Жаңалықтар

МАРКСТI АУДАРҒАН МОЛДАБАЙ

ашық дереккөзі

МАРКСТI АУДАРҒАН МОЛДАБАЙ

Молдабай Әбдiров 1909 жылы Ақтөбе облысы Қобда ауданында дүниеге келген. Қарапайым шаруа отбасында дүниеге келсе де, әкесi Тәлiпкерей оны жастай сол заманның алдыңғы қатарлы бiлiмiмен сусындатқан. Молдабайдың балалық, жастық шағы қым-қуыт құйтырқы тiрес пен қатыгез күрестiң ортасында, ескi мен жаңаның жан берiсiп, жан алысқан айқасы арасында өткен. Олай тартсаң — арба сынып, былай тартсаң — өгiз өлетiн, өмiрдiң күлкiсi кем, өксiгi басым кез. Қалай десек те, етек-жеңiн жиып, ат жалын тартып мiну Молдекеңе ерте бұйырды. 19 жасында комсомол қатарына қабылданып, ауылдық кеңесте хатшы, мұғалiм-сынды қызметтер бiрiне-бiрi жалғасып жатты. Қайда жүрсе де азаматтық ар-ожданын биiк ұстап, тазалығынан таймай өттi ер.

Кешегi қанқұйлы Голощекиннiң билiгi кезiнде ол жүргiзiп жатқан сұрқия саясаттың терiстiгiн ескертiп өлкелiк партия комитетiнiң бiрiншi хатшысына қаймықпай хат жазған. Алайда, Голощекин оған бола өз мақсатын өзгертпегенi анық. Ал Молдекеңе партия қатарына өту сонан кейiн бұйырмады.

Молдекең өз жазбаларында ол жылдарды аса бiр азапты сезiммен еске алады. Қамыққанын жасыра алмайды. Астық салығы, ет салығы, жүн салығы, мүйiз, тұяқ салығы… осының бәрi халықты аздырып-тоздыру, тұралату, малын құртып, тақырға отырғызудан басқа ештеңе емес едi. Зорлап отырықшылыққа итермелеудiң ақырында халық аштан қырылды, шет жұртқа босып кеттi. Осының бәрiне жүрегi қанжылап, ет-бауыры езiлген Молдекең қарлығаштың қанатымен су сепкенiндей болса да жақсылық-көмек жасауға ұмтылғанымен, алапат аранды қан бүрiккен қызыл саясатқа қарсы тұра алмай, ақыры өзi де оның торына түседi. 1934 жылы Қазақ педагогика институтын тәмамдаған. Жұмысшы факультетiнде оқу бөлiмiнiң меңгерушiсi болған. 1937 жылы Н.Крупская атындағы Ленинград институтының саяси-экономика факультетiн бiтiрген. Алматыдағы Пушкин атындағы Бас кiтапхананың директоры болып қызмет еткен. Компартия көсемдерiнiң шығармаларын ұлт тiлiне алғашқы аударушылардың бiрi болған. Жұрт ағасы, ел серкесi болу деген осы шығар! Амал не, өмiр осылай жаймашуақ жалғаса берер ме едi, әттең 1941 жылғы алапат құйын өзiнiң үйiрiлген өзегiне орап ала жөнелмегенде!

Кейде бiр ауыз сөздiң өзi тұтас тағдырыңды билеп шыға келедi. Егер әдiлдiк пен шындық салтанат құрса әркiмнiң өз мiнбесi өзгеге ауыстырылмас едi. Алайда әдiлдiк көз жұмып, шындық шыңырауға тасталып, бассыздық пен тексiздiк теперiш көрсетсе, iс соңы мүлде басқаша бағытқа бұрылады екен. Қарап отырса әкесi Тәлiпкерейдiң ұсталуына “1928 жылы оның 150 жылқысы болған” деген жала себеп болған. Ал шындығында Тәлiпкерей отбасындағы он екi жанның ортасында бiр бұзаулы сиыр, екi өгiз, бiр ат қана болған.

Алланың арқасында 1953 жылы айдаудан аман-есен елге оралған Молдекең қол қусырып қарап отырмады, жолында кездескен кейбiр кедергiлермен күресе жүрiп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Өзiнiң о бастағы қайтпас қайсарлығы мен iрi тұлғасынан айныған жоқ. 1956-1961 жылдары өзiне жүктелген маңызды қызметтердi атқара жүрiп, ұлт тағдыры мен тiл тағдырына қатысты талай iргелi мәселелердi көтердi, iске асуына себепшi болды. Ол Н.С.Хрущевке жоғарыда келтiргенiмiздей бiрнеше хаттар жазып мына мәселелердi басты назарда ұстаған өктем билiктiң өзегiне шоқ тастап едi.

