Жаңалықтар

СОЛҚЫЛДАҚ ЗАҢҒА ТIРЕУ — ЖЕДЕЛ ТОП

ашық дереккөзі

СОЛҚЫЛДАҚ ЗАҢҒА ТIРЕУ — ЖЕДЕЛ ТОП

Алматылық прокурорлар мемлекеттiк бақылаушы-қадағалаушы органдардың заңсыз тексеру жүргiзу арқылы пайда табуға құныққан қызметкерлерiн құрықтау мақсатында, жедел топ құрды. Аталған топтың кәсiпкер ағайынға тигiзер көмегi туралы әңгiме қозғауға ертерек. Бiрақ отандық кәсiпкердi кейбiр пайдакүнем де ашкөз шенеунiктiң қысымынан құтқару үшiн Қазақстандағы 7 кодекс, 67 заң, 1000-нан астам заңнамалық құжаттарға өзгертулер мен толықтырулар енгiзу қажет екен.

Алматы қаласының прокуратурасы кәсiпкерлер жұмысына заңсыз түрде тексеру жүргiзген оқиғаларға жедел құрықтау мақсатында арнайы топ құрды. Құрамына прокурорлармен бiрге басқа да мемлекеттiк бақылаушы органдар қызметкерлерi мүшелiкке өткен бұл жедел топ шағым түскен жерге тез жетiп, құқығым аяққа тапталды деп дабыл қаққан кәсiпкердi заң шеңберiнде қорғауға алмақ. Қалалық прокуратураның мәлiмдеуiнше, қадағалау-бақылаушы органдар тарапынан заң бұзушылықтарға жол берiлсе, кәсiпкерлер 250 44 00, 250 4212 – сенiм телефондарына хабарласуы тиiс. Қазiргi кезде Қазақстанда 300-ден астам iрi кәсiпорын бар. Оның 115-i – шетелдiк, ал 130-ы – бiрiккен кәсiпорындар. Өкiнiшке қарай, жуырда ғана кәсiпкер ағайынның көпшiлiгi елiмiзде дендеп кеткен жемқорлықтың кесiрiнен бизнестiң гүлденуiне үлкен кедергi болып отырғанын айтып, дабыл қаққан болатын. Қазақстандағы Кәсiпкерлердiң тәуелсiз ассоциациясының вице-президентi Тимур Назханов пен Қазақстандық жылжымайтын мүлiк федерациясының вице-президентi Александр Калинин қағаз жүзiнде хатталған заң мен қағида шеңберiнде кәсiпкерлiкпен айналысқаннан гөрi бизнесiңдi жауып тастап, жайыңа жүрген әлдеқайда тиiмдi екендiгiн көлденең тартқан едi. Себебi, билiк заңдық құжаттарда шенеунiктiң мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын артықшылықтар көп. Бүгiнде кәсiбi кәсiпкерлiкпен шектесетiн отандас заңдарға толықтырулар мен өзгертулер енгiзу туралы сөзiн Үкiметке өткiзе алмай әлек. Мәселен, 2006 жылы қабылданған ҚР “Жекеменшiк кәсiпкерлiк туралы” заң жобасын әзiрлеуге жауапты парламенттiк жұмыс тобына қазақ ксәiпкерлерi шағын және орта кәсiпкерлiктi тексеру мен басқа да өзектi мәселелерге байланысты ұсыныстарын жолдапты. Аталған ұсыныстарды халық қалаулылары (Мәжiлiс пен Сенат) үтiр, нүктесiне дейiн ешқандай өзгерiссiз қабылдағанмен, бұл құжат түрлi министрлiктер алдынан “құйрық-жалын күзеп” қайтыпты. Сорақысы сол, заң жобасына министрлiктер тарапынан енгiзiлген соңғы “жаңалық” – қаржы полициясы, салық органдары мен кеденшiлер кез келген уақытта шағын және орта кәсiпкерлiктi тексеруге құқық берiптi. Осының кесiрiнен, заңды сылтауратып, жеке басының пайдасы үшiн әрекет ететiндер кәсiпкерлердi қан қақсатудан тайынбайды. Мысалы, мемлекеттiк бақылаушы органдардың мәлiметтерiне сүйенсек, 2008 жылы Алматы қаласындағы 17 350 шаруашылық нысанына және 3434 шағын кәсiпкерлiкке тексеру жүргiзiлген. Бұл тексерулердiң басым бөлiгi санитарлық-эпидемиологиялық және өртке қарсы қызмет өкiлдерi тарапынан жүзеге асырылған көрiнедi. Ал тексерушiлердiң үстiнен тексеру жүргiзген прокуратура қызметкерлерi 41 тексерудiң заңды құжаттарға сәйкес жүргiзiлмегенiн, мораторий жарияланғанына қарамастан, бақылаушы органдардың 25 тексеру өткiзгенiн, сондай-ақ, лауазымы мен қызметiн асыра пайдаланған 8 жайтты, тексеру жүргiзу тәртiбiн бұзған 46 оқиғаны анықтаған.

“Жығылғанға жұдырық”, қазақстандық кәсiпкерлiк саласына қатысты қабылданған 10 мыңнан астам заңнамалық құжат отандық кәсiпкерлердiң құқығы мен мүддесiн қорғауға көп жағдайда қауқарсыздық танытады. Жуырда ҚР Экономика және жоспарлау министрi Бақыт Сұлтанов қазiр әзiрленiп жатқан жаңа заң жобасында рейдерлiк тексерiстердi толығымен алып тастау көзделiп отырғанын айтқан. Яғни, алдын ала белгiленетiн жоспарлы тексерулер экономикалық қауiп-қатерлердi болдырмауды мақсат етсе, жоспарсыз тексерулер мемлекет тарапынан жасалатын арнайы тiзiмде көрсетiлуге мiндеттi. Министр тiлге тиек еткен заң жобасы 2011 жылға дейiн түбегейлi әзiрленiп, депутаттар талқысына ұсынылатын көрiнедi. Үстiмiздегi жылдың 1-шiлдесiнен бастап, былтыр жыл басында елiмiздегi шағын және орта кәсiпкерлiктi тексеруге қатысты жарияланған алты айлық мораторийдiң мерзiмi аяқталды. Мораторийдiң мерзiмi бiтуi мұң екен, салық органдарының қызметкерлерi сол 1-шiлде күнi-ақ 70-тен астам заң бұзушылықты анықтапты. Оның қайсысы – заңға сәйкес, қайсысы қайшы екенiн бiр Алла бiледi… “Атамекен” одағы” Қазақстан ұлттық экономикалық палатасының жетекшiсi Азат Перуашев отандық кәсiпкерлерге толық жағдай жасау үшiн 7 кодекс, 67 заң, 1000-нан астам заңнамалық құжаттарға өзгертулер мен толықтырулар енгiзу қажеттiгiн айтып отыр. Демек, заңды түземейiнше, алматылық прокурорлардың бастамасымен құрылған жедел топтың кез келген қазақстандық кәсiпкерге қорған бола алмасы анық.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