Жаңалықтар

51-ШI ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОЛИМПИАДА АСТАНАДА ӨТЕДI

ашық дереккөзі

51-ШI ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОЛИМПИАДА АСТАНАДА ӨТЕДI

Бүкiл әлем бойынша бiлiм жетiстiктерiн бағалайтын “ТИМС” атты халықаралық тәуелсiз агенттiктiң зерттеуi нәтижесiнде, қазақстандық оқушылар математика және жаратылыстану пәндерiнен дүниежүзi бойынша ең үздiк ондыққа енгенi белгiлi. 4 жыл сайын өтiп тұратын 4-шi және 8-шi сынып оқушылары арасындағы халықаралық бiлiм сайысына елiмiздiң оқушылары тұңғыш рет қатысып, жоғары көрсеткiшке қол жеткiздi. Дәлiрегiнде, математика бойынша Гонконг, Сингапур, Тайвань, Жапониядан кейiнгi 5-орынды иемденсе, жаратылыстану пәнi бойынша Германия, Австарлия, Швеция, Нидерланды сынды елдердiң өзiн артта қалдырып, 11-шi орынға табан тiреген-тұғын.

Ал, жақында, яғни, шiлде айында Германия қаласында әлемнiң 104 мемлекетiнен қатысқан олимпиадада оқушылар жалпы есеппен 27-орынды иемденiп, 6 медальды (3 күмiс, 3 қола) қанжығасына байлады. Демек, 6 бiлiмпаздан тұрған елiмiздiң команда мүшесiнiң бәрi де құралақан қалған жоқ. Бұл деген үлкен нәтиже. Осындай бiлiм додасында оқ бойы озық тұрған қазақстандық оқушылардың толағай табысының арқасында сайыстың эмблемасы белгiленген ту Қазақстанға тапсырылды. Құдай қаласа, 2010 жылдың 3-15 шiлде аралығында математикадан өтетiн халықаралық 51-шi олимпиада Елордамыз – Астанада жалғасын табады. Айта кеткен жөн, елiмiз ТМД мемлекеттерiнiң iшiнде алғаш болып жоғары мәртебе мен құқыққа ие болып отыр. Бiлiм және ғылым министрi Ж.Түймебаевтың айтуынша, оған әлемнiң 110 елiнен 600-ден астам жас математиктер мен 300-дей команда басшылары мен олардың орынбасарлары және бақылаушылар келмек.

Естерiңiзде болса, бiрiншi Халықаралық математикалық олимпиада 1959 жылы Румынияда өткен. Ал Қазақстанның құрама командасы бұл бiлiм додасына 1992 жылдан берi қатысып, бақтарын сынап келедi. 1993 жылдан бастап олимпиаданың толық құқықты мүшесi бола бастағанда-ақ, 1 күмiс және 3 қола медальдi еншiлеген едi. Елiмiз тәуелсiздiк алғалы бергi аралықта Қазақстанда 15 Халықаралық олимпиада өткiзiлсе, сондай айтулы бәскеде дарынды оқушыларымыз барлығы 62 медалдi қоржынға салыпты.

Халықаралық додада бiлiмiмен жұртты тәнтi етiп, елiмiздiң абыройын асқақтатып, намысын қорғап жүрген Қазақстан құрама командасының мүшелiгiнде Талдықорған қаласындағы №20 дарынды балаларға арналған лицейдiң 10-сынып оқушысы Қанат Сатылханов, Павлодар қаласындағы №8 мектеп-лицейдiң түлегi Егор Клочков, Талдықорған қаласындағы №20 дарынды балаларға арналған лицейдiң 10-сынып оқушысы Нұрсұлтан Қажымұратов, Алматы қаласындағы О.Жәутiков атындағы РМФМОМИ түлектерi Төлеби Сайлауов пен Бiржан Молдағалиев, Ақтөбе қаласындағы қазақ-түрiк лицейiнiң оқушысы Санжар Оразбаевтардың есiмiн ерекше мақтанышпен айтқан жөн. Үнемi жеңiс тұғырынан көрiнiп жүрген олар Астанада алауын жағатын кезектi бiлiм сайысында да елiмiздiң үмiтiн ақтауға тырысып, алтын алуға бар күштерiн салатындықтарын сенiммен жеткiздi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