Жаңалықтар

БАНКТЕР ДЕПОЗИТТЕРГЕ ДӘНIГЕ БАСТАДЫ

ашық дереккөзі

БАНКТЕР ДЕПОЗИТТЕРГЕ ДӘНIГЕ БАСТАДЫ

Жер шары дағдарыстың екiншi толқынын күтiп, елеңдеп отырса, ҚР Ұлттық банкiнiң төрағасы Григорий Марченко: “Қазақстанда дағдарыстың екi толқыны 2007 жылдың күзi мен 2008 жылдың күзiнде өтiп кеткен” деген сенiмде. Ал кезiнде арзан ақшаға арандап қалған отандық банктердiң бiразы бүгiнде депозиттерден түсетiн пайызға дәнiгiп алған. Бұл – бiздiң қаржы саласына төнген тағы бiр қауiп.

Әлем “экономикалық дағдарыстың екiншi толқыны қайталана ма, жоқ па?” деген сауалмен бас қатырып жатқанда, бiздiң бас банкир – Марченко: “Егер халықаралық нарықтағы мұнайдың бiр баррелi 30 пайызға дейiн төмендейтiн болса, Қазақстанда дағдарыстың үшiншi кезеңi басталады, алайда, жағдайдың осыншалықты ушықпайтыны анық. Тiптi, солай болған күннiң өзiнде Үкiмет пен Ұлттық банк қолданатын тағы бiр балама жолы бар” дейдi. Посткеңестiк кеңiстiктегi ең мықты, ең берiк, ең сенiмдi деп мақтанған банк жүйесiнiң “жүйкесi” 2007 жылы-ақ сыр бере бастағаны белгiлi. Сырттан ағылатын арзан әрi мол қаржыны отандастарға бiрнеше есе үстемақыға несие ретiнде қайта таратқан екiншi деңгейлi банктердiң басым бөлiгi қаражат тапшылығына ұшырап, алды банкроттың “қақпасынан” қайтқаны да ешкiмге жасырын емес. Ғаламдық қаржылық-экономикалық дағдарыс Қазақстандағы ғана емес, бүкiл Жер шарындағы банк жүйесiнде жiберiлген кемшiн тұстарды айнадағыдай айқын, алақанға салып бердi. Мемлекеттiк бақылаудан шет қалған қаржылық құрылымдардағы қиындықтар тәуекелдiктi басқару жүйесiндегi кемшiлiктердi, корпоративтiк басқару деңгейiнiң төмендiгiн, ашықтық пен жариялылықтың жетiспейтiндiгiн, жағымсыз әсерлерге сыр берген бизнес-модельдердiң тиiмсiздiгiн т.б. ашып көрсеткен дағдарысқа төтеп беру мақсатында, ҚР Үкiметi қаржылық салада жауапкершiлiксiздiкке жол берген, анығы, тәуелдiк менеджментi әлсiз банктердi күйреуден аман алып қалу үшiн мемлекет қазынасынан қаржы бөлуге шешiм шығарды. Әп дегенде, бюджеттен бөлiнген 4 млрд. доллар шағын және орта кәсiпкерлiктi, қаржы саласын қолдауға бағытталған едi. Қаржы саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету, инвестициялық белсендiлiктi жақсарту, қазақстандық қаржы саласына деген көпшiлiктiң сенiмiн арттыруды көздейтiн Үкiмет жуырда ұлттық қаржы саласының жүйесiне қатысты жаңа тұғырнама қабылдады. Отандық жекеменшiк банктерге қатысты тағы бiр қиындық, кейiнгi кездерi “аузы күйген үрiп iшедiнiң” керiн келтiруге құлықсыз кейбiр банк қаражат тапшылығын сылтауратып, депозиттердi тартуда асырасiлтеушiлiкке жол берiп жүр. Осы орайда, ҚР Қаржылық ұйымдарды бақылау агенттiгi аталған банктердi консервативтiк саясатты ұстануға және пайыздық көрсеткiштердi көтермеуге шақырды. Бiрiншiден, бұл – банк шығынға бата қалған жағдайда, қаржылық тұрғыда өте қауiптi. Екiншiден, осының кесiрiнен банктердiң қарыздық пайыздарын шамадан тыс көтеруге себеп болуда. Яғни, депозиттiк пайыздарға қатысты үстемақыларды тым жоғары бағалау банктердiң несиелiк тәуекелдiлiгiн ширықтыруға немесе пайыздық маржаның төмендеуiне себеп болады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