Жаңалықтар

ДIНАРАЛЫҚ ТАТУЛЫҚ

ашық дереккөзі

ДIНАРАЛЫҚ ТАТУЛЫҚ

Құдайға шүкiр, Ата Заңымызда “сенiм бостандығы” өз орнын лайықты иемденген. Елiмiзде мұсылман мешiтiмен қатар христиан шiркеулерi, түрлi секталардың сыйынатын үйлерi, еврейлердiң де синагогалары еркiн жұмыс атқаруда. Бұлардан басқа да дiн ұйымдары өз миссияларын емiн-еркiн жүргiзiп жатқандығына баршамыз куәмiз.

Кейбiр миссионерлердiң iс-әрекетi тым өрескел болып бара жатқаны да жасырын емес. Ата Заңымыздағы “сенiм бостандығын” аяқасты етiп жүргендерi де табылады. Сондықтан, қаншама сенiм бостандығы, демократиялық елмiз дегенiмiзбен, ел болашағына аса мән бергенiмiз жөн. Осы орайда Елбасының Астанамызда күллi әлемнiң дiнбасыларының басын қосып, ымыраға шақырып жатқандығын елiмiздiң болашағын ойлап жасалып жатқан киелi iс екенiн, елiмiздегi дiнаралық ынтымақты одан әрi нығайту екенiн және сiздер мен бiздердiң дiнге деген ой-өрiсiмiздi кеңейту көзделгенiн айта кету керек.

Құран Кәрiмде: “Адам баласы бiр-ақ үмбет едi. Сонда Алла (сауап және пейiшпен) қуантушы, (азап пен тозақтың хабарын) ескертушi пайғамбарлар жiбердi. Олармен бiрге адамдар арасында келiспеушiлiк жағдайлар болғанда, турасын тауып, дұрыс шешiмге келулерi үшiн хақ жолды көрсетушi кiтапты түсiрдi. Бiрақ, кiтап берiлгендер өздерiне ап-ашық дәлелдер келгеннен кейiн бiрiн-бiрi күндеп, кiтап жөнiн-де келiспеушiлiкке ұрынды, талас-тартыс шығарды. Осы орайда, Алла иман етушiлерге келiспеушiлiк пайда болған мәселелердiң тура шешiмiн, өзiнiң ұйғаруымен көрсеттi. Тура жолға Алла өзi қалаған адамын ғана бастайды” (“Бақара” cүресi, 213-аят), — делiнген.

Осы аяттағы: “Адам баласы бiр-ақ үмбет едi” деген үндеу – адамзаттың баршасына арналып, жер бетiндегi бүкiл адамзат әсiлi бiр үмбет екенiн ескертiп тұр. Ия, адам түбi – Адам Ата мен Хауа Анадан өрбiген бiр-ақ үмбет, бiр отбасының мүшелерi. Қасиеттi Құранда: “Ей, адамзат! Сендердi бiз әуелде бiр еркек, бiр әйелден, бiр ата, бiр анадан жаратып, өрбiттiк”, – дейдi. Демек, бiр ата, бiр анадан ақырындап көбейiп қауым, ел, қоғам болған. Әрине, қоғамдағы көпшiлiктiң әрқайсысының өз пiкiрi, қалауы болғандықтан, табиғи түрде араларында келiспеушiлiктер болып тұрады.

Сондықтан, хадис шәрiптердiң бiрiнде айтылғанындай, Адам Атадан Мұхаммедке (с.ғ.с.) дейiн жүз жиырма төрт мыңға жуық пайғамбарларды Алла Тағала өз қауымдарына заманына сай, сол дәуiрдегi халықтың санасына лайықты дiнмен, шариғатпен жiберген. Бұл қасиеттi Құранның “Фатир” сүресiнiң 24-аятында: “Қауымдардың қайсысына болса да (ескертушi) пайғамбар жiберiлген”, – делiнсе, “Ръад” сүресiнiң 7-аятында: “Әр қауымның (өз заманына лайық хақ жолға бастаушы) пайғамбары болған”, – дейдi. Бұған қоса, жоғарыдағы аят қозғаған ең басты тағы бiр мәселе: “Олармен (пайғамбарлармен) бiрге адамдар арасында келiспеушiлiк жағдайлар болғанда, турасын тауып, дұрыс шешiмге келулерi үшiн хақ жолды көрсетушi кiтаптi түсiрдi”, – деп баяндалады.

