Жаңалықтар

РЕСЕЙДЕ ПРАВОСЛАВ МӘДЕНИЕТIНIҢ НЕГIЗДЕРI ЖАППАЙ ЕНГIЗIЛДI

ашық дереккөзі

РЕСЕЙДЕ ПРАВОСЛАВ МӘДЕНИЕТIНIҢ НЕГIЗДЕРI ЖАППАЙ ЕНГIЗIЛДI

Естерiңiзде болса, ресейлiк бiлiм ошақтары “Православ мәдениетiнiң негiздерi” пәнiн оқу бағдарламасына енгiзу үшiн жандәрмен боп кiрiскен-дi. Қолға алған iстi аяқсыз қалдырмайтын алып көршi еңбегiнiң бастапқы нәтижесiн көре бастады. Бүгiнге дейiн “Православ мәдениетiнiң негiздерi” пәнiн 39 аймақтағы 430 мыңнан астам оқушылар оқып келдi.

Алайда, РФ Бiлiм және ғылым министрлiгi жалпы бiлiм беру бөлiмiнiң бастығы Ирина Тараданова әлi күнге дiни пәннiң айналасындағы дау-дамай мен пiкiрталастың толастамағанын айтады. “Екiжақты тартыс жалғаса беруi мүмкiн. Егер “Православ мәдениетiнiң негiздерi” мен дәл осындай православтық ағымға бағытталған пәндер сұранысты қанағаттандыру есебiнен оқытылса, жалпы бiлiм беретiн бiлiм ұяларына енгiзуден не үшiн бас тартамыз?”, – дейдi бiлiм саласының маманы бұдан әрi буынсыз жерге пышақ сұғудың қажетсiз екенiн баса айтып.

Шынында да, Ресейде аталмыш пәндi мектеп бағдарламасына енгiзуге байланысты әңгiме бiраз жылдан берi өзектi тақырыпқа айналып келедi. “Православ мәденетiнiң негiздерiн” оқытуды қолдайтын тарап: “Православтық мәдениет – орыс мәдениетiнiң бiте қайнасқан бiрден-бiр бөлiгi болып табылады. Сондықтан да оны мiндеттi түрде меңгеру қажет” деп есептейдi. Оның үстiне, Ресейде православтық дiнге сенетiн миллиондаған халық бар. Олардың iшiнде де өзiнiң ұрпағын шамасы келгенше православтық рухани дәстүрмен тәрбиелегiсi келетiндер аса көп деген ойды да суыртпақтап жеткiзедi.

Ал, дiни негiздегi пәндi оқытуға түбегейлi қарсылық танытып отырған топ: “Егер бұл пәндi бағдарламаға енгiзсек, мектеп оқушыларын, әрбiрден соң қоғамды екiге бөлiп жарып алмаймыз ба?” деген қауiптiң басын қылтитады. Сөзiнiң жаны бар. Бiр сыныпта әртүрдi дiни ағымды ұстанатын балалар болса, не iстемек? Әдепкi кезде “Православ мәдениетiнiң негiздерi” пәнi бойынша ата-аналар баласын оқытам не оқытпаймын десе де өз еркi деген-тұғын. Бiрақ, аталмыш пән бұдан былай мектеп бағдарламасына мiндеттi пән ретiнде енгiзiлсе, кез келген ұлттың баласы оны амалсыз оқуға, санасына сiңiруге мәжбүр болмай ма?

Бiр қызығы, ортақ мүдденi көздеген жергiлiктi БАҚ “Православ мәдениетiнiң негiздерi” пәнiн бiрауыздан пән санатына кiргiзуге өзiндiк үлес қосу мақсатында арнайы сауалнама да жүргiзген. Мысалы, 2006 жылғы бiр зерттеу нәтижесi бойынша қойылған “Православ мәдениетiнiң негiздерi” пәнiн мектеп бағдарламасына мiндеттi пән ретiнде енгiзу дұрыс па?” деген сұраққа респонденттердiң 51, 3 пайызы “Иә” деп жауап берсе, 48,7 пайызы қарсылық танытқан. Бүгiнде ресейлiк орта бiлiм ұялары 1992 жылы енген үш бөлiктен (федеральдық, ұлттық-аймақтық және бiлiм беру мекемесi) тұратын стандарт бойынша бiлiм алуда. Алайда, 2009 жылдың 1 қыркүйегiнен бастап күшiне мiнетiн жаңа стандартқа сәйкес, мектеп бағдарламасында тек федеральды бөлiк сақталып қалмақ. Бұлай болса, дiни өкiлдерi жанын салып енгiзбек болған “Православ мәдениетiнiң негiздерi” пәнi туралы даурықпа сөздер ауада ғана қалықтамақ. Дегенмен, сарапшылар жаңадан сайланған митрополит Кирилл дiни пәндi енгiзуге байланысты үгiт-насихат жұмыстарын мықтап қолға алса, септiгi тимей қоймайды. Тiптi, оның бұл мәселенi шешуге беделi де жетедi” деп қолдау бiлдiрiп әлек. Себебi, олар бiзде православ дiнiн қабылдаған 100 млн. адам бар. Осының өзi “Православ мәдениетiнiң негiздерi” пәнiн енгiзуге толық негiз бола алады деп iштей сенiмдiлiк танытады.

