Жаңалықтар

МАХАББАТ ПЕН ӘДIЛЕТ

ашық дереккөзі

МАХАББАТ ПЕН ӘДIЛЕТ

Имандылықтың түп негiздерi туралы ой толғасақ…

Айнала жаралыс (жаратылыс емес) түгелдей белгiлi бiр заңдарға бағынышты екендiгi әлiмсақтан әйгiлi. Мұны физика, химия, биология және астрономия пәндерiнен жақсы бiлемiз, атам қазақ та “Құдайсыз қурай да сынбайды” деуiмен осыған меңзеген болар-ау. Ал, адам рухы мен жанының заңы қайсы? Ол туралы не бiлемiз? Басқаша айтқанда, материалдық әлемнiң жаңағы ондаған, тiптi жүздеген канондық заңдарын өзара үйлестiрушi, сайып келгенде, бүкiл он сегiз мың ғаламды бейберекет хаосқа айналудан сақтап, тұтастырушы бiр ұлы заң бар ма? Мiне мәселе осылай қойылғанда қарапайым жұртшылықтың, тiптi ғалым адамның да “апыр-ай, ә” деп абдырап, мүдiрiп қалары кәмiл. Сол себептi төменде хакiм Абай даналығына сүйене отырып, мұндай ұлы заң бар, ол махаббат һәм әдiлет екендiгiн дәлелдеудi алдыға қойдық.

Сөзiмiздi әрiден, “Басқы Жаннан” (Шәкәрiм) қозғайтын болсақ, “әл-Уәдуд” (“Баршаны сүюшi”) — Алланың 99 хұсни есiмдерiнiң бiрi. Бұдан бұл есiм өзгелерiмен теңдес деген ой тумауға тиiс. Құдайдың аталмыш есiмiн Құран Кәрiм мәтiнi бойынша тексерген мұсылман ғұламалары былайша ой қорытады: “Жердегi тiршiлiктiң мәнi – махаббат. Барлық жаратылғандар бiр махаббат күшiне бағынып, әрекет етедi. Жақындау, бiрiгу, тартылу заңдары тегiстей махаббатқа негiзделген”.

Ортағасырлық ғұламаның бiрi тiптi былай деп толғаған екен:

«Перiштелер, әнеки жұлдыздар және күн мен ай,

Махаббат нұрына малынған айнала аспан әлемi.

Он сегiз мың ғалам махаббаттың бесiгiнде тербелiп,

Төгiледi оның баршаға шуағы мен ғажайып әуенi.

Жер бетiне көз салыңыз, оның шарабына қаныққан,

Жаралыстың әр атомы секөнт сайын жаңғырып.

Адамзат, хайуан, құрт-құмырысқа, өсiмдiктер,

Күллi дүние тартылыста, махаббаттан нәр алып».

Сөз жоқ, барлық жан иелерiне өмiр сүруге құқық берушi мейiрiмдi Алла Тағала, оларды қауiп-қатерден қорғап, тiршiлiгiне жәрдемiн жасаушы да Өзi. Осыған қоса, әрбiр тiршiлiк иесiне оның ыдысына сыйғанынша “махаббат шарабын” бередi.

Егер Жер мен Күн арасындағы қашықтық тек 1 пайызға ғана өзгерсе жер бетi мәңгi мұздыққа айналады не болмаса тiрiнiң бәрi жанып кетедi. Ай мен Жердiң арасы, Жердiң өз кiндiгiнде айналу жылдамдығы немесе айналу кiндiгiнiң қиғаш бұрышы сәл мүлт кетсе, ауытқыса да болды, бiттi “ақырзаман” туады екен. Осымен, ғалымдар Жер планетасының адам баласы өмiр сүруге арнайы жасалған ғажайып мекен екендiгiн дәлелдеп бердi қазiрде.

Сөйтiп, ұлы Абай “Махаббатпен жаратқан адамзатты” деп ненi меңзегенi ендi-ендi толық мәнiнде ашыла бастады.

Ендi әдiлет ұғымына келейiк. Ислам ақидасы бойынша он сегiз мың ғаламды Алла Тағала абсолюттi әдiлетпен жаратқан және Жер бетiнде де, ахиретте де адамдар мен жындардан сұрау алып, әдiлеттiлiктi қалпына келтiредi, оны орнатады. Айталық, би, қазы өзiне түскен iстi әдiлеттi шешсе зор ләззат алады, сондай-ақ, зәбiр көрген адамның құқын қалпына келтiргенде және ол құқықты аяқасты қылған кiсiнi тәубесiне түсiргенде өзiн ерекше бақытты сезiнедi емес пе. Ендi мұны Абсолюттi Әдiлеттi Басқарушы, Ұлы және Құдiреттi, бәрiне тiршiлiк Сыйлаушының хәлiмен салыстырыңыз.