1. 1932 жылы ашаршылықта көршiлес елдер мен шет жұртқа босып кеткен қазақтардың туған жерiне қайтып келуiне көмектесу.

2. Қазақ халқының өнеркесiп орындарында индустриялық жұмыс ұйытқысын құру.

3. Қазақ тiлiн өркендету, ана тiлiнде бiлiм алу жұмыстарын жолға қою деген мазмұндарды көтере отырып, жоғарының назарын аударды.

Осы мақаланы жазу барысында академик Аманжол Қошанов, сондай-ақ халқымыздың талантты жазушысы, ұлт үшiн өз пiкiрiн бүкпелемей айтып жүрген қоғам қайраткерi Смағұл Елубаймен және ардагер ақсақалымыз Хамит Бiржановпен пiкiрлесiп, Әбдiров ата туралы айтқандарын хатқа түсiрiп едiк.

Аманжол ҚОШАНОВ, экономика ғылымдарының докторы, академик:

– Молдабай Әбдiров ХХ ғасырдағы қазақ интеллигенциясының екiншi буын өкiлi. Ол кiсi Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, А.Байтұрсынов, С.Қожанов, О.Жандосов секiлдi iрi мемлекет қайраткерлерiнен тағылым алып, солардың әсерiмен қоғамдық жұмыстарға араласқан. Өткен ғасырдың 20-30 жылдары қазақ даласының әр жерiнен халық көтерiлiп, төңкерiс болып жатқан кезде, ел арасынан оза шауып, оқу-бiлiм iздеген жаңашыл жастардың бiрi болды. Молдекеңмен жиi кездесiп, ұзақ сырласушы едiк.

Ақтөбе жерi ар жағы Орынбор, бер жағы Қызылорда, одан Алматыдан келетiн темiр жол торабында орналасқан экономикалық-саяси маңызы бар орталық едi. Туған жерi Ақтөбе облысы, Қобда ауданы.

Бiз әр кездескенде ол кiсi 20-30 жылдардағы байларды кәмпескелеу, дүние-мүлкiн тәркiлеу, таптық күрес туралы көргендерiн айтып отыратын. Өзi – Бекман хазiрет қажының ұрпағы. Ертеде бiраз дәулетi болса керек, соңғы кездегi кедейлесуiне қарамастан саясаты шиеленiскен заманда Кеңес үкiметiнiң таяғы бұл кiсiге де тимей қоймапты. “Бай тұқымы, ұлтшыл топтың өкiлi” деп айыпталады.

Молдабай Әбдiров Ораз Жандосовпен кездесiп, Мәскеуге бара жатқан жолында қосшыларының бiрi болған. Ақтөбеге аялдап жиын ашқанда жастардың атынан сөз сөйлеген. “Ораз жалындап тұрған жақсы азамат едi” деп отыратын. Жиналған жұрт Оразға: “Осы Ресейдегi революцияның бiзге қатысы қанша? Өз шаруашылығымызбен айналысып жүре бермеймiз бе?” — деп сұрақ қояды. Сонда Ораз Жандосов: “Осы революцияның халықтың рухани көтерiлуiне пайдасы болмаса, бiз несiне жүрмiз? Халықтың өмiрiнде осындай жаңалықтар болуы тиiс”, — деп жауап берген екен.

Молдекең ауылдағы еңбекшi жастар мектебiн бiтiрiп, ендiгi жерде оқитын жоғарғы оқу орнының қамын ойлайды. Жастардың бәрi Мәскеуге ағылып жатқан кез. Алматыдан Мәскеуге жолдама алады. Күз мезгiлiнде барады, алайда өзi көздеп барған оқу орнына адам толып кетiп, үлгермей қалады. Содан ары қарай не iстерiн бiлмей тұрғанда Надежда Константиновна деген кiсiнiң алдына барады. Өзiнiң қазақ елiнiң азаматы екенiн, жас болғандықтан (ол кезде 20-21 жаста) бiлiм iздеп келгендiгiн, талабы мен мақсаты бар екенiн айтып түсiндiредi. Сосын әлгi кiсi: “Саған мүмкiндiк берiп көрейiн” — деп, Ленинградтағы Мәдениет институтына жолдама бередi. Сөйтiп Молдекең сол институттың экономика факультетiн бiтiрген.

