Жаңалықтар

ВЛАДИМИР ВОРОНИННIҢ БИЛIКҚҰМАРЛЫҒЫ МОЛДОВА КОММУНИСТЕРI КРЕМЛЬ ҚОЛШОҚПАРЫНА АЙНАЛДЫ МА?

ашық дереккөзі

ВЛАДИМИР ВОРОНИННIҢ БИЛIКҚҰМАРЛЫҒЫ МОЛДОВА КОММУНИСТЕРI КРЕМЛЬ ҚОЛШОҚПАРЫНА АЙНАЛДЫ МА?

Билiктiң тәттi дәмiн бiр татқандардың осыдан соң-ақ ешқашан одан айрылғысы келмейтiнi ешкiмдi таңқалдыра қоймаса керек. Адамзат жаралғалы осылай болған, ақырзаманға дейiн де осылайша жалғаса беруi ықтимал. Бұл өзi өзбек ака туралы анекдоттағыдай жайт. Сол әзiл әңгiмеде өзбек ака: “ Әкемдi боқтадың, шыдадым. Шешемдi боқтадың, шыдадым. Өзiмдi боқтадың, шыдадым. Қатынымды боқтадың, қалай қарап тұрамын?”, — деп тату досымен аянбай төбелескенi туралы айтылады.

Молдовадағы билiкке талас та тура осы анекдотты еске салады. Осыған дейiн ел тiзгiнiн ұстаған коммунистер, әсiресе, ел президентi Владимир Воронин мырза өз аттарына айтылған талай ауыр сын, айыптауларға шыдамдылық танытып келгенiмен, жеме-жемде билiкке талас өршiген тұста өздерiнiң бетпердесiн ашып, шынайы кейiптерiн көрсетiп алды. 29-шiлде күнi Молдовада Парламент сайлауы өтiп, сәуiр айынан берi жанартау үстiнде отырғандай әсер қалдырып келген шағын елде билiкке таластың оты одан әрмен өрши түстi. Әлемдiк барлық сарапшылар мен осы сайлауды бақылаушылар Молдовадағы сайлаудың халықаралық талаптарға сай әдiл өткенiн бiрауыздан атап өтуде.

Коммунистер Кишиневтiң билiгiн өз қолында ұстап қала алмады, ал Молдова президентi Владимир Воронин билiгiне қарсы оппозиция да айқын жеңiске жете алған жоқ. Бiрақ, қалай болғанда да ел халқы өз таңдауын жасап, бұдан әрi коммунистерге сенбейтiнiн ашық танытты. Биылға дейiн өздерiн еуропалық өркениет, мәдениетке бiртабан жақын екендiгiн мақтанышпен баса көрсетудi әдетке айналдырған Молдова коммунистерi осыдан соң-ақ өздерiнiң екiжүздiлiгiн, билiк үшiн қолдан келетiн барлық амалдардан бас тартпайтынын анық танытты. Осылайша коммунистер тiптi, джунглиде де өздерiнiң құбыжық, зұлым коммунистiк қасиетiнен айрылмайтынын анық байқатып отыр. Олар билiк жолында адамзат осыған дейiн ойлап тапқан барлық құйтырқылардан бас тартпайды, тiптi, бұрынғылардың бәрiнен асып түспекшi. Оған мысалдар жетерлiк. Әсiлi, коммунистер билiкке келгенiнше — ғажап, билiкке келген соң — азап.

Молдавия бұрынғы кеңестiк республикалардың iшiндегi ең кiшкентайы және халқы ең тығыз орналасқан елдердiң бiрi. Халықтың тығыз орналасуы жағынан ол Еуропаның өзiнде алдыңғы орындарды иеленедi және кәрi құрылықтағы ең кедей елдердiң бiрi. Теңiзге шығар жолы жоқ елдiң экономикалық негiзiн ауылшаруашылығы құрайды. Бiр кездерi Молдавияның тәттi шараптарының даңқы бұрынғы КСРО-да, сонымен бiрге бүкiл Еуропада, әсiресе Шығыс Еуропада кеңiнен танылғаны белгiлi. 2005 жылы Мәскеудегi “Махаон” баспасынан жарық көрген “Большой иллюстрированный справочник. Страны и континенты” кiтабында Молдова Республикасы туралы қысқа ғана мәлiметтер келтiрiлiп, жер көлемi 33,700 шаршы километр, халқының саны — 4 млн. 400 мың, негiзгi дiнi — православие екенi айтылған. Үш жағынан Украина, ал батысынан Румыниямен шекараласатын осы бiр шағын елдi негiзiнен молдавандар, украиндар, орыстар мен гагауздар мекендейдi. Аталмыш гагауздардың түркi тiлдес көшпендiлер екенi тарихтан жақсы мәлiм. Өкiнiшке қарай, бiр кездерi ата-баба дiнiнен бас тартып, православие дiнiн күштеумен қабылдаған бұл елдегi 153 мыңдай гагауздардың тағдыры талай рет тәлкекке түстi. Тек 1994 жылы ғана олар тығыз қоныстанған аймаққа автономия құқығы берiлуi ғана осынау шағын халықты бiржола жойылып кетуден сақтағандай.