Қорыта айтқанда, махаббат – күллi әлемге нұрын, шуағын төккен қуат, ал әдiлет – түгел құбылыстарды дөңгелетiп, реттеушi құдiрет. Демек, адам ақылы жетпейтiн ғарыштық күрделi қатынастарды Жаратушы осы екi мән арқылы өзара үйлестiрiп, байланыстырады.

Мiне, хакiм Абай махаббат, ғаделетке осы тұрғыдан келiп, сарқынды шығармасының бiрi 45-шi қарасөзiнде мынадай терең анықтамасын бередi: “Бұлардың (махаббат пен әдiлеттiң) керек емес жерi жоқ, кiрiспейтұғын да жерi жоқ. Ол — жаратқан Тәңiрiнiң iсi”.

Махаббат туралы айтылмаған сөз қалды ма. Солардың iшiнде хақиқатқа ең жақыны хакiм Абайдiкi, тегi. Өйткенi, жаңағы “Тәңiрiнiң iсi” (сол сияқты “Құдайдың фиғылы” және “Құдайдың жолы”) деген терминдiк тiркес ең алдымен күллi болмысты қамтитын, бұлжымай орындалатын заң деген мағынаны бiлдiредi. Мысалы, ғұламаның: “Құдайдың фиғылдарына ғашық болып тұтпақты пайғамбарлар үйреттi, әулиелерге әулиелер оқыды, ғашық болды” (38-шi сөз) деген тезисiнен Тәңiрiнiң заңы деген iлiмге меңзеген пiкiр ұшқынын көремiз.

Зауытта жасалған әрбiр зат, айталық, күрделi мәшинеден велосипедке дейiн, мiндеттi түрде оны қалай пайдалану жайлы нұсқау қағазбен (инструкция) шығады. Мұндай нұсқау Ұлы конструктор — Алла Тағаланың өзi жасаған “зор мәшине” (Шәкәрiм) — ғаламда да болуға тиiс. Ол кәне? Абайдың сенiмiнше, адамзатқа “мекен берген, халық қылған” Жаратушының заңдардың баршасына, әлемнiң күллiсiне лайықтаған “инструкциясы” — махаббат пен әдiлет сезiмдерi. “Түрлi дiннiң бәрi де ғаделет, махаббат Құдайға лайық деген” тұғырлы тұжырымды жасауы осының айғағы деймiз.

Ендi тылсымдық қос феноменнiң “күнәлi” жер бетiнде, адам өмiрiнде атқаратын мәндерiне байыппен көз салайық.

“Махаббатсыз – дүние бос”. Тағы бiрде:

«Бұл өмiрдiң қызығы махаббатпен,

Көрге кiрсең үлгiлi жақсы атақпен» (1897 ж.), – дейдi Абай. Яғни бұл өмiрдiң қызығы махаббатпен, онсыз адам баласының тiршiлiгi – мағынасыздық. Бұл ешкiмге де жаңалық емес.

Ислам сөздiгiнде мағмурлану (түбiрi — ғұмыр сөзiнен) терминi ақтық демiң таусылғанша бұл дүниеге ғашық, iңкәр болып өтудi бiлдiредi. Бұл терминдi Абай: “Дүниенiң мағмұрлығы бiр түрлi ақылға нұр берiп тұратұғын нәрсе” (38-шi сөз) деп түсiнiктейдi. Демек, адамды, адамды деймiн-ау, барша он сегiз мың ғаламды жарық дүниеге ынтық қылып “нұр берушi” жұмбақ қуат — “мағмұрлық” та махаббаттың бiр көрiнiсi.

Сонымен, аспектiлерi сан сырлы махаббат дегенiмiз не? Көпке аян, жан құмары жаннан, тән құмары тәннен шығып, екеуiнiң мақсаттары екi басқа болады. Тән құмарлары философия тарапынан бiр сөзбен ғана “нәпсi” делiнедi. Сол сияқты жан құмарлары түр-түрлерiнiң де жиынтық терминi, ортақ категориясы болуға керек. Ол — махаббат деген ойдамыз.