Қасиеттi Құранда: “Бiз (мұсылмандар) Аллаға, бiзге түсiрiлген шариғатқа (Құранға), Ибраһим, Исмайл және Исқақ пен Жақыпқа, оның әулеттерiне берiлген нәрсеге, Мұсаға түсiрiлген (Тауратқа), Исаға түсiрiлген (Iнжiлге) және басқа пайғамбарларға Алла тарапынан берiлген игiлiктерге иман келтiрдiк. Бiз ол пайғамбарларды алаламаймыз (бiрiне сенiп, ендi бiрiне сенбей қоймаймыз). Бiз – мұсылманбыз, яғни бiр Аллаға бойұсынамыз”, – делiнген.

Ибн Аббас риуаят еткен хадисте: “Адам Атаның әулетi құдайдан басқаға құлшылық жасай бастағанда, Алла Тағала Нұхты (ғ.с.) пайғамбар етiп жiбердi. Ол жер бетiне Адам Атадан кейiн жiберiлген бiрiншi Расул (яғни кiтап парақтары түсiрiлген) пайғамбар едi”, – дейдi. Демек, Алла Тағала пайғамбарларды бiр Аллаға ғибадат етуге шақыртқан. Ал бiр Аллаға ғибадат ету – дiннiң негiзгi мәселесi. Бұл мәселенi – таухид деймiз. Таухидтан тыс кету, бiр Аллаға сыйынудан, құлшылық жасаудан ауытқу дiнге жат нәрсе, адасу боп саналады. Бұл туралы Құранда: “Сенен бұрын бiр пайғамбар жiберсек, күдiксiз менен басқа ешбiр тәңiр жоқ. Маған ғана құлшылық етiңдер, деп аян еткенбiз”, – дейдi.

Жоғарыдағы аятта: “Бiрақ, кiтап берiлгендер өздерiне ап-ашық дәлелдер келгеннен кейiн бiрiн-бiрi күндеп, кiтап жөнiнде келiспеушiлiкке ұрынды, талас-тартыс шығарды”, – делiндi. Яғни сол хақ кiтап туралы халықтың барлығы да келiспеушiлiкке барған жоқ, тек кiтапты оқып, уағыздап жүргендер ғана бұл Құран кiтабының хақтығына, туралығына ап-ашық дәлелдердi өздерi уағыздап жүрген кiтаптан өз көздерiмен оқып, бiлiп тұрса да, шектен шығып, көреалмаушылық, дәмету, нәсiптерiне құл болғаны себептi, қолдарындағы билiктен ажырап қалмау үшiн келiспеушiлiктерге барды.

Сосын бұрын бiраз нәрселерде хақ болғанымен, хазретi Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар болғаннан кейiн бұрынғы кiтап иелерiнiң дiн басқарушылары мансаптарын қимай өз арам пиғылдарын амалға асырып, дiнге бұрмалаулар, бидағат нәрселердi, негiзiнде хақ дiнге жат нәрселердi енгiздi. Дiннен таухид, яғни жалғыз Аллаға деген құлшылық бiр шетте қалды. Бұл жағдайларды Мұхаммед (с.ғ.с.) өз пайғамбарлығы кезiнде паш етiп, анықтап бердi. Қолдарында Алладан түсiрiлген кiтап болғанымен, Құдайдан басқаны Құдай деп, оған құлшылық жасап кеткен яhуди, христиандарды жалғыз Аллаға иман келтiруге шақырды. Алла Тағаланың өзi Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) мұны арнайы бұйырып: “Ей, кiтап иелерi (яhуди, христиандар)! Келiңдер, Аллаға ғана құлшылық етуге, оған серiк қоспауға (ғибадаттарымызда ширк жасамауға), өз арамыздан кейбiреулердi тәңiр тұтпауға өзара келiсiп алайық, деп айт. Олар бұған көнбесе, куә болыңдар, бiз мұсылмандармыз (яғни бiз бiр Аллаға бойсұнушылармыз) дегiн”, – дедi.

Осы жоғарыдағы “Бақара” сүресiндегi аяттың “тура шешiмiн, (Мұхаммедтiң (с.ғ.с.) үмбетiне) өзiнiң ұйғарымымен көрсеттi”, – деген жерiн Ибн Кааб (р.а.) басқа аятпен тәпсiрлеп: “Қиямет қайымда (Мұхаммедтiң (с.ғ.с.) үмбетi) адамдардың үстiнен куә болулары үшiн”, – дейдi. Куә түсiнiктi болу үшiн Хафиз ибн Мурдауайһ Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) риуаят еткен хадистi келтiремiз: “Қияметте мен үмбетiммен елдiң әуесi келетiн төбе жерде халайыққа қарап тұрғанда, адамдардың барлығы да бiзден болуды армандайды. Қайсы пайғамбарды үмбетi жеткiзбедi деп айыптаса, бiз Тәңiрдiң пәрменiн пайғамбар оларға жеткiзгенiне куәлiк беремiз”, – деген (Имам Ахмад).

