Жаңалықтар

“ЖОЛ КАРТАСЫН” ОРЫНДАУДЫҢ ОЗАТТАРЫ

ашық дереккөзі

“ЖОЛ КАРТАСЫН” ОРЫНДАУДЫҢ ОЗАТТАРЫ

Шенеунiктер “соцжарысты” аңсай ма?

Дағдарыс салдарын жоюға бағытталған бағдарлама мен “Жол картасын” ойдағыдай жүзеге асыру қазiргi Кабинетке кәдiмгiдей сын болғалы тұр. Күн сайын өтiп жатқан үкiметтiк отырыстар мен лауазымды басшылардың аймақтарға жасаған iссапарларында осы екi мәселе айрықша екпiнмен айтылады.

Вице-премьер Серiк Ахметов Алматы қаласында болған iссапарында осы мәселеге ерекше шұқшиды. Қала әкiмi Ахметжан Есiмовпен бiрге Алматыда жүрiп жатқан құрылыстарды аралап көрiп, көңiлiн бiр демдеп алған соң, “Жол картасы” мен Тұрғын үй коммуналды шаруашылықтарын қазiргi заманға сай дамыту тұжырымдамасының жүзеге асырылуына байланысты жиналыс өткiздi.

Серiк Ахметовтың айтуынша, “Жол картасы” бойынша жалпы құны 190 млрд. теңге болатын 800 жоба жүзеге асырылуда. Жер-жерде жұмыс орындары көптеп ашылып жатыр. Сондай-ақ “Жол картасының” негiзiнде Тұрғын үй коммуналды шаруашылығына қарасты 400 шақырымдық су құбырларының жүйесi, 200 шақырымдық жылу жүйесi, 215 шақырымдық электр қуаты желiсi, 100 шақырымдай қалдық су жүйесi күрделi жөндеуден өткiзiледi. 17 елдi мекенге газ құбырын тарту жобасы да осы бағдарлама аясында жүзеге аспақ.

Тұрғын үй шаруашылығы саласында 200 мыңдай адам жұмыс iстейдi екен. Бұл дегенiңiз экономиканың 18 пайызын құрайды. Үкiмет Тұрғын үй коммуналды шаруашылығын жақсарту үшiн алдағы бес жылға есептелген арнайы тұжырымдама қабылдағанын газетiмiздiң алдыңғы санында жазғанбыз. Тұжырымдаманы жүзеге асыруға жыл сайын 60 млрд. теңге бөлiнедi. Алдағы бес жылда 300 млрд. теңге жұмсалады деген сөз. Оның 200 млрд.-ы республикалық бюджет есебiнен бөлiнбек. Бұл қыруар ақшаны су, құбыр жүйелерiн, жылу, электр қуаты, газбен жабдықтау жүйелерiн жөндеуге, елдi мекендердi абаттандыруға жұмсау көзделiп отыр. Тұрғын үй коммуналды шаруашылықтары мемлекеттiк басқаруға көшедi.

Қазiр осы мәселелердi реттеу үшiн Тұрғын үй коммуналды шаруашылығына қатысты заң жобасы жасалып жатыр. Республикада жалпы аумағы 260 млн. шаршы метр болатын 2 млн. тұрғын үй бар. Оның 4 млн. шаршы метрi тұруға жарамсыз болғандықтан қиратылуы керек. Коммуналды желiлердiң 60-75 пайызы әбден ескiрген, соның кесiрiнен жылу мен электр қуатының 20-30 пайызы ысырап болып жатыр. Үйлерi қиратылатын азаматтар Мемлекеттiк тұрғын үй бағдарламасы аясында баспанамен қамтамасыз етiледi. Бұл мәселе жаңадан қабылданатын заңда қамтылуы керек.

“Жол картасын” жүзеге асыруға бөлiнетiн қаржыны тиесiлi мақсатқа жұмсау да қадағаланады. “Үкiмет бұл қаржының тиiмдi жұмсалуын апта сайын мониторинг жасау арқылы қадағалап отырады. “Жол картасын” жүзеге асырудың қазiргi жетiстiктерi көз қуантады. Алматыда үлкен жұмыстар жасалып жатыр. Ендi осы тәжiрибенi басқа аймақтарға таратсақ да болды” – дедi Серiк Ахметов.

Ақтөбе облысын аралаған Көлiк және коммуникация министрi Әбiлғазы Құсаинов та осы аймақтағы “Жол картасының” жүзеге асырылу қарқынына әбден ырза болып қайтты. “Үкiмет жасаған “Жол картасының” Көлiк және коммуникация министрлiгi үшiн маңызы зор, бұл дегенiңiз жол құрылысына бөлiнген қосымша қаржы және жаңа жұмыс орындары. Республика бойынша осы мақсатта 49,9 млрд. теңге бөлiнiп отыр. Бұл қаржыға 2 770 шақырым жол жөнделедi. 54 000 адам осы жұмыстың басы-қасында жүр” дедi министр.

Салыстыру үшiн айтар болсақ, 2001 жылы республика бюджетiнен жол жөндеуге бар-жоғы 24 млрд. бөлiнiптi. Ал қазiргi таңда осы мақсатта 200 млрд. теңгеден астам қаржы бөлiнiп отыр. Жалпы шамасы, соңғы сегiз жылда жол құрылысына 766 млрд. теңге бөлiнген. Осы қаржыға 30000 шақырымдай жол жөнделген екен. Бұл дегенiңiз — республикадағы жалпы тұтынудағы жолдардың үштен бiрi жөндеуден өттi деген сөз.

Әбiлғазы Құсаинов Ақтөбе облысында “Жол картасында” көрсетiлген жобаларға ырза болғаны сонша, осы облыс мамандарына басқа аймақтардағы әрiптестерiне арнап семинар өткiзудi тапсырды.

Әнi-мiне дегенше, “Жол картасын” жүзеге асыруда кiм озады?” деген “соцжарыс” басталып кеткелi тұрғандай. Науқаншылдықтан жалаң ұраншылдыққа ұрынбасақ болғаны.

Гүлбиғаш Омарова