РЕСЕЙДЕ МҰСЫЛМАН МЕКТЕБI БАР МА?

Ресей билiгi орыс тiлiнiң таралу ауқымын тарылтпауға бар күшiн салғанымен қоймай, өз дiнiнiң де берiк әрi мығым болуына мойын бұра бастады. Әлбетте, дiни тұрғыдан сауаты бар жергiлiктi тұрғын бұдан кейiн өз дiнiнiң жарылқаушысы, насихаттаушысы болмай тұра алмас. Алайда, менi Ресейде мұсылман мектептерiнiң бар-жоғы қызықтырды. Осы сұрағыма жауап алу үшiн интернет сайттарына жүгiнуге тура келдi. Қарасам, түрiк, татар мектептерi бар көрiнедi. Ал Ресейдегi мұсылман бiлiм ошақтары жайында нақты көрсеткiш, нақты жауап жоқтың қасы. Бұл сауалыма раввиндер басқа қырынан тiл қатады. Мысалы, олардың айтуынша, Ресейде қазiр 80 еврей мектебi бар екен. Олар тәртiп бойынша, бұрынғы кiшiгiрiм балабақша ғимараттарында орналасқан. Бiлiм беру жалпы мектеп бағдарламасына сәйкес орыс тiлiнде жүргiзiлсе, оған қосымша еврей тарихы мен мәдениетi және иврит тiлi оқытылады екен. Ислам дiнiнiң дұғалары мен аятттарын бойына сiңiрiп жатқан мұсылман мектептерi расында да, жоқ па? Әлде Ресейде мұсылман мектептерi тек еврейлердiң қол астында ма? Әлде, мұсылман қауымының дiнi – Исламның өз тарихы, мәдениетi мен философиясының өз айтары жоқ па? Бәлкiм, бұл Исламға қарсы күрестiң бастау бұлағы болар.

Жақында Ресей Президентi Д.Медведев тұңғыш рет 1904 жылы салынған мешiтке барып, жағдайымен танысты. Сонда Медведев: “Ресейдегi 182 этникалық топтың 57-сi өзiн ислам дiнiмен байланыстырады. Бүгiнде Ресейде үстемдiк алып отырған дiн – православтық христиан дiнi болса да, алайда, оның аумағында шамамен 20 миллион мұсылман тұрады” деп ағынан жарылған кезде, Ресейде мұсылман мектептерiнiң жоқтығына күмән келтiрген едiк. Бiр ұққанымыз, ислам дiнiнiң, ислам сөзiнiң айналадағы мұсылман қауымға түгелдей дерлiк жетуiне бар жағдай жасалуы қажет-ақ.

Қазақ үкiметi бiлiм бағдарламасына “Ислам дiнiнiң негiздерi” пәнiн енгiзудi мойындамай жатса, Тәжiкстан мемлекетi биылғы оқу жылынан бастап жалпы бiлiм беретiн орта мектептерiнде жаңа – “Исламтану” пәнiн оқытпақ. Тәжiкстанның Бiлiм министрi Абдуджаббор Рахмоновтың айтуына қарағанда, пән бойынша оқулықтар тамыз айының соңына дейiн жарық көрмек. Бұл пән жоғары 8-11 сынып оқушыларында өтедi. Министр сондай-ақ, жаңа пәннiң енгiзiлуiне – 2009 жылы Тәжiкстанда – Исламның сүнниттер ағымының ханафиттiк негiзiн қалаушы Имам Ағзамның жылы болып жариялануы бiрден-бiр себеп болды дегендi айтады. Себебi, биыл көктемде Тәжiкстанның Парламентiнде ханафия ағымы ресми дiни ағым ретiнде заң жүзiнде бекiтiлiп, биiк тұғырға көтерiлген едi. Есесiне, тәжiкстандық оқушылар “Исламтану” пәнi арқылы өз халқының дiнiн, мәдениетiн, тарихын терең түсiнiп, зерделейтiн болды.

Ал, қазақ билiгi мектеп бағдарламасына орыс тiлi мен орыс әдебиетiн тықпалаудан гөрi, “Ислам дiнiнiң негiздерi” пәнiн неге енгiзбейдi? 70 жыл бойы кеңестiк идеологияның сарқыншақтарын санаға сiңiрiп келгенiмiз аздай, әлi күнге сол жүйенiң ықпалынан өздiгiмiзден арылып, шыға алмай жүргенiмiз қалай? Мысықтiлеулес миссионерлердiң жетегiнде кетiп жатқан өрендерiмiздiң ертеңiне қол сұғылмас үшiн оны бiлiм ошағынан бастап қолға алып, дiни тұрғыда тәрбиелегенiмiз ұтымды жол емес пе?

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