Жаңалықтар

ӨЗ ҚЫЗЫҒЫН БАЛАСЫНЫҢ БАҒЫМЕНЕН ӨЛШЕГЕН...

ашық дереккөзі

ӨЗ ҚЫЗЫҒЫН БАЛАСЫНЫҢ БАҒЫМЕНЕН ӨЛШЕГЕН...

Өмiрде анасыз бала жетiм, баласыз ана бейбақ… Әсiресе, бауыр етi баласы беймезгiл бақилық болған кейуананың асыл жүрегiн сыздатқан ауыр қайғы, сөнбейтiн сағынышын былайғы қарапайым пенделер шындап сезiнуi неғайбыл. Ана жанындағы зарлы үндi еститiн құлақ кемде-кем.

Белгiлi тележурналист, шыншыл ақын, адал дос, марқұм Бейбiт Құсанбековтың анасы Үмiтжан Қалиасқарқызы арамыздан ерте озған ұлына деген жүрек үнiн өлеңменен өрнектеген екен. Әз ананың және өмiрден тым ерте озған Бейбiт Құсанбектiң бiрнеше өлеңiн оқырмандарымыздың назарына ұсынуды жөн деп санадық.

ТҰСАУКЕСЕР

Бал-бұл жанып тұр ғой өлке дидары,

Бар шуағын балғын бойым жинады.

Жүрек тулап, асықтым бiр сырымды,

Туған жердiң құлағына құйғалы.

Жанарыма тұна қалды гүлдi алап,

Бақытыма тартқандаймын туралап.

Қуаныштан шыққан құлын дауысым,

Кеттi саймен тау арасын қуалап.

Бұлбұл-дағы құлақ қойды үнiме,

Сиқырлы сөз оралғандай тiлiме.

Оқып бердiм табиғатқа жырымды,

Арқа сүйеп ақ қайыңның дiңiне.

Сұңғақ терек өсiп кеткен бойы алып,

Таңданғандай ұйқысынан оянып.

Таулар тұрды қалпын бұзбай сабырлы,

Қарағайдан асатаяқ таянып.

Аққу-арман қанатында да ұш әнiм,

Бозторғайдың таңдайына түс әнiм.

Ешкiм емес, алғаш менiң жырымның

Табиғаттың өзi кескен тұсауын!..

ӘЖЕ

Балалық кезiм оралса еске — күй табам,

Суретi келiп ғажайып шақтың, ұйқы алаң.

Тау-тасты кезiп, аяқ-қол шыт-шыт жарылып,

Келгенде сонда алақан қандай сипаған!

Ақ пейiл әже — жазылған талай тақырып,

Жазайын мен де сияға қалам матырып.

Өмiрде мынау басыма “таяқ” тигенде

Кең құшақ сол бiр тұрады әлi шақырып.

Айналдым әже — пiрi едiң бала шағымның,

Бұлғаңдап еркiн, “пәле” боп талай қағындым.

Әлiге дейiн әдiлдiк таппай қалғанда,

Жүгiрiп барып келедi саған шағынғым…

Әжелер деген — көңiлдiң атқан ақ таңы,

Ұрпағы оның — “құлыны күнi, әппағы”

Дүниеде егер тәлiмсiз ұрпақ көбейсе,

Балабақшаның “әже” бола алмай жатқаны.

Мейiрiмге әлi келемiн ешбiр тоя алмай,

Аялда, уақыт, аялдай тұршы, аялдай!

Өмiрдiң нұрлы шуағы барын сездiрген,

Осы бiр адам қалса бiр күн қайтем оянбай…

ҚЫЗҒЫШ-АНАМ

Асылыңды айтарыңда қала ма тiл күрмелiп,

Анам менiң! Толтырармын құшағыңды гүлге лық.

Гүлдей жайнап, гүлмен бiрге құшағында тұрармын,

Бағым жанып оралғанда шаршы топтан жүлде алып!

Хат жазбасам, өкпелейсiң, сездiрместен көп белгi,

Құшағыңа кiрген сәтте-ақ ұмытарсың өкпеңдi.

Жүрегiңнiң дүрсiлiнен сеземiн ғой, сеземiн —

Көңiлiңе менiменен бiрге келген көктемдi.

Маған деген махаббаттан биiк ұстап еңседен,

Мен мұңайсам, қалатұғын ойға батып белшеден.

Қайран анам! Қызғыш-Анам!

Өмiрiнiң қызығын

Мына менiң маңдайымның бағыменен өлшеген…

ЖАПЫРАҚ — ҒҰМЫР

Сәуленi жұтқан жап-жарық,

Кешегi жасыл жапырақ.

Жатырсың жерде тапталып,

Суыққа тоңып қалтырап.

Керемет едi-ау, дәуренiң,

Молында шуақ, сәуленiң.

Бiрiңе-бiрiң күбiрлеп:

Тұрушы ең: “ғажап, ғұмыр!” деп.

Сарғайып кеттiң жапырақ,

Сарғая күткен жүректей…

Лайланды көңiл тұнығым,

Қысқа едi неткен ғұмырың?!

Бейбiт ҚҰСАНБЕКОВ

ТЕЛЕЖУРНАЛИСТЕРДIҢ БЕЙБIТ ҚҰСАНБЕКОВ АТЫНДАҒЫ II-РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫ ӨТIП ЖАТЫР

Қалған жоқсың ұмыт боп,

Жалынды жаста үмiт көп.

Келешегiм жас толқын

Сендерден күтем үмiт тек.

Кешегi сендер жас өрен,

КазГУград — мақтаны.

Ал бүгiн әрқайсысың,

Елiмнiң Ақпараттары.

Бейне сайдың тасындай

Жарқыраған жасындай,

Жақсы iстi көрiп үлгi алған,

Бәйгеге түсiп топ жарған

Жастарға айтар алғыс көп.

Ғасырға тең әр жылым

Мiндет ауыр, Күш мығым.

Елiмде үлкен құлшыныс

Кедергi болмас дағдарыс.

“Қазақстан” “Хабар”-дың

Сайыпқыран жастары,

Iстелген iстiң шегi жоқ,

Сендерге айтар алғыс көп!

АРНАУ

Пайғамбар жасынан мен асып барам,

Көргенде қуанышыңды тасып қалам.

Құтты болсын, жан балам қырық жасың,

Жырымды шашу етiп шашып қалам.

Дүние ғаламданған бұл бiр заман

Мол қуаныш сыйладың риза анаң

Табысың тау суындай таси берсiн

Жете бер мұратыңа есен-аман.

Нәзiк жүрек кiшiпейiл көңiлменен

Аражiгiң достардан бөлiнбеген

Атапты “ТВ-ның торысы” деп

Оза шап өрiнде өлең, өмiр-өзен!

2002 жыл, 12 тамыз

Үмiтжан ҚАЛИАСҚАРҚЫЗЫ