Тағы бiр хадисте: “Қияметте Нұх (ғ.с.) шақырылады “Жеткiздiң бе?” – деп сұралады. Ол: “Иә”, – деп жауап бередi. Кейiн оның үмбетi шақырылып: “Жеткiздi ме?” – деп сұрағанда, оның үмбетi: “Бiзге ешқандай ескертушi келген жоқ”, – дейдi. Сонда Нұхқа (ғ.с.): “Кiм саған куә?” – дейдi. Ол: “Мұхаммед (с.ғ.с.) және Оның (с.ғ.с.) үмбетi”, – деп жауап бередi.

Бұған қосымша басқа риуаятта: Мұхаммедтiң (с.ғ.с.) үмбетiне қарата Алла Тағала: “Сендер, мұны қайдан бiлдiңдер?”, – дегенде: “Хазретi Мұхаммедке (с.ғ.с.) түсiрiлген қасиеттi Құран кiтабынан оқып бiлдiк”, – дейдi”, – делiнген.

“Тура жолға Алла өзi қалаған адамын ғана бастайды”, – дейдi ең әуелгi аят соңында. Ия, тура жол баршаға нәсiп ете бермейдi. Алла нәсiп еткен тура жолдағы иманды адамға көралмаушылық, дәмету, нәпсiге құл болу сияқты жаман сипаттар жат. Ондайлар хақ кiтап жөнiнде келiспеушiлiктерге бармайды. Қайта олар хақ кiтапты өздерiне жолбасшы етiп тура жолмен нық қадамдар жасайды.

Демек, адамдар – Адам Атадан тараған бiр-ақ үмбет. Алла жалғыз, нұрлы жол, жарық жол, ақ жол, хақ жол, тура жол – дiн бiреу ғана. Яһуди, христиандардың ислам дiнiмен өзара келiспеушiлiктерi Алланың тәлiмдерiне қайшы. Құран кәрiмде: “Алла – иман келтiргендердiң досы. Оларды қара түнектерден (жарық) нұрға шығарады. Күпiр келтiргендердiң досы – шайтан. Ол нұрдан қара түнектерге шығарады. Мiне, солар – тозақтық. Олар – онда мәңгi”, – деген.

Аятта жарық нұр сөзiнiң жеке түрде келгендiгi нұрлы жолдың бiреу ғана екендiгiне, ал, қара түнектердiң көпше түрде келгендiгi – қараңғы жолдардың көп екендiгiне сiлтеу. Ислам – Алланың сызған жолы. Хақ жол. Алланың жолынан басқа жолдардың баршасы да аттары қалай аталмасын олар қара түнектерден тұрады. Олардың достары (қамқоршысы) – тағұт. Аятта “шайтан” деп аударған сөзiмiз “тағұт” сөзiнен аударылды. “Тағұт” сөзiнiң түбiрi “туғян”, аудармасы — “сызылған сызықтан шығу”, “жарық нұрлы жолдан қара түнектерге ауытқу”, “адасу”, дегендi бiлдiредi. Тағуттың үлкенi – шайтан боп есептеледi. Демек, Аллаға апаратын жалғыз нұрлы жол – ислам жолы. Ақ жол – ислам жолы. Хақ жол – ислам жолы. Нағыз таухид жолы – ислам жолы. Ислам дiнi мағынасы айтып тұрғандай, ықылас, бейбiтшiлiк, ынтымақ дiнi, барлық дiндерге құрметпен қарайтын дiн. Әсiресе, яһуди, христиан дiнiндегiлерге аса iлтипат көрсетiп, оларды “Аһл әл-Китап” – “Кiтап иелерi” деп атайды. Осы диалог көп уақыттардан берi Исламның дiнаралық келiсiмнiң жағында екенiн бiлдiрiп, достық, ынтымақ, бiрлiк жолында қызмет атқарып келедi.

Қысқасы, бейбiтшiлiк, татулық, iзгiлiк пен тақуалық, өзара жақсы қарым-қатынас сияқты игiлiктi iстердiң барлығы да Ислам дiнi уағыздарының негiзi. Өйткенi, Ислам – адамзат құндылықтарын бағалайтын күллi адамзатқа арналған дiн.

Бақтыбай БЕЙСЕНБАЕВ, С.Ғылмани атындағы мешiттiң

Бас имамы,

Астана қаласы