Әдiлет! Бұл ғажайып сөзде орасан сезiм және күш-қуат тұнып тұр! Көп категорияның бiрi ғана емес, бiзге Алланың хикметiн сездiруiмен ерекшеленетiн ұлы ұғымды жеткiзiп айтуға тiлiмiз қысқа. Әйтсе де оның күрделi аспектiлерiн ашуға талпынып көрелiк. Махаббатсыз дүние бос болса, әдiлетсiз өмiр де дәл сондай мағынасыздық. Қай дiни салт-ғұрыпты алсақ та әдiлеттi өмiр сүру адамның қарызды iстерiнiң үлкенi болуы содан. “Адам мен адам тең, ал адамдар бiрi бiрiне бауыр” деген әдiлеттiлiк идеясының әлемдiк дiндердiң жер бетiне таралуына өзгеше ықпал еткенi де құпия емес.

“Билiк үшiн әдiлеттiлiк бәрiне негiз болады, — деп жазады Жүсiп Баласағұни өзiнiң атақты кiтабында, — Әрi билiк сонда ғана сақталатын болады”. Десе дегендей-ақ, “әдiл патша”, “әдiлеттi қоғам” әлiмсақтан қалың бұқара халықтың көкейтестi арманы болғанына, әлеуметтiк төңкерiстердiң баршасы “әдiлет үшiн!” деген ұран астында өттi дегенге кiм таласар. Сол сияқты қалың бұқараны ұлт-азаттық қозғалысы жолына бiрiктiрушi де әдiлет идеясы болды. Сондай-ақ, қазiргi демократия идеяларының баршасы да әдiлет түсiнiгi сағасында тоғысады. Олай болатыны, алдыға оза айтайық, қоғамдық санадағы басты ұғымдар (адалдық, шындық, теңдiк және тазалық) түптегiн әдiлеттен алады.

Адам жүрегi неден жаралы болады, жүректегi махаббат ғадауатпен (зұлымдық) не үшiн “майдандасады”? Сөз жоқ, жүректiң жауы қиянат, ол әдiлет үшiн күресiп өтедi. Себебi, қай жерде әдiлет жоқ болса, сонда махаббат та жоқ. Ендеше олар егiздiң сыңарлары ма? Бұл мәселе жайлы сөзiмiз төменiректе.

Әзiрге әдiлет ұғымы аспектiлерiн әрi қарай қаузайық. Мұсылмандық және өзге де дiни сенiмдер адамның жер бетiндегi тұрмыс-тiршiлiгi — жасаған күнәсi үшiн Құдайдан алған жазасының өтеуi деп бiледi. Бұған иланбауға қиын: пенденiң бұл дүниеде көрер азаптары, расында да, шексiз. Баршамыз да ауыру-сырқаулар мен ғайыптан келетiн ажалдың қарауылында, қысқасы, қауiп-қатерлерге толы құз жағалаған хәлде өмiр кешемiз. Бақ құсы қонбайды емес, қонады-ау, бiрақ оны үркiтiп алмай ұстап қалуды қиямет де де қой.

Мұның сырын барша дiннiң ұстаздары Сайтанның (арабша — Шайтан, орысша — Сатана) әрекетiмен түсiндiредi. Перiштелер қауымында болған Iбiлiс деген әйгiлi жын Құдай алдында: “Мен одан артықпын: Сен менi мәңгi оттан жараттың, ал оны балшықтан жараттың” (38:76) деп Адам Атаға табынудан бас тартқан мезеттен жаңағы есiмдi алған. Ол осыдан бастап, Адам Ата ұрпақтарын ақ жолдан тайдырып, талмай азғырумен келедi. Айрандай ұйыған татулықтың бұзылуы, береке-бiрлiк атаулыға сынаның қағылуы сияқты iштен iрiтушiлiктiң бәрi-бәрi оның уәсиуәсиiнен. Онда ол даусыз зұлымдықтың символы ма? Әлде бұлай деуге асықпағанымыз жөн бе?

