Жаңалықтар

БАНКТЕРДЕГI БЕРЕКЕСIЗДIК

ашық дереккөзі

БАНКТЕРДЕГI БЕРЕКЕСIЗДIК

Қаһарға мiнген Қаржылық нарықты қадағалау агенттiгi қазақстандық барлық банкке хат жолдап, ескерту жасады. Ал кейбiр кәсiпорынды лицензиядан айырды. Себеп, оңай әрi жеңiл жолмен ақша табуға мүдделi кейбiр компания мен қаржылық ұйым ереже мен заңдарды тағы белшеден басқан.

Қаржылық нарық пен қаржылық құрылымдарды реттеу және қадағалау агенттiгi өткен аптада қазақстандық шағын және орта кәсiпкерлiктi несиелеу мен ипотекалық қайта несиелеу бағдарламасына қатысатын отандық екiншi деңгейлi банктердi тексеру барысында барлық банк тарапынан заң бұзушылықтарға жол бергенiн анықтай келе, агенттiк “ТұранӘлем Банкiне”, “Еуразиялық банкке”, “Казкоммерц” банкi, Халық банкi, “Альянс Банкi”, “АТФБанкi”, “Темiр банкiне”, “Центркредит” банкi, kaspi банкiне келеңсiздiктердi жоюға бұйрық бердi. Ал “Цесна банкi”, “Сбербанк” ААҚ ЕБ, “Астана-Финанс” пен “Нұр банкiне” арнайы тексеру жүргiзiп, заң бұзуышылықтарға жол бергендердi анықтау керектiгi туралы хат жолдады. Агенттiктiң хабарлауынша, банктердiң көпшiлiгi несиелеуге қатысты құжаттарды енгiзу қағидаларында, ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру мақсатында “Самұрық-Қазына” Ұлттық әл-ауқат қорынан бөлiнген қаражатқа қатысты банк салымының шарттарында және “Самұрық-Қазына”, “Даму” қорлары мен банктер арасында шағын және орта кәсiпкерлiктi несиелеуге байланысты жасалған келiсiмшартты бұзған көрiнедi. Қаржылық нарық пен қаржылық құрылымдарды реттеу және қадағалау агенттiгiнiң басшысы Елена Бахмутова агенттiк тарапынан банктерге жөнелтiлген хаттар банктерге қатысты заңның бұзылғаны үшiн емес, келiсiмде көрсетiлген шарттарды сақтамағанына байланысты екендiгiн айтты. Алайда, тағы бiр келеңсiздiк банктердегi құжаттарды рәсiмдеу ережелерi мен қарыздарға қойылатын сыйақыны көтеруге қатысты. Яғни, “Самұрық-Қазынадан” қаражат бөлiнбей тұрғанда несиенiң қай валютада алынғанына қарамастан, банктерге алдағы 3 жылда сыйақыны өсiруге тыйым салынған болатын. Алайда, қаржы қолдарына тиiсiмен, банктердiң “әуенi” кенет өзгерiп шыға келген. “Әй” дер ажа, “қой” дер қожа жоқ” дедi ме, банктер тiптi, айыппұлдық санкцияларда да шектен шығып кеткен.

Негiзi қазақстандық жекеменшiк банктер Бахмутованың бұл бұйрығына қалай жауап берерi белгiсiз. Бiрақ жыл басынан берi тиiстi органдар тарапынан бiр емес, бiрнеше рет ескерту алған бiздiң қаржылық ұйымдардың заң мен ереже бұзушылыққа етi үйренiп бара жатқанын ескерсек, олардың Ұлттық қордан бөлiнген қаражатты мақсатты түрде әрi уақытылы игеруiн қатаң бақылауға алу керектiгi анық. Айтпақшы, қыруар қаражатты мақсатсыз жұмсауда, яғни, ысырап етуге қатысты заң бұзушылықтар “Самұрық-Қазынаның” арнайы құрылған бақылау жасайтын жұмыс тобының отырысында талқыға салынды. Тексеру жүргiзетiн бас орган – прокуратура қазiр банктер әрекетiне тексеру жұмыстарын аяқтауға жақын қалды. Банктер тарапынан қанша ақшаның желге ұшқанын Бахмутова басшылық ететiн агенттiк тексеру қорытындысынан кейiн ғана тап басып айта алады.