Бiздiң жыл санауымызға дейiн қазiргi Молдова жерiн мекендеген киммерлердiң даңқы аңызға айналса, сондай-ақ кезiнде әлемдi билеген Рим империясының жойқын әскерлерiне бiрнеше рет өлтiре соққы берiп, бетiн қайтарған дактар, дәлiрек айтқанда, солтүстiк-фракиялық тайпалардың бiр тармағы болып табылатын гето-дактар өздерiн мәңгiлiк даңққа бөледi. Әсiресе, Рим императоры Траянға қарсы 101-102 және 105-106 жылдардағы қантөгiс ұрыстарда дактар асқан ержүректiлiгiмен көзге түскенi тарихи шындық. Әдiлiн айтсақ, Молдова тарихы — күштi елдер арасындағы саяси ойындар мен тартыстардың құрбандығына айналған кiшкентай елдiң ауыр азабын ешқашан ұмыттырмайды. Сабақ алуға шақырады.

1359 жылы I Богдан билiк құрған тұста Молдова князьдiгi құрылып, сан ғасыр бойы дербес өмiр сүрiп келдi. Тек дәл 500 жылдан кейiн, 1859 жылы Молдавия мен Валахия өз еркiмен Румынияға қосылады. Кейiнiрек Ресей империясы Молдавияны Румыниядан күшпен тартып алып, Бессарабия деп атады. Алайда, революциядан кейiн iле-шала 1918 жылы қаңтарда Молдова Демократиялық Республикасы жарияланып, үш айдан соң, сол жылдың 27-наурызында Румынияға қайта қосылу туралы бүкiлхалықтық шешiм шығарылды. Молдаван халқының басына үйiрiлген қара бұлт бұдан соң да сейiлген жоқ: 1940 жылы коммунистiк Мәскеу мен фашистiк Германия ауыз жаласып, Молотов-Риббентроп пактiсiне қол қойылғаннан кейiн КСРО Бессарабияны Румыниядан қару күшiмен тартып алып, Молдова КСР-i құрылғанын жариялады. Коммунистер езгiсiнде болған Молдова 1990 жылы егемендiгiн жарияласа, 1991 жылы 27-тамызда ел тәуелсiздiгiне қол жеткiздi. Тамыз айы молдаван халқы үшiн әрi қасиеттi, әрi қасiреттi ай. 1990 жылы Молдова мен Румыния арасындағы интеграция жанданған кезде елдiң оңтүстiк-шығысында басым қоныстанған орыстардың арасында сепаратистiк ағым өршiп, Тираспольде Приднестр Молдавия Республикасы құрылды.

Ұзақ жылдардан берi Кремль ашықтан-ашық қаржыландырып, бақайшығына дейiн қаруландырып отырған осы бiр қуыршақ мемлекет молдаван халқының Еуропаға қосылуға деген сан ғасырлық арманына тұсау болып келедi. 1990-жылдары Ресейден келген ерiктiлер (шын мәнiнде жалдамалы баскесерлер — Ж.Ш.). Днестр бойында бейбiт халықты қанға бөктiрсе, оларға қарсы шешiмдi әрi заңды әрекетке көшкен Кишинев әскерлерiн Ресейдiң 14-армиясының жасанған жауынгерлерi 1992 жылы жазда Дубоссары және Бендеры қалаларының түбiне қару күшiмен тоқтатты. Сол жылдардан берi тұтас ел екiге жарылып отыр. Және бұған ресми Мәскеу тiкелей айыпты екенiн әлем әлдеқашан мойындаған. Осыған орай Молдовада әлi күнге коммунистердiң билiгi үстем.

