ЕЛБАСЫ “ЖЕР ЖӘННАТЫН” АРАЛАП ҚАЙТТЫ

ЕЛБАСЫ “ЖЕР ЖӘННАТЫН” АРАЛАП ҚАЙТТЫ

ЕЛБАСЫ “ЖЕР ЖӘННАТЫН” АРАЛАП ҚАЙТТЫ
ашық дереккөзі

Шiлденiң шыжыған ыстығы басылып, тамыздың тамылжыған күндерi жауынмен басталды. Бiресе түнерiп, бiресе ашылып, мың құбылып тұр. Бiрде бұлт астына жасырынып, бiрде жарқырай шыққан күн сәулесi де төбеңдi күйдiрердей ыстық-ақ. Түнерген бұлтқа да, бұлт арасынан шыққан ащы күнге де қарамастан жетiсулықтар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты қуана қарсы алды. Екi күн бойы Жетiсу жерiн аралаған Елбасы облыстың бiрқатар шаруашылықтарына бас сұғып, “Жол картасы” бағдарламасының жүзеге асырылуын да өз көзiмен көрiп қайтты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жетiсуға сапары әуелi “Жетiген-Қорғас” темiр жол телiмi құрылысының ашылуынан басталды. Бұл жобаны жүзеге асыруды “Самұрық Қазына” ұлттық әл-ауқат қорының құрамына кiретiн “Қазақстан темiр жолы” Ұлттық компаниясы жүзеге асырмақ. Алғашқы қазығы қағылып, құрылысы басталған темiржол елiмiздiң транзиттiк әлеуетiн жүзеге асыратын жобаның бiрi. Бұл “Жетiген-Қорғас” темiр жол телiмi жетiсулықтар үшiн ең бiрiншi, жұмыс күшiн қажет ететiн, жұмыспен қамтамасыз ететiн жоба болады. Мұнда 5500 жұмыс орны ашылатын болса, онда екi мыңнан астам еңбеккер құрылысқа тартылатын болады. Екiншiден, бұл темiр жол телiмi Қытаймен екi аралықтағы бәсекелестiкке сай көлiктiк дәлiздi пайдалану мүмкiндiгiн арттырады. Сондай-ақ, “Жетiген-Қорғас” темiр жолы арқылы Қытаймен, Оңтүстiк Шығыс Азия елдерiмен Қазақстанды, Орталық Азия мен Еуразиялық құрлықты жалғастырады. Бұл темiр жол телiмi Қытаймен Қазақстанның оңтүстiк өңiрiн және Орта Азиямен аралығын – 550 шақырымға жақындатпақ. Онымен бiрге, “Жетiген-Қорғастың” арқасында “Достық-Ақтоғай” бағдарындағы жүк мөлшерiне түсетiн салмақты азайтып, Қытаймен екi аралықтағы жүк өткiзу қабiлетiн жылына 35-40 миллион тоннаға дейiн көтеретiн болады. Бұл жобаның ұзындығы белгiленген техникалық өлшемдерi бойынша – 293,2 шақырымды құрамақ. “Жетiген-Қорғас” темiр жол телiмi бес станция мен тоғыз жол айрығы iске қосылатын болады. Бұл телiмге “Эволюшин” сериясындағы локомотивтер қызмет көрсетедi. “Жетiген-Қорғас” телiмiнiң тағы бiр пайдалы тұсы, халық тығыз орналасқан өңiрде жүзеге асырылатындықтан, көптеген әлеуметтiк мәселелердiң шешiлуiне де ықпалы тиетiн болады. Өйткенi, бұл аймақта жаңадан жұмыс орындары ашылады, кәсiпорындар құрылады, жергiлiктi тұрғындардың жұмыспен қамтамасыз етiлуiне де мүмкiндiк жасайды. Аталмыш жобаның жалпы құны – 93 миллиард теңге. Ал, құрылыстың мерзiмi 45 айға дейiн созылады деп жоспарланып отыр. “Жетiген Қорғас” жобасының жүзеге асқанына да темiржолшылардың қуанышы шексiз. Жаңа темiр жол телiмi басталды деген сөз – жаңа жұмыс орындары көбейедi деген сөз. Әрi темiржол желiсi Жетiген станциясынан басталып, облыстың Iле, Талғар, Еңбекшiқазақ, Ұйғыр, Панфилов аудандарының жерiнен өтiп, Қытай шекарасына шығатын болады.
“БУДАННЫҢ” ДА ПАЙДАСЫ КӨП
 

