16 Шілде 2009, 10:16 559 0 Жаңалықтар "Түркістан" газетінің авторлары

ГЕНЕРАЛ ЗАЙСАНОВ

Бiз әлi күнге дейiн атын естiмеген қазақтың қаншама хас батырлары алыс-жақын шет елдерде алмағайып заманның аранына түссе де, Алаш туын жықпай аты аңызға айналып қала бердi. Ал оларды iздеп, тауып, ұлықтау бiзге — борыш, кейiнгi ұрпаққа — парыз. Сондай, сом арыстың бiрi — М.Зайсанов екенiн мен Жанболат Аупбаевтың бiр мақаласынан бiлушi едiм. Анау Ақ патша тұсындағы Б.Айшуақов, М.Баймағанбетов, Ғ.Жангировтердi айтпағанда, исi қазақтан тұңғыш генерал атанып, Шыңғыс хан елiнiң Әуе Қорғаныс Күштерiн басқарған осы Зайсанов емес пе едi! Содан берi де Шығыс Қазақстан облысының Зайсан аудандарының әкiм қаралары: “Зайсанов та бiздiң төл тумамыз” дегеннен басқа ел iшiнде елеулi ештеңе көзге түскен жоқ едi. Жуықта бар ғұмыры шет елде өткен, даңқты ұшқыш, Алаштың алғашқы авиация генерал-майоры Зайсанов туралы көлемдi поэманы Бақытбек Бәмiшұлы жазып әкелiптi. Мұндай көркем де, көрiктi жырды көп болып оқыса жарар. Соның үшiн “Түркiстан” газетiнiң қара ормандай қалың оқырманына поэзиядан үзiндi ұсынуды жөн көрдiм.

Дидахмет Әшiмханұлы

Қайқайып Өр Алтайға көш келедi,

Қарлы тау үрiккен елге ес бередi.

Соңында сора-сора сары бала,

Адамға жоқ сияқты еш керегi.

Басында жыртық кепеш, жалаң аяқ,

Ешкiм жоқ бұ сорлыны жатқан аяп.

Медеу қып көш баранын келе жатыр,

Қолында қу шеңгелден қатқан таяқ.

Тiрлiктiң сүйреткенi тас шанасы,

Уланған қасiретке жас санасы.

Паналап бұта түбiн жата кетед,

Байқасаң он, он бiрде жас шамасы.

Торсық бар иығына iлiп алған,

Iшiне өзек оты малта салған.

Қоңыздай домалатып заман желi,

Келедi еңiретiп дүние жалған.

Шақадай қызыл табан, қызыл асық,

Көз — мұңлы, жүрек — жара, көңiл — жасық.

Сар бала келе жатыр көш соңында,

Бiр дорба, бiр торсығын мойынға асып.

Жолықты сұм дүние кешесiне.

Ұсынды уын құйып кесесiне.

Уыз жас жөнеп бердi, жан сауғалап,

Жазмыштың маңдай тiреп тесесiне.

Бар едi әкесi де, шешесi де,

Ойнаған асыр салып, тетесi де.

Қу зорлық тартып алып тамылжыған,

Тағдырын талақ еттi есесiне.

Мырза едi қанаттыға қақтырмаған,

Кiсi емес маңдайына бақ тұрмаған.

Ат жалын ендi тартып мiнерiнде,

Әкеттi бағын құдай атқыр заман.

Әкесi тайпа елдiң болысы едi,

Шығысы Жайсаң көлдiң қонысы едi.

Айырған ашық күнде ел мен жерден,

Ақ жаға Ақ патшаның орысы едi.

Таяғы қолындағы шеңгел едi,

Шеңгелге қандай ағаш тең келедi.

Тырмысып өрге шықса төрт аяқтап,

Еңiске доңғалақтай дөңгеледi.

Таңдайын шылап алып шалабымен,

Маңдайын мұңға сүйеп бала күрең.

Бетке алып қан Ертiстi келе жатыр,

Қып-қызыл жамылғандай дала кiлең.

Елгезек желдей есiп жүгiредi,

Артынан, алды тұман түңiледi.

Жуынып бұлақ көрсе, дәрет алып,

Аллаға намаз оқып, жүгiнедi.

Тай таңдап, мiнбейтұғын атқа дайын.

Ташкенде менменсiген датқа дайын.

Табанды қияқ кесiп, тас тiлгенде,

Еңiреп есiне алад қасқа тайын.

Тесiлiп аспан түбi, сорғалады,

Жетпейдi әттең әлсiз зорға амалы.

Қара түн қарыс адым жер көрсетпей,

Бүрiсiп, бұта түбiн қорғалады.

Алтайдың аюынан, бар аңынан,

Қорықпады құраңынан, қараңынан.

“Жей берсiн қасқыр жесе, Болды дедi,

Адамның аман болсам аранынан”.

* * *

Көш кеттi алды-артына қарамастан,

Жер ошақ қалды аңырап Қазан асқан.

Қырлардан қылтияды қызыл әскер,

Уықтай шаңырақтан қаламы асқан.

Cолдаттың Сар балаға бәрi бiрдей,

Көрiнер көздерi оқ, зәрi зiлдей.

Өлейiн жағасынан алып десе,

Жатқан-ай, қуат тәмам, әлi кiрмей.

Солдаттың бiр-бiр мылтық асынғаны.

Қазақты малға теңеп басынғаны.

Ойыншық сияқты боп көрiнедi,

Қазақтың қаны судай шашылғаны.

Солдаттан қашқан қазақ кеттi жосып,

Барады қалған елдiң жаны шошып.

Бiр елдi түгелiмен қырып салды,

Шуаған бiр сайды өрлеп көштi тосып.

Бала да көш iзiмен келген едi,

Айқасқан қалың өлiк кермеледi.

Теңкиiп түйе жатыр, бие жатыр,

Сұлаған жол бермейдi көлденеңi.

Кiрдi ол өлiктердiң арасына,

Алланың не қылсын ол шарасына.

Ана жатыр қисайып жол шетiнде,

Қол созып екi-үш айлық баласына.

Қыз жатыр, қырқын жатыр, бала жатыр,

Азамат, кәрi-құртаң, дана жатыр.

Тiрлiктiң бәрiн жайпап мына саймен,

Жап-жаңа жүрiп өткен заманақыр.

Не пайда көздiң алдын шықтағаннан,

Үңгiрге үркiп, қорқып, ықтағаннан.

Дiрiлдеп, қалшылдаған құр дененi,

Келедi өрге сүйреп шықпаған жан.

Шықты ол өлiктi сай кезеңiне,

Келгендей о дүние кезегi де.

Таусылған алты малта әлде қашан,

Барады төмен тартып өзегi де.

Кетiптi тағы бiр көш кезең асып,

Көрiндi көз ұшынан өзен ашық.

Торсықтың нiлiн сорды, көнiн шайнап,

Қуырды өлiм жақын, өзегi ашып.

Жантайды тас жастанып кешке таман,

Түсi де мына күннiң неткен жаман.

Қан жапқан көз ауласын сары пәле,

Жақындап қалғандайын оған таман.

Қалжырап көзi iлiнiп кеткен екен,

Әке тұр қарсы алдында, мүлдем бөтен.

Қалың жұрт тұс-тұсынан тұр-тұрлайды,

О жақтан оятуға жеткен екен.

Қынжылып, қылиланып, көзiн ашты,

(Албасты ашық күнде қалай басты?).

Төнiп тұр төрт-бес солдат ат-матымен,

Бiлгенде құтылмасын қатты састы.

Төнiп тұр төрт-бес солдат төбесiнен,

Көрiнген көк шегiр оқ көбесiнен.

Сұм ажал сығалайды сап-сары боп,

Етiктiң табандағы шегесiнен.

Құзғынның күлкiлерi қарқылындай,

Қанменен қанымдаған нарқын ұдай.

Қашқандар қызыл қуып пана iздеп,

Бермеген парасатқа парқын құдай.

Атқандар әкесiн де, шешесiн де.

Осылар емес пе едi, кеше есiнде.

Құтылмай сорлы бала қолға түстi,

Алтайдың тастан салған көшесiнде.

Солдаттың бiрi түстi аттан қарғып,

Баланы көрген сол ед жатқан қалғып.

— Не iстеймiз, атайық па, асайық па?

— Өзi өлсiн, тамшы екен аққан қаңғып.

— Бұл өзi бiзге берген құт болмасын.

— Жолыққан бейуақта жұт болмасын.

— Адам ба өзi нақтылып тексерiңдер,

Табылған айдаладан сұқ болмасын.

— Қалқайып, қалды жалғыз, қалай аман,

Жоқ едi қыбырлаған бiр де адам.

Байқаймын су iшерi бар бала екен,

Пайдасы болар бiзге болмас жаман.

— Тiл болар қызылдарға нұсқайтын жол,

— Өлiмдi жан емес қой ұқпайтын ол.

— Ендеше, көзден таса қылмай бағып,

Тапжылтпай қарауыңда ұстайтын бол..

Татар ма, әлде башқұрт арасында,

Мейiрiм нышаны бар қарасында.

Итердi сол солдатқа старшина,

— Өзiң бiл, соясың ба, жарасың ба?

— Ал, жауап, қане тездет, қысқа шағын!

Мұсылман,— деп шұқыды, — нұсқап шабын.

Май мұрын, дөңгелек жүз шүлдiрледi:

— Атың кiм? Ал айта ғой. — Мұстапамын.

“Шын атым, шын атым ба, Қамызамын,

Қаласам, қардан алау тамызамын!,

Әкем ер, бабам батыр, өлмесем мен,

Қаныңды көзiңнен бiр ағызамын!”.

— Қайдансың, елiң қайда?

— Жайсаңнанмын.

Төгiлдi жанарынан ылайсаң мұң.

— Зайсаннан,

— Зайсан дейдi.

— Зайсан жақтан

Алтайға ауған жақсы, жайсаң сан мың.

“Солардың тұқымы ғой жолда қалған,

Ажалдан аман қалған қолдап Аллам”.

Бiрi iлiп, солдаттардың бiрi қақты,

— Қалмайық айырылып қолда бардан.

— Зайсанов, Зайсанов, — деп дүйiм кештi,

Көтерiп бастарына дүрiлдестi.

Қойған ат азандатып адыра қап,

Өмiрге Зайсанов боп кiндiк кестi.

Барады қызыл арай күн кешкiрiп,

Бала таң, бiрде ес шығып, бiрде ес кiрiп.

Дүрлiгiп, атқа қонған солдаттардың,

Бiреуi оны алды мiңгестiрiп.

Тағдыры тал шыбықты қысып, өптi.

Тар заман запыранын құсып өттi.

Шошайып бiр солдаттың арт жағында,

Бiр байдың мәпелеген құсы кеттi.

Өбектеп бiр солдаттың артын құшты,

Болса, деп армандайды алдым тышты.

Барады топ солдат жау түсiргендей,

Бөктерiп, артқа салып алтын құсты…

Жалыққан, жақ таянған, күшi солған,

Тоғайдың өңкей тентек iшi толған,

Араның ұясындай гуiлдейдi,

Болады деген иттер елге қорған.

Көрмеген шикi өкпенi асып қырды.

Ажалға әдейiлеп асықтырды.

Жұлып ап ат үстiнен қуыршақтай,

Алдына командирдiң асықша ұрды.

Офицер есi бар, жоқ, құсық сымды,

Ойнаған тышқан ұстап мысық сынды.

Баланы ары-берi қағып-соғып,

Түртедi қылышымен, қысып қынды.

Ұсынды сыра толы кружкасын.

Мәзiрге шақырғандай курстасын.

“Береген қолды” бала салып қалды,

“Сары су жын сасыған құрып қалсын”.

Сол екен маңдайдан от шашырады,

Шағылып кружка да жатыр әнi.

Жасаңды суарады қаныменен,

Жайсаңның жас уыздай жапырағы.

Жылытпас жыртық шапан қаусырғанмен.

Тақымға түсер нелер таусынғаның.

Бiлдiрдi сұм тағдырдың тас тырнағы,

Бүгiнмен балалығы таусылғанын.

* * *

Қобданың елi бейбiт аман екен,

Құлпырған тобылғыдай заман екен.

Қонған ел көл жағалай аққу-қаздай,

Ойында еш күдiк жоқ алабөтен.

Көргенде өз үйiндей ақ орданы,

Бұзылды көкейдегi ой орманы.

Көз жасын қоя бердi, тұрғандай-ақ,

Желбiреп анасының орамалы.

(Тартылып ақтар келсе бұлақ та ақпай).

Алтайдың күн бетiнен тұрақ таппай.

Қобдаға асқан ақтар азып-тозып,

Мiнеки, сол ауылды шапты қаптай.

Жолына жығылатын елпек иiн

Жоқ екен, керегесiн, өртеп үйiн.

Естiсiн ерегескен атып тастап,

Боздатты “Боз iнгендей” өлке күйiн.

Өз ұлы өз елi үшiн жанын қиды.

Тағдырдың тарпаң жолы, таным қилы.

“Екi етпей айтқанымды қылмады” деп,

Өзенге өз ұлының қанын құйды.

Қарайды айырылып ай талағы.

Ертеңгi тарихқа айта алады,

Кешегi елiндегi көрген қырғын,

Алтайдың бауырында қайталады.

Қайғысы қара түндей желiндедi,

Мұқалып, мысы қайтып желiнбедi.

Жарасын жүректегi Зайсан бала,

Есейген кекпен емдеп желiмдедi.

* * *

Шыт жаңа шабылған ел тiрiлiптi,

Шалқайта ашып тастап түңiлiктi.

Қолынан келер қайран болмаған соң,

Алланың әмiрiне жүгiнiптi.

Шыдаған ақтың ажал дауылына,

Тауып ап, басып оны бауырына.

Тапқандай жерден алтын, Мүдiрекең,

Әкелдi сүйiншiлеп ауылына.

Басынан бала келдi бағы көшкен,

Үстi күс, қол-аяқтың тырнағы өскен.

Аймалап, қатын-қалаш мәпелеген,

Сол мейiр қалай ғана шығады естен.

Майланып, сабындалып, жуынған соң.

Белiне жаңа белдiк буынған соң,

Құлпырып дала гүлдей шыға келдi,

Заманда алмағайып туылған шоң.

Күн көрген көктемейдi жаныстырып,

Жақсыны жақсы жүрер табыстырып,

Жайсанап Мүдәрiсi келдi өмiрге.

Жаңа атын Жайсанап деп таныстырып.

“Қалдырмай айдалаға жемтiгiмдi,

Есiркеп өзi жазды ентiгiмдi.

Ақ сарбас айтып сойды, тiлеу тiлеп,

Тәңiрiм толтырды,— деп,— кемтiгiмдi”.

* * *

Құрып Ақ, кетiп Қызыл жайланды ел,

Жаңбыр мол, жазы салқын майланды бел.

Жақсылық жаршысындай Алтай тауын,

Шапқылап жер мен көкпен айналды жел.

Ел iшiн ессiз елес елiктiрген,

Тебендей терiстiктен келiп кiрген.

Байлардың малын бағып күнiн көрген,

Әсiре кедей сорлы желiк кiрген.

Кедейлер бөркiн алып аспанға атты,

Бiр қоғам құрылардай қош та, тәттi.

Билiкке қолы жеткен кедей сорлы,

Айырмай есi шықты достан қасты.

Адамның тұрмас мәңгi қолда бағы,

Көрiндi байды пәле торлағаны.

Жүрiсi жел ескендей төңкерiстiң,

Iлiктi ел шетiне Қобдадағы.

Ескiлiк бұрынғы салт, киесi де,

Мiнген ат, киген киiм, түйесi де.

Кедей — би, би — билiктен ысырылып,

Өзгердi басқарудың жүйесi де.

Адамда бiр белгi бар жете дейтiн,

Қалдырар тарихқа жеке бейтiн.

Қалықтап құс жолымен ақ арманы,

Аңсары ай, жұлдызға жетелейтiн.

Жаздырып құл-құтаны деп тегiн де,

Мың тоғыз жүз жиырма сегiз көктемiнде.

Бай, кедей бала бермей жiнiккенде,

Зайсанов барды мизам мектебiне.

Бозбала түнде есейген, күнде есейген,

Артынан Таштуандай iнiсi ерген.

Қара үзiп қалқа, қалмақ баласынан,

Оқуға жолдама алды Ресейден.

Тигенi табанының Орынбары*,

Басылды көзге оттай қорымдары.

Ойнады құлағында қос қанаттың,

Оңтайын тауып ордың жолындағы.

Жасынан жарды сүйген, жасқанбады,

Жас шығар тән жылыса тастандағы.

Кетедi көктей кеңiп, шалқып көңiл,

Мiнгенде ақ боз атқа аспандағы.

Ғылымға ашсаң шындап құшағыңды,

Ғарыштан тазартады құса, мұңды.

Ғаламда тұңғыш рет Қазақұлы,

Ұршықтай иiредi ұшағыңды.

Тағысын қолға үйреткен Көк төрiнiң,

Тұқымы кешегi емген Көкбөрiнiң.

Аунатты, айландырды, сорғалатты,

Ауада қыран құстай көк темiрiн.

Жан едi iсi нұсқа, сөзi қысқа,

Ақ боз ат арымайтын жазы, қыста.

Аспанда ойнатқанда Ер Зайсанов,

Айланып кеткендейтiн өзi құсқа.

Аумайды, аумайды ғой құстан ұшқан,

Дiнi — нық, дiлi — нағыз, берiк — ұстам.

Дұшпанның күйiп iшi, сүйiндi дос,

Таңданып тәсiлiне құстан ұққан.

Зерделi ой, зерлi иық, жерiк көпке,

Кең тыныс, өткiр жанар, көрiк өкпе.

Меңгерiп темiр тiлiн бес саусақтай,

Құсша ағып зымырады зеңгiр көкте.

Ит ерiп, көшкен күнi көз ұшында,

Бұлдырап қала бердi, өзi шыңда.

Жоғалып бұлтқа сiңiп, түнде оралып,

Құйтырқы түске кiрмес төздi сынға.

Шаужайлап басып отты, жарасында,

Шалатын сөзбен орып арасында,

Шүйiрiп мұрнын жүрген кейбiреулер

Шаң басып көре алмады қарасын да.

Шығардай ай тақырға егiнi көктеп,

Қаңқу сөз қаптап кеттi желдей өкпек.

Сенбедi “мынау қазақ”, дегенге ешкiм,

Тергедi, тәнiн көрiп, тегiн тектеп.

“Ажырап ақ орыстан қалған”,— дестi,

“Ар жағы Жайсаң жақтан найман”, — дестi.

“Бiр керей бауырына басып алған,

Етiнен ет кессең де тайман”,— дестi.

Жақсының шын артынан сөз ередi,

Сұрқия, сұғы жаман көз ередi.

Кiм болса, ол болсыншы, оны айтпаймыз,

Жұртым-ау, Қазақ деген өзегi едi.

Қос-қостан иығына шен қадады,

Биiктен бек шарлады кең даланы.

Бейбiтшiл, берекешiл еңбек етiп,

Бiттi деп жүрген кезде ендi алаңы.

Шығыстан өрт лаулады Халхин ғолдан,

Қалайша бере салмақ халқын қолдан.

Аттанды алдыңғы лек жау шебiне,

Ал ұшақ аспандағы алтын қорған.

Моңғолдық эскадирил жасақталды.

Басшысы М. Зайсанов хасаг* қалды.

Сексен мың атты әскер атой салып,

Көкала ту дүркiреп шашақталды.

Құдайым Зайсановқа дарын бердi,

Андасы сегiз қырлы тәлiмгер-дi.

Көктен кеп көк дауылдай тиген кезде,

Жанын ап, самурайдың тәнiн бердi.

Танылар ер зиыны жолдасымен,

Танылар ат жақсысы жорғасымен.

Достығы Моңғол-Совет, народ-арат,

Қайнасты Халхин ғолда қорғасынмен.

* * *

Жасалды жауға жасын iрi жорық,

Жайынға теңестiрдi мұны жорып.

Қазақтың бақ жұлдызы жанып тұрды,

Генерал төрт тұңғыштың бiрi болып.

* * *

Бұрынғы Тұғұрұлдың мекенiнде,

Бiр қақпақ десектағы екi ерiнге.

Үрпiдей бiр төбешiк бар болатын,

Орманды Боғда таудың етегiнде.

Түркiнiң ту тiгетiн төбесi екен,

Тұп-тұнық Тула өзеннiң көбесi екен.

Зайсанов сол төбеге қос қанатын,

Қондырған бiр тарих көмес екен.

Жырымды жеткiзейiн толғай-толғай,

Оқушым оралыңда жолың болғай!

Артында ер жiгiттiң iз қалады,

Сол төбе атаныпты “Зайсан толғай”.

* * *

Қара жер қашсаң да бiр құндақтайды,

Жалқауға жатып iшер күн батпайды.

Алысқа аты жеткен ер жiгiттi,

Қашанда ел мақтайды, қыз жақтайды.

Көп болды елге оралмай кеткенiне,

Көгершiн кең даланың кептерiне.

Жолықты аяқ асты орыс қызы,

Құлпыртып қан жүгiртiп кепкенiне.

Шын сезiм, қылығы емес жасандылық,

Тастайды ауық-ауық масаң қылып.

Аңдамай қалды тiптi аңғал батыр,

Жүректе ашылғанын қашан құлып.

* * *

Табысты тар замана уставымен.

Жаз жайлау, жүгiрмейдi қыс қамымен.

Басқан iз, басындағы ойлар болды,

КГБ, партияның нұсқауымен.

Алыста, Алтайында ел кiндiгi,

Аталад Алтай деп те жер кiндiгi.

Аспанда бұлтан асып жүрседағы,

Амал не абақтыда еркiндiгi.

Адамның сәйкеседi нарқына ажар,

Алладан хабар берер салқын ажал?

Арбалған коммунизм шуағына,

Арманшыл, коммунистi антына адал.

Сәт сайын адалдығын көрсетедi,

Өршiген өлтiретiн көл өсегi.

Әкетер қылдан тайса қылқындырып,

Күтiп тұр күңiренiп көр — төсегi.

Жүректе қорқу да бар, үрей де бар,

Адасқан үйiрiнен жүдейдi нар.

Бiттi ғой, бiреу түртсе бай ұлы деп,

Тағдыры қыл үстiнде үдейдi зар.

* * *

Еске алам ата-баба өткендердi,

Жер үшiн жанын қиып, төккен тердi.

Байырғы ұлтты ысырып, басқыншылар,

Бөлiске салып жатыр көк пен жердi.

Солардың сойқанынан, кесiрiнен,

Бiр тайпа ел атажұрттан көшiрiлген.

Босқан ел, бой тасалап, “қайғымызға,

Моңғолдар қарайды деп кешiрiммен”.

Ақ таңның күннiң күйi атысынан,

Байқалар адам нарқы жатысынан.

Сындырған шақта сағын Самурайдың,

“Жау тидi, десiп елдiң Батысынан”.

Шабылды ел ой мен қырға тасып тiлдi:

“Бойынан Бұлғын өзен асып кiлдi*,

Бетiмен кеткен бастап баһадүрлер,

Шекара бұзып тайпа ел басып кiрдi”.

Жiбiткен жауған жасы кепкен жердi,

Сайынан сая таппай жеткендердi.

Жұмсалды тоқтатуға торғын шерiк,

“Бейбастақ бетiменен кеткендердi”.

Орыстың сұрғықшысы* серiктерi,

Рухында Отан қорғау ерiктерi.

Аттанды жермен, көкпен, мұңғылдардың,

Мұздай боп қаруланған шерiктерi.

Iшiнде жалын атқан жас Зайсанов,

Естiген жерден атын жау тайсалып.

Атылды ажал мiнiп Отан үшiн,

Оралған жауды талай жастай салып.

Қарулы Әуе күштер қолбасшысы,

Екiнiң бiрi iстей ме мұндай iстi.

Көктүйнек көктегi ол көкжал едi,

Тажалға алты қарыс азу тiстi.

* * *

Келгенде Бұлғын суы етегiне,

Керейдiң кең жайлаған мекенiне.

Кәдiмгi әжесiнiң ұқсайд Мұзтау —

Беретiн жең ұшынан шекерiне.

Өз жерi, Өр Алтайы, өз мекенi,

Өзгеден ыстық шiркiн көзге тегi.

“Бомбалап, құртып кел” деп қоя берген,

Iс таппай қалғандай-ақ өзге тегi.

Өз жерi, Өр Алтайы, төл мекенi,

Жайылған жайнамаздай шөлге етегi.

Iлiне ел шетiне есi кетiп,

Оқ емес, көздiң жасын көлдетедi.

Жарығын бұ жалғанның көрмес едi.

Тiркелiп тұрар едi нөлге есебi.

Апаттан сақтап қалған анасы Алтай,

Аранын ашқан кезде көр кешегi.

Бауырын бала жастан басқан Алтай,

Өмiрге қарашығын ашқан Алтай.

Жетiм мен жесiрлерге жентiн берiп,

Жетiлтiп дүниеге шашқан Алтай.

Жан дертiн, жарасын да жазған Алтай,

Көзiне оттай болып жанған Алтай.

Алашқа ақырзаман туғанынша,

Атадан мұра болып қалған Алтай.

Көргенде сол Алтайын еңiредi,

Емшегiн егiзiндей емiп едi.

Енесi егер Алтай болмағанда,

Баладай баяғыда өлiп едi.

Алдынан ақ жаулықты Алтай шықты,

Қақпайды тiптi кiрпiк қандай мықты.

“Келедi тапқан ұлың тиеп ажал”,

Көз жасы арқыраған қандай ақты.

Көз жасы ақты Алтайдың өзенiндей.

Себебi оның арғы өзегiнде.

Жатжұрттық қанша баптап, қақсадағы,

Болмаған Алтайдағы өз елiндей.

Алашқа мекен болған Ару Алтай,

Ата жау Алтыныңа зәру Алтай.

Ер жетiп емшегiңдi емген балаң,

Төнiп тұр төбеңнен кеп Қару Алтай.

Сырғадай сыңғырлайды сылдырама,

Шыңдары шын ұқсайды сұңғылаға.

Ойнаған қызыл орыс отыменен,

Сағыңды сары балаң сындыра ма?

Қойнауын алты алашқа жайған Алтай.

Жайлауың сарқылмаған сайран Алтай.

Қу шешек бауыры тас, жат боп өскен,

Қаныңды ағыза ма, Қайран Алтай?!

* * *

Жарылды қағанағы, қанап өкпе,

Шулайды жердегi жұрт қарап көкке.

Көрмеген тумысында мұндай сұмдық,

Темiр құс, темiр — тажал, қанат — бөксе.

Қаңырап қора-қопсы жұрт қалыпты.

Зеңбiрек ықтырыпты ұрт халықты.

Қарады жүзi алаулап алтын сары,

Алтайдың басын қара бұлт шалыпты.

Төменнен милион көз жамырайды,

Жауардай көктен ендi жаңбыр қайғы.

Аспанда күн жамылып қара жаулық,

Ал жерде алтын Алтай аңырайды.

“Құдай-ау, жау дегенi көшкен ел ғой,

Кешегi өзi жырғап өскен ел ғой.

Жұлынып жүз қайтара көктейiнен,

Мың рет мыңғырылып өскен ел ғой”.

Айдалып атажұрттан босқан елдi.

Алдынан алтын ажал тосқан елдi.

Батпады бомбалауға төбесiнен,

Тағдыры қыл үстiнде қосқан елдi.

Тастады тажал оғын көштен алыс,

Талай жыл жат қолында өскен арыс.

Көрмеген бұрын-соңды мұндай сұмдық,

Босқан ел бордай болды төстен барыс.

Аспаннан жай түстi ме, тас түстi ме,

Қара жер қопарылды асты-үстiне.

Дес бермес жердегiнiң жетегiне,

Иiлер ме екен ендi бас күштiге?!

Ат үркiп, асау мөңкiп, түйе тайып,

Айғай-шу, көш күл талқан, дүние ғайып.

Бiреудi кеттi әне ат сүйретiп,

Молла жүр өлгендерге қолын жайып.

Қорқаулар қанға тоймас қақалса да,

“Жау емес, босқан ел”, деп қадалса да,

Қолданды “жау аяған” Зайсановқа,

Әскери заң бойынша қатал шара.

“Отанын сатты”, деп те айыпталды,

Сонда да қайсар ерiң майыспады.

“Бiр батыр сыймаса көк аспанына,

Несi ел?”, – деп Чойбалсан байыптады.

Алтайды аңсағанда аршасынан,

Иiскейдi безiп тiрлiк баршасынан.

“Атағы” “жау аяған” өле-өлгенше,

Алынбай кеттi ердiң арқасынан.

* * *

Жойылды боздақтарды жойған сұмдар,

Iшiнде Сталин бар, Чойбалсан бар.

Жылымық келген кезде “жұртқа оралсам”,

Дегендi жиi-жиi ойлансын нар.

Тамырын басты келiп туған елге,

Оң қабақ танытпады ешкiм ерге.

Ат-тонын ала қашып шенеуiктер,

Жаздады кiрiп кете қара жерге.

Атажұрт аңсағаны Қазақстан,

Iшi удай ашығанды қарап тыстан.

Жылы сөз ести алмай есеңгiреп,

Қайтып ед ұрғызғандай қара құстан.

* * *

Аспанға жазылса да белгi, iздердi.

Ел-жұрты жұлдыздардан ердi iздедi.

Билiктiң қара шел боп көзiн жауып,

Сол жала батыр атақ бергiзбедi.

Атақты алмадым деп күйiнбедi,

Өмiрiн өрлiкпенен түйiндедi.

Қан жұтып қаға берiс қалсадағы,

“Батыр!” деп, басын иiп, сүйiндi елi.

Мың мәрте артық таққан алқасынан,

Зайсанның терiп алған әр тасынан,

Бiр уыс топырақ шықты Генералдың,

Сары тап жүрек тұсы қалтасынан.

Бақытбек БӘМIШҰЛЫ

Соңғы жаңалықтар