Молдова коммунистiк партиясының басшысы Владимир Воронин алғаш рет 2001 жылы президент болып сайланып, 2005 жылы сәуiрде екiншi рет ел тiзгiнiн қолына қайта алды. Молдова Республикасында президенттi Парламент сайлауында айқын басымдыққа жеңiске жеткен партия фракциясының өкiлдерi сайлайтынын ескерсек, сегiз жылдан берi ел тiзгiнiн ұстап келе жатқан коммунистер соңғы сайлаудағы сәтсiздiктерiне көршi Румынияны айыптауды күн сайын өршiте түсуде. Тiптi, осыған дейiн сындарлы саясаткер ретiнде танылып келген В.Ворониннiң өзi қатты әбiржiп: “Молдова өзiнiң тәуелсiздiгi мен егемендiгiнен айрылып, тарих сахнасынан бiржола жойылуы ықтимал”, — деген бiрнеше орынсыз мәлiмдеме жасағаны белгiлi. Бiр кездерi наубайханашы болған, кейiнiрек Молдавияның Iшкi Iстер министрi қызметiн де атқарған В.Воронин Приднестр республикасын елден бөлiп алуға тырысушылар және оларға дем берiп, қолтығына су бүркушiлермен ешқандай келiсiмге келмейтiнiн батыл мәлiмдеуiне байланысты Мәскеумен қырғи-қабақ болып, ел iшiнде үлкен абыройға ие болса, кейiнгi жылдары оның беделi күн сайын құлдырай түстi.

Жалпы алғанда Молдавия тұрғындары посткеңiстiк елдер арасында айрықша белсендiлiгiмен ерекшеленедi. Әсiресе, 1991 жылы бұл ел тәуелсiздiкке қол жеткiзер тұста Кишинев көшелерiн кернеген қарақұрым халық пен шешiмдi, батыл жастардың шеруi әлi күнге аңыз. Халық бiрауыздан тәуелсiздiктi, шынайы егемендiктi талап еткен болатын. Сондықтан да Молдавия үшiн митингтер мен жұрт көшелер мен алаңдарға жаппай ағылатын шерулер онша таңсық емес. Бiр ғажабы, мұндай шерулердiң көпшiлiгi ел арасында “дворяндар ұясы” атанып кеткен Парламент, президент сарайы, үкiмет пен президент әкiмшiлiгi орналасқан ауданға халықтың көптеп жиналып, өз наразылықтарын бiлдiруiмен аяқталуы дәстүрге айналған.

2009 жылғы көктемде өткен сайлау нәтижелерiн билiк басындағы коммунистердiң бұрмалауына, осының нәтижесiнде басым дауысқа ие болуына төзе алмаған молдаван жастары, әсiресе студенттерi 6 және 7 сәуiр күнi Кишинев қаласының көшелерi мен алаңдарына жаппай ереуiлге шығып, табанды қарсылық танытқаны көпшiлiкке жақсы мәлiм. Парламент үйi және президент сарайын басып алған ереуiлшiлер “Коммунистер жойылсын!”, “Бiзге большевик президенттiң керегi жоқ”, сондай-ақ “Бiз Румыниямен бiргемiз” деген ұрандар тастап, мұнараларға Румынияның мемлекеттiк туларын iлген-дi. Билiк кезектен тыс екiншi сайлау өткiзуге амалсыздан мәжбүр болды.

Бұл акцияны ұйымдастыруға Христиан-демократиялық халық партиясы (ХДНП) мұрындық болды делiнедi. Оның үстiне В.Ворониннiң әрiптестерi бұл бас көтеруге Молдованың экс-президентi Петр Лучинский және экс-премьер Дмитрий Брагиш тiкелей айыпкер деп санайды. Ең қызығы, бұларға Ресейдегi бұрынғы номенклатура, әсiресе әйгiлi Евгений Примаков үнемi қолдау танытып келгенi белгiлi. Мiне, 29-шiлде күнгi Молдовадағы сайлаудың дәп қарсаңында Кремль В.Ворониннiң жағына шығып, 28-шiлде күнi “Мир” телеарнасы “Атака на Молдову” деген деректi фильмнiң өн бойында Молдова оппозиционерлерi өлтiре жамандалды, 7-сәуiрде алаңға шыққан жастарды: “Бұзақылар, маскүнемдер” деп жалған айып тағылды.

1986 жылы желтоқсанда Кремль Алматыдағы алаңға шыққан қазақ жастарын дәл осылай айыптағаны ерiксiз ойға оралған. Бiр ғажабы, Кремль билеушiлерi Молдова оппозиционерлерiн қарғап-сiлеп, олардың жағымсыз бейнесiн қалыптастыруға күш салуда. Ал Грузиядағы оппозиционерлердi нелiктен қолдап-қолпаштайды? Осы жағы түсiнiксiз…

Яғни, Кремль үшiн демократия, өркениет, реформа, әдiлдiк және шыншылдық дегендер құрғақ сөздер ғана болғаны ғой. Олар үшiн өздерiнiң қолшоқпарлары барша адамзаттық құндылықтардан әлдеқайда қымбат болғаны да…

Жаңабек ШАҒАТАЙ