Кейбiр банктерде несие алушылармен жасалған келiсiмшарттарда 2-3 жылдан кейiн сыйақы көлемiн банк бiржақты көтеруге құқық алатын баптар енгiзiлген. “Самұрық-Қазына” тарапынан ескерту алғаннан кейiн “тәубесiне” келген қаржылық ұйымдар қормен жасалған келiсiмде “Самұрық-Қазына” кез келген уақытта қаражатты қайтарып ала алатыны туралы шартты көлденең тартты. Ал Келiмбетовтiң қоластындағы қызметкерлерi банктерге Бас келiсiмдi сақтамаған банктерден ғана қаражат керi қайтарып алатынын түсiндiрiп әлек. Жалпы “Самұрық-Қазына” қаражатты уақытылы iске қоспаған, яғни, қайта қаржыландыру мен шағын және орта кәсiпкерлiктi несиелеуде шабандық танытқан бiрнеше банкке бiрнеше рет ескерту жасаумен шектелгенi болмаса, ешқайсысынан қаражатты қайтарып алған емес. Есесiне, қордың қаржысын мақсатсыз жұмсаған банктерге айыппұл санкциялары бекiтiлген.

“Самұрық-Қазына” қаражатты дер кезiнде игеруге асықпайтын банктерге шара қолданбаса да, Қаржылық нарықты реттеу және қадағалау агенттiгi соңғы екi аптада 4 басқарушы компания мен ипотекалық ұйымның лицензиясын қайтарып алды. Ал “көрпесiне қарай көсiлудi” жөн көрген кейбiр компаниялар лицензияны агенттiкке өз ерiктерiмен қайтаруды жөн көрiптi. Агенттiктiң хабарлауынша, компаниялардың рұхсатнамасыз қалу себептерi әртүрлi. Мысалы, “West investment company” АҚ мен “Capital Almakhan Invest” АҚ есеп беру мерзiмiн бiрнеше рет кешiктiрсе, “Алан Секьюритис” бiрнеше рет заң талаптарын сақтамаған. Заңға мойынсұнуға бейлiдiк танытпайтын кәсiпорындар, қаржылық ұйымдар, әсiресе, шетелдiктер агенттiк тарапынан қабылданып жатқан шараларға наразылық танытып, жиi дабыл қағылғанмен, отандық сарапшылар қауымы керiсiнше, агенттiктiң әрекетiн құптайды. Өйткенi, ашкөздiкке ұрынатын кейбiр банктер мен компанияларды былыққа белшесiнен батырғаннан гөрi алдын алу шараларын қарастырған әлдеқайда жақсы. Демек, Бахмутова мен оның қызметкерлерi қойған талаптар мен қабылдаған шешiмдердiң астарынан саяси сарын iздеу – қисынсыз. Оның үстiне, кезiнде арзан әрi жеңiл несиелердi үстi-үстiне алған кейбiр отандас ақшаның буына елiтiп жүрiп, тәуекелдiк менеджментiн күшейтуге көңiл бөлмеген. Дұрысы, мүдделi болмаған. Бүгiнде нарықтағы кемелерi қайраңдап қалғандар – солар. Оның үстiне, 2007 жылдың күзiнде қазақстандық iрi банктердiң көпшiлiгi тәуекелдiк менеджменттiң әлсiздiгiнiң кесiрiнен дефолтқа ұшырап, сан соғып қалғаны белгiлi. Осындай келеңсiздiктер қайталанбас үшiн Қаржылық нарықты қадағалау агенттiгi қадағалау мен бақылау жұмыстарын күшейтуге кiрiстi. Оның үстiне, елiмiздегi өз мiндетi мен жауапкершiлiгiн мүлтiксiз орындамаған бiрлi-жарым банк не кәсiпорын жалпы отандық қаржы жүйесiне керi ықпал етедi. Қаражат тапшылығына ұшыраған қаржы жүйесiн тығырықтан алып шығу мақсатында халықаралық деңгейдегi инвесторларды тарту үшiн отандық қаржы жүйесiн тағы бiр сүзгiден өткiзiп, сапа мен жауапкершiлiк мәселесiне баса назар аударған жөн.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