Халқымыздың бiртуар ұлы А.Байтұрсынұлын алғаш көргенi туралы былай айтып отырушы едi:

Мәскеуге оқуға бару үшiн Алматыдағы Мәдениет министрлiгiнен рұқсат қағаз алу керек едi. Сол қағазға қол қойдыру үшiн Молдабай министрлiкке барады. Есiктiң алдында бiр топ адам тұр екен. Солардың iшiнен бойшаң келген, қара сақалды бiр кiсiнi көзi шалады. Ол – ақын, оқымысты, әрi ағартушы, қазақтың дара бiтiмдi ұлы Ахмет Байтұрсынов болып шығады. Бiраз әңгiмелесiп, сөз арасында 17 жыл түрмеде болғанын айтады. “Алматыға айдаудан келген болу керек, үкiмет жұмыс бермеген соң, сол кездегi Мәдениет министрi Т.Жүргеновтен жұмыс сұрауға келiптi. Әбден жүдеген кейпiн, солғын тартқан жүзiн көргенде бiраз ақшам бар едi, соны қалтасына тыға салып, қаша жөнелгiм келдi… Бұл А.Байтұрсыновпен алғаш кездесуiм едi…”, — дейтiн Молдекең. Сонымен Ленинградтағы оқуын бiтiрiп, Алматыға келгенде жергiлiктi және мемлекеттiк баспаларда жұмыс iстейдi, А.С.Пушкин атындағы орталық кiтапхананың директоры болады. Сонда бiр жарым-екi жылдай қызмет атқарады.

Содан бiр күндерi компартияның кезектi съезiнде Партияның бiрiншi хатшысы Скворцов 2 күнге бөлiп, 12 сағаттан баяндама жасаған екен. Сол баяндаманы тәжiрибелi аудармашы ретiнде бiр топ аудармашылармен бiрге қазақшаға аудара бастайды. Фактылары тiзбектелiп бос сөзбен көпiрiп жазыла берген баяндамаға “мұның суы көп екен” деп сын айтып қалады. Бұл сөз құлақтан құлаққа жетiп, көп ұзамай КГБ-ның адамдары ұстап әкетiп, түрмеге қамап қояды. Күнде шақырып алып, тергеуге алады. “Сен жаусың, сенiң анаған қатысың бар, мынаған қатысың бар”, — деп бiрiншi басшыны сынағаны үшiн ақыры соттың үкiмiмен Красноярск өлкесi, Бабучанск деген жерге айдалады. Онда тек Қазақстаннан ғана емес, бүкiл Одақтан “жау” атанған зиялы қауым жиналыпты. Көп адамдармен танысып, жақсы қарым-қатынаста болады.

Бiр жағынан экономист болғаны бар, бiр жағынан бiр аяғының кемдiгi бар Молдекеңдi сол жердiң бухгалтерi етiп тағайындайды. Елдiң еңбегiн тiзiмдеп жазады, азық-түлiк, киiм-кешек сол кiсiнiң қолынан өтiп отырады.

Келгеннен бастап үнемi кiнәсiз айыпталғандығы туралы Мәскеуге арыз жазумен болады. Ең соңғы арызын 1953 жылы жолдап, әйтеуiр зорға дегенде босату жайлы бұйрық келедi.

Ол кездерi әуе қатынасы онша дамымаған. Көлiк аз, жолаушы көп. Аэропорттағы топырлаған қалың адамды көрiп елiне бүгiн-ертең билет ала алатынына күмәнданады. 14 жыл бойы елiн аңсаған жүрегi алып-ұшып шыдай алмайды да кезекте тұрған елдi кимелей итерiп, бiрiншi болып тұра қалады. Қарсылық бiлдiргендерге “Мен билет алып, елге кету үшiн бiрiншi кезекте тұрғаныма 15 жыл болды. Мен лагерьден босап, ақталып келе жатырмын”, — деп жауап берген екен. Оған жолаушылар түсiнiстiк танытады. Осылайша Красноярскiден Новосибирь арқылы Семейге келедi. Сосын Алматыға тартады. Әрине, Алматыдағы жағдай жеңiл емес едi. Бiрақта бiрге оқыған дос-жарандары қол ұшын бередi.

Мен Молдекеңмен 1959 жылы кездестiм. Мәскеуде оқып алған дипломымды, Ақтөбедегi 2 жылдық мұғалiмдiк тәжiрибемдi ескере отырып, менi экономикалық институтқа қабылдады. Мен келгенде Молдекең осында экономикалық терминдердiң орысша-қазақша түсiндiрме сөздiгiн жасап жүр екен. Танысып-бiлiсiп, жақсы араласып кеттiк, менi өзiне жақын тартатын. Екi жыл бiрге iстес болғаннан соң, мен аспирантураға тапсырдым. Ол кiсi мұғалiмдiкке ауысып кеттi. Экономикалық түсiндiрме сөздiгi жарыққа шығып, студенттерге де, ғалымдарға да қажеттi әрi пайдалы кiтапқа айналды.

