Жаңалықтар

ШОШҚА ТҰМАУЫ ШОШЫТЫП ОТЫР

ашық дереккөзі

ШОШҚА ТҰМАУЫ ШОШЫТЫП ОТЫР

Елiмiздiң денсаулық сақтау саласы тағы да әбiгерге түсiп жатыр. Бұдан бұрын ВИЧ iндетiнiң ошағына айнала жаздаған Оңтүстiк Қазақстан облысында қырым қанды безгегiмен ауырған науқастар тiркелiп, бас-аяғы он-он бес күннiң iшiнде 6 адам көз жұмды. Жұқпалы дерт кенеден келген.

Әуелгi кезде облыстың эпидемолог-мамандары өлiмге әкеп соққан оқиғаның бiр-бiрiмен еш қатысы жоқ десе де, қырым қанды безгегi Түркiстан қаласында перзентханада босана салысымен бақилық болған келiншектен таралуы мүмкiн деген болжам ұсынып отыр. Қолда бар мәлiметтерге қарағанда, облыста биылдың өзiнде кенеден келген кеселмен бас-аяғы 11 адам тiркелсе, оның 6-уын медицинаның аман алып қалуына қауқары жетпедi. Өңiрде қырым қанды безгегiнiң өршуiне ауылдарда кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарының дер кезiнде жүргiзiлмеуi себеп болған. Бұл мақсатқа Төтенше жағдайлар министрлiгi тарапынан 20 млн.теңге көзделгенмен, мұның өзi барлық ауылды залалсыздандыруға жетпейдi екен.

Қай жағынан алсақ та, дәрменсiздiк танытып отырған медицина саласы тосын оқиғалардың ортасына айналды. Оңтүстiктi қырым қанды безгегi безiлдетiп тұрса, Астана жұртын сонау Мексикадан бастау алған шошқа тұмауы сергелдеңге салып жатыр. Ұлыбританияға барған 6 бала Астанаға A H-1 N-1 вирусымен оралып, iндеттiң әп-сәтте тарап үлгеруiне түрткi болған. Денсаулық сақтау министрi Ж.Досқалиев шетелден келген балалардың қалғанын дер кезiнде ауруханаға жатқызудан бас тартқан ата-аналардың бұл iндетке немқұрайлы қарауға болмайтынын баса айтты. Себебi, инфекция өте қауiптi, адамды өлiмге итермелеуi неғайбыл. Мәлiмет көздерiне сүйенсек, шошқа тұмауын жұқтырған 13 науқас тiркелiп үлгерiптi. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты Астана әкiмшiлiгi жанында iндеттiң алдын-алуға байланысты арнайы штаб құрылды. Денсаулық сақтау министрлiгi 3 миллион 900 мың теңге бөлiп, санитарлық бақылауды күшейтуге кiрiстi. Ал, барлық оқу орындары, туристiк компаниялар сыртта жүрген жолаушыларды түгелдеп, тiзiмдерiн дәрiгерлерге өткiздi. Шетелден келген азаматтар да әуежайдағы санитарлық бақылау тұрағының үнемi назарына iлiгуде. Есесiне, Астана қаласында қарапайым қорғаныш дәкесiне деген сұраныс артып, тапшылық тудырып отыр. Неге десеңiз, шошқа тұмауы жағадан алып жатқан кезде кейбiр кәсiпкерлер өз күйiн күйттеп кеткен сияқты. Қазiрдiң өзiнде Астана қаласындағы қорғаныш дәкесi мен оксалин майының бағасы екi, тiптi, үш есеге дейiн қымбаттап кеткен. Министр бұған қатысты: “Бағаны бiрден көтерiп жiберу болмайтын нәрсе. Кәсiпкерлерге тiкелей айтамын, тағы да бағаны көтерiп, заңсыздыққа баратын болса, лицензиясын қайтып аламыз” деп шүйлiктi.

Мәселенiң ушығып кетпеуi үшiн барлық шараны қолға алып жатқан Үкiмет жергiлiктi облыс, қала, аудандардағы әкiмшiлiктерге iндеттiң таралуына жол бермеуге тапсырма жүктедi. Халыққа түсiндiру және үгiт жұмыстарын тездетiп жүргiзу керектiгiн жеткiздi. Сол сияқты елiмiздiң Сыртқы iстер министрлiгi жер-жерде шошқа тұмауы белең алып тұрған уақытта шетелдерге барудан бас тартуды қатаң ескерту жасады.

Ресми мәлiмет бойынша, қазiр 35 мыңға жуық қазақстандық азамат шетелде жүрген көрiнедi. Бүгiнде 160 мемлекетке тараған доңыз тұмауы, 132 мың адамды ауруға шалдықтырған. Олардың сексенi көз жұмды. Отандық мамандардың айтуынша, бiзде әзiрге дабыл қағатындай негiз жоқ. Десе де, алдын-ала сақтануда артықтық етпейтiнi түсiнiктi.

Қазiр республикалық эпидемиологиялық орталықта доңыз тұмауын емдейтiн 30 мың дана дәрi сақталуда. Қауiп төне қалса, бұл резерв вирустың жаппай таралмауын қамтамасыз етедi. Ал Алматы қаласында жағдай бiрқалыпты болғанмен, дәрiгерлер вирустың алдын алып, тексеру шараларын өткiзiп жатыр. Бұл масқатқа бюджеттен 180 млн. теңге қарастырылса, 70 мың дозалық вакцина бар екен.

Егер де адамның дене қызуы көтерiлiп, тамағы ауырса, тiптi, бұлшық еттерге салмақ түсiп, жөтел пайда бола бастаса дәрiгерге қаралуы тиiс. Бұл кезде әдеттегiдей қарапайым тұмауға қарсы қолданып жүрген ем-домды жүргiзген дұрыс. Бiр айта кетерлiгi, барлық инфекцияның 90 пайызы қол арқылы жұғады. Сол себептен де, кез келген адам жеке басының гигиенасын сақтау қажет.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