Дiн хакiмдерi Құдай Тағала ненi жаратады немесе iстейдi барлығы да мiнсiз, Құдай iсi барлық болмысты қамтитын болғандықтан Оның жаратқандары өз өзiне қатысты ғана емес, нәтижелерi бойынша қабылдануға тиiстi дейдi. Осы тұрғыдан Сайтанды да Жаппар Иемiз маңызды мәселелерге бола жаратқан екен: ол бiздiң нәпсiге қарсылығымыз арқылы рухымызды көтеруге, ерiк күшiмiздi бекiтуге жаратылған. Мұны мейiрiмдi Алланың пендесi қалың көрпеге оранып, “ұйқыға кетпей”, үнемi рухани кемелдену мен толысу жолында болуға қажеттi арнайы шарасы емес деп кiм айтар. Демек, айналып келгенде, бұл мысалдан да Тәңiрiнiң iсi — әдiлет екендiгiн көре аламыз.

Кешiрiмдi Құдайдың Адам Ата мен Хауа Ана ұрпақтарына берген жазасынан құтылудың, яғни бақытты болудың жалғыз шарты — Сайтанның айдауына жүрмей, сыбырына құлақ аспай, өмiрдi қиянатсыз тек тазалықта, ақ жүрекпен сүру едi. Сондықтан да:

«Тәңiрi жолы – ақ жүрек,

Сайтан деген – қиянат.

Ақ жүректi ертерек,

Ескердағы қыл әдет», — дейдi Шәкәрiм. Сөйтiп, Әдiлет заңы немесе Тәңiрiнiң берген сабағы — “қиянатшылыққа салынбау” (Абай) екен. Жоғарыдағы “Бақ құсы не себептен ұшып кетедi?” дегенге берер жауабымыз да мiне, осы арада.

Саналы ғұмырын Тәңiрiге махаббат қылуға сарп еткен ойшыл ғұламалар, дiни ұстаздар (имамдар, священниктер) немесе “ұйқы, тыныштық, әуес қызықтың бәрiн қойып” (Абай) бүкiл адамзат пайдасына қызмет еткен iрi ғалымдар арасында сақал-шашы аппақ қудай кәрiлiкке жетпегенi кемде-кем, ғиззат-құрметке бөленбегенi кәне. Ал, әдiлеттi бұзған, қиянатқа барған әрбiр пенде, кей-кейде бүкiл халық күнәсiне сай сыбағасын алатынын айтып адамзат ұстаздары қақсап өткен жоқ па.

Дей тұрсақ та, шынайы өмiрде бәрi де кездейсоқтық сияқтанатыны, Болмыстың бiр жағы көрнеу тiптi формуламен өрiлетiндей нақтылы, ал екiншi жағы керiсiнше мүлдем жабық, жұмбақ қалатыны несi? Әйгiлi теолог имам Ғазали: “Ақыл-ой Құдайды танып-бiлуге дәрменсiз, Ол тек алтыншы сезiм — мистикалық интуициямен ғана сезiледi” демекшi, рухтың табиғаты бас көзiне қандай деңгейде жабық, көмескi болса, оның әдiлет заңы да сондай деңгейде жабық, көмескi. Бұл мәселенiң бiр жағы.

Екiншi жағынан, дiни философия бойынша бұл дүние опасыз, жалған, мұсылманша фәни (өткiншi) әлем, ол бақи (мәңгi) әлем — ахиреттiң көлеңкесi ғана. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): “Ақыр заманда бiр жылың бiр күн болар” дегенiндей, ал атам қазақтың адам өмiрi “бес күндiк” деп бiлгенiндей, дүниенiң көрiнген жағы көрiнбеген жағының бiр кiшкене бөлiгi ғана. “Әлемнiң әдiлет заңы күмәнсiз бар” деген философиялық мәселеге майдан қылшықты тартқандай байыппен тоқталғанымыз да осы себептерден.

Сөйтiп, құндылықтар иерархиясында махаббат пен әдiлет ең үстiңгi және өзара тығыз байланысқан тетелес сезiмдер. Олар барша жаралысты, оның iшiнде адамзат қоғамының тiршiлiгi мен дамуын меңгеретiн Тәңiрiлiк абсолюттiк билiктiң заңы, хикметi және көрiнiстерi болып табылады. Яғни жердегi және одан тысқары әлемдер түгелдей олардың ықпалы аясында деп тұжырым жасауға толық негiз бар.

* * *

Махаббат пен әдiлет категорияларының тығыз байланысын ашудың уақыты ендi жетiп отыр. Бұлар бiздiң өлшеулi ақылымыз үшiн ғана бөлек-бөлек, ал тылсымдық, трансценденттiк мәнде бiр, медалдiң екi жағы сияқты ажырамайтын егiз екенiн жоғарыда атап өткенбiз. Дана Абай олардың жұмбақ бiрлiгiн анықтауға күш салады. Рет-ретiмен келейiк.