Бiршама уақыттан соң жоғарыда айтылғандай, жолдастары көмектесiп, Мемлекеттiк аттестациялау орталығы арқылы доцент деген атақ алып бередi. Халық шаруашылығы институтында, Абай атындағы педагогикалық институтта өмiрiнiң соңына дейiн 30 жыл бойы дәрiс оқыған. Ғалымдармен бiрлесе отырып, бiраз кiтап, оқулықтар жазды. Сонымен қатар Лениннiң кiтаптарын, К.Маркстiң “Капиталын” қазақшаға аударуға үлкен үлес қосты.

Сексенiншi жылдары тiптi екеумiз бiр көшенiң екi жағындағы үйде қатар тұрдық. Ол кiсiнiң жағымды дауысы, әп-әдемi сөйлеу мәнерi болатын. Сонда Алашорда басшыларының ерлiгi мен еңбегiн үнемi жиналған жұртқа айтып уағыздап отыратын. А.Байтұрсыновтың “Қырық мысал” жинағындағы “Маса” атты өлеңiн Патша үкiметiн қансорғыш масаға теңеп, орыс халқын әжуалаған деп айыптап, қамауға алғанын айтып отырушы едi. М.Дулатовтың “Шағым” деген өлеңiн оқып, талдайтын және оның алғашқы қазақ романы атанған “Бақытсыз Жамалын” мазмұндап беретiн.

Ол кiсiнiң Қазақ радиосының “Алтын қорында” Ахметтiң, Мiржақыптың, Мағжанның өлеңдерiн оқыған даусының жазбасы сақталған. Молдекең ХХ ғасыр әдебиетiн жетiк меңгерген және соны көпшiлiк қауымға дәрiптеушi болған, қазақтың әдебиетiн түсiнетiн әрi сүйетiн, мәдениетiн қастерлейтiн асыл азамат едi.

“Молдабай Әбдiров кiм?” дегендi ашып айтар болсақ, бiрiншiден, ол кiсi сондай жетiлген мәдениеттi адам едi. Ешқашан да бiреумен жаға жыртысып, сөзге келiсiп, я болмаса, бiреудiң сыртынан ғайбат сөйлеп көрген емес. Орнықты, сыпайы, парасатты қалпынан танбайтын. Мiнезi жұмсақ, қиянатқа аттап баспайтын өмiрлiк ұстанымдары болды.

Екiншiден, қазақ әдебиетiмен ғана шектелiп қоймай, Еуропа әдебиетiмен де сусындаған, көптi бiлетiн озық ойлы тұлға. Оның өнегесi қазақ өмiрiндегi сол кезеңде тың жаңалық болғаны рас. Сонымен қатар, жастарды алға бастап, маңайына топтап, елдiң алдында қаймықпай ой-пiкiрiн анық жеткiзе алатын көшбасшылық қабiлетi де бар едi.

Үшiншiден, ұлтына деген сүйiспеншiлiгi сөздерiнен айқын байқалып отыратын. Оған “ұлтшыл” деген айып тағылып, қуғындалады. Қазiргi Т.Рысқұлов атындағы ҚазЭУ-дегi жиындардың бiрiнде сөз сөйлеп, ұлтшылдық позициясы болғаны үшiн ҚазПИ-ге ауысып кетуге тура келедi.

Мiне, Молдекең туралы айтсақ таусылмайды. Ол кiсi нағыз зиялы десе дегендей биiк, парасатты, абзал адам едi. Алаш ардақтыларымен рухтас, мақсаттас болатын. Бүгiнгi тәуелсiз елдi сонау ертеде-ақ көксеген ұлт үшiн еңбек еткен ерлiкке толы ғұмыры өнегемен өттi. Сондықтан да бiз ондай асыл азаматтарды ұмыта алмаймыз.

Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы:

– Молдабай Әбдiров ақсақалмен өткен ғасыр 80-жылдардың соңы, 90-жылдардың басында танысып, талай мәрте сұхбат құрып сырласып едiм. Мен ол кезде “Мiнәжат” романына материал жиып жүрген кезiм болатын. Өйткенi, бұл романда сталиндiк репрессия дәуiрiндегi азаптанған, зардап шеккен қуғын-сүргiн құрбандарының өмiрi, аянышты тағдыры суреттеледi. Сондай-ақ, Сталиннiң саясатын жүргiзген НКВД, ГПУ жазалау органдарының жантүршiгерлiк әрекеттерi сөз болып, бiраз шындықтың бетiн ашуға тырысып едiм. Әне сол кездiң бiрден-бiр тiрi куәгерi Молдабай сонау Қиыр шығыстағы итжеккенге жаламен айдалып, өмiрдiң ауыр азабын өз басынан кешiрген жан едi. Алыс түкпiрдегi Бабушан деген ауданда қарағай кесiп суға ағызып, төмен жақтан жағаға шығарып, ауыр еңбектiң езгiсiнде ондаған жылын өткiздi.

Әбдiров ақсақалдың әңгiмесiнен өзiм iздеген материалдарға қол жеткiздiм. Әрi ол кiсiнiң сiлтемесi арқылы тағы да бiрқанша ақсақалдармен танысып, “халық жауы” төңiрегiндегi құпияларға қаныға түстiм. Басынан ауыр күндердi өткiзген ағалардың естен кетпес оқиғалары менiң “Мiнәжат” романыма аса құнды дерек көзi болды.

Ұлтымыздың адал перзенттерiнiң қызметi, өмiрi, айыпталуы, сотталуы, қызыл өкiметтiң қыспағы, ұлт серкелерiн құрту жолдарын түсiндiм. Сұраққа тартылу, алысқа айдалу, меңiреу орман, мейiрiмсiз билiктiң теперiшiн, ел-жұртынан аулақ, жанашыр жақындарынан шалғайдағы машақаты мол итшiлеген қу тiрлiктiң әрбiр сәтiн жан жүрегiммен сезiнгендей болдым. Осылайша романдағы кейiпкерiм — Шегеннiң өмiрi, әне сол Молдабай Әбдiров секiлдi азаматтардың басынан өткiзген халiнiң жиынтығы болатын. Молдакеңнiң құрметiне бола сол Шеген деген кейiпкерiмдi Сiбiрде жүргенде Молдабай Әбдiров деген қайсар, қайырымды, ақылды, сабырлы, болашаққа үмiткер қазаққа кезiктiрiп, оның көмегi мен қамқорлығын көргенi туралы баяндайтын жерiм бар. Әрi ол кiсiнiң атын айнытпай өз қалпымен атадым. Романдағы Шеген Ақтөбе облысы, Байғанин ауданынан ұсталады. Ал, Әбдiров ағамыз Қобда ауданынан едi.

Молдабай аға әйтеуiр аман-есен елге оралады. Ол оның болашаққа деген сенiмi, қайсарлығы, қиын сәттердiң бәрiнде жол таба бiлуi, аштықтан қалай өтiп, азықты қалай таба бiлгенiнiң арқасында iске асып едi. Әңгiмелескенде байқағаным: ол кiсi әңгiмешiл, көпшiл, бiлiмi шалқар, ұлтқа деген жанашырлығы өте жоғары едi. Мен танысқанда 80-нiң шамасында бола тұрса да сергек, ширақ, ойы терең едi. Ақжарқын адам болатын. Әңгiменi қыздырып айтып, тыңдаушысын баурап алатын. Өмiрге деген құштарлығы жоғары. Iнкәрлығында шек жоқ едi. Оның еңсесiн азапты тiрлiк ешбiр түсiре алмағандай көрiнетiн. Осылайша оның асқақ рухы, мұқалмаған жiгерi менi таң қалдырды.

Романымның жазылу барысында көптеген детальдар сол ағамыздың өмiрiне ұқсап кеттi. Осылайша сталиндiк қуғын-сүргiннiң салдарынан сансырап сарсаңға түскен бiр халықтың адам төзгiсiз тағдыры суреттелдi деуге болады.

Кейiпкерiм Шегеннiң: “Молдабек деген адамның арқасында қарным тоқ, киiмiм жылы болды. Ажалдың аузынан сан мәрте аман қалуыма себеп болды” деп еске алуы көп шындықтың бiреуi ғана болар.

“Қазағың қайсы?” — десе: “Мынау!” деп көрсететiн өте ғажайып адам едi. Ол кiсiнiң тiл туралы, ұлт туралы айтқан сөздерi, күрескерлiгi өзiнше бiр төбе. Нағыз қоғам қайраткерi деуге тұрарлық тұлға едi. 1955-1962 жылдар аралығындағы Қытайдан келген ағайындарға оң қабақ танытып, құшағын ашқан абзал азаматтардың бiрi. Ол: “Құлдырап бара жатқан тiлiмiздi сақтап, әлсiреген ұлттық үнiмiздi көтеруге атажұртқа келген ағайындардың берерi мол” деп айтып та, жазып та кеткен кiсi. Әлде кiмдер күдiкпен қарап шөмiштен қаққанда Молдекеңдер сөзiмен де, iсiмен де бауырға тартып едi. Оның дұрыстығын өмiр өзi дәлелдеп отыр.

