құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етiлген бұл емхана құрылысының жалпы құны 1 млн. 36 мың теңге. Әсiресе, қаланың Сырдария мөлтек ауданындағы 1248 орындық мектептiң құрылысын ерекше бөлiп атау керек. “Асар-Холдинг” жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгi құрылысын толық аяқтап қалған айтулы мектеп алдағы қазан айында балаларға есiгiн кең ашады. Әдiлiн айту керек, бұл жай ғана қарапайым мектеп емес, елiмiзде қолға алынып жатқан оң iстердiң тұтас бейнесiндей бiрегей нысан. Мұндай мектептер Қазақстанның әрбiр елдiмекен, әр қаласында салынса ғой деп қызығатын оқу ордасы. Қорыта айтсақ, Қызылорда облысындағы “Жол картасы” мемлекеттiк бағдарламасы аясында атқарылған оң iс-шараларды санамалап шығу оңай емес. Қасиеттi Сыр өңiрi күн сайын қайта түлеу үстiнде. “Жол картасы” болашаққа сенiмдi жол табуда…

Жаңабек ШАҒАТАЙ