1894 жылғы “Әсемпаз болма әрнеге” деген өлеңiнде:

«Қайрат пен ақыл жол табар,

Қашқанға да қуғанға.

Әдiлет-шапқат кiмде бар,

Сол жарасар туғанға.

Бастапқы екеу соңғысыз,

Бiте қалса қазаққа.

Алдың — жалын, артың — мұз,

Барар едiң қай жаққа?» — дейдi ұлы ақын. Ғұламаның жай ғана әдiлет демей, “әдiлет-шапқат” деуiне мән бере қарағанымызда махаббат пен әдiлет сезiмдерi байланысын iздестiре бастаған деген жорамал туады. 4-5 жыл өткенде Алла Тағаланың сипаттарын жүйеге салатын және Оның заңдарын ашатын ұлы теолог Абайдың бұл бағыттағы алғашқы қадамы, сiрә да, осы кездерден.

1894-95 жылдар Абайдың қасына өңкей талапты жастарды жиып, “ұстаздық қылған жалықпас” деп өзi айтқандай, көп өсиет-толғауларын соларға арнайды. Олардың iшiнде жаңағыдай әдiлет заңына меңзейтiндерi баршылық. Мысалы: “Ауруды жаратқан — Құдай, ауыртқан Құдай емес, байлықты, кедейлiктi жаратқан — Құдай, бай қылған, кедей қылған Құдай емес деп, нанып ұқсаң болар, әйтпесе жоқ” (28-сөз) деуi соның бiрi. Бұл тезисте Тәңiрiнiң iсi әдiлеттi, бақытқа кенелу деңгейiң Оның заңын орындау деңгейiңе байланысты деген терең ойдың тұнғаны сөзсiз.

Махаббат, әдiлет Тәңiрiнiң iсi екенiне хақ сенiм, әсiресе, олардың байланысын жете тану тек шынайы әулие-хакiмнiң ғана сыбағасы. Жарықтық Абайдың өзi де бұл сапалық деңгейге бiрiншi қарасөзiнде “қажыдық, жалықтық, қылып жүрген iсiмiздiң баянсызын, байлаусызын көрдiк, бәрi қоршылық екенiн бiлдiк” деп өзi айтқандай, бұл фәни дүниенiң барлық шырғалаңын белшесiнен кешiп болған өмiрiнiң ақтық бөлiгiнде, тек 1898-1902 жылдары ғана жетедi.

Төменде шығармашылығының үлкен қорытындысы “Ғақлиат-тасдиқат” атты даналық трактатын (қазiргiше 38-шi сөз) тақырыбымызға қажеттi мөлшерде ғана шолып өтелiк. Онда данышпан Тәңiрiнiң iсiн тану тақырыбын алдыға қойып, махаббаттан — сүйiспеншiлiк, мейiрiм, мархамат, рахым, iзгiлiк, шапағат, бауырмалдық, қайырымдылық т.б. категориялар, тiптi: “Талап, ұғым да махаббаттан шығады” дейдi.

Ал ар, ұят, иман, жақсы iстер (ғамалус-салих), нысап, шүкiршiлiк пен ғибадат ғаделеттi адамның мiнез-қасиеттерi ретiнде аталады. Әдiлет — қиянаттың антиподы, дұшпаны. Шындық, растық жоқ болса, әдiлет те жоқ. Сол сияқты, жоғарыда да айттық, адалдық, теңдiк және тазалық деген ұғымдар әдiлеттен туады. Абыз ұстазымыздың: “Ғаделет барша iзгiлiктiң анасы дүр. Нысап, ұят бұлар ғаделеттен шығады” деген және “Ғаделеттiң бiр аты сиддық (шындық) болар” деген тезистiк ой-пiкiрлерi сөзiмiздiң айғағы.

Ислам философиясында Тәңiрiнi “жердегi көлеңкесi” бойынша тануды “тәффаккару фиғла иллаһи” (“Құдайдың iсiн ойлану”) деп атайды. Абай нақ осы тәсiл бойынша айналадан көптеген мысалдар келтiре отырып: “Адам баласынан махшарда сұрау алатұғын қылып жаратқандығында һәм ғаделет, һәм махаббат бар” дейдi. Және: “Бұл хикметтерi һәммасында мархамат һәм ғаделет заһир тұр екен. Бiз өз ортамызда бұл мархамат-ғаделеттi иманның шартынан хисап қылмаймыз” деп түйедi.