Жүгерi теруге бiз бала кезiмiзде жиi шығатынбыз. Қабығынан ажырамаған сары алтындай собықты теру бiзге алғашында қызық көрiнетiн. Таңертеңгiлiк күн қызбай тұрып, класымызбен жүгерiлiкке аттанамыз. Қолымызға бiр-бiр қап ұстаған жапырлаған балалар жүгерi алқабына жетiсiмен, жеке-жеке үйекке түсiп, соның қашан соңына жеткенше, жарысқа түсетiн едiк. Сап-сары баданадай дәндерiнiң өзi көз қызықтырардай, күнмен шағылыса түсiп, бәрiмiздiң есiмiздi алатын. Бiз үшiн ол кезде жүгерiнiң бiр ғана сорты болатындай көрiнетiн едi. Сөйтсек, қайдағы? Оған күнi кеше Алматы облысына қарасты “Будан” ауыл шаруашылығы кооперативiне келгенде көзiмiз жеттi. Елбасының облыстағы екiншi күнгi сапары “Буданнан” басталды. Жүгерiнiң әртүрлi сорттарының тұқымын өндiрумен айналысатын шаруашылық 2001 жылы құрылған екен. Бұл шаруашылықты құрудағы мақсат – жүгерi мен майбұршақтың элиталы тұқымын өндiру. “Будан” шаруашылығы тұқымды өндiрiп қана қоймай, сатумен де айналысып жатыр. Жүгерiнiң бiрнеше гибридтi түрiн өндiретiн шаруашылық төрағасы Еркiн Шәкеевтiң пiкiрiне қарағанда, қазiр бұл өнiм экспортқа шығарылып жатқан көрiнедi. Көршi Қырғызстан, Тәжiкстан мемлекеттерiмен қатар, Иран Республикасы да тұқымға сұраныс бiлдiрiп жатыр екен. Елiмiздiң көптеген аймақтары “Буданның” өнiмiнен жүгерi өсiрiп жатыр.

3134 гектар жердi иемденiп жатқан шаруашылықтың шабындығы 475 гектар болса, 1130 гектар жайылымы бар. Екi жүзге жуық еңбеккерлер еңбек ететiн алқапты көрсеңiз, көз қызығады. Қаз-қатар тiзбектелiп өсiрiлген жүгерiнiң түр-түрi жекеленiп егiлген. “Земундт поле” жүгерi институтымен бiрлесiп жасалған келiсiм-шарт негiзiнде будандастырылып егiлген жүгерi тұқымынан биылғы жылы 2000 тонна сату жоспарланып отыр.
ЕСIКТЕГI ПЕРЗЕНТХАНАДА КҮНIНЕ ОН ТӨРТ СӘБИ ДҮНИЕГЕ КЕЛУДЕ
 

Түс ауа Елбасы Алматы облысына қарасты Еңбекшiқазақ ауданындағы Есiк қаласындағы перзентханаға бас сұқты. Перзентхана 2007 жылы пайдалануға берiлген. Жаңа ғимараттың еуропалық стандартпен салынғаны көрiнiп тұр. Бұл перзентхана Еңбекшiқазақ, Iле, Талғар және Райымбек аудандары үшiн қызмет көрсетуге әзiр. Ана мен баланың денсаулығын сақтау ең бiрiншi қажеттiлiктiң бiрi екенi белгiлi. Осы орайда, жаңа перзентхана сол қажеттiлiктi өтеуге сақадай сай дайын. Перзентхана 100 төсекке есептелiп салынған екен. Мұнда бас дәрiгердiң айтуынша, күнiне орта есеппен он төрт сәби дүние есiгiн ашады. Жаңа еуростандартпен салынған ғимаратты Елбасы асықпай аралап шықты. Дәрiгерлермен әңгiмелесiп үлгерген Президент үш қабатты жаңа ғимаратты аралап шыққан соң, есiк алдында журналистердiң сұрақтарына жауап бердi.