Хамит БIРЖАНОВ, Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Ардагерлер кеңесiнiң төрағасы, Қазақстан Республикасына ерекше еңбегi сiңген зейнеткер:

– Бiздiң жас кезiмiз. Молдекеңдер кемелденген сақа кiсiлер едi. Жазықсыз жапа шегiп Сiбiрде ондаған жыл жүрiп келдi. Алматыға оралған соң Рахымәлi Байжарасов деген азамат үшеумiз бiр мекемеде, бiр кабинетте отырып “Қазақ Мемлекеттiк баспасында” редактор болып қызмет еттiк. Молдекеңнiң бiлiмдiлiгi, парасаты, өмiр көргендiгi бiрден көзге ұрып тұратын. Байжарасов та өте бiлiмдi, iскер басшы. Кезiнде Қарағандыда обкомның екiншi хатшысы болған. Мирзоянның тұсында қызмет еткен.

Бiр жолы үлкен жиында Мирзоян қазақтар арасында өсiп келе жатқан мықты кадрлар бар деп бiрнеше кiсiнiң атын атап, оларға ризалығын бiлдiрiптi. Солардың қатарында Байжарасов та бар екен. Артынан Мирзоян “халық жауы” болып жазаланғанда ол кiсiнi де Мирзоянның жақтасы деп тұтқындап, 15 жылдық өмiрi қуғын-сүргiнде өтедi. Тағдыр түйiстiрiп сол асыл ағалармен қызметтес болдым.

Молдабай Әбдiров ағамыз да кезiнде Партия тарихы институтында аға ғылыми қызметкер болып iстеген экономист едi. Бiреулер “Молдеке, сiз қандай экономистсiз?” — деп сұрайтын көрiнедi. Сонда ол әзiл-шынын араластырып: “Карл Маркс қандай экономист болса, мен де сондай экономистпiн” деп жауап беретiн көрiнедi. Сөйтiп жүрген Молдекең де ұлтшыл “халық жауы” болып айдалып кете барды. Қайта оралған соң көп жыл жұмыс iстеген орнының бiрi – Абай атындағы педагогика институты. Онда ол кiсi аға оқытушы болып, кейiн доцент болып еңбек еттi. Ең алдымен — ұстаз, бiлгiр экономист, екiншiден — мықты аудармашы. Кез келген салада, кез келген тақырыпта алуан жанрдағы еңбектердi қиналмай аудара беретiн. Ахмет Байтұрсынұлының, Мiржақып Дулатовтың, Мағжан Жұмабаевтың, Жүсiпбек Аймауытовтың, Сәкен Сейфуллиннiң, Сейдiл Талжановтың көзiн көрген, сөзiн тыңдаған адам едi.

Олармен дәмдес, пiкiрлес болыпты. Жүрген-тұрған жерлерiнде Алаш ардақтыларының әңгiмесiн айтып, шығармаларын жатқа оқып отырушы едi. “Көкшетау” поэмасын басынан-аяғына дейiн мүдiрмей айтып отыратын. М.Дулатовтың барлық өлеңдерiн жадына сақтап, бiрiнен соң бiрiн төгiп отырушы едi. Өзi де Алаш қайраткерi секiлдi рухы биiк, ұлтшыл азамат болатұғын. Сол бiр қиын заман қызыл саясаттың өзiнде солармен үндес, армандас екенiн бiлдiрiп отыратын.

Қазақтың тiлi десе, мәдениетi десе iшкен асын жерге қоятын. Өзiнiң ұлтқа деген жанашырлығын танытып, көпшiлiк орталарда пiкiрлерiн бiлдiруден жалтармайтын, басылымдарға мақала жазды.