Махаббат, әдiлет Тәңiрiнiң заңы деген доктриналық идеясын Абай “Алланың өзi де рас, сөзi де рас” деген өлеңi мен 45-шi сөзiнде дамыта жалғастырады. Бұл екi шығарманың бiз шолу жасап өткен даналық трактат тәмамдалған соң, оған қосымша ретiнде жазылғаны күмәнсiз. Яғни, бұлар ойшыл хакiмнiң ең соңғы шығармалары. Алдыңғысында:

«Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәттi.

Адамзаттың бәрiн сүй “бауырым” деп,

Және “Хақ жолы осы” деп әдiлеттi», — деген ұлы шумақты келтiрмей, айналып өтуге хақымыз жоқ. Ал, кейiнгiнi: “Құдай табарака уатағаланың барлығының үлкен дәлелi — неше мың жылдан берi… һәм неше мың түрлi дiннiң бәрi де ғаделет, махаббат Құдайға лайықты дегендiгi” деп бастайды әлем ойының алыбы.

Жә, Абайдың “ғаделет, махаббат”, “мархамат-ғаделет”, ендi бiрде “ғаделет-шапағат” деп екi ұғымды үнемi қосақтап айтуының сыр-себебi неде? Олай болатыны, кемеңгердiң мақсаты махаббат пен ғаделет, айталық, иман мен тағат ұғымдары сияқты ажырамайтын егiз, саналы адамға өз тiршiлiгiнде осы екеуiне сүйену қажеттiгiн дәлелдеуге саяды.

Тәңiрiнiң заңын ашудан ұлы жаңалық бола ма? Болмас, сiрә. Ол “Күнi-түнi ойымда бiр-ақ Тәңiрi” (1895) деп өзi сыр ашқандай, Абайдың Тәңiрiнiң iсiн толассыз ойланып, терең ойдың соңынан талмай телмiруiнiң нәтижесi. Әрi нағыз әулиелiк пен шынайы көкiрек көздiң иесi екенiнiң куәсi.

Iзденгiш ғұламаның: “Неше мың түрлi дiннiң бәрi де ғаделет, махаббат Құдайға лайықты деген” тезисiн жоғарыда сараптап өткенбiз. Тағы бiр үңiлейiк, қадiрлi оқырман, бiле бiлсек, бұл мыңжылдықтар даналығын сiңiрген ғажайып тезистiк пiкiр! Қасиеттi кiтаптарды, мысалға Құранды, Iнжiлдi парақтамаған оқымысты ғұламалар мен дiн ұстаздары кемде-кем, бiрақ махаббат-ғаделет Алла Тағаланың 99 есiмдерiнiң бiрi деп бiлгеннен асқандары кәне, ал екi феноменнiң байланысы туралы өз сөзiн айтқан ғұламаң қайсы? Атеистiк көзқарастың айқын басымдығымен өткен соңғы ғасырда имандылық негiздерi мен жан сырын ашуға адамзаттың мұршасы келмегенi өтiрiк емес.

Даналық трактатында: “Аяттарға ешкiмнiң ықласы, көңiлi менен ғылымы жетiп құптағанын көргенiмiз жоқ” деуiне, ал дiни өлеңiнде: “Уә ктубиһи дегенмен iсi бар ма?” деген сөзiне қарап, Тәңiрiнiң махаббат, әдiлет заңын ашқанын, адам рухына қатысты жаңа сөздер айтқанын Абайдың өзi де жақсы бiлгенiн аңдаймыз. ХХ ғасырдың басында, санасы тентiреген адамзат атеизмге тың бұрылыс жасауы қарсаңында, хақиқатты жеткiзушi әулиенiң: “Көп кiтап келдi Алладан, оның төртi, Алланы танытуға сөзi айырылмас” деуiне бас шайқамау, ғажаптанбау мүмкiн емес. Бұл, сөз жоқ, шынайы көреген кемеңгерлiктен туатын толеранттық сана.

Қорыта келгенде, бiз әйгiлi ғалым Ньютон ашқан материалдық әлем заңдылықтарынан әсте кем соқпайтын, расы, одан да маңыздырақ, Абай жаңалықтарының куәсiмiз!

Асан ОМАРОВ, философия ғылымдарының кандидаты,

Әдiлет министрлiгi “Дiни мәселелер жөнiндегi ғылыми-зерттеу және талдау”

мекемесiнiң жетекшi маманы