“Облыс бойынша айтылатын мәселе де мынадай, осы жолы келгенiмде Iле, Еңбекшiқазақ, Ұйғыр, Райымбек ауданы арқылы өтетiн “Жетiген-Қорғас” темiр жол телiмi құрылысын аштық. Бұл осы аудандардың бәрiне жұмыс беретiн құрылыс болады. Мұнда он сегiз мың адам жұмысқа тартылып отыр. “Жол картасы” бағдарламасы бойынша әр ауылға жүз миллион теңгедей ақша бөлiндi. Соның қалай жүзеге асырылып жатқанын Бөлек ауылында көрдiм. Бұрын-соңды салынбаған жол салынып жатыр екен. Мектептер жөндеуден өтiп, ауруханалар қайта жөнделiп жатыр екен. “Жүз мектеп, жүз аурухана” бойынша жасалған жұмыстарға да куә болдым. Соның бiрi – мынау өздерiңiз көрiп отырған перзентхана. Бағдарламамыз осылай жүзеге асырыла беретiн болса, басқа елмен салыстырғанда дағдарыстан жеңiлiрек өтемiз, табыстарға жетемiз” – дедi Елбасы. Одан ары қарай, Елбасы бүгiнгi дағдарысқа байланысты да пiкiрiн ортаға салды. “Бiздiң қазақтар банктен несие алады. Сөйтiп жұмыс бастайды. Бiрiншi жаппай барып, үй салады. Бiр үй емес, үш-төрт үй салады. Бiр аулаға бес-алты машина алады. Оның бәрi неге керек? Сосын жаңағы банктен алған ақшасын қайтарайын десе, ақшасы жоқ. Сондықтан, болашақта оның бәрi қайтарылатын болады. Қытайлар тапқан ақшасының алпыс пайызын банкке салып отырады екен. Бiзде бәрi басқаша. Бiздiң қазақ үйленейiн деген баласына несие алады да, оған той жасайды. Тойдан кейiн әлгi несиенi балаларының мойнына iлiп қояды. Бұл дұрыс емес. Сондықтан, болашақта мұның бәрi басқаша болуы керек. Осының барлығына халықты үйретуiмiз керек. Мiне, перзентханада тұрмыз. Қаншама баланы дәрiгерлер аман алып қалып жатыр. Дегенмен, баланың шетiнеуi көп. Нелiктен? Ең алдымен, ана боламын деген жас келiншек өзiнiң денсаулығын қаратуы керек. Денсаулығы дұрыс болмаған соң, туған баласының да денсаулығы нашар болып туылады. Бiз жас мемлекетпiз, бiздiң көбеюiмiз керек. Денi сау ұрпақ дүниеге әкелуiмiз керек. Бiздiң қазақ тапқан ақшасын қалай жұмсарын бiлмейдi. Өзiмiздi өзiмiз тәрбиелеуiмiз керек, еңбектенуiмiз керек. Келе жатқан ғаламдану заманына бейiмделуiмiз керек. Қанша баланы шетке шығарып оқытып жатырмыз. Ендiгi заманның ұрпақтары басқаша болсын деп оқытып жатырмыз. Халқымыз бiрлiгiн сақтайтын болса, елiмiз аман, жұртымыз тыныш болатын болса, барлығынан да өтемiз. Тек, еңбек етуiмiз керек, еңбектенуiмiз керек” дедi Елбасы өз сөзiнде. “Ерiнбей еңбек еткеннiң, тiленбей қарны тоятынын” айтады Елбасы. Облыстағы қарапайым жұмыскер мен қарапайым дәрiгердiң арасында болып, еңбеккердiң тiрлiгiн көзбен көрдi. Облыстағы атқарылып жатқан шараларға көңiлi толған Президент облыс әкiмi мен аудан әкiмдерiне де ризашылығын бiлдiрдi.

Гүлзина Бектасова