Ол күнделiктi өмiрде жасыған, жабырқаған емес, қиындыққа мойығанын көрмеппiн, қашан көрсең көңiлдi, өзiне-өзi сенiмдi жүретiн. Қазақтың нағыз қонақжай шаңырағы, пейiл-берекесi мол жан едi. Сол дарқандығының арқасында итжеккеннен де аман келген болу керек. Ал бiздiң арамызда болғанда дүние сондай бiр аста-төк болмаса да тарынып, таршылық көрген емес. Достары, сұхбаттас адамдары көп болды. Кейде бiз: “Тым қонақжай болып кеткен жоқсыз ба? Етек-жеңiңiздi жиып, қымтанып жүргенде жөн шығар” десек, “Маған ақыл айтпаңдар, ақылымды тастарға жер таппай жүрмiн. Тапқаным бәрiне де жетедi” деушi едi. Бiреуге арамдық ойламайтын, қолынан келсе көмектесетiн, ақкөңiл азамат едi. Ата-жөн тарихын, өзiнiң туған жерi Ақтөбе туралы елдiң-жердiң шежiресiн терең бiлушi едi. Табыннан шыққан Тобанияз би (қазiр оның қарадан шыққан хан болғаны жазылып жатыр — Х.Б.) туралы әңгiмелеп отыратын.

Үш рет Денсаулық сақтау министрi болған, медицина ғылымдарының докторы, академик Ишанбай Қарақұловтың замандасы, жақын досы болып өттi. Екеуi қатты қалжыңдасушы едi. Бiрде Молдекең жаңа пальто киiп келдi. Бiз бәрiмiз жабырласып құтты болсын айттық, сөйтсек, “Е, бұл Ишанбайдан ұтқан ақшаға сатып алған пальто ғой” деп қарап отыр. Молдекеңнiң 70 жылдық мерейтойында Ишанбай аға “Молдабайдың туған күнiне ескерткiш” деген жазуы бар алтын сағат сыйлады. Сөйтсек, ол бiраз бұрын жоғалтқан Молдекеңнiң өз сағаты екен. Бұл екi кiсi арасындағы әзiл-қалжың өте қызық едi, мiнездерi ұқсамаса да жұптарын жазбай жүретiн. Бiр байқағаным, Молдабай ағаның пейiлiне қарай Алла да мол ризық-несiбе берген едi. Еңбекқорлығының арқасында жұмысынан алатын жалақысына қосымша аудармасына, мақаласына, эфирдегi сөздерiне қаламақы да алып тұратын.

Жазушы Смағұл Елубай секiлдi iнiлерiнiң әр қадамына қуанып, еңбегiн ескерiп, талантын бағалап отыратын. Жүнiс Сәлiмкереев секiлдi елден оқуға келген әлде неше азаматтарға қол ұшын берiп, адам болып кетуiне жол нұсқап отыратын. Оқуға түсiретiн, жұмысқа орналасуына себеп болатын. Кiм болғанына қарамай, өнерде көрiнген жастарға қолдау танытып отырушы едi. Мен де аударма iсiн Молдекеңнен үйрендiм, бәрiмiз бiрге Карл Маркстiң “Капиталын” аудардық. Ол кiсiнiң ғалымдығының өзi бөлек әңгiме. “Қысқаша экономикалық термин сөздiгiн” шығарған алғашқы қазақтардың бiрi. Хрущев солтүстiктегi облыстардың бiразын таратып бәрiн бiрлестiрiп тың өлкесiн құрды. Сонымен бiрге ондағы қазақ газеттерiнде 700-ге тарта қазақ мектептерiн де жауып тастады. Байқасақ, оның түпкi пиғылы Ресейге қосып жiбергiсi келген екен. Сол кезде Молдекең екiленбестен Хрущевтiң атына арт-артынан бiрнеше мәрте телеграмма жолдады. Кезiндегi отарлықтың басынғаны соншалық, “Социалистiк Қазақстанды”, “Қаз правданың” аудармасы етiп шығарамыз дегенге дейiн барды. Сол кездегi редакторы Қасым Шәрiпов: “Екi қолымды көтерiп қолдаймын” деп келiсе кеткенде, ұлт жанашыры, қайраткер Жұмабек Тәшенов редакторға: “Социалистiк Қазақстанды” құрған сен емессiң, оны сен жаба алмайсың”, — деп тиып тастаған екен. Сол секiлдi Қазақстанда болып жатқан заңсыздықтарға Молдекең де қарсы шығып, көзқарасын бiлдiрген кiсi.

Әйелiнiң аты – Рабиға. Ол кiсiден көрген жалғыз қызы Гүлсiмдi қатты жақсы көрдi, тiптi қоярға жер таппады. Молдекең қызы Гүлсiм туралы әңгiме бастаса, қылықтарын айтып, сағаттап тауыса алмай қызықтап отырушы едi. Рабиға жеңгемiз ерте кеттi де Гүлсiмдi әрi әке, әрi шеше болып өзi баулыды. Сiбiрдегi өмiрдi басынан өткiзген Молдекең тамақтың алуан түрiн өзi жасай беретiн. Гүлсiмге еңбегi көп сiңдi.

