Жаңалықтар

СОЛ ҰРЫ ЕНДI МЕШIТТЕ ЖҮР

ашық дереккөзі

СОЛ ҰРЫ ЕНДI МЕШIТТЕ ЖҮР

Әлемдi шарпыған қаржы дағдарысы бiздiң елге де әжептәуiр салқынын тигiзе бастағанда, халықтың абдырап қалғаны рас. Аты айтып тұрғандай-ақ, дағдарыс деген сөздi айтудың өзi әуелгiде кiм-кiмге де оңай тиген жоқ. Ал, қазiр құлаққа әбден сiңiп алғаны соншалық, ақша сұраған адамнан да тез құтылудың жолы — “дағдарыс” деп сылтаурата салу сәнге айналды.

Қалай десек те, дағдарыстың салдарынан жұмыс орындары қысқарып, елде жұмыссыздық белең алды. Әркiм қал-қадiрiнше нәпақа табудың жолына көштi. Тепсе темiр үзетiн жiгiттер қара күш ретiнде жолдың жиегiнде тұрып, күнделiктi iшiм-жемiн айырса, ендiгi бiрi еш қиналмай-ақ күн көрудiң айла-тәмсiлдерiн жiтi меңгерген. Әрине, өз адал еңбегiмен жеген нанның да ашаршылықта жеген құйқаның дәмi секiлдi тәттi болатыны айтпаса да түсiнiктi ғой.

Алматыда үнемi жолаушыға лық толы жүретiн №118 автобус бар. Бұл қоғамдық көлiк қаланың о шетiнен бұ шетiне қатынайды. Күнделiктi ертелi-кеш отырып жүргендiктен де, кейбiр жолаушылардың түр-түсi жатталып қалады екен. Әсiресе, екi иығы еңгезердей, көзi қысыңқы, орта бойлы, толықша келген жiгiт осы автобустың тұрақты жолаушысы сияқты көрiнетiн. Ол кiре сала ақша жинайтын кiсiмен аман-саулық сұрасып, етене жақын адамша сөйлесе кетедi. Кейде кiре берiсте тұрған күйiнде бiр жерден зып етiп түсiп қалғанын аңғармай да қаласың. Сөйтсем, көзге ерекше түсуiнде де сыр бар екен. Әйтеуiр сол жiгiт автобустан түссе болды, бiреудiң ұялы телефоны не ақша салатын әмияны жоқ боп шығады. Апақ-сапақта жоғын iздеп, жыларман күй кешкен жолаушы кiмнен көрерiн бiлмей әрi-сәрi. Бұл кезде бағалы ұялы телефон мен ақшаны жымқырған әлгi жiгiттiң бiр күнгi табысына масаттанып бара жатқаны көз алдыма келедi. Күнде осы бiр көрiнiс қайталана бередi. Бiр қызығы, ол жiгiттiң қалтаға түсетiн кәдуiлгi тiсқаққан ұры екендiгiн менен басқа есiк аузындағы ақша жинаушы да беске бiлсе де, бiлмегенсидi. Оның мәнi белгiлi ғой. Естуiмше, ұрылар осы қоғамдық көлiк арқылы “күн көрiп” жүргендiктен де, көлiк жүргiзушiсiне үлесiн берiп риза ететiн көрiнедi. Өз үйiндегiдей еркiнсiп, өзiмшiлдене емен-жарқын сөйлесуi де сондықтан. Ал олар қоғамдық көлiктегi жолаушылардың заттары ұрлана ма, жоқ па, ол жағына титтей де бас қатырып жатпайды.

Бүгiн, тағы да сол жiгiт көзiме ұшырасты. Жанарымыз түйiсiп кеткенде ала көзiммен бiр қарап, “сенiң ұры екенiңдi бiлем” дегендi меңземек болдым. Тiптi, мынандай дағдарыс кезiнде ұялы телефонынан айрылған жолаушыға “мынау — ұры” деп қолыммен шұқып көрсеткiм келедi. Бiрақ, жүрегiм дауаламайды, айтқым келсе де, бiр тежеуiш күш бар сияқты көрiндi. Тым болмаса, айналамда бейқам тұрған адамдарға ыммен түсiндiрейiн десем де, дәтiм бармады. Кiм бiледi, олар бiреу емес, бiрнешеу, тiптi, топ-тобырымен жүретiн шығар. Өзiме зияны тиiп кетсе қайтемiн деп те iштей қорықтым. Дегенмен, көлiктегi жолаушыларға айқайлап айтпасам да, әлгi ұры жiгiттiң өзi менiң бiр пәленi сезетiнiмдi бiлетiн сыңайлы. Қалайша бiлмейiн, оның жүрiс-тұрысы, адамға қараған көзқарасы, қолының ары-берi сумаңдап жыбырлай беретiндiгi-ақ кiм-кiмдi де сезiктендiрсе керек. Ол аз десеңiз, автобустың тұтқасын ұстап тұрған қыз-келiншектердiң сөмкесiнiң аузына әп-сәтте қолын жүгiртiп, өте жылпос қимылдайды. Онысымен қоймай, өзi де жолаушыға сiрескен қоғамдық көлiк iшiн тез-ақ шарлап үлгередi. Қандай шапшаңдық! Қандай жылпостық! Мiне, сол жiгiт қателеспесем, тура бiр жылдай осы қоғамдық көлiкте жүрдi. Дәлiрегiнде, қаншама адамды сан соқтырып, харам ақшаға кенелдi. Өзi тiптi, былшиып семiрiп алыпты. Әрбiрден соң, адам ретiнде қараудың өзi жиiркенiштi. Бұл жалғанда ең жаман нәрсе — адамның ар-ұяттан безiнуi шығар. “Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетедi” демекшi, ауырдың астымен, жеңiлдiң үстiмен жүрiп нан табамын деп, адамдық қасиеттен жұрдай болу құдайдың сана мен түйсiк берген сүйiктi құлына жарасатын әрекет пе?

Байқауымша, кейiнгi кезде ол жалғыз емес, жанына “шәкiртiн” ерте жүретiн бопты. Келесi бiр “ақшаның иiсi аңқыған” сөмке тұмсығының алдына өзiнен-өзi топ етiп түсе қалатындай мүмкiндiк туса, баулып жүрген шәкiртiне ымдап “Не қарап тұрсың? Iске кiрiспейсiң бе?!” деп бәйек болады. Әлгi бұған қалай шыдап тұрсын, бiр ауызданып, дәмiн татып алса, лезде үйренiп кетпей ме?! Қазiр бiраз болды, қоғамдық көлiктен “ұстазынан” гөрi “шәкiртiн” жиi көретiн болдым. “Ұстаздан шәкiрт озады” деген осы шығар.

… Жақында жұма күнi ниет етiп әрi әруақтарға Құран бағыштайын деп, мешiтке бардым. Аллаһ ризашылығы үшiн iштей дұғасын айтып, бет сипап жатқан жамағатта есеп жоқ. Бейiштiң нұры шашылғандай, жадырап, бiр-бiрiне нұрлана қараған көздер қандай әсерлi! Қасиеттi күнi Алла Тағала өзiн сүйетiн қауымның бар жақсы ниетiн қабыл ететiнiне дау жоқ. Әрине, қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырда түзу тұрып, түзу жүретiн пенделердiң тiлегi түптiң түбiнде жаратқанның құлағына шалынуы әбден мүмкiн. Осындай ойдың жетегiнде отырып, соңғы кезде әсiресе, жастардың мешiтке көптеп келiп, дiни сауатын ашып жатқанына қатты қуандым. Онсыз да жан-жақтан мысықтiлеулес миссионерлер жаулап жатқанда, жастардың солардың соңынан iлеспей, өз дiнiн берiк ұстанып жүргендiгi шүкiршiлiк танытты. Бiрақ жақсы көңiл-күймен басталған күнiм әп-сәтте көңiлiмдi су сепкендей басты. Тек қана жағымды пiкiрмен өзiмдi жұбатқаным сол едi, қарсы алдымда қолын жайып әлгi ұры жiгiт отыр. Өне-бойым жыланша жиырылып, тiтiркенiп сала бердi. Құдды шайтанды көргендей, iшiмнен “Бiссiмiллә” деп қайталай бердiм. “Қаншама жанды шырылдатқан бейбақ күнәсiн жуып-шаюға келген ғой” деп iштей ызаға булықтым. Алла Тағала өз пақырының жiберген қателiктерi мен кешiрiлмес күнәләрiн өзiнше саралайды, сынайды. Сол бойынша жазасын бередi. Бәлкiм, жасаған қаскүнемдiк, қарақшылық әрекеттерiнiң дұрыс емес екендiгiн түсiндi ме? Әлде, сол ұрлық-қарлығын жалғастыра жүрiп, Жаратушыдан кешiрiм сұрауды да бiр сәт есiне алды ма екен? Әрбiрден соң, мұндайлар мешiттiң табалдырығын аттамай кетуi де бек мүмкiн. Оның жанында бұл жiгiт… Сонда да миыма сыймайтын бiр нәрсе бар. Бұл жiгiттiң iстеп жүргенi — анау, мешiтте қолын жайып отырғаны — мынау. Ендiгiсiне не жорық? Сенгiң келмейдi. Бiрақ та бәрiне Алланың өзi төрешi, өзi сыншы ғой.

ҰРЫ ИТ ПЕН СҰРЫ ИТ

Тағы бiрде аялдамада тұрып сұмдық жағдайға кез болдым. Жасы 40-45 шамасындағы әйел сөмкесiнен ұялы телефонын бiр алып, бiр салып, әлдекiммен неше қайтара сөйлестi. Сөйтiп тұрғанда күтiп тұрған автобусы келдi-ау деймiн, апыл-ғұпыл сөмкесiнiң де аузын жаппай тұра жүгiрдi. Артынан екi жiгiт де iлесе кетiп, жолаушылармен бiрге көлiкке мiнетiн адамша қатарласа кеттi. Сол арада әлгi әйелдiң ұялы телефонын оп-оңай қармағына iлдi де, жөнiне кете барды екi пақырың. Телефонын ұрлатқанын әбден кейiн бiлген әйел әй бiр қарғыс атқыр айтқан болар iшi ашып. Басқа не келсiн қолынан. Екiншi мәрте бұл жағдайда Құдайдың “Сақтансаң сақтаймын” дегенiн ұмытпауға тырысады да.

Бiлуiмше, мұндай ұры-қарыларды қанша жерден құқық қорғау қызметкерлерiне ұстап берсең де, ертесiне-ақ бостандыққа жiбере салады екен. Себебi, олардың ымы-жымы бiр, бiрiнiң тiлiн екiншiсi табады. Тек анда-санда тапқан пайдасынан iшкi iстер мекемесi қызметкерлерiне “отметка” жасап тұрса болғаны. Таяуда таксист болып жұмыс iстейтiн құрбым жұрттың қалтасына түскiш екi ұрыны дiттеген жерiне апарып салыпты. Олар сөз арасында бұрынғыдай табыс тауып жүрмегендiгiн айтып, мұңдарымен бөлiсiп, шер тарқасқан екен. Ал бiрақ оларды еркiндiкте сайраңдатып қойған iшкi iстер мамандары “Бiзге соқпай, жөндерiңдi ұмытып кеттiңдер!” деп iзiне түсiп жүрген көрiнедi. Бұлар болса, бұл кестеден ауытқып, өздерiнше әрекет етпек. Бiрақ, “Ұрлық түбi — қорлық” деген тектен тек айтылмаса керек. Күндердiң бiр күнiнде сазайын тартатын уақыттың туатыны анық.

Заман не боп кеттi өзi?! Халық арыз-шағымын алып, құқық қорғау қызметкерлерiнен пана iздеп, көмек қолын сұраса, олар есесiне, қоғамда бей-бейберекетсiздiк пен тәртiпсiздiк орнатып жүрген ұрлықшы мен қылмыскерлерге дем бередi. Олардың азаюына септiгiн тигiзбестен бұрын, өз жеке мүддесiн алдыңғы орынға қояды. Мұндай тоғышарларға қызмет, лауазым, ақшадан артық еш нәрсе жоқ шығар, сiрә. Неге десеңiз, дәл қазiр ақшаға сатылмайтын дүние жоқ. Тiптi, адамның ар-ожданы мен адамдық қасиетiнiң де сауда таразысына түсiп кететiнi өкiнiштi. Бiз, қарапайым халық сонда кiмге сенемiз? Кiмге иек артамыз? Айдың-күннiң аманында тақырға отырып, бармағын тiстеп қалған жұрттың құқығын кiм қорғайды? Бұл жағы, әрине, мынандай жайттардан соң, бiзге де, сiзге де күмәндi ойлар әкеледi. Бiр белгiлiсi, кез келген адам жұмақтың төрiнен орын алғысы келсе, жарық дүниедегi әрбiр басқан қадамына өзiнше баға берiп, безбенге салып отыруы керек. Онсыз шалыс кеткен қателiк пен кемшiлiкке тоқтау салу әсте мүмкiн емес…

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