Сiбiрде өзi секiлдi жазықсыз жапа шегiп айдауда жүрiп, бостандыққа шыққан соң, үйлi-жайлы болып, сонда тұрып қалған бiр қазақ отбасы қонаққа шақырады. Қазақтың үйiн көргiсi келiп, дәмдi сыйлаған Молдекең жаяу тартып кетедi… Сiбiрдiң бет қаратпас нольден төмен 40-50 градус аязы, 35 шақырым жол бойы белуардан омбылаған қармен алысып жүрiп, отағасының үйiне жетедi. Қолы, бетi, қолдырап үсiп кетедi. Бiрақ сол жолғы қою шай, сүрi ет, қазақы мiнез, ұзақ әңгiме. Қиыр түкпiрдегi қазақтың маздаған оты әлi есiмнен кетпейдi. Қиналғаныма да, үсiгенiме де өкiнген емеспiн дейтiн. Кезiнде Молдекең секiлдi ақын Қасым Тоғызақов та сол күндi басынан кешiрiп “Сiбiр — Омар” деген поэма жазған. Онда қостанайлық Омар деген азамат сотталып кетiп, артынан әйелi iздеп барады да үйлi болып дүниеге перзент әкеледi. Сол дастанның екi шумағы әлi есiмде.

“Нәресте жерiң бар ма бүлдiрмеген,

Қасiрет үстiнде де күлдiрмеген.

Дүниенiң бар қызығы тұрғандай-ақ,

Тiлiңде титтей ғана шүлдiрлеген.

Алмадай пiсiп тұрған сабағында,

Қасиет қассыз, күссiз қабағында.

Айқасқан ана сүтi, бала терi,

Бар жұпар балбыраған тамағында.”

Қазiр Омардың атында Қостанайда елдiмекен бар.

Мiне, осындай өлеңдердi айтып отырып, әлгi өзi барып қайтқан үйде, “Қ.Тоғызақовтың жазған Омардың тағдыры секiлдi үйiрiнен адасқан қазақтардың бiрi едi” — деп, терең толғанатын.

Жасы ұлғайған кезiнде де ширақ, қағылез болды. Кiтапты көп оқитын, өмiрдi жиi бақылайтын, қолы қалт ете қалса шахмат ойнайтын. Ол кiсiден көрген өнеге, үйренген бiлiмiмiз көп, нағыз қазнаның қоймасы едi.

“Тiгiлген туың жығылмай,

Жақсы өлiпсiң япыр-ай!” — деп Абай атамыз айтқандай, жасы 80-нен асып, өз тұғырынан түспеген қалпы әлемнен озды.

Жоғарыдағы көзiн көрiп, пiкiрлес болған үш азаматтың сұхбатын естiп, хатқа түсiрдiм. Сондай-ақ, сарғайған қолжазбалар мен тозығы жеткен газет-журналдарды парақтап отырып “елiм” деп өткен есiл ердiң өмiрiн бiр сәт ой елегiнен өткiздiм. Тек үзiк-үзiк тұстарын ғана қаламыма арқау еттiм. Соның бәрiн саралай келе байқағаным — Молдекеңнiң тағдырындағы мыңнан бiр сәт секiлдi екенiн бiлдiм.

Молдабайдың әкесi Тәлiпкерейдiң бауыры Сәлiмгерейден тарайтын кәсiпкер Жүнiстiң осы бiр құнды деректердi сары майдай сақтап жүргенiне аса тәнтi болдым. Ақыры архивiнен алып жұртқа ұсынуды жөн көрдiм. Өйткенi, өткенi өнегелi абзал жан қай жағынан болсын ардақтауға, үлгi етуге лайық. Бүгiнгiнiң бiз жеген жемiсi, кешегi аға буындардың табан ет, маңдай терiнiң бодауы екенiн түсiнгенiмiз абзал. Молдабай Әбдiровтың өзi: “Өмiрдiң өткелi көп. Адам баласы мәндi тiршiлiк үшiн күреседi, небiр қысылтаяң, қиын шақты бастан кешедi. Соның ең қиыны — қолдан жасалған тығырықтан, кедергiден өту. Ең жаманы — әдiлетсiздiктiң қуғынын көрiп, тепкiге түсу. Соның бәрiн көрдiк. Уақыт — әдiлқазы. Айтпасты айтуға мүмкiндiк алғаным үшiн де тағдырға разымын” дептi. Бұған бiздiң алып-қосарымыз жоқ.